КЕЛІН ЖЫЛАСА, БАЛА ЖАСЫҚ БОЛАДЫ

КЕЛІН ЖЫЛАСА, БАЛА ЖАСЫҚ БОЛАДЫ

«Тұрмыс құрғаныма көп бола қойған жоқ. Барлығы жақсы. Еш уайымым жоқ. Тек… Қалай айтсам екен… Менің аяғым ауыр. Ішкенім бойыма сіңбей, еш нәрсеге тәбетім тартпай, әбден ығыр болдым. Дәрігерім «токсикоз» деп диагноз қойды. Оның уақытша екендігін, әлі-ақ бәрі жақсы болатынын айтып, жұбатады.
Үнемі көңіл күйім түсіп, жабырқап жүремін, тіпті ашуланшақ болып кеттім. Дәрігері жоқ, перзентханасы болмаған ата-бабаларымыз қалай өмір сүріп, жеңгелеріміз соншама баланы қалай өмірге әкелді екен?! Таңғаламын! Мен әлден шаршап кеттім. Күйеуім де, енем де менің ахуалымды байқамағансиды. Көзімнің жасын оңашада бір сығып алып, «әйелдік» және «келіндік» міндетімді ары қарай арқалап жүре беремін… Бірақ мен болашақ анамын ғой…».

Бұл көптеген сіңлілеріміздің басындағы жағдай. Мұндай әңгімелер бәрімізге де таныс. Әсіресе, қыз-келіншектер қауымына. Ананың көңіл күйі іштегі шаранаға әсер ететіні ғылыми түрде дәлелденген құбылыс. Алайда бала тәрбиесіне ерекше мән берген атам қазақ бойына бала біткен жас келінді тәрбиелеп, күтудің де өзіндік үлгісін қалыптастырған.

Іштен қыңыр туғанды тезге салсаң, түзелмес
Жас ұрпақ тәрбиесі бір сәт босаңсуды, бейқамдықты көтермейтін тіршілік-тынысымыздың аса өзекті тетігі болғандықтан ешқашан күн тәртібінен түскен емес. «Бір баланы адам етіп өсіргенше, бір шаһар опат болады» депті көне Шығыс даналары. Осы салыстырудың өзі-ақ баланың шын мәніндегі адам болып қалыптасуы қыруар тер төгуді, ауқымы кең, жауапкершілігі мол еңбекті қажет ететінін ұқтырса керек.
Қазір ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, сәби жарық дүниеге келмей тұрып, ана жүрегінің астында жатқан кезінен тәрбиені қабылдайды екен. Өзгені қайдам, біздің қазаққа бұл жаңалық емес. Олай дейтінім, ғылыми атақтан ауылы алыс, жазу-сызумен айналыспаған қарапайым әжелеріміз бүгінгі ғылымға азық боларлық, талай кітапқа беломыртқа болатын үлгі-өнеге, жөн-жобаны қалдырып кетіпті. Олар ұрпақ тәрбиесін, бала қамын іште жатқан шағынан бастау керектігін табиғи сезімталдықпен ұққан, бұлтартпай болжаған. Болашақ ананың сана-сезімі, ой-өресі, дүние танымы, айналасымен қарым-қатынасы, реніш-қуанышы, ішкен асына дейін тікелей іштегі шаранаға беріліп, оның туа бітетін мінез-құлқының іргетасы ана құрсағында қаланатынын атам заманнан жақсы түсінген. Яғни бала мінезінің қандай болып қалыптасуы ананың көңіл күйіне тікелей байланысты. Егер аяғы ауыр әйел немесе жас келін көп жыласа, бала жасық болып қалыптасады. «Іштен қыңыр туғанды тезге салсаң түзелмес» дейтін сөздің қос қыртысты астарын тәлім-тәрбие үлгісін тым ертеден бастау қажеттігін білдіреді.

Зейнеп АХМЕТОВА

Қандай жағдайда келін сәлем салмайды?

Қандай жағдайда келін сәлем салмайды?

 Келін сәлеміне қатысты тағы мынадай жайларды баса айтқым келеді. Ата-бабаларымыз аяғы ауыр келінді сәлем салудан уақытша босатқан. Көп жағдайда қайнағалары екіқабат келіндерінің алдынан өтпеуге тырысқан. Себебі келінді ыңғайсыз жағдайға қалдырып, ұялтпауды ойласа (үнемі сәлем салып жүргендіктен бір есептен келін де қысылады, именеді), екіншіден, мұндай кезде келінге келін деп емес, болашақ ана деп қарап, құрмет көрсеткен. Оның аяғы ауырлығын «пәленшенің келіні ақ алғысты болыпты» деп жеткізген екен.
Күйеуі қайтыс болған жағдайда сәлем салудан үлкендер жағы келінді біржола босатқан. «Ендігі жерде басың иілмесін. Жүзің төмен түспесін. Қызымыздай бол» деген үлкендердің тарапынан көрсетілер үлкендік деп түсінген жөн мұны. Әрі отағасынан айырылған жабырқаулы жанды жұбатудың, арақатынастарының алшақтап кетпеуінің белгісі ретінде іш тартудың, әрі ағайын-туыстан алыстап кетпеудің өзіндік үлгісі деп қабылдау керек мұны. Келіннің иіліп сәлем салғаны сияқты күйеу жігіт те қолын жүрек тұсына қойып, тәжім жасаған. Мұның барлығы – сайып келгенде, қазақы тәрбиенің биік шоқтығы, үлкенді сыйлаудың жарасымдылығы…

Зейнеп АХМЕТОВА

Қайынаға иманды болмай, келін ибалы болмайды

Қайынаға иманды болмай, келін ибалы болмайдыКелін сәлемінің тағы бір ерекшелігіне байланысты мынадай әңгіме бар: Ертеректе бір байдың ерке де есер жалғыз баласы біреудің жанынан артық көріп бағалайтын жүйрік атын рұқсатсыз мініп кеткен екен. Оның әлімжеттік жасап, өз байлығын місе тұтпай, өзгенің тәуірін иемденгеніне ыза болған ат иесі әлгі әумесердің отауына қарай ашулана беттейді. Қанша ұрда-жық болса да, ат иесінен именіп, айбатынан қорыққан бай баласы қатты сасқаны соншалық, тысқа шығып, істеген қылығы үшін жауап берудің орнына, көзі алақ-жұлақ етіп, үнсіз бүрісіпті. Күйеуінің сасқалақтағанын көрген байдың келіні сол кезде сыртқа шығады да, ызаға булығып, алдындағысын жайпап кетердей болып келе жатқан ат иесінің алдынан шығып, тізесін бүге иіліп, сәлем салады. Қанша айбат көрсетіп, терісіне сыймай ашуланып келген адам мына көрініске таңғалып, кібіртіктеп қалады. Әрі ашуын тежеп, сабырлы қалыпқа түсіп, келінге батасын береді. Өзін сыйлап, иіліп сәлем салған келіннің ізеттілігі оны осындай күйге түсіріпті. Бай да ұлының айыбын жуып, тұлпарын ғана қайтарып қоймай, ат иесіне шапан жауып, ат мінгізген екен. Бұдан нені байқаймыз? Екі үйдің арасында ұрыс-керіс жанжалдың болмауына келіннің иіліп бір ғана сәлем салғаны себеп болған. Бұл күндері кейде, керісінше, сәлем салған келінге не айтарларын білмей абдырайтындар да кездеседі. Сасқандарынан келіннің қолына жармасатын адамдарды да көріп жүрміз. Тізесін бүге иіліп, сәлем салып тұрған келіннің ибалылығына, кішіпейілдігіне, ізеттілігіне қарай «бақытты бол, қосағыңмен қоса ағар, көп жаса» деп бата берген жарасымды емес пе?! «Қайынаға иманды болмай, келін ибалы болмайды» деген мақалдың шығуына кейде өзіміздің білместігіміз себеп бола ма деп ойлаймын.

 Зейнеп АХМЕТОВА

«Современный» қайын енелер жас келінге қандай өнеге көрсетіп жүр?

«Современный» қайын енелер жас келінге қандай өнеге көрсетіп жүр?Салт-дәстүрдің тереңіне бойламай, мағынасын түсінбей, қателесіп жүргеніміз жасырын емес. Олай дейтінім, бұрынырақта той иесі бет ашқан адамға арнайы сый-сыяпатын өзі жасаған. Әл-ауқатына қарай бет ашқан адамды риза етіп аттандыра білген, құр қол қайтармаған. Яғни беташар барысында аты аталып, келін сәлем салған адамдарды әуреге салмаған. Үйлену тойларындағы тағы бір келеңсіздік жас келінге алты-жеті жасар балаға дейін иілтіп сәлем салғызатынымыз. Ескеретін жайт, келін күйеуінен жасы кіші адамға ешуақытта сәлем салмаған. Иіліп сәлем салу – үлкенді сыйлаудың белгісі. Келін түсіру тойындағы тағы бір жағымсыз көрініс келіннің екі жағындағы екі жеңгесіне қатысты. Үлбіреген келіннің екі жағындағы орамал салмаған, жалаңбас, ол аз десеңіз, шалбар киіп алған екі жеңгені «современный» абысындарды бәріңіз көріп жүрсіздер. Олар жаңадан босаға аттаған жас келінге қандай өнеге көрсетіп тұр? Сәлем салғандағы шалбарланған екеудің іс-әрекеті сырт көзге қалай көрінер еді? Міне, осыған мән бере бермейміз. Бұл біздің үлкен қателігіміз. Қазір салт-дәстүрді білмейтін, келінімен жарысып, ашық-шашық киінетін, күйеу баласымен стақан қағыстыратын «современный» енелер де аз емес. Олар келінге дұрыс бағыт көрсетіп, жөн сілтей алмағандықтан, ұрпақ тәрбиесі де белгісіз арналарға бұрып кетіп, зиян шеккізіп жүр.

Үлкенге иіліп сәлем салу арқылы «көп жаса», «бақытты бол, айналайын» деген тәрізді ақ бата, жақсы сөз, игі тілек еститін келіннің бағы артады, алдынан кесіп өтпей, бетіне бедірейіп қарамай, сәлем салған келінге үлкендер жағы да риза болады. Сол кішкене сәлемнің өзі сыйластық қарым-қатынасқа бастар үлкен жол емес пе?! Өкініштісі сол, бүгінде сәлем салуды, келін сәлемін тек кітаптан оқып, кіріптар болып жүрміз…

Зейнеп АХМЕТОВА