Мен сендікпін…

Мен сендікпін...

Аңсарым, аспаннан түс бері,
Мен жүрген шаһарға жақында.
..Қуаты басымдар күштеді,
Тағдырым алып жүр тақымға..

Сенделтіп.. сең соғып жүргенін,
Көкірек көзі бар көрмеді.
Сезімім сүйретіп сүлдерін,
Күндерім өте ме өлмелі?!

Көргеннің болар ма барі ұмыт,
..Мақұлық миықтан қарады..
Тірлікте тынысым тарылып,
Кеудемде күн сөніп барады.

Жалғанды барамын жақтырмай,
Әзірге серік қой жаныма ар.
Қабаған иттерге қаптырмай,
Кешікпей тезірек тауып ал..

Арысым — армансын ұғынғам,
Айналам көк мұздақ аппақ қар..
Мендегі жүрекке тығылған,
Кішкене жылуды сақтап қал.

Әдемі әлемді бар қылып,
Есердің есінде қалып кет.
Жанымды жанына жар қылып,
Ақ көйлек кигізіп алып кет
Мен сендікпін…

Өлеңді жазған: Салтанат Смағұлова

Сурет: www.diary.ru

 

Дос бола алмаспыз…

Дос бола алмаспыз...

Көктемде күлімдеп таң атпай,
Көңілім күпті боп кезді күз.
Ақылым арымды ағартпай,
Жүргенін сездіңіз.

Құшаққа ап, қойнына баспады,
Жанымды жатырқап желді күз.
Махаббат мұңға орап тастады,
Оны да көрдіңіз.

Бәрібір баз кешіп жүргенім,
Қуалай берсінші күзді күз.
Адаспай ақ жүргім келгенін,
Сіз ғана білдіңіз.

Дәт жетпей үмітті үрлеуге,
Екеуміз доспыз ғой дедіңіз.
Қысқа жіп келмеді күрмеуге,
Тірегім едіңіз.

Әуелде қалсам да иланып,
Өмірім.. Өлеңім құнарсыз.
Кеудеме сағым боп жиналып,
Тағылған тұмарсыз.
..Байқаған шығарсыз..

Өлеңді жазған: Салтанат Смағұлова

Сурет: animated-gif.su