Қарындасым жылап тұрған сияқты…

Қарындасым жылап тұрған сияқты...

***

Мен ауылдан кеткен кезде көктем-тін,

Көңіл сонда шыққан және шектен тым.

Қарындас-бұлт мұңын шағып Алтайға,

Суық жасын тас төбемнен төккен түн.

 

Еншісіне бір жылулық тимеген

қоштасуды

О бастан-ақ сүймеп ем.

Лайсаң жолда жылай алмай тұрдым мен,

Жел ғана үнсіз бөрте сайда билеген.

 

Қарындас-бұлт, сені мұңлы демес ем,

Сол түні ауыр күрсініп ең неге сен?!.

…Біздің жақтың қалжыңы ащы, айтпақшы,

«Тақпағыңды қойсаш!..», – деді жеңешем.

 

Көктем еді…

Көктем деген шақ қана,

Үнсіз кеткем, кеткенім жоқ мақтана.

Өмір солай алғашқы рет бір шоғын,

Тастай салды жүрек дейтін мақтама.

 

Ауыл айын еске алам деп қияқты,

Жанарымнан жаһұт күндер жиі ақты.

Кәрі Алтайға мұңын шағып,

Мені ойлап,

Қарындасым жылап тұрған сияқты.

Қарындасым жылап тұрған сияқты...

Өлеңді жазған: Азамат Тасқараұлы

Бетперде

Бетперде

Кешір мені…
Жайлар тағы қынжылтты есімдегі.
Есімдегі елестен аласұрған,
Айрылғандай күй кештім жанашырдан.
Жанашыр жан..
Сен бе едің сүйген мені?
Сезіміңе сыңар боп күй мендегі…
Күймең мені ап кетті арманға аппақ,
Кете бардым кіршіксіз Ардан да аттап.
Ардан да аттап,
…періште ем бейкүнә мен…
Билеп алды еркімді сиқыр әлем…
Сиқыр әлем көзбояу екендігін,
Бетперденді шешкенде бекер білдім..
Бекер күлдім…
Жаным қан жылап іштен,
Жауымды да таңданттым бұл әдіспен.
Тұрады үстем шаттықтан неге мұңым?
Сетінеген сезімнің себебі кім?
Сенерім кім?
Жаным-сыз, тұманды-іргем,
Көзім ағып түскенше жылармын мен…
Жылармын Мен, күрсінтіп Ар батпаны,
Ажал келіп қапқанша Жан қақпаны…
Ойыныңа кіргізіп сен біреуді,
Қойынына енерсің алдап тағы….

Бетперде

Өлеңді жазған: Жұлдыз Қазихан

Суреттер: mynov.ru