БЕСІК ПЕН ШАҢЫРАҚ – КИЕЛІ ҰҒЫМ

БЕСІК ПЕН ШАҢЫРАҚ – КИЕЛІ ҰҒЫМ        Халқымыздың дарқан көңілі мен көл көсір пейіліне қарай біздің жеріміз де ұлан-байтақ кең далаға, өзен-көлге, орман-тоғайға бай. Халқымызбен бірге жасап келе жатқан небір әдемі де айшықты салттарымыз жетерлік Соның бәрінің көзін тауып, ретін келтіріп кешегі құндылықтарымызды бүгінгі жақсымен ұштастырып, тұрмысымызға енгізгеніміз дұрыс. Біздің салтта бәрі бар әрі текті, барлығының ізгі ниеті мен астары бар. Өзімізге мүлде жат әрі болмаған өзгенің салтын тықпалағанша, өзіміздің таным-нанымдарымызды насихаттасақ, ұрпақ алдындағы борышымызды өтеген болар едік.

        Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бірімен-бірі байланысып, ұштасып жатады. Осынау қасиетті үш затты қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған әрі күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған. Неге? Өйткені кез келген үй табалдырықтан басталады, отыңның басы сол табалдырықтан бастау алады. Ал бесікпен сенің ұрпағың, әулетің өседі. Бесік – киелі мүлік. Біз өмірге жаңа келген баланы періштеге балаймыз. Дүниеге жаңа келген бала періштедей пәк, таза. Сәби мен періштенің аты қатар аталады, сондықтан да бесікті қазақ таза ұстаған. Бесіктің бірде-бір затын кірлетпейді. Шаңырақпен еңсең биіктейді, түтінің шығады. Кей өңірде тым ескірген шаңырақтан ләйлекке (айст) арнап ұя жасайды. Бабаларымыз, осылайша, бір кездері түтіні шыққан шаңырақты да ендігі жерде балапанын өрбітетін құстың мекеніне, ұясына айналдыра білген. Шаңырақты қиратып кететіндер де болған, «шаңырағын ортасына түсірді, бесігін бұзды» деп жатады. Бұл – дұшпанның ісі.

       Бұрындары адамдар сырттан келгенге «ауылда осынша шаңырақ, осынша түтін бар» деп таныстырып жатушы еді. Түтіні шықпаған, ешкімі қалмаған үйді «оты өшті» деп жатады. Немесе қайсыбір асып-тасып тұрғандарға «әй, шаңыраққа қара» деп жатамыз. «Түтінің түзу ұшсын», «шаңырағың биік болсын» деп бір-біріне жүрекжарды тілегін айтатын да – біздің дана халық. Бүгінде осындай әдемі де астарлы сөздерді «жанұя» деген мағынасыз сөздің басып жатқаны өкінішті-ақ.

   Зейнеп АХМЕТОВА

 

Өзгеге еліктеуден не ұтамыз?

Өзгеге еліктеуден не ұтамыз?

Қазіргі кезде қазақтың ат қоюы өз бағытын жоғалтып барады. Олай дейтінім, өзіміздің ардақтыларымыздың емес, шетелдің танымал адамдарының есімін беру, біз үшін мағынасы жоқ әртүрлі аттарды қою белең алып бара жатыр. Бүгінде Диана, Тансу, Даяна, Алсу, Дамир деген сияқты қазаққа жат жеңіл аттарды қоюға әуестеніп кеттік. Одан кейінгі көңіл қынжылтарлық нәрсе – өзіміздің әдемі есімдерімізге келсін-келмесін «а» әрпін жалғап жүргендігіміз. Анарымыз – Анара, Жанарымыз – Жанара болып мәнін жоғалтып жүр. Ең сорақысы, ауызекі тілде айтылғаны былай тұрсын, құжаттарын солай толтырып жүргендер де баршылық. Сосын әп-әдемі аттарды екіге бөліп жазу «сәнге» айналды. Айталық, Алтын-Ай, Айдар-Бек деген сияқты… Мұны өздерінше жаңалыққа балап жүргендер бар, бірақ шындап келгенде, бұл да соқыр еліктеу ғой. Сондықтан есіміміздің дұрыс аталуы мен жазылуына да мән беру керек. Кеудесінде кішкене болса да ұлттық намысы бар, өзінің халқын, ұлтын мақтан тұтатын әрбір ата-ана баласына ойланып барып ат қойса екен деймін. Жаңа туып жатқан сәби ештеңеден хабары жоқ, өзін қалай атаса да бәрібір, ол біліп жатқан жоқ, бірақ есейе келе бала өз атының қандай мағынаға ие екенін білуге талпынады. Сондықтан ат қоюдағы үлкен жауапкершілік – ата-анада. Баласының өмір бойы көтеріп жүретін есімі болғандықтан алдымен ата-анасы бұған бейжай қарамай, барлық жағын ескеруі керек. Қанша жерден Батысқа еліктеп жаһанданып кетсек те, ата-бабаның киесінен, аруағынан аттап өтуге болмайды. Белгілі бір атты қоясың деп қысым көрсетіп жатқан ешкім жоқ, десе де әр бала есейгенде өзіне қойылған аттан ұялмаса, есімінің қойылу себебін біліп мақтанып жүрсе, атына лайық болып өсуге талпынып жатса жөн емес пе?!

Немеремнің есімі Нұрсұлтан

Момынқұл атамыздың немересі, менің қайным жақында өзі немерелі болды. Ұлының шаңырағында өмірге өздері көптен күткен егіз қыз келді. Олар әкелеріне хабарласып, «немерелі болып жатырсыз, атын қойып берсеңіз» деп өтінген екен: «Андағы жақын жердегі үлкен үйде, қара шаңырақта көкем отырғанда (Бәкеңді айтады) маған ат қой дегендерің не?!» – деп қайным жолды Бәкеңе берді. «Ата, біздің қыздарымызға ат қойып беріңіз» дегеннен Бәкең көп ойланған жоқ қыздардың есімдерін Айғаным, Зере деп қойды. Әрине, бұл – тарихта алтын әріптермен жазылып қалған әжелеріміздің аттары, ерекше есімдер. Бірі – Шоқандай ғалымды, бірі – Абайдай ақынды тәрбиелеген кемеңгер дана аналар. Қос сәбиге бірден сол есімдер қойылды. Бір қызығы, келініміз перзентханадан шығып келген күні телеарналардың бірі Айғаным әжеміз туралы тарихи деректі хабар көрсетіп жатқан екен. Ұзақ уақыт бала көтермей жүріп, қос бірдей (тфә-тфә) қызды дүниеге әкелген келініміз жаңағы хабардың перзентханадан шығып келе сап, бір қызына әжеміздің есімі берілгенде көрсетілгенін де жақсы ырымға балап, қуана хабарлап жатты. Сол әжелердегі қасиет қос періштеге жұғысты болсын деп ырымдадық біз. «Өзің ол әжелеріміз жайлы егжей-тегжейлі біліп алған соң, қыздарыңның бойына олардың даналықтарын сіңіре біл. Жақсы болып өсулеріне осы бастан тәрбиеле», – деп ол келінімізге жиі айтып отырамыз. Өзіміздің отбасымызға келсек, елу жыл Кремльдің құрсауында жатқан атаның алтын жұлдызын, шынын айту керек, Нұрсұлтан Назарбаев қызметіне кірісе сала алып берді. Қарапайым жұрт біле бермейді, бірақ өте көп күш жұмсап, сол алтын жұлдызды алып берген біздің Президентіміз. Елбасы «бір ғана адамды ұсынсақ, ештеңе ала алмай, құр қалуымыз мүмкін» деп атамен қоса Р.Қошқарбаев пен Қ.Қайсенов аталарды да ұсынды. Ең болмағанда біреуіне Батыр атағы берілсе деген тілек қабыл болып, атаның атағы қазақ халқының кеудесіне алтын жұлдыз болып тағылды. Бұған бүкіл ел қуанды. Тілек – халықтікі, еңбек Елбасынікі болды. Бұл – тарихи шындық. Бұл – қалай айтсақ та, тарихта қалатын ақиқат. Сол күндердің бірінде батырдың отбасына Президенттен жеделхат келді. «Бауырым, Бақытжан… – деп басталатын жеделхаттың соңы: – Баукең жұлдызды болған күн – халықтың жұлдызы жанған күн!» – деп аяқталған. Сол әділеттілік орнаған күннен бастап, еліміздің егемендігі бастау алды десек артық емес. Өйткені осыдан соң-ақ Кеңес Одағы ыдырады. Ал Орталықтан Қазақстанға келген соңғы жұлдыз атанікі болды. Сол жылы Назарбаевтар әулетінде дүниеге ұл бала келді. Ол балаға атаның атын беру арқылы батыр атамызға деген ілтипаты мен құрметін Нұрекең екінші рет көрсетті. Сол кездері «алғашқы немерем ұл болса, оған атаның жұлдызын алып берген осы кісінің атын қоямын» деген едім. Ата Махамбеттің өлеңдерін жатқа білетін. Ал Махамбеттің ұлының аты да Нұрсұлтан болған екен. Соның барлығы орайласып келіп, біздің немеремізді Нұрсұлтан деп атауымызға себеп болды. Біз өз шаңырағымыздың Елбасына деген алғысы мен құрметін осылай білдірдік. Кішкентай Нұрсұлтанымызға ататегінің өзіне үлкен жауапкершілік арттыратынын үнемі ұғындырып отырамыз. Ал екінші немереміздің атын нағашы атасы Мадияр деп атады…

 Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: funchild.ru

Атау беруге шебер халық

              

Атау беруге шебер халық

Тегінде біздің халық атау беруге шебер. Қарап тұрсақ, қазақ жеріндегі кішкентай бұлақ, жайдақ төбе, арықтай жыра, жылап ағып жатқан титімдей жылғаға дейін атсыз емес және солар жайдан-жай қойыла салмаған. Белгілі бір ерекшелігіне, қасиетіне, әлденеге ұқсайтын көзге ілінер көрінісіне сәйкес атты дәл тауып қойған. Балаға жыл мезгіліне қарай да есім берген. Мысалы, қыстауда туған баланы – Қыстаубай, жаз жайлауда дүниеге келген баласын Жайлаубек деп атаған деген сияқты… Наурыз айында туған баланы «қасиетті айда туылды, Ұлыстың ұлы күнінде дүниеге келді» деп ерекшелеген. Қызық болғанда, Кеңес өкіметі кезінде қазақтың ырымшылдығы тіпті шектен шығып кетті ғой, оған мысал – Совхозбек, Колхозбай деген сияқты аттардың көбеюі. Клара, Индира сияқты есімдердің көптеп кездесуі де – сол кезеңнің «жемісі». Бірақ қалай десек те бәрібір соның түбінде жақсы ниет жатыр. Бұлардың барлығы шынайы көңілмен қойылған есімдер. Мысалы, өмірден өткеніне жиырма сегіз жылдан асса да, тіпті сонау соғыс кезінен бастап, күні бүгінге дейін атаның есімін қою жалғасып келе жатыр. Бүкіл алты алаштың ардақтысы болған, халқым деп қабырғасы қайысып, елім деп еңіреп, бүкіл бір қоғамдық құрылысқа қарсы шыққандай болып, ұлты, тілі, халқы үшін ешқашан өзін-өзі аямаған қазақ халқының адал перзенті болғандықтан, халық атаның есімін ардақтап, ұрпағына атын беріп жатады. Кішкене болса да киесі жұғысты болсын, ата секілді намысшыл, өр, халқына жанашыр, ұлтын алға сүйрейтін адал азамат болсын деген ниет-тілекпен атаның есімін ұлықтап қойып келеді. Құдайға шүкір, елден, жұрттан айналайын, атаның атын осылай күні бүгінге дейін ұмыттырмай келе жатыр. Халықтың ардақтысы болған адамдардың атын қою – ол адамдардың есімін ұмыттырмау, қайтадан жаңғырту, ұрпақтың есіне салу сияқты үлкен маңызға да ие. «Саған пәленше деген атаның атын қойдық, ол кісі мынадай болған» деп баланы өнегелі етіп тәрбиелеуге мұның да тигізер пайдасы бар. Жаңағы кісілердің қадір-қасиетін арттыру арқылы сәби санасына жақсылықтың дәнін егіп, оны тәрбие көзіне айналдыруға болады. Балаға ардақты адамның есімін бере отырып, соған лайықты етіп тәрбиелемесе, ол – ата-ананың кінәсі. Өйткені сәбиіне үлкен адамның есімін беру үлкен жауапкершілік жүктейді. Бір жағынан, тұлғаның есімін берудің, қазіргі тілмен айтқанда, ғарыштық салмағы болатын болса, екінші жағынан, баланы соған сай етіп тәрбиелеуде ата-ананың парызы мол болмақ.  Айталық, бүгінде Абай атамыздың аты көптеп қойылып жүр, яғни перзентне үлкен адамның атын қойып, соны ұлықтаған ата-ана баласының сол атқа сай болып өсуіне үлкен күш салуға тиіс. Балаға сол аттың қойылу мәнін ұғындырып, оған кішкентай кезінен жауапкершілікті сезініп өсуіне ықпал еткен дұрыс. «Мен пәленше атаның атын көтеріп жүрмін ғой, ендеше, ол атқа кір келтірмеуім керек» деген сенімді жүрегіне ұялатып өсуіне ата-ана себеп болуы керек. Атақты, айтулы адамның атын қойып алып, бала келеңсіздікке ұрынып, жаман жолға түсіп кетсе, ол екі жаққа абырой әкелмейтіні сөзсіз…

Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: prodetey.ru

БАЛАҒА АТ ҚОЮ – АТА-АНА ҮШІН ЖАУАПТЫ ІС


 

БАЛАҒА АТ ҚОЮ – АТА-АНА ҮШІН ЖАУАПТЫ ІС

… Апам әлгіндегі ауыр үнсіздікті бөліп, әңгіме тақырыбын басқа арнаға бұрып жіберді:

    – Немереңе ат қойып бер. Балалар өзіңді күтіп, «атасы қойсын» деп отыр.

    Атам ойланып қалғандай болды.

    – Мен Москваға бара жатырмын. Қазір аяқ астынан қалай болса, солай бірдемені қоя салуға болмайды. Адамны ң аты иттің кличкасы емес. Ойланып өзім хабар берем.


Жарайды деп біз қалдық, хабарласам деп атам кетті. Ол кезде қазіргідей туыла салып атын қойып, перзентханадан куәлігін алып бірақ шықпайтын. Баламыз аты да жоқ,, кім екенін дәлелдейтін қағазы да жоқ, айға жуық жатты. Уақытша бірдеме деп атау керек қой, «Мырқымбай» дейміз, мультфильмдердің кейіпкерлерінің атымен «Умка», «Чипполино», «Гау-гау» дейміз. Әйтеуір қоймаған атымыз қалмады. Бір күні атадан хат алдық. Хатты маған арнап жазыпты. «Балам, мені сыйлағаныңа рақмет! Жолымды саған бердім. Атын өзің қойғын. Марқұм Жамал мен соғыста жүргенде Бақытжанның атын өзі қойған. Балаға туған анасынан жақын ешкім болмайды. Ал саған перзентіңнің қаншалық қымбат екенін дәлелдеулің қажеті жоқ. Атаң, гвардия полковнигі Б.Момышұлы. 12.ІХ.69».   

    Мен немересінің атын Ержан қойдым. Кейін атам: «Бұл да «жан» болды ма? Бірақ қазаққа тән жақсы есім», – деді…

                                                                       («Шуақты күндер»)

Қазақ халқының ерекше бір көңіл бөлетін ғұрыптарының бірі – өмірге жаңа келген бөпеге ат қою. Әрбір ата-ана өзінің баласына әдемі әрі мағыналы есімді қоюды қалайды. Сондықтан болар ырымшыл халқымыз перзентіне қол бастаған батырлардың, сөз бастаған шешендердің, ел бастаған билердің, жез таңдай, күміс көмей әнші-жыршылардың атын қоюға тырысады.

Балаға ат қойған кезде кез келген адамға емес, тағы да сол ырым қылып көпті көрген ел ағаларына, айналасына сыйлы, аузы дуалы кісілерге баласының атын қойғызуды мәртебе санаған. «Қырықтың бірі – қыдыр» деп келіп қалған қонағына да ырымдап ат қойғызған екен. «Бұл баламның атын пәленшекең қойып еді…» деп соны тіпті айтып жүретін болған. Бірақ қанша ырымшыл әрі үлкен адамдардың атын қойғанымен балаға өте киелі, қасиетті, әулие абыздардың атын қоймаған. «Ол өте ауыр болады, бала көтере алмайды» деп түсінген мұны. Халқымызда азан шақырып, ат қою деген сөз бар. Баланың атын қояр кезде үш қайтара «Аллаһу акбар» деп азан шақырып, содан кейін баланың құлағына қойылған атты үш рет айтады. Баланың есінде сол есім қалады, құлағына сол есім сіңеді деген ырым бұл. Ал кейде бала тұрмай жүрген жағдайда «көз тимесін», «тіл тимесін» деп әртүрлі, тіпті құлаққа ерсі естілетін оғаш аттарды да қоятын болған. Отбасында ылғи қыз болғандықтын «ұлды болсын» деген ниетпен қыздарға Ұлбосын, Ұлмекен, Ұлбала деген сияқты аттар қойылған.

 Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: romeolove.ru