Бүгінде көңіл де сатулы…

Бүгінде көңіл де сатулы...Баланың ана құрсағына біткені,  жарық дүниеге шыр етіп келгені, өсетіні – осының барлығы жаратылыстың өз ретімен келетін кезеңі.Балаға қатысты ендігі кезекте сөз еткелі отырған ырымдар жайлы не білеміз? «Бауырынан табақ алу» ырымы неге еңбектеп жүрген балаға жасалады? «Көгентүпте» не мән бар? «Танабау» жайлы білеміз бе?

Көп еңбектегеннің де пайдасы бар

Әсілі, қазақ халқы табиғаттың құпия сырларын жақсы білген. Жаратылыстың заңдылықтарымен үндесе отырып, соған орай өзінің тұрмыс-тіршілігін сәйкестендіріп, бағыттап өмір сүрген. Қазақтың толып жатқан ырымдары мен салттары жаратылыстың сондай заңдылықтарымен астасып, сәйкес келіп жатады. Әр нәрсе орнымен ғой, мысалы, ағарып таң атады, таңның шапағы көрінеді, күннің нұры түседі, содан кейін күн шығады, сөйтіп, рет-ретімен көктем келеді, жаз шығады, күз түседі, қыс болады дегендей, табиғаттың әрбір сәті, кезеңі өз уақытында, өз орнымен жүреді. Қазақ халқы осы заңдылықтарды терең түсінген, өйткені табиғаттан ажырамаған. Қазір «техника заманы» деп жүріп жаратылыспен байланысымызды үзіп алдық. Адам өміріндегі неше түрлі сәйкессіздіктердің, келеңсіздіктердің, ауру-сырқаулардың көбейгенінің бір ұшы осында жатыр деуге болады.

Бала дүниеге келді, қырқына шықты, езу тартты, талпынды, отырады, еңбектей бастады… Бала еңбектеуден де толық өтуі керек. Өйткені ол да –Алла тағаланың өзі жаратқан пендесінің басынан өткеруі тиіс өсу кезеңі. Қазіргі балалар көп еңбектемейді, өйткені жүруге бейімдейтін арбалар (ходунок) бар. Баланы бірден жүргізуге ұмтылған дұрыс емес. Оның зияны кейін шығады. Сүйектері әлі жетілмеген, буындары дұрыс бекімеген бұл кезеңде бала еңбектеуі керек. Сонда бұлшық еттері де толық жетіледі. Ол біраз уақыт алақандарымен жер тіреп, тізесімен еңбектейді. Еңбектеуге әбден үйренген балалардың  «ерініп» кеудесін көтергісі келмей қоятыны бар. Дегенмен ендігі жерде бала аяғын басып, қаз тұруы керек. Сондықтан «көбірек еңбектеуге үйреніп алып, кеудесін көтермей қоймасын» деп уақыты келгенде  «бауырынан табақ алу» деген әдемі бір дәстүрді ырымдап істейді. Баланың алақаны мен тізесін жерге тіретіп, бауырын көтертеді. Сол кезде оңнан солға қарай қант-кәмпит, құрт-ірімшік толтырылған табақты «бауыры тез жазылып кетсін», «еңсесі тез көтерілсін» деген жақсы тілектерді айтып, жеті рет бауырынан өткізеді. Сосын барып баланы ақырын қаз тұруға, жағалап жүруге үйретеді. Артынан «бала бауырын жазды» деп ауылдың әйелдері табаққа салынған түрлі дәмнен ауыз тиіп, «бауырынан табақ алу» шайын ішеді. Әңгіме шай ішуде емес, тілекте жатыр. Біздің халқымыз – өте тілеуқор әрі батагөй халық. Қиын-қыстау заманды, жаугершілікті, аштықты, зобалаңды, қанқұйлы шапқыншылықты бастан өткерген қазақты  аман сақтап келе жатқан осы тілеуқорлығы мен ниетінің кеңдігі дер едім.

                                                                                              Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: infomed.by

БЕСІКТІ КІМ ӘКЕЛГЕН?

БЕСІКТІ КІМ ӘКЕЛГЕН?

      Біздің қазақта бесік әкелу деген бар. Бұл салт, әсіресе, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жақсы сақталған. Тіпті бұл – Кеңес өкіметі кезінде де осы аталған өңірлерде маңызын жоймай сақталған салт. Бесікті баланың нағашы әжесі әкеледі. Келін босанғаннан кейін өзін-өзі сыйлайтын кез келген ана міндетті түрде құдаларына құтты болсын айтып, қызының қал-жағдайын білуге келеді. Бұл – ана үшін парыз. Өйткені жатжұрттық болған перзентің «ана» атанып жатыр. Ана болудың қандай екенін жүрегінен жұлып қызын ұзатқан әр ана жақсы біледі. Демек, қызының жағдайын білуге, құда-құдағиына құтты болсын айтып баруға әрбір қазақ әйелі міндетті.

Қазақтың жаңа түскен келіні басына ақ орамал салмаған. Олар әдетте көйлегінің түсіне орайластырып түрлі-түсті орамал таққан. Алғашқы перзенті туып, тұңғышын өмірге келтіріп, «ана» деген атқа ие болған кезде қыздың анасы ақ орамалын әдейі арнап алып келген. Тіліміздегі «ақ жаулықты ана» деген тіркес осыдан пайда болған. Жатжұрттық қыз өмірге сәби әкеліп, өзі ана атанғандықтан да басына салынған ақ орамалды «ананың ақ жаулығы, ақ орамалы» деп қасиеттейді.

БАЛА ӘСЕМДІККЕ БЕСІКТЕН ҮЙРЕНУІ КЕРЕК
Бесік әкелудің өзі керемет бір сән-салтанат десек те болады. Келіннің төркіні «іздеушісі, сұраушысы бар екен» дегізіп, бір топ болып келетін болған және де жай келмей, баланың бесік жабдығын түгелімен, түбек-шүмегіне дейін жасап әкелген. Бесіктің жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған. Түбегі мен шүмегінен басқа, қолтық жастық, тізе жастық дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген. Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті маталардан тігіледі. Бесіктің басына үкі тағады. Өйткені бала әсемдікке, әдемілікке бесікте жатқан кезден бастап үйренуі керек. Бала бесікте көп жатады. Бесік – баланың жылы ұясы. Баланың нағашы жұрты бесікпен бірге, немерелі болып жатқан құда-құдағиға да сый-сияпатын ала келеді. Қызы мен күйеу баласын да құр қалдырмайды. Әрине, мұның бәрі әркімнің қал-қадерінше жасалады, шелектік айраны бар қоңырқай тұрмыстылар өз шама-шарқынша дегендей… яғни белгілі бір тәртібі, қатып қалған қағидасы жоқ, әркім өз шамасына қарай атқаратын болған. Тұрмысы барлар баланың киім-кешегін, жөргегін салатын арнайы кішкентай сандыққа дейін жасап әкелген екен. Сәбилі болып жатқан қызының нәрестесіне бесік әкелу – қыз төркінінің, әсіресе, анасының парызы. Қазірдің өзінде бесік әкеліп жатқан, тіпті болмағанда баланың арнайы төсегі (манеж), арбасы, үстелі дегендей, балаға қажет жабдықты әкеліп жатқан аналар баршылық. Бұл – бір жағынан, құда-жекжат арасындағы үлкен сыйластық. «Бие құлындамаса, ат болады, ағайын-туыс алысып-беріспесе, жат болады» дегендей, бұл – екі жаққа дәнекер ғана. Әйтпесе ешкім алғаннан – бай, бергеннен кедей болмайды. Бесік әкелу құда-құдағи арасындағы көңіл сыйлау болса, екіншіден, жас босанған келіннің көңілі көтеріліп, сағынышы басылады әрі енесіне айта алмағанын анасымен бөліседі, көңілі өседі. Өйткені әр адамға өз анасынан жақын адам жоқ. Ал келіннің жүзі жарқын, көңілі тоқ болса, баланың да денсаулығы мықты болатыны белгілі емес пе…

Зейнеп АХМЕТОВА

 

КЕЛІН ЖЫЛАСА, БАЛА ЖАСЫҚ БОЛАДЫ

КЕЛІН ЖЫЛАСА, БАЛА ЖАСЫҚ БОЛАДЫ

«Тұрмыс құрғаныма көп бола қойған жоқ. Барлығы жақсы. Еш уайымым жоқ. Тек… Қалай айтсам екен… Менің аяғым ауыр. Ішкенім бойыма сіңбей, еш нәрсеге тәбетім тартпай, әбден ығыр болдым. Дәрігерім «токсикоз» деп диагноз қойды. Оның уақытша екендігін, әлі-ақ бәрі жақсы болатынын айтып, жұбатады.
Үнемі көңіл күйім түсіп, жабырқап жүремін, тіпті ашуланшақ болып кеттім. Дәрігері жоқ, перзентханасы болмаған ата-бабаларымыз қалай өмір сүріп, жеңгелеріміз соншама баланы қалай өмірге әкелді екен?! Таңғаламын! Мен әлден шаршап кеттім. Күйеуім де, енем де менің ахуалымды байқамағансиды. Көзімнің жасын оңашада бір сығып алып, «әйелдік» және «келіндік» міндетімді ары қарай арқалап жүре беремін… Бірақ мен болашақ анамын ғой…».

Бұл көптеген сіңлілеріміздің басындағы жағдай. Мұндай әңгімелер бәрімізге де таныс. Әсіресе, қыз-келіншектер қауымына. Ананың көңіл күйі іштегі шаранаға әсер ететіні ғылыми түрде дәлелденген құбылыс. Алайда бала тәрбиесіне ерекше мән берген атам қазақ бойына бала біткен жас келінді тәрбиелеп, күтудің де өзіндік үлгісін қалыптастырған.

Іштен қыңыр туғанды тезге салсаң, түзелмес
Жас ұрпақ тәрбиесі бір сәт босаңсуды, бейқамдықты көтермейтін тіршілік-тынысымыздың аса өзекті тетігі болғандықтан ешқашан күн тәртібінен түскен емес. «Бір баланы адам етіп өсіргенше, бір шаһар опат болады» депті көне Шығыс даналары. Осы салыстырудың өзі-ақ баланың шын мәніндегі адам болып қалыптасуы қыруар тер төгуді, ауқымы кең, жауапкершілігі мол еңбекті қажет ететінін ұқтырса керек.
Қазір ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, сәби жарық дүниеге келмей тұрып, ана жүрегінің астында жатқан кезінен тәрбиені қабылдайды екен. Өзгені қайдам, біздің қазаққа бұл жаңалық емес. Олай дейтінім, ғылыми атақтан ауылы алыс, жазу-сызумен айналыспаған қарапайым әжелеріміз бүгінгі ғылымға азық боларлық, талай кітапқа беломыртқа болатын үлгі-өнеге, жөн-жобаны қалдырып кетіпті. Олар ұрпақ тәрбиесін, бала қамын іште жатқан шағынан бастау керектігін табиғи сезімталдықпен ұққан, бұлтартпай болжаған. Болашақ ананың сана-сезімі, ой-өресі, дүние танымы, айналасымен қарым-қатынасы, реніш-қуанышы, ішкен асына дейін тікелей іштегі шаранаға беріліп, оның туа бітетін мінез-құлқының іргетасы ана құрсағында қаланатынын атам заманнан жақсы түсінген. Яғни бала мінезінің қандай болып қалыптасуы ананың көңіл күйіне тікелей байланысты. Егер аяғы ауыр әйел немесе жас келін көп жыласа, бала жасық болып қалыптасады. «Іштен қыңыр туғанды тезге салсаң түзелмес» дейтін сөздің қос қыртысты астарын тәлім-тәрбие үлгісін тым ертеден бастау қажеттігін білдіреді.

Зейнеп АХМЕТОВА