Сүйіктісінен әдемі гүл шоған алғанды қай қыздың жаны сүймейді дейсіз?! Алайда, жайқалған гүлдердің көп уақыт өтпей, солып қалатынын өкінішті.
Сіздерге раушан гүлін мүмкіндігінше ұзақ сақтаудың тәсілін ұсынбақпыз.
Бірінші кезекте, раушан гүлінің сабағы ұзын боп кесілуі керек. Сабағы ұзын раушанды дұрыс күтімнің арқасында 10-12 күн жайқалған күйінде сақтауға болады.
Дұрыс таңдалған, таза құмыра – күтімнің алғашқы қадамы. Құмыра ұзын әрі көлемі үлкен болып, гүлдің жартысы суда тұруы керек.
Жарты стақан суға жарты шай қасық сірке суын қосып, ерітіндімен құмыраның ішін шайқаңыз. Осылай құмыра ішін «стерилдеп» аласыз.
Раушан гүл сабағының ұшын қиғаштап, үш бұрыштап қиыңыз. Оны құмыраға салмас бұрын бөлме температурасындағы су құйылған шылапшынға (леген) сала тұрыңыз. 15 минуттай тұрғаны дұрыс.
Құмыраға суды краннан алуға да болады. Суды тұндырып қойыңыз да, ішіне бір дана аспирин (дәрі) салыңыз.
Әр екі күн сайын құмырадағы суды ауыстырып, гүлдің сабағын кесіп отыру керек. Суға аспирин салуды ұмытпаңыз. Гүлге жылы су шашып алғаныңыз дұрыс болады.
Біз берген кеңесті орындауға ерінбеңіз. Сонда гүліңіз Сізге жұпарымен, әдемілігімен қуаныш сыйлайды.
Суреттер: mamablogg.ru; prodazharoz.com