Адам баласы бір нәрсеге қуанады, бір нәрсеге қамығады. Ол өмірдің заңдылығы ғой. Ондайда Райымбек бабамыздың атындағы көшенің бойына шығып, кез келген қоғамдық көлікке отырамын. Ой-орманның құшағындағы жүздері шаршаңқы жандарды көремін. Тіршіліктің қамымен ала сөмкелерін арқалаған аналар, құйқаны шымырлатып Құран сүрелерін оқи сала алақан жаятын тілемсектер, сабағына асыққан студенттер мен оқушылар кездеседі маған. Сол көлікпен, сондағы жандармен менің де мұңым кетіп бара жатады. Жастар қарияға орын берсе, іштей қуанып қаламын. Әйтеуір сапырылысқан көп көлік. Сол көліктердің, анығы автобустардың ішінде кетіп бара жатқан сан мыңдаған тағдыр иелері.
Содан кейін такси тоқтатып, әл-Фараби бабамыздың атындағы даңғылдың бойына келемін. Мұндағы тіршілік те сол. Айырмашылығы – қаптаған автобустан гөрі құйғытқан шетелдік иномаркалар. Көліктің иелері – жап-жас бозбала мен бойжеткендер, анығы – байшыкештердің ерке-тотай балалары. Көлік қана емес, байлық та жарысып бара жатқан сияқты көрінеді мұнда маған. «Асып-тасып кетпейін, тәуба» деймін бір көшеге қарап, «Құдайдың бергеніне шүкір» деймін екінші көшенің тұсында…
Дайындаған: Айгүл Болатханқызы