Аңсарым, аспаннан түс бері,
Мен жүрген шаһарға жақында.
..Қуаты басымдар күштеді,
Тағдырым алып жүр тақымға..
Сенделтіп.. сең соғып жүргенін,
Көкірек көзі бар көрмеді.
Сезімім сүйретіп сүлдерін,
Күндерім өте ме өлмелі?!
Көргеннің болар ма барі ұмыт,
..Мақұлық миықтан қарады..
Тірлікте тынысым тарылып,
Кеудемде күн сөніп барады.
Жалғанды барамын жақтырмай,
Әзірге серік қой жаныма ар.
Қабаған иттерге қаптырмай,
Кешікпей тезірек тауып ал..
Арысым – армансын ұғынғам,
Айналам көк мұздақ аппақ қар..
Мендегі жүрекке тығылған,
Кішкене жылуды сақтап қал.
Әдемі әлемді бар қылып,
Есердің есінде қалып кет.
Жанымды жанына жар қылып,
Ақ көйлек кигізіп алып кет
Мен сендікпін…
Өлеңді жазған: Салтанат Смағұлова
Сурет: www.diary.ru