Айжан – neke.kz жобасының авторы

Құрметті Айқаракөз оқырмандары! Біз «Табысты арулар» деп аталатын жаңа айтар аштық. Бұл айдарда өз еңбегімен, өз күш-жіберімен қандай да бір жетістікке жетіп, ерге бергісіз іс атқарып жүрген нәзік жандылардан алынған сұхбаттар жарияланатын болады.

Осы айдардың алғашқы кейіпкері – Айжан Құлмұханбетова.

Фото0051E001

Айжан – neke.kz  жобасының авторы.
Сұлу қыз Алматы облысы, Райымбек ауданы, Шалкөде ауылында туып-өскен. Фрилансерлік қызмет істегенімен, көбіне өз сайтымен айналысады. Интернетке 2007 жылы келіп, 2008 жылдан бері блог жүргізуді бастап, Қазнетке өз үлесін қосып келеді. Тұрмыс құрмаған 🙂

1. Айжан, дәл осы  отау құру, отбасы болу сияқты тақырыпта сайт ашуыңа не түрткі болды?
Басында сайт ашу туралы ойламадым. Өзім танитын мықты блоггерлердің бәрі өз сайттарын ашып, іс жасап жатқан кезде өз тақырыбымды таппағаныма қиналатынмын. Фрилансерлік жұмысқа кіргесін «арнайы тақырыптық блог жүргіз» деген ұсыныс айтылды. Өзім білетін интернет, жарнама сияқты тақырыптарда жаза бастадым. Бірақ ол оқушыларға онша қызық болмағасын «Қалыңдық күнделігі» деген атпен блог бастадым. Дәл сол уақытта орысша үйлену-жарнама сайтына жұмысқа тұрған болатынмын. Өзімнің блогтарымның қаралауы 5000-нан асып кеткеннен кейін «неге осы тақырыпта сайт ашпасқа» деген ойға келдім. Солай сайт жасаушылармен келісіп, neke.kz дүниеге келді.

2. Сайтқа бөлінген қаржыны, оған күнделікті контент толтыруды, ақпаратпен бөлісуді қоспағанда, қабақ түйдрген қандай жағдайлар болды? Кедергілер кездесті ме?
Жұмысымнан кетуге тура келді, «бастығым менің идеямды ұрлап жүрсің» дегесін кетіп қалдым. Ол кісіге өз сайтымның мақсатының басқа екенін түсіндіре алмадым. Бірақ, қазір басқаша ойлаймын.

3. Күніне неше уақыт бөлесің сайтыңа?
Қазір үйден жұмыс істеп жүргесін 2-3 сағат қараймын, жан-жақты сайттармен салыстыру, аналитика, сараптау жұмыстарын жасап жүрмін. Жұмыс істеп жүрген кезде күніне  тек 1 сағат қана бөле алатынмын, кейде мүлде уақыт таба алмай қалатынмын.

4. Жұмысыңдағылар сайтың туралы біле ме? Олар қандай көзқараста?
Басында білмеген, бірақ, бастығым менің блоггер екенімді білетін. Ешқандай қарсылық білдірмеген, кейін сайт туралы білген кезде келіспеушіліктер пайда болды. Содан соң кетуге тура келді. Әрине жасырмаймын, үйлену, той жасау бизнесіндегі бірқатар нәрселерді сол жақтан үйрендім. Бірақ, ол жақтан контент алу, жұмыста өз сайтымда отыру болмаған.

5. Сайт арқылы екі жастың танысуына, табысуына көмек болатын жолды қолға алғың келмей ме?
Сайт арқылы екі жасты таныстыру бар, біраз адамдарды таныстырдым. Дегенмен, адамдардың көңілін табу қиын екенін біліп қалдым. Себебі, «маған мынандай адам керек» деп айтқандарына сай, келеді-ау деген адамдарды жіберсең, «ұнамай қалды» деген сөздерді естимін. Әзірге ешкімді қоса алмадым, бірақ, жастарды  қосу ойымнан әлі де бас тартпаймын.

6. Сайтыңды таныту үшін қандай жарнамалық әрекеттер жасадың?
Әзірге тек интернет қана. Әлеуметтік желілер мен SEO жұмыстарын жасауға тырысып жүрмін.

7. Айжанқыз, еңбегіңе мол табыс тілейміз! Неке.kz арқасында құрылған бақытты отбасылар көп болсын! 

Міне, бүгін сен үй болдың…

Міне, бүгін сен үй болдың...Адамның мінезі деген белгілі бір қалыпқа құйып шығара салатын бұйым емес. Ол әркімнің өзінің алған тәлім-тәрбиесіне, көрген-білгеніне, ақыл-ойына, әр нәрсені салғастырып, өзін тежеп ұстай білуіне байланысты.

Өмірлік серігім деп бас қосқан жарыңды сыйлап, күте білу, оның артық-кемді мінездеріне түсініп, кешірімді болу – кішірейгендік емес, әдептілікке, білімділікке жатады. Ондай әйелдің семьяда, жолдас-жораларының арасында беделі жоғары, басы сыйлы болады. Әйел адам еркекті ашумен, бейпіл сөйлеп, беттен алумен жеңе алмайды. Ондай мінез жақсы жардың жанын жаралап, көңілін қалдырады. Халқымыздың «жақсы әйел жаман еркекті адам етеді, жақсы еркек жаман әйелді адам ете алмайды» дейтін мақалы осындай өмір шындығынан алынған болса керек.

Үлкен кісілер жас келінге риза болған жағдайда: «қосағыңмен қоса ағар, шырағым» деп батасын береді. Бұл сөзде де үлкен мағына жатыр. Бұл – тату-тәтті семья болып, сүйген жарыңмен жарасымды өмір сүру деген сөз. Мен де қыздарыма сол сүйген жарыңмен жарасымды өмір сүре біл дер едім.

Міне, бүгін сен сүйген жарыңа қосылып, өз алдыңа шаңырақ көтеріп, отау үй болдың. Отау иесі болу да оңай мәселе емес. Отау үйдің де, үлкен үйдің де өзіне лайықты әрқилы тірлігі, келетін қонағы, ағайынмен қарым-қатынасы болады. Солардың бәрінің де жөнін біліп, жолынан жығылмай отыру халқының салт, дәстүрін білуді талап етеді. Әрине, ондай салт, дәстүр дегенді адам іштен біліп тумайды, «көре-көре көсем боларсың…» дегендей, күнделікті өмірден, өзінің өсіп-өнген ортасынан, өзі қызмет істеген жердегі коллектив мүшелерімен, құрбы-замандастарымен араласу, бір-бірімен сырласып, ақыл-кеңес алу арқылы үйренеді. «Біз өз алдымызға үй болдық, енді ешкімге бағынышты емеспіз» деп, ұшқан ұяңды, аялап өсірген ата-анаңды ұмытып кетпей, демалыс күндерінде болсын, жұмыстан қалт етіп қолың босай қалған кезде болсын, оларға барып сәлем беріп тұрсаң үлкен кісілер соған да мәз болып, бір жасап қалады. Істелмей жатқан қатты-қайырым жұмыстары болса, істеп беріп кетсеңдер, анда-санда үйлеріңе шақырып, ақ дастарқандарыңды жайып, адал ниетпен дәс татырып тұрсаңдар, ауырып-сырқап қалған жағдайда барып көңілін сұрап, немесе дәрігерге апарып көрсетіп тұрсаңдар ананың ақ сүті мен әкенің адал еңбегін ақтағандарың сол болады.

Отау үйге жастар, яғни өз замандастарың көбірек үйір болады. Ол заңды да. Күйеуің даладан жолдастарын ертіп келгенде, оларды жылы жүзбен қарсы алып, сыйлап жөнелтсең, жігіттің жаны жадырап, көңілі көтеріліп қалады. Ал егер сен олар келгенде қабағыңды шытып, ас үйде аяқ-табағыңды салдырлатып жүрсең, келген қонағың еңсесі түсіп, үйіңнен шығып кетудің амалын қарастырады. Мұндай жағдайда қонақ кеткенннен кейін араларыңа кикілжің туып, жарыңның көңілі суыйды. «Үйге келген қонаққа тамағыңды берме, қабағыңды бер» деген нақыл бекерге айтылмаған. Үйге келген кісіні, мейлі ол туысқаның болсын, мейлі замандасың болсын, жарқын жүзбен қарсы алып, құрметтей білген жөн.

Кейде тіпті үй ішіндегі ұсақ-түйектер – киім-кешек, төсек-орынды таза ұстау, ыдыс-аяқ жуу, ас пісіру сияқты шаруалардың өзі де жас семьяның шырқын бұзуы мүмкін. Ұсақ-түйек дегенмен осылардың өзі де күнделікті тұрмыста қажетті шаруа болғандықтан отау иесінің бұларды да дұрыс игере білгені жөн. Қысқасы, әйел адамға сын да көп, мін де көп. Өйткені, оның үй шаруасында атқаруға тиісті жұмыстарының өзі басындағы шашынан асып жатады.

Қай заманда болса да семья бақыты әйел-анаға байланысты. Сондықтан әрбір әйел өз отының басын қоқытпай, үй ішін сәндеп жинау, ыдыс-аяғын таза ұстау, дәмді тамақ пісіруді өз міндетім деп түсінуі керек.

Жамал Байжанова «Семья бақыты» кітабынан үзінді.