«Балаң ат жалын тартып мінді» деген сөзді жиі естиміз. «Ашамайға мінетін жасқа келіпті» деп жатамыз. Көшпенді халықтың баласы онсыз да ес білгеннен атқа мініп өседі. Бала өміріндегі қуанышты әрі атаулы күндерінің бірі – ашамайлы тайға міну. Әрине, қазақ баласы үшін атқа міну таңсық емес. Қыз болсын, ұл болсын, 2-3 жасынан бастап-ақ атқа мінген әке-шешесінің алдында отыратын болған. Өйткені халықтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты көшіп-қонуы, жолаушы жүруі немесе екінші ауылға қонаққа баруы дегендей, бала үлкендердің алдына отырып атқа мінген. Қазақтың кез келген баласы кішкентайынан атқа үйірсек болып өседі. Жылап жатқан балаға «атқа мінгізем» дегенде жылауын қоятыны да біраз жайды аңғартпай ма?! Баланың өзіне арналған бәсіреге ата-анасы арнайы ашамай жасатады. Ашамай дегеніміз – екі қасы Х әрпі сияқты болып жасалатын балаға арналған айшықты ер. Баланың аяғы қысқа болғандықтан, ашамайға үзеңгі салынбайды. Жабағы жүннен жасалатын терлікті де, оның үстінен салынатын тоқымды да баланікі болғандықтан көз тартатындай әдемілеп, жиектерін шашақтап, кестелеп, сәнді етіп жасайтын болған. Ашамайдың үстіндегі аткөрпе де балаға лайықталып тігілген. Осының үстінен тепкішек салынады. Тепкішек («аяққап» деп те атайды) киізден жасалады. Сыртынан қатипа, шұға сияқты маталармен қаптап, ою-өрнек салады әрі балаға арналғандықтан айналасын шашақтап қоятын болған. Тепкішек қоржынға ұқсайды, бала атқа мінген кезде екі аяғын тепкішекке салады. Ашамайлы тайға мінетін күні баланы әдемілеп киіндіреді.
Шашу шашылып, тілек айтылады.
Бәсіре тайың пыраққа айналсын!
Мінген ашамайың таққа айналсын!
Айналаң толы қауым болсын!
Лайым жолың болсын!
Тілейік біз ақ тілек,
Атқа жақсы шаба біл!
Жасыңнан малды баға біл!
Оқу-өнер таба біл!
Ел-жұртыңа жаға біл!
Аумин, жолың ақ болсын! – деп бата беріледі (бұл бір ғана нұсқасы). Тілек пен батаның адамға рухани күш беретінін мен үнемі айтып келем. Жақсы тілек естіп, бата алып өскен бала жақсылыққа құмар болады, естігенін ұмытпайды. «Пәлен атамның берген батасы», «түген әжем маған осындай тілек айтқан» деп үнемі айтып жүретін болған.