Ыстық-суық душтың пайдасы қандай?

Ыстық-суық душтың денсаулыққа да, әсемдікке де пайдасы көп екені бұрыннан белгілі. Денедегі температураның бірден төмендеуі қан тамырларымызға жақсы жаттығу болмақ. Сонымен қатар, бойға сергектік жинап, иммунитетті көтеруге сеп болады. Ыстық су мен суық суды кезек-кезек ауыстырып жуынғанда дене температурасы 36,6 градустан жоғарылайды да, ағза микроб және вирустармен белсенді күреседі. Нәтижесінде мықты иммунитет, мықты денсаулық.

Ыстық-суық душтың пайдасы қандай?

Денсаулыққа тигізетін тиімді әсерінен бөлек ыстық-суық душтың тағы бір пайдасы бар. Ыстық-суық душ қабылдағанда теріміздің қылтамырлары бірден тарылып қалады да, тері балғындығын сақтайды.

Бұл душта дене тым ысып, не тым суып кеткенше тұра берсе, нәтиже болмайды. Сондықтан бәрін де жасау ретімен орындаған дұрыс:

  1. Душтың астына тұрып, жылы суды қосамыз. Назар аударыңыз, су ыстық емес, жылы болуы керек. Ары қарай ақырын-ақырын ыстық суды көбейте береміз, бірақ тері күйетіндей ыстық болмауы керек. Осы судың астында бір минуттай тұрамыз.
  2. Енді бірден ыстық суды өшіріп, суық суды қосамыз. Суық судың астында ыстық суға қарағанда 30 секундтай артық тұру керек.
  3. Одан кейін қайта ыстық суға ауысамыз, сосын суық су. Осылай үш реттен ғана қайталап, ыстық-суық душты мұздай сумен аяқтаймыз.
  4. Душтан шығып, денені орамалмен дене қызарғанша ысқылау керек.
Ыстық-суық душтың пайдасы қандай?

Ыстық-суық душ – омырау терісінің тонусын арттырудағы керемет әдіс. Әсіресе босанғаннан кейін және емізулі кезде жақсы көмектеседі. Ол үшін душты күнде қабылдау керек, омырауға арналған маскаларды бірге қолдансаңыз, тіптен жақсы.

Арықтағысы келгендерге де ыстық-суық душты қабылдаған өте тиімді. Ескере кететін жайт, бұл душ өздігінен арықтатпайды, процесс арнайы жаттығу не диетамен бірге жүру керек. Және де денедегі целлюлитті кетіріп, терінің созылған жерлерін азайтады, ағзаның зат алмасуын жақсартады.

Ыстық-суық душтың пайдасы қандай?

Ыстық-суық душтың зиянды жақтары бар ма? Өкінішке қарай, бар. Біріншіден, сізді тамақ аурулары мен ангина мазалап жүрсе, ыстық-суық душты ұмытыңыз. Әйтпесе, артық қылам деп, тыртық қылып аласыз. Екіншіден, цистит (қуықтың қабынуы) ауруы бар адамға да зиянды. Жүрек қантамырлары аурулары бар адамдарға да бұл душ қауіпті боп табылады. Дегенмен, дәрігерден  сұраған жөн.

Суреттер: podryzhka.ru; econet.ua