БЕСІКТІ КІМ ӘКЕЛГЕН?

БЕСІКТІ КІМ ӘКЕЛГЕН?

      Біздің қазақта бесік әкелу деген бар. Бұл салт, әсіресе, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жақсы сақталған. Тіпті бұл – Кеңес өкіметі кезінде де осы аталған өңірлерде маңызын жоймай сақталған салт. Бесікті баланың нағашы әжесі әкеледі. Келін босанғаннан кейін өзін-өзі сыйлайтын кез келген ана міндетті түрде құдаларына құтты болсын айтып, қызының қал-жағдайын білуге келеді. Бұл – ана үшін парыз. Өйткені жатжұрттық болған перзентің «ана» атанып жатыр. Ана болудың қандай екенін жүрегінен жұлып қызын ұзатқан әр ана жақсы біледі. Демек, қызының жағдайын білуге, құда-құдағиына құтты болсын айтып баруға әрбір қазақ әйелі міндетті.

Қазақтың жаңа түскен келіні басына ақ орамал салмаған. Олар әдетте көйлегінің түсіне орайластырып түрлі-түсті орамал таққан. Алғашқы перзенті туып, тұңғышын өмірге келтіріп, «ана» деген атқа ие болған кезде қыздың анасы ақ орамалын әдейі арнап алып келген. Тіліміздегі «ақ жаулықты ана» деген тіркес осыдан пайда болған. Жатжұрттық қыз өмірге сәби әкеліп, өзі ана атанғандықтан да басына салынған ақ орамалды «ананың ақ жаулығы, ақ орамалы» деп қасиеттейді.

БАЛА ӘСЕМДІККЕ БЕСІКТЕН ҮЙРЕНУІ КЕРЕК
Бесік әкелудің өзі керемет бір сән-салтанат десек те болады. Келіннің төркіні «іздеушісі, сұраушысы бар екен» дегізіп, бір топ болып келетін болған және де жай келмей, баланың бесік жабдығын түгелімен, түбек-шүмегіне дейін жасап әкелген. Бесіктің жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған. Түбегі мен шүмегінен басқа, қолтық жастық, тізе жастық дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген. Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті маталардан тігіледі. Бесіктің басына үкі тағады. Өйткені бала әсемдікке, әдемілікке бесікте жатқан кезден бастап үйренуі керек. Бала бесікте көп жатады. Бесік – баланың жылы ұясы. Баланың нағашы жұрты бесікпен бірге, немерелі болып жатқан құда-құдағиға да сый-сияпатын ала келеді. Қызы мен күйеу баласын да құр қалдырмайды. Әрине, мұның бәрі әркімнің қал-қадерінше жасалады, шелектік айраны бар қоңырқай тұрмыстылар өз шама-шарқынша дегендей… яғни белгілі бір тәртібі, қатып қалған қағидасы жоқ, әркім өз шамасына қарай атқаратын болған. Тұрмысы барлар баланың киім-кешегін, жөргегін салатын арнайы кішкентай сандыққа дейін жасап әкелген екен. Сәбилі болып жатқан қызының нәрестесіне бесік әкелу – қыз төркінінің, әсіресе, анасының парызы. Қазірдің өзінде бесік әкеліп жатқан, тіпті болмағанда баланың арнайы төсегі (манеж), арбасы, үстелі дегендей, балаға қажет жабдықты әкеліп жатқан аналар баршылық. Бұл – бір жағынан, құда-жекжат арасындағы үлкен сыйластық. «Бие құлындамаса, ат болады, ағайын-туыс алысып-беріспесе, жат болады» дегендей, бұл – екі жаққа дәнекер ғана. Әйтпесе ешкім алғаннан – бай, бергеннен кедей болмайды. Бесік әкелу құда-құдағи арасындағы көңіл сыйлау болса, екіншіден, жас босанған келіннің көңілі көтеріліп, сағынышы басылады әрі енесіне айта алмағанын анасымен бөліседі, көңілі өседі. Өйткені әр адамға өз анасынан жақын адам жоқ. Ал келіннің жүзі жарқын, көңілі тоқ болса, баланың да денсаулығы мықты болатыны белгілі емес пе…

Зейнеп АХМЕТОВА