Көп аздан көлемді көп жиналады

Көп аздан көлемді көп жиналады

Қазақ халқының бала дүниеге келгеннен кейінгі атқаратын жөн-жоралғысының барлығы – жеке адамның басына тиесілі нәрсе емес, бұл ұлттың келешегіне байланысты өнеге. Бұған немқұрайды қарауға болмайды. Мұның барлығы жиналып келіп ұлттық қадір-қасиетті құрайды.       

Өз басым, өзім білмейтін нәрсеге жоламаймын. Көзіммен көрген, ананың тәрбиесімен келген, қанымда бар, әдет болып қалыптасқан жақсылықтарды ғана насихаттауға ұмтыламын. Біз көп жағдайда жастарды кінәлап жатамыз. Біздің басты кемшілігіміз – өзіміз жастарға ештеңе көрсетпей тұрып, үйретпей жатып, оларды кінәлайтынымызда. Өзіміз көзіне көрсетіп, қолына ұстатпаған соң, жастарға «ештеңе білмейді» деп орынсыз өкпе артатынымыз да дұрыс емес. Мысалы, өз келінімді босанған соң екі немеремді де қырық күннен асырып күттім. Тіпті айналамдағы араласып жүргендер қайран қалды. Бірінші немеремде келінім: «Ой, апа, өзім жуамын, өзім істеймін», – деп қатты қысылып, ыңғайсызданды. Ол түсінікті де. Үлкенді сыйлай білетіндіктен де біздің келіндеріміз енесінің күйбеңдеп жүргеніне шыдамайды, көп жағдайда үлкен адамның өзіне қызмет еткеніне ұялып, қабылдай алмайды. Анарым да алғашында сөйтті. «Қозғалма, сенің жұмыс істейтін кезің алда. Қазір мен саған қызмет етейін, балам, есесіне, сенің денің сау болады. Сенің денің сау болса, немерем де аман, менің де көңілім шат, біз де марқайып жүреміз. Сондықтан сен мені дұрыс түсінгін. «Апам жұмыс істеп, мен қарап жатырмын» деген нәрсені ойыңнан шығар. Мен саған келін болмаймын бәрібір, өз тірлігіңді өзің істейсің. Бірақ қазіргі міндет – менікі. Ол – менің ата-бабамнан қалған салт. Менің әжем, менің анам істеген салт, мен соларды көргенмін. Сондықтан мен осыны істеуім керек», – дедім келініме. Тамағын дайындап, белін байлап, қадағалап жүрдім. Жылы жүруіне қатты мән бердім. Қазіргілерге бұл тіпті басқаша көрінуі мүмкін. Бірақ біле білген адамға, бұл жерде, мен, алдымен немереме қамқорлық жасадым. Анасы арқылы өз немеремнің аман-есен өсуіне ықпал етіп тұрмын. Өйткені ол – Момышұлы  әулетінің көптен күткен, аңсап күткен ұрпағы. Содан кейін «қашан келін алар екем», «қашан немеремнің жаялығын жуар екем» деп армандап жүрдім ғой. Алла тағала арманыма жеткізіп, маған немере сүйгізіп, мені – «әже», Бәкеңді «ата» атандырып отырғанда мен ата-бабамның салтын істемеуім, келінімді күтпеуім дұрыс емес. Тіпті өзіме күнә санар едім… Өкінішке қарай, көп енелер білместікпен келіндеріне осындай қамқорлық көрсете алмай жатады. Білгенімізді үйретіп, естігенімізді айтып отырсақ, бүгінгі ұрпақтың ештеңеден ұтылмасы анық.

Зейнеп АХМЕТОВА

сурет: stranadetok.ru  

Leave a Comment