Өзге ұлттың қыз балаларын қайдам, біздің қазақтың қыздарының құлағын тесіп, сырға салу міндетті сияқты көрінеді. Құлағында сыңғырлаған сырғасы бар қазақ қыздары ерекше сұлу, ерекше әдемі. Сырға таққан қыздарға ақындар өлең арнап, сазгерлер сұлу ән шығарған. Сырғалы сұлуларын әнге қосып жүрген әншілер қаншама! Ал біз осы қарапайым өмірде қыздың құлағын не үшін тесетініне үңіліп көрдік пе? Жалпы, қазақ қыздарының құлағын қай жаста тескен? Құлақ тесіп, сырға салып қоюдың не мәні бар?
Құлақ тесуде де тәрбие жатыр
Қазақта қыз баланың өміріндегі айтулы күн – құлағын тесу. Тоғыз жасты балиғатқа толған кез деп айтады екен, ал жеті – қазақ үшін қасиетті санның бірі. Қыздың құлағын көп жағдайда тек жеті жасынан бастап тескен. Тұлымшағы желбіреген кішкентай қыз жеті жасқа дейін қуыршақ ойнаған болса, құлағы тесілгеннен кейін оның мінез-құлқы бірден өзгереді. Осыдан бастап «сен енді сырғалы қыз болдың», «сырға таққан соң қыз санатына қосылдың, енді саған қуыршақ ойнау жараспайды» деп оның құлағына жайлап сіңіре береді. Бұдан былай ол қуыршақтың орнынан қолына кесте алады. Ою оюды үйренеді. Ол ендігі жерде жеңгелерінің қазан-ошақ жақта істеп жүрген істерін көретін болады. Құрт қайнатып, ірімшік жасап жатқан апаларына көмектесіп, мән-жайын білмекке ұмтылады. Қыз баланың құлағын тек сәндік үшін, әдемілікке бола теспейді. Бұл да – тәрбиенің бір түрі. Мұны қыз баланың ертеңгі күні келін болуға дайындаудың алғашқы баспалдағы деп айтуға болады. Бұл – қыз баланы ісмерлікке, шеберлікке үйретудің басы. Ол біртіндеп үйдің шаруасына араласа бастайды. Ұл баланы сүндетке отырғызған сияқты, қыздың құлағын тесу де – бірдей, ата-анаға парыз болып саналады. Жеті жастан бастап құлақ тескеннің белгілі бір заңдылығы бар. Ол осы күнді іштей асыға күтеді. Өйткені құлағын тескен соң қыз баланың мінез-құлқынан бастап, киетін киіміне дейін өзгереді. Қызға камзол мен әдемі етекті көйлекті құлағын тескен соң кигізетін болған. Осыдан соң-ақ ол өзін үлкен сезінеді, өзінің өміріне қажетті тірліктердің барлығын үйренуге тырысады. Саналы түрде соған бейімделеді, білмекке ұмтылады. Болашақ өмірге дайындықты осылай біртіндеп бастайды. Сол себепті де қыздардың құлағын тесерде абай болған жөн. «Салақтан олақ жаман» деген, қыз баланың салақ болуы, олақ болуы өзіне ғана емес, ата-анасы, қала берді ауыл-аймағына сын. Ондайды «өнеге көрмеген» дейді. Мұндайда, ең алдымен, ата-ананы кінәлайды. «Қызға қырық үйден тыйым» қыз баланың құлағын тесіп, сырға салғанынан басталады. Ол – «отырса – опақ, тұрса сопақ» етіп, тірсектен қағу деген емес, қыз – қырық үйден, қала берді қара күңнен де бір өнеге, бір үлгілі нәрсе үйрену деген сөз. Осыған дейін тұлымшағы желбіреп жүргенде оны баласынып ешкім елемеуі мүмкін. Ал құлағын тескен соң, үстіне көйлек-камзол кигізіп, шашын өріп қойғаннан кейін оны қыз болды деп есептеп, үлкендер жағы әрқайсысы өзінің бір өнегесін үйретуге тырысады.
Зейнеп АХМЕТОВА
Сурет: favim.ru
Бул аиткандарынызга келисемин.меним кулагымды анам тескен 7 жасымда!содан бастап сырганы тастамай тагамын
Мен тесуге коркамын,жасым 15те,кейде уяламында,брак менин апкемде,анамда 16 жасында тескен менде солай истейтн шгармын.