Еріңізді қалай тамақтандырасыз?

Еріңізді қалай тамақтандырасыз?

Дәмді тамақ жегенді қаншалықты ұнатасыз? Ал еркектердің жүрегіне жол тарту асқазан арқылы да екенін білесіз бе? Саусағыңыздан бал тамған азпаз болмасаңыз да, күйеуіңіздің көңілінен шығып, қарны тоятындай тамақ әзірлей білсеңіз, сіз үнемі жұбайыңызға бағалысыз.

Ет. Жәй ғана сөз емес, ЕТ! Ет – еркектердің ең сүйікті тағамы. Егер сіз бешбармақты, қуырдақты жақсы дайындай алсаңыз,  қуана беріңіз.

Еркектер неге етті жақсы көреді? Ерлердің жыныстық гормондарының синтезіне ет протеиндері өте қажет. Сондықтан ет – нағыз ерлер тағамы. Оларға сүт тағамдары, балық, көкөністер ет секілді энергия, күш бере алмайды.

Калория.  Осы тұсқа келгенде ерлер мен әйелдер бір-біріне мүлде ұқсамайды. Біз, әйелдер аз калориялы, семіздікке алып келмейтін тағамдар жеуге не аз тамақтануға тырыссақ, еркектер – керісінше.

Мөлшер. Ерлер үйде қажетті тағамдардың бәрі толып тұрғанын, күнделікті жасалған тамақтың да тойымды, мол болғанын қалайды. «Менің үйім – тағам толы ыдыс. Ыдысым толы болсын!» Ерлердің осылай ойлайтынын ұмытпағайсыз.

Десерт. Ерлер тәттіге құмар емес деп ойлағанмен, олар балмұздақ пен шоколадтан бас тартпайды.

Бастысы – әртүрлілік. Ерлер төсекте де, дастарханда да әйел ісінің түрлі болғанын қалайды екен.

Күнделікті дайындайтын тамағыңызға өзгеріс енгізу қиын емес:

  1. Күнде 2 тағамды алмастырып жасай бермеңіз. Тамақты бір істегенде өте көп қылып жасамаңыз, оны тауысқанша ашып кетеді де, ысырап болады.
  2. Тіпті күніге салаттың өзін әр түрлі қылып жасауға болады.
  3. Егер жартылай дайын (полуфабрикат) тағамдар алғалы жатсаңыз да, мәзірді түрлендіріңіз: пельменнің орнына фарш салынған бұрыш, сосисканың орнына сардельки, т.с.с алыңыз.
  4. Ең оңайы аптаның әр күніне жасайтын түрлі тамағыңыздың тізімін құрыңыз. Бұл қажетті азық-түлікті анықтағанда да көп көмектеседі.

Егер сіз күйеуіңізді дәмді тағамдармен уақтылы тойдыратын болсаңыз, ол – еріңіздің ғана емес, өзіңіздің де денсаулығыңыздың кепілі. Себебі, дені сау, күшті, ас қорыту жүйесінде ақау жоқ ер – әр әйелдің бақыты. 🙂

Еріңізді қалай тамақтандырасыз?

Суреттер: mastergraf.net, unassvadba.ru

Күнсұлу Тұрғынбекқызы: Кейде…

Күнсұлу Тұрғынбекқызы: Кейде...Адам баласы бір нәрсеге қуанады, бір нәрсеге қамығады. Ол өмірдің заңдылығы ғой. Ондайда Райымбек бабамыздың атындағы көшенің бойына шығып, кез келген қоғамдық көлікке отырамын. Ой-орманның құшағындағы жүздері шаршаңқы жандарды көремін. Тіршіліктің қамымен ала сөмкелерін арқалаған аналар, құйқаны шымырлатып Құран сүрелерін оқи сала алақан жаятын тілемсектер, сабағына асыққан студенттер мен оқушылар кездеседі маған. Сол көлікпен, сондағы жандармен менің де мұңым кетіп бара жатады. Жастар қарияға орын берсе, іштей қуанып қаламын. Әйтеуір сапырылысқан көп көлік. Сол көліктердің, анығы автобустардың ішінде кетіп бара жатқан сан мыңдаған тағдыр иелері. 

Содан кейін такси тоқтатып, әл-Фараби бабамыздың атындағы даңғылдың бойына келемін. Мұндағы тіршілік те сол. Айырмашылығы – қаптаған автобустан гөрі құйғытқан шетелдік иномаркалар. Көліктің иелері – жап-жас бозбала мен бойжеткендер, анығы – байшыкештердің ерке-тотай балалары. Көлік қана емес, байлық та жарысып бара жатқан сияқты көрінеді мұнда маған. «Асып-тасып кетпейін, тәуба» деймін бір көшеге қарап, «Құдайдың бергеніне шүкір» деймін екінші көшенің тұсында…

Дайындаған: Айгүл Болатханқызы

Ашамайға мінгізу – еңбекке баулудың басы

Ашамайға мінгізу - еңбекке баулудың басы

«Балаң ат жалын тартып мінді» деген сөзді жиі естиміз. «Ашамайға мінетін жасқа келіпті» деп жатамыз. Көшпенді халықтың баласы онсыз да ес білгеннен атқа мініп өседі. Бала өміріндегі қуанышты әрі атаулы күндерінің бірі – ашамайлы тайға міну. Әрине, қазақ баласы үшін атқа міну таңсық емес. Қыз болсын, ұл болсын, 2-3 жасынан бастап-ақ атқа мінген әке-шешесінің алдында отыратын болған. Өйткені халықтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты көшіп-қонуы, жолаушы жүруі немесе екінші ауылға қонаққа баруы дегендей, бала үлкендердің алдына отырып атқа мінген. Қазақтың кез келген баласы кішкентайынан атқа үйірсек болып өседі. Жылап жатқан балаға «атқа мінгізем» дегенде жылауын қоятыны да біраз жайды аңғартпай ма?! Баланың өзіне арналған бәсіреге ата-анасы арнайы ашамай жасатады. Ашамай дегеніміз – екі қасы Х әрпі сияқты болып жасалатын балаға арналған айшықты ер. Баланың аяғы қысқа болғандықтан, ашамайға үзеңгі салынбайды. Жабағы жүннен жасалатын терлікті де, оның үстінен салынатын тоқымды да баланікі болғандықтан көз тартатындай әдемілеп, жиектерін шашақтап, кестелеп, сәнді етіп жасайтын болған. Ашамайдың үстіндегі аткөрпе де балаға лайықталып тігілген. Осының үстінен тепкішек салынады. Тепкішек («аяққап» деп те атайды) киізден жасалады. Сыртынан қатипа, шұға сияқты маталармен қаптап, ою-өрнек салады әрі балаға арналғандықтан айналасын шашақтап қоятын болған. Тепкішек қоржынға ұқсайды, бала атқа мінген кезде екі аяғын тепкішекке салады. Ашамайлы тайға мінетін күні баланы әдемілеп киіндіреді.

Шашу шашылып, тілек айтылады.
Бәсіре тайың пыраққа айналсын!
Мінген ашамайың таққа айналсын!
Айналаң толы қауым болсын!
Лайым жолың болсын!
Тілейік біз ақ тілек,
Атқа жақсы шаба біл!
Жасыңнан малды баға біл!
Оқу-өнер таба біл!
Ел-жұртыңа жаға біл!

Тілек сайтынан

Аумин, жолың ақ болсын! – деп бата беріледі (бұл бір ғана нұсқасы). Тілек пен батаның адамға рухани күш беретінін мен үнемі айтып келем. Жақсы тілек естіп, бата алып өскен бала жақсылыққа құмар болады, естігенін ұмытпайды. «Пәлен атамның берген батасы», «түген әжем маған осындай тілек айтқан» деп үнемі айтып жүретін болған.

Мен сендікпін…

Мен сендікпін...

Аңсарым, аспаннан түс бері,
Мен жүрген шаһарға жақында.
..Қуаты басымдар күштеді,
Тағдырым алып жүр тақымға..

Сенделтіп.. сең соғып жүргенін,
Көкірек көзі бар көрмеді.
Сезімім сүйретіп сүлдерін,
Күндерім өте ме өлмелі?!

Көргеннің болар ма барі ұмыт,
..Мақұлық миықтан қарады..
Тірлікте тынысым тарылып,
Кеудемде күн сөніп барады.

Жалғанды барамын жақтырмай,
Әзірге серік қой жаныма ар.
Қабаған иттерге қаптырмай,
Кешікпей тезірек тауып ал..

Арысым – армансын ұғынғам,
Айналам көк мұздақ аппақ қар..
Мендегі жүрекке тығылған,
Кішкене жылуды сақтап қал.

Әдемі әлемді бар қылып,
Есердің есінде қалып кет.
Жанымды жанына жар қылып,
Ақ көйлек кигізіп алып кет
Мен сендікпін…

Өлеңді жазған: Салтанат Смағұлова

Сурет: www.diary.ru

 

Дос бола алмаспыз…

Дос бола алмаспыз...

Көктемде күлімдеп таң атпай,
Көңілім күпті боп кезді күз.
Ақылым арымды ағартпай,
Жүргенін сездіңіз.

Құшаққа ап, қойнына баспады,
Жанымды жатырқап желді күз.
Махаббат мұңға орап тастады,
Оны да көрдіңіз.

Бәрібір баз кешіп жүргенім,
Қуалай берсінші күзді күз.
Адаспай ақ жүргім келгенін,
Сіз ғана білдіңіз.

Дәт жетпей үмітті үрлеуге,
Екеуміз доспыз ғой дедіңіз.
Қысқа жіп келмеді күрмеуге,
Тірегім едіңіз.

Әуелде қалсам да иланып,
Өмірім.. Өлеңім құнарсыз.
Кеудеме сағым боп жиналып,
Тағылған тұмарсыз.
..Байқаған шығарсыз..

Өлеңді жазған: Салтанат Смағұлова

Сурет: animated-gif.su  

Бала жасындағыны ұмытпайды

Бала жасындағыны ұмытпайдыӘр адамның болмысы, мінез-құлқы, айналасымен қарым-қатынасы әртүрлі ғой, біреу қатал, біреу мейірімді дегендей, кейбір адам өзімшілдеу болады. Осы бір өзімшілдіктің бауырына салған балаға зияны да бар. Кейбір жастау әжелер өзімсініп «ап дегенде аузымнан түстің», «сені өзім тудым, өзімнің баламсың» деп баланың тілін қызық көріп, әкесін боқтатып, шешесін жамандатып өсіреді. Осының өзі балаға үлкен зиян тигізетінін өзімшіл ата-әже ойлай бермейді. «Бұрын туған бұрын өледі» дегендей, өзін баққан ата-әже өмірден өткенде бала өз ата-анасына, өз бауырларына жұғыса алмай жетімсірейді. Өзін жалғыз қалғандай сезінеді әрі аттарын атап үйреткендіктен, әкесін – «әке», шешесін «апа» дей алмай, қатты тығырыққа тіреледі. Бұл жан дүниесіне қатты әсер етеді. Іші біліп тұрса да, өз ата-анасына, өз бауырларына қосыла алмайды. Әрине, барлық ата-әже немерені осылай тәрбиелейді деуден аулақпын. Десе де, ішінара осындай жайттар да кездесіп жатады. Ақылды ата-әжелер баланы ешқашан біржола бөлмей, ата-анасын білгізіп өсіреді. Анасының ақ сүтінен ажыратпайды. Өкінішке қарай, кеңестік кезеңнің орнауына, бүкіл қоғамдық құрылыстың іргетасы өзгеше қалануына байланысты әдемі дәстүр жойылып, ұрпақ жалғастығы үзіліп қалғандай болды… Балабақша бар ғой деп ойлаулары мүмкін баз біреулер. Шынын айту керек, балабақша – ата-аналары жұмыс істеу үшін ойластырылған заманның қажеттілігі. Балабақшаның тәрбиесі мен ата-әженің тәрбиесін салыстыруға келмейді. Өйткені ата мен әже – шежіре, олар ата-бабасынан  бері қарайғының барлығын балаға үйретеді. Ал балабақшада бірдей тамақ ішетіні, бір өлеңді жаттайтыны, бір бөлмеде бәрі бір уақытта ұйықтайтыны, яғни жалпыға бірдей тәрбие берілетіні айтпаса да түсінікті. Бұл жерде бала тұлғалық қасиеттен айырылады, жеке адам ретінде қалыптаса алмайды, өзіне ғана тән болмысы жойылады. Балабақшада өскен баланың есінде ештеңе қалмайды. Үйренген тақпағын ғана ұмытпауы мүмкін, ал ата-әженің бауырында өскен бала жеке тәрбие алады. Бұл – өте үлкен мәселе. Әрине, мұны қазір біз өзгерте алмаймыз. Өйткені уақыт сондай, сондай кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Өкініштісі, қазіргі ата-әже – бір-екі баламен тоқтап қалып, қызметті бірінші кезекке қойған адамдар. Оларды кінәлауға болмайды, заманы солай болды. Бұл әжелердің бұрынғы әжелермен салыстырғанда өмір сүру қалпы өзгерген. Немере тәрбиесіне аса көңіл аударғысы келмейді. Көпке топырақ шашудан аулақпын, құдайға шүкір, немерелерін жетектеп жүрген ата-әжелер арамызда бар. Қалай десек те, ата мен әже көрген бала мейірімді, адал, тілалғыш болып, үлкенді сыйлап өседі. Әжесінің бауырында өскен бала әңгімешіл, сөзді тауып айтады, нықтап айтады. Қазақтың кез келген баласын тек өз ата-әжесі емес, бүкіл ауылдың абыз аталары мен өнегелі әжелері қамқорлығына алған. Ауыл ақсақалдары мен әжелері «пәленнің баласы ғой», «түгеншенің немересі ғой» деп еркелеткен. Тіпті баланың өз ата-әжесі өмірден өтіп кеткеннен соң да баланың әлдебір тентектігіне түсіністікпен, ағаттығына кешіріммен қарап, «ой, ол пәленшенің еркесі еді ғой, еркелегені шығар», «атасы мен әжесінің көзін көрген біз бармыз ғой, еркелігі басылар» дейді. Ата-әжесінің көзін көргендер сырттай қамқорлығын білдіріп, көрген кезде ақыл-кеңесін айтып, арқасынан қағып, маңдайынан сүйіп жатады. Қарап тұрсаңыз, мұның өзі – тәрбие. Өкініштісі, бүгінде біз сөз етіп отырған тәрбие жалғастығы үзілген. Көптеген жастарымыз бірге туған аға-әпкелерінен басқа  туыстарын танымайды, жеті атасын білмейді. Оларда қаншылдық пен бауырмалдық сезім азайған. Туыстық атауларды ұмыттық. Көбінде «племяннигім», «двоюродной ағам» деп түсіндіруге үйірміз. Мұның барлығы туыстарды алыстата түседі.

Балалы үй – базар…                                   

Баласы жоқ отбасылар жаттан емес, ағайын-туғанының баласын алатын болған. Мұны бауырына салу деп емес, асырап алу деп атайды. Аты қойылған бала болса, атын өзгертіп қойып, қолына асықты жілік ұстатып, той жасап, етегіне түсіріп асырап алған жағдайдар қазақ отбасыларында болған. Жақынына баласын бергендер ол баланы қайтарып ала алмайды. Баласы жоқ туысына қиып бергендіктен ағайын-туғанның алдында, Алланың алдында балаға таласпаған. Рас, бағып алған ата-ана балаға дұрыс қарамай, өз дәрежесінде тәрбиелемеген жағдайда ағайын-туғанның араласуымен бұл мәселені бір жақты етіп шешуге тырысады. Ондай жағдай өте сирек кездескен. Балаға аңсап жеткен отбасы мұндай өрескелдікке бармаған. Сондықтан бауырына салу ата-әжелерге тән болса, асырап алу – мүлде басқа. Бауырына салған бала өз ата-анасын біледі, ал асырап алған бала қайтпайды, ол – сол үйдің атын шығарып, сол шаңырақты ұстап қалатын бала. Бұлардың айырмашылығы – осы, екеуін шатастыруға болмайды. Ауылдағы үлкендер жағы ауыздарына берік болады, ал асырап алған баланың құпиясын ашқан адам жазаланатын болған.

Жасында көргені жоқтың өскенде айтары жоқ

Ата мен әже тәрбиелеген бала ерте есейеді. Ертеректе немересін бауырына салған аталар немересін сүндетке отырғызғаннан кейін-ақ қайтыс болған адамға топырақ салуға жетектеп алып барған. Өйткені бала тек қана той-жиын көріп өспеуі керек. Өмір бар жерде өлім бар екенін, ертеңгі күні сол әжесінен, атасынан немесе басқа туыстарынан осылай айырылып қалатынын,  екінші қайтып көрмейтінін бала сезінуі керек. Сонда ол баланың бойында ерекше мейірімі, ата-әжесіне деген ерекше ықыласы болады, ата-анасын ардақтайтын болады. Өмірдің бәрі тек қана қызық-қуаныштан тұрмайтынын ұғынғымыз келмейді, мән бермейміз. Өкінішке қарай, қазір «шошынады» деп балаларды өлімге ертіп апармайды. Өмір дегенің сырғып өте шығатын тақта жол емес қой, өрге де өрлейсің, төмен де сырғисың. Тек қана жиын-тойға барып үйренген, өлімнің басында болмаған, қабірге топырақ салмаған бала өзінің басына сондай жағдай түскенде не істерін білмей, есеңгіреп кетеді. Ал біздің қазақтың балалары кішкентайынан барлығын біліп өскен. Бозбала жігіттердің өзі той-томалақты былай қойғанда, өлімді жөнелтудің бүкіл жөн-жобасын білген. Сондықтан сүндетке отырған баланы топырақты өлімге  апару керек, бала көріп өскені дұрыс.  Топырақ салуды көрген баланың ішкі жан дүниесінде өзгеріс пайда болады. «Күндердің күнінде мен де атамнан немесе әжемнен айырылып қалады екенмін ғой…» деп басқаша ойлай бастайды. Ой-өрісіне өзгеріс енеді. Бұл да – ата-әженің тәрбиесі. «Балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» дейді, ата-әжені соңғы сапарға шығарып салатын да – сол немере. Мүмкін болғанша немере сүйіп отырған ата-әжелер бір сәт немереге көңіл бөліп, оның тәрбиесіне үлес қосуы керек. Немере баққан ата-әжелердің өмір жасы да мейлінше «ұзарып» отырған. Олай дейтінім, бір жағынан, періштедей пәк сәбиден атасы мен әжесіне жақсы энергия тарайды, екіншіден, үлкендерді үміт атты үлкен күш жетелейді. «Ойпырым-ай, осы шырағымның атқа мінгенін, мектепке барғанын көрсем, азамат болғанын, үйленгенін көрсем…» деп армандап, алға қарай үміт сүйреу арқылы қазақтың ата-әжелері ұзақ жасаған.

  Зейнеп АХМЕТОВА

 Сурет: ameno.ru

Еріңізді мақтай білесіз бе?

Еріңізді мақтай білесіз бе?Сүйіктіңізге, күйеуіңізге махаббатыңызды жеткізудің бір тәсілі – оны мақтау. Мақтауыңыз шынайы болу керек. Кез келген ісіне алғыс, өзіне мақтау сөздерді айтып жүрсеңіз, еріңізге майдай жағары сөзсіз. Сіз еріңізді қалай мақтайсыз?

Еріңіздің сымбатты екенін айтыңыз. Спортпен айналысатын болса, денелі, тұлғалы екенін жеткізіңіз. «Сіздің қорғаныңыз, арқа сүйер тірегіңіз» екенін жиі айту арқылы өзіңіздің әйелге тән нәзіктігіңізді, еркелігіңізді ұмыттырмайсыз.

Орайы келсе, әңгіме арасында мақтап үйреніңіз және мақтаудың сәті түскен кездерді жіберіп алмаңыз. Әдейі жағыну үшін мақтағаныңыз кері әсерін береді және оны еркектер сезіп тұрады.

Достарыңыздың, туыстарыңыздың көзінше күйеуіңізді мақтап қойсаңыз, марқайып қалады. Әрі сізді одан сайын жақсы көріп кетуі әбден мүмкін J.

Еріңізді мақтау араларыңыздағы сыйластықты арттырғанмен қоса, бір-біріңізді бағалауға үйретеді.

Күйеу үшін ең үлкен мақтау – сырт көздің әйелін мақтауы, оның жақсы жар, сұлу әйел, ақылды ана таңдағанын айтуы.

Күйеуіңізді шын көңілден мақтай біліңіз!

Еріңізді мақтай білесіз бе?

 

Суреттер: www.happy-giraffe.ru; 7emya.ru

Раушан гүлдің ғұмырын ұзартсақ…

Раушан гүлдің ғұмырын ұзартсақ... Сүйіктісінен әдемі гүл шоған алғанды қай қыздың жаны сүймейді дейсіз?! Алайда, жайқалған гүлдердің көп уақыт өтпей, солып қалатынын өкінішті.

Сіздерге раушан гүлін мүмкіндігінше ұзақ сақтаудың тәсілін ұсынбақпыз.

Бірінші кезекте, раушан гүлінің сабағы ұзын боп кесілуі керек. Сабағы ұзын раушанды дұрыс күтімнің арқасында 10-12 күн жайқалған күйінде сақтауға болады.

Дұрыс таңдалған, таза құмыра – күтімнің алғашқы қадамы. Құмыра ұзын әрі көлемі үлкен болып, гүлдің жартысы суда тұруы керек.

Жарты стақан суға жарты шай қасық сірке суын қосып, ерітіндімен құмыраның ішін шайқаңыз. Осылай құмыра ішін «стерилдеп» аласыз.

Раушан гүл сабағының ұшын қиғаштап, үш бұрыштап қиыңыз. Оны құмыраға салмас бұрын бөлме температурасындағы су құйылған шылапшынға (леген) сала тұрыңыз. 15 минуттай тұрғаны дұрыс.

Құмыраға суды краннан алуға да болады. Суды тұндырып қойыңыз да, ішіне бір дана аспирин (дәрі) салыңыз.

Әр екі күн сайын құмырадағы суды ауыстырып, гүлдің сабағын кесіп отыру керек. Суға аспирин салуды ұмытпаңыз. Гүлге жылы су шашып алғаныңыз дұрыс болады.

Біз берген кеңесті орындауға ерінбеңіз. Сонда гүліңіз Сізге жұпарымен, әдемілігімен қуаныш сыйлайды.

Суреттер: mamablogg.ru; prodazharoz.com