Түркияда демалуды жоспарласаңыз…

Түркияда демалуды жоспарласаңыз...

Егер сіз Түркия елінде демалуды жоспарлап отырсаңыз, ол ел туралы біраз мағлұмат алғаныңыз дұрыс. Сонда сіз қолайсыз жағдайлардан алыс боласыз.

Түркияға жолдамаңызды алып, ұшақпен жылы жаққа келдіңіз де, қонақ үйге жайғастыңыз делік. Ұшақтан түсіп, қонақ үйге барарда өз заттарыңызға абай болған жөн. Өйткені, Түркия аэропорттарында ұрлық-қарылық белең алып тұр. Қол жүгін тапсырып-қабылдап аларда сөмкелер жиі жоғалып кетіп жатады. Сондықтан құжаттар, алтын, ақша сияқты құнды заттарыңызға мұқият болыңыз.

Тіпті ұрылар қолыңыздағы сөмкені жұлып әкетіп, дөрекілік көрсетуі де әбден мүмкін. Әсіресе Стамбулда аэропортта да, көшеде де өте сақ жүріңіз. Болар іс болып, заттарыңызды алдыртып алсаңыз, дереу гид не полиция қызметкерлеріне хабарлаңыз. Стамбулдың полиция қызметкерлері өте жедел және жақсы қызмет көрсете алады, жоғалтқаныңызды қайта табуыңыз әбден мүмкін. Қонақ үй қызметкерлері ұрлыққа көп бара бермейді, бірақ арасында қолы сұғанақтар жоқ емес.

Түріктер еліндегі көліктер туралы да бірер сөз айтып өтейік. Түркияда микроавтобустар өте қауіпті. Қала сыртындағы жолдарда осы микроавтобустар жиі апатқа ұшырап жатады. Себебі, тасымалмен айналысатын фирмалар туристер көп келетін мерзімде үлгермегендіктен тәжірбиесі аз адамдарды да жұмысқа ала беретін көрінеді. Сондықтан үлкен туристік автобустарға не таксиге отырғаныңыз дұрыс.

Қонақ үй айналасында ең қауіпті орын – бассейн аймағы. Бірінші кезекте, әрине, балаларға қатысты. Көп адамдар тек теңізде ғана батып кетуі мүмкін деп ойлайды да, балаларды қараусыз қалдырады. Соңғы жылдары бассейнде тұншығып, жарақат алған балалар саны көп. Бассейнді айналдыра орнатыған плиткалардан да абай болыңыз.  Су тиген плиткалар өте тайғақ болады, құлап, бір жеріңізді сындырып алу қаупі бар.

Бұл елде тамақтанғанда да мұқияттық аздық етпейді. Түрлі дәмдеуіштер мен соустарға малынған еттерді жемеңіз, еттің бұзылған дәмін ажырату мүмкін болмай қалады. Өзіңізге таныс емес, түсініксіз тамақтардан қашыңыз. Сусындардың қорабындағы жарамдылық мерзімін қарауды ұмытпаңыз.

Жоғарыда айтылғандарға қосымша ретінде айта кетсек, түрік еркектері суға түскенде тым ашық-шашық киінген қыздарды «басқаша» ойлап қалады екен. Егер түріктердің мазаңызды алмағанын қаласаңыз, бір жапырақ шомылуға арналған киімдер кимеңіз.

 

Киім стилі адам жасына байланысты ма?

Жас ұлғайған сайын әйелдер қауымының киімге ғана емес, өмірге де кзқарасы өзгере береді. Өмірдегі бағалы дүниелер мен қадірлейтін қасиеттерді түсіне бастайды. Сәннің артынан қууы да басылады. Тіпті 30-дан асқан кейбір әйелдер талғамсыз киіне бастайды екен.

Адамдардың жасына қарай киінуі де өзгереді.

14-20 жас аралығы

Өмірде өз ойын, өз стилін іздейтін уақыт. Бұл жаста өзіне ұнағанын киіп, кез келген стилмен екінші бір стилдегі киімді «құрастырып» кие береді. Сәнді трендтердің көрінісін бір киінгенде көрсеткісі келеді. «Сәнге айналған» алқаны мойнына асып алып, аяғына ашық түсті не тізеге дейін шұлық киюі де мүмкін.

Киім стилі адам жасына байланысты ма?

20-25 жас аралығы

Бұл жаста өзіндік бағытты тауып не әлі де жетілу кезеңінде болады. Көптеген қыздар классикалық костюмдер киіп, өз жасынан әлдеқайда үлкен кқрінуі мүмкін. Жерге дейін төгіліп тұратын ұзындықтан тым қысқа белдемшелердің барлық түрін кие береді. Дәл осы жас аралығындағы қыздар сапалы косметика, киім мен ароматтарды тани бастайды. Сәнде болып жатқан әлемдік жаңалықтардан да хабардар болып жүреді. Әркімнің киіну стилі әр түрлі болады.

Киім стилі адам жасына байланысты ма?

25-30 жас аралығы

Ақыл тоқтата бастаған жас. Бұл жастағылар шашын күнде бұйралап, қызғылт түсті барынша аз қолдануға тырысады. Қыздар жас келіншек болады. Әйелге тән нәзіктік орнап, арзан әшекейлердің орнын бағалы алтын, гаухарлар басады. Алдында айшықталған мақсаттары – отбасылық өмір, карьера мақсат болады. Бұл жастағы киіну стилі классикалық үлгіде болады.

Киім стилі адам жасына байланысты ма?

30-40 жас аралығы

Ақыл тоқтатқан әйел, ана. Өз мүсінінің кемшіліктерін жақсы біледі, соған қарай киім таңдай алады. Киімдері түгелдей классикалық үлгіде болады және романтизмнен де біраз белгілер қосылады. Сапаға қатты мән беріп, тек сапалы киім, сапалы аяқ киім, сапалы әшекейді таңдайды.

Киім стилі адам жасына байланысты ма?

40-50 жас аралығы

Бұл жаста әйел уақыттың тез өтіп жатқанын байқып, жас күнін жиі аңсайды. Шашын бұрынғысынша жайып жүрмей, иықтан түсірмей, қысқа етіп кеседі. Биік аяқ киім кигеннен гөрі жайлысын таңдағанды жөн көреді. Әшекейден қымбат көрінетін, үлкен тастармен көмкерілгенін тағады. Боянуы бұрынғыдай көзге ұрып тұратындай емес, білінер-білінбес боп өзгереді. Киімдерінің түсі күңгірт түске ауыса бастайды. Өз жасының киімі қалай болу керек екенін, үлгі көрсету керек екенін анық біледі.

Киім стилі адам жасына байланысты ма?

Өмірге деген сүйіспеншілігіңіз өзгермесін!

 Суреттер: beauty.violet-lady.ru

Қыз тәрбиелі болса, келін өнегелі болады

 Қыз тәрбиелі болса, келін өнегелі болады

Өзге ұлттың қыз балаларын қайдам, біздің қазақтың қыздарының құлағын тесіп, сырға салу міндетті сияқты көрінеді. Құлағында сыңғырлаған сырғасы бар қазақ қыздары ерекше сұлу, ерекше әдемі. Сырға таққан қыздарға ақындар өлең арнап, сазгерлер сұлу ән шығарған. Сырғалы сұлуларын әнге қосып жүрген әншілер қаншама! Ал біз осы қарапайым өмірде қыздың құлағын не үшін тесетініне үңіліп көрдік пе? Жалпы, қазақ қыздарының құлағын қай жаста тескен? Құлақ тесіп, сырға салып қоюдың не мәні бар?

  Құлақ тесуде де тәрбие жатыр

Қазақта қыз баланың өміріндегі айтулы күн – құлағын тесу. Тоғыз жасты балиғатқа толған кез деп айтады екен, ал жеті – қазақ үшін қасиетті санның бірі. Қыздың құлағын көп жағдайда тек жеті жасынан бастап тескен. Тұлымшағы желбіреген кішкентай қыз жеті жасқа дейін қуыршақ ойнаған болса, құлағы тесілгеннен кейін оның мінез-құлқы бірден өзгереді. Осыдан бастап «сен енді сырғалы қыз болдың», «сырға таққан соң қыз санатына қосылдың, енді саған қуыршақ ойнау жараспайды» деп оның құлағына жайлап сіңіре береді. Бұдан былай ол қуыршақтың орнынан қолына кесте алады. Ою оюды үйренеді. Ол ендігі жерде жеңгелерінің қазан-ошақ жақта істеп жүрген істерін көретін болады. Құрт қайнатып, ірімшік жасап  жатқан апаларына көмектесіп, мән-жайын білмекке ұмтылады. Қыз баланың құлағын тек сәндік үшін, әдемілікке бола теспейді. Бұл да – тәрбиенің бір түрі. Мұны қыз баланың ертеңгі күні келін болуға дайындаудың алғашқы баспалдағы деп айтуға болады. Бұл – қыз баланы ісмерлікке, шеберлікке үйретудің басы. Ол біртіндеп үйдің шаруасына араласа  бастайды. Ұл баланы сүндетке отырғызған сияқты, қыздың құлағын тесу де – бірдей, ата-анаға парыз болып саналады. Жеті жастан бастап құлақ тескеннің белгілі бір заңдылығы бар. Ол осы күнді іштей асыға күтеді. Өйткені құлағын тескен соң қыз баланың мінез-құлқынан бастап, киетін киіміне дейін өзгереді. Қызға камзол мен әдемі етекті көйлекті құлағын тескен соң кигізетін болған. Осыдан соң-ақ ол өзін үлкен сезінеді, өзінің өміріне қажетті тірліктердің барлығын үйренуге тырысады. Саналы түрде соған бейімделеді, білмекке ұмтылады. Болашақ өмірге дайындықты осылай біртіндеп бастайды. Сол себепті де қыздардың құлағын тесерде абай болған жөн. «Салақтан олақ жаман» деген, қыз баланың салақ болуы, олақ болуы өзіне ғана емес, ата-анасы, қала берді ауыл-аймағына сын. Ондайды «өнеге көрмеген» дейді. Мұндайда, ең алдымен, ата-ананы кінәлайды. «Қызға қырық үйден тыйым» қыз баланың құлағын тесіп, сырға салғанынан басталады. Ол – «отырса – опақ, тұрса сопақ» етіп, тірсектен қағу деген емес, қыз – қырық үйден, қала берді қара күңнен де бір өнеге, бір үлгілі нәрсе үйрену деген сөз. Осыған дейін тұлымшағы желбіреп жүргенде оны баласынып ешкім елемеуі мүмкін. Ал құлағын тескен соң, үстіне көйлек-камзол кигізіп, шашын өріп қойғаннан кейін оны қыз болды деп есептеп, үлкендер жағы әрқайсысы өзінің бір өнегесін үйретуге тырысады.

                                                                                    Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: favim.ru 

Химиялық жолмен бұйраланған, күйдірілген шашты қалай емдеуге болады?

Химиялық жолмен бұйраланған, күйдірілген шашты қалай емдеуге болады?

 Егер сіз шашыңызды химиялық жолмен «қинаған» болсаңыз, шашты әр жуған сайын оған маска жағып жүргеніңіз дұрыс. Дайын масканы дүкеннен сатып аласыз не өзіңіз арнайы дайындайсыз. Тиімді және әсерлісі өзіңіз дайындаған маска болмақ. Біз ұсынатын маскаға назар аударыңыз.Шашты химиялық жолмен бұйралау мен бояу шаштың нәрін кетіріп, сынғыш болып қалады және өте көп түседі. Бұл ешкімге де ұнай қоймасы анық.

Масканы шырғанақ (облепиха) және майсана (касторовое) майы, жұмыртқаның сарысы және А дәруменінің 5 тамшысын араластырып жасай аласыз. Дайын болған қоспаларды шаштың түбіне уқалап отырып жағасыз да, полиэтиллен қалпақша киіп аласыз. 1 сағаттан соң шашыңызды жуып, сусабынмен шайқайсыз. Аптасына 1-2 рет қайталап жүріңіз.

Химиялық жолмен әрлеген шашыңызды аптасына 2-3 рет жуып жүрген дұрыс. Шашты химиялық ықпалдан кейін бояғыңыз келсе, 2-3 апта күте тұрыңыз, бояу түсін қабылдамай қалу қаупі бар. Шашыңыз тым майлы болса, химиялық бұйралауды, бояуды осы кемістіктің орнын толтыру үшін қолдануыңызға болады. Және шашты күйдірген соң тез ұштанып кететін болады. Сондықтан ай сайын шашыңыздың ұштарын қидырып тұрғаныңыз абзал.

Химиялық жолмен бұйраланған, күйдірілген шашты табиғи жолмен кептірен жақсы, фен қолданбауға тырысыңыз. Ол онсыз да құрғаз әрі әлсіз шашты зақымдайды. Сондай-ақ термобигуди, шаш үтігінен де қашыңыз.

Шашыңызды абайлап, ақырын тараңыз: бірінші ұш жағын, сосын барып түбін. Тарағыңыз да сапалы әрі табиғи болсын.

Химиялық жолмен бұйраланған, күйдірілген шашты қалай емдеуге болады?

Сурет: beauty.violet-lady.ru

Қанат Үмбетов: Жергілікті телеарна бейнебаянды көрсетпеді…

Қанат Үмбетов: Жергілікті телеарна бейнебаянды көрсетпеді...  

     – Тоқтар Серіковтың шәкірті болмай тұрып, сіз Астанада ән айтып жүрдіңіз. Бір топтың құрамында болдыңыз. Өзіңіз Оңтүстіктің тумасысыз. Алматыға қалай келдіңіз?

    – Туылған жерім – шырайлы Шымкент. 1996 жылы отбасымызбен Астанаға көштік. Мектепті де, жоғары оқу орнын да сол жақта бітірдім. Өнерге бала кезімнен ғашық болдым. Ұмытпасам, 3-сыныптан бастап ән айта бастадым. «Әнші балапан» сияқты байқауларға қатысып, солай-солай өнерге қадам басып, қанатымды қатайттым. Сахнаға мені үйреткен қазіргі «Казахи» көңілді тапқырлар клубының мүшесі – Нұржан Бейсенов. Осы ұстазым КВН-да ойнауға үйретті. 3-4 жылдай КВН-да жүріп, одан кейін тек ән айтуға көштім. Өйткені менің орыным КВН емес екенін сездім. Үлкен сахналарға шыға бастадым. Алматыдан әншілер келсе, солармен бірге ән айтып жүрдім. Солай ән әлеміне, сахнаға келдім.

      – Әзілдеу, әзіл түсіну дегеннен қаражаяу емес екенсіз. Қай жоғары оқу орнында білім алғаныңызды, мамандығыңызды айтып өтсеңіз…

       – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін сырттай оқыдым. Мамандығым – экономист. Студент болып жүріп, Әділ Орынбасарұлы деген жолдас жігітім екеуміз бірігіп ән айтамыз деп шештік. Студияда ән жаздырып, сапалы дүниелер туғызғанды жөн деп таптық. Ең бірінші жаздырған әніміз – Шәмші Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең» әні. Осы әнге бейнебаян да түсірілді. Ол Астананың айналасына ғана таралатын телеарналарда көрсетілді де, республикаға тарамады. Біраз уақыт өткен соң «Алтын самұрық» өнер орталығына келдік. 2009 жылы орталықтағы әншілер бірігіп, «Алтын самұрық» квинтеті құрылды, мен сондағы бесеудің бірі болып ән салдым. Осы өнер орталығында жүріп, Тоқтар ағамен таныстым. Арамызда ағалы-інілі қатынас орнап, ол кісінің Астанаға келуін асыға күтетін болдым. Өзім Тоқтар, Мейрамбек сияқты ағаларға еліктеп өскендіктен, оларды жақын тұтпау мүмкін емес қой. «Алтын самұрық» квинтеті тарап кетті де, мен сахнаға жалғыз шығып жүрдім. Сонда мені байқап қалған Тоқтар аға: «Қанат, жүр, сен менің шәкіртім боласың», – деп  Алматыға алып кетті. Міне, екі жыл болды Алматыда жүргеніме.

        – Алматыда кіммен тұрасыз?

        – Алматыда Тоқтар ағаның үйінде тұрамын. Ата-анам, туыстарым Астанада қалды.

        – Сонда сіз Тоқтар Серіковтің продюсерлік орталығысындасыз ба?

        – Бізде «Тоқтар Серіковтің продюсерлік орталығы» деген ұғым мүлде жоқ. Тоқтар аға менің продюсерім емес. Ортадағы сыйластықтан ол – аға, мен іні болып кеткен жайымыз бар. Арада келісім-шарт не басқа да нәрселер болған емес.

       – Алматыға келгелі екі жылда  екі бейнебаян түсірдіңіз. Әншілер «менің жұлдызымды жаққан ән» деп, бір әнді ерекше атап жатады. Сіздің екі әніңіз де халыққа ұнады, тыңдаушысын тапқан әндер. Сіз қайсысын «жұлдызыңызды жаққан ән» деп атайсыз?

       – Мен үнемі өзімнің жаныма жақын әнді айтуға тырысам. Ұнамаса, айтпаймын. Барлық әнім де жаныма жақын. Халық өзі бағасын бере жатар. Дегенмен, мені халықпен табыстырған – «Шамшырағым» әні. Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық демей ме, «Шамшырағым» жаныма жақын.

         – Сіз өнер әлеміне бірден «Шамшырағым» әніне түсірілген сапалы бейнебаянмен жарқ етіп келдіңіз. Кейбір әншілер бірнеше жыл еңбек етіп жүріп, халыққа өтімді, сөзі де, әні де, көрінісі де үйлескен сапалы бейнебаянды ұсына алмай жатады. «Шамшырағым» әнінің сөзін жазған Тоқтар ағаңыз ғой?

          –  «Шамшырағымның» әні де, сөзі де  – Тоқтар ағанікі. Бейнебаянның режиссері де – Тоқтар аға.

         – Бейнебаяндағы актерлерді қалай таптыңыздар, әлде арнайы кастинг жарияладыңыздар ма?

         – Кастинг те, ештеңе де жүрген жоқ. Бірінші бейнебаянға менің еш қатысым болған жоқ. Бәрін Тоқтар аға өзі ұйымдастырып, актерлерді өзі таңдап, бейнебаянды өзі жасап шықты. Мен тек клипті түсіретін Сардар Расулов деген азаматты тауып бердім.

        – Бейнебаянға түскен кішкентай баланы жылату қиын болмады ма?

        – Бұл бейнебаянның түсірілімін көрген адам күлетін еді. Халыққа сезім сыйлай алғанына қуаныштымын, әрине. Кішкентай баланың рөлін сомдаған бала – Тоқтар ағаның ұлы Беколжас бауырым. Оны басында ойнай алмайды деп ойладық бәріміз. Керісінше, біз ойлағаннан мүлде басқа болды, ол рөлін шебер алып шықты. Клиптің «фишкасы» да сол болды.

Бейнебаянның мағынасы – жігіттердің отбасын, әйелін, анасын қадірлеу. Екі әйел алып кетуіне тосқауыл болса деген ниет.

         – Бейнебаянда ұлы мен әкесі мешітте намаз оқып отыратын көрініс бар. Қазір қоғамда дін жайлы қалыптасып жатқан түрлі пікірлер мен болып жатқан жағдайлардың әсері болады деп қорықпадыңыз ба?

         – Ақтөбе қаласында діннің қатысы бар оқиғалар, жарылыстар болып жатқан кезде жергілікті телеарна эфирінен осы бейнебаян алынып тасталды. Себебін түсіндіріп айтпаса да, мешітті көрсеткеннен деп ойладым. Біздің діни ағымға ешқандай қатысымыз жоқ екенін айтқым келеді.

          – Екінші бейнебаяныңыз дүниеге қалай келді? Авторы кім?

          – Екінші клиптің әнін де, сөзін де жазған –Тоқтар Серіков. Бұл  жолғы идея да – Тоқтар ағанікі.

         – Осы екінші бейнебаяныңызды мұзайдында түсіруді кім ұсынды? Оны ерекшелік деп таңдадыңыздар ма?

         – Иә, мұзайдында қазақ эстрадасынан әлі ешкім клип түсірмепті. Бейнебаян желісі бойынша, тренердің әйеліне жас жігіт ғашық болады, бірақ қолы жетпейтінін біледі. Мәтіні де соған орай. Әннің сөзі мен клиптің мағынасын ұштастырдық. Бұл да бір ерекшелік деп білдік.

        – Бейнебаян қай жерде түсірілді?

        – Екеуін де Алматыда түсірдік. Тек «Шамшырағымдағы» өзімнің  айтатын трэгім ғана Ташкентте түсірілді.

       – Ғаламтор арқылы белгілі бір ортада танымалдыққа ие болып жататындар бар. Сіздің екінші бейнебаяныңыз халыққа алғаш ғаламтор  арқылы жетті. Өзіңіз әлеуметтік желілерде отырасыз ба?

       – Интернетке аса қызығушылық танытпайтын адаммын. Сайттарды білем, кіріп, қажетімді оқып тұрам. Бірақ интернеттің «құлағында ойнаймын» деп айта алмаймын. Әлеуметтік желілерде де көп отыра бермеймін.

        – Қазіргі «жылаңқы ән», үйлесімсіз көрініс, мағынасыз сөз дегеннің бәрінен жалыққаннан болар, сіздің бейнебаяндарыңызды халық өте жылы қабылдады.Әрине, көрерменге  сапалы ән ұнайды. Жастардың ортасында белгілі болып қалдыңыз дегендей… Сол танымалдығыңыз сізге қалай әсер етеді? Танымалдықты сезіндіңіз бе?

        – Әрине, сезіндім. Әнші бір ғана бейнебаянымен  көрерменнің ықыласына бөлене алса, ол – бақ. Алланың маған берген бағы. Танымалдықты, халықтың ыстық ықыласын, ізгі ниеттерін сезіндім. Өміріме пәлендей әсер етті дей алмаймын, бәрі орнында. Адам бата-тілекке одан сайын шабыттанады екен. Халқымның үмітін ақтасам деген арманым бар.

       – Сізді  тек бейнебаяныңыз арқылы ғана көреміз. Концерттерге сізді шақырмай ма, әлде өзіңіз бармайсыз ба?

       – Иә, солай. Шақыртулар алам, бірақ сол уақытта Тоқтар ағаның басқа қалада концерті болып қалады не өзге тірліктер шығып қалады. Тоқтар ағаның шәкірті болғандықтан оның концертіне бар ынты-шынтымызбен кірісеміз де, басқа ісімізді жиып қоямыз. Қазір ақырындап шығып жатырмын. «Сағындырған әндер-айға» шықтым, «Жарайсың» бағдарламасына да сұхбат бердім. Бәрі бірден болып кетпейді ғой, әр нәрсе өз уақытымен…

         – Отбасыңыз бар ма?

         – Жоқ, бойдақпын. Жақын арада отбасы құру жоспарда да жоқ.

Анамның аты – Гүлман, әкемнің аты – Сапаралы. Менің алдымда екі әпкем бар, мен – жалғыз ұлмын.

         – Болашақта орыс тілінде ән айтуыңыз мүмкін бе?

         – Құдай сақтасын, орысша да, өзге тілде де ән айтпаймын. Айтсам, қазағымның әнін ғана айтамын. Ол – мен үшін мақтаныш.

         –  Тойға барып, ән саласыз ба?

         – Тойға шығам, оны жасырмаймын.

         – Әншілікті өнер адамының қалтасын қампайтатын табыс көзі деп түсінесіз бе?

         – Құдайға шүкір,  ән айтып, табыс тауып жүрмін. Бірақ ол қалта қампайтатын табыс көзі емес,байып кетпейсің.

         – Жеке альбомыңызды шығару ойыңызда бар ма?

         – Қыркүйек айында өзімнің жеке альбомымды шығарсам деймін…

         – Сұхбатыңызға рақмет!

Қазақтың тектілігі жылқымен де байланысты

Қазақтың тектілігі жылқымен де байланысты

 Бұрынырақта үлкендердің қадағалауымен, бақылауымен балалар арасында тайжарыс жиі өткізілген. Кез келген бала өз тайының бәрінен озып келетінін қалайды ғой, сол себепті тайды да соған бейімдеп баптаған. Ары қарай құнан жарыс, дөнен жарыстар болады. Бұл аралықта бала да есейеді, аты да балаға әбден үйренеді. Баланың шабандоз болып өсуінің себебі де осында. Қазақтың кез келген баласының ат құлағында ойнайтыны бала жасынан атқұмар болғандығында жатыр. Кез келген қазақ баласы аударыспақ, теңге алу сияқты ұлттық ойындарға еш жүрексінбей қойып кеткен. Көкпар тартқан, қыз қууға шыққан, бәйгеге шапқан қазақ баласының қанында жылқыға тән мінез, сұлулыққа құштарлық, қазақы болмыс осылай қалыптасады. Жылқы – текті, қасиетті мал. Шөпті таңдап жейді, судың тұнығын, тазасын ішеді. Жылқы арқылы баланың эстетикалық сезімі оянады. Желмен жарысып шапқан кезде балада ақындық, шешендік, жыраулық сезімдер туады, шабыт қысады. Ат үстінде өскен бала ірі әрі мәрт болған. Өмірін ат үстінде өткізген біздің халықтың дені де сау, тіпті үнемі қозғалыста жүріп, қан тарқататындықтан біздің қазақ қан қысымы дегенді білмеген. Бір қызығы, мыңғырған малы бар бай баласының өзі атқа мініп, жылқы баққан. Байдың баласы бола тұра қой, сиыр бақпағанмен, жылқышыларға еріп жылқы қараған. Ат үстінде өскен қазақтың ер-азаматы биіктікті, кеңдікті бағалай білген. Көңілі өр болған, желдей ескен ақ көңіл жомарт болған. Осы қасиеттердің барлығы қазақтың қанына жылқының тектілігімен қоса келген. Қазіргі темір тұлпар мінген қазақ баласында мұндай кесек мінез бен жомарттықтан гөрі менмендік, паңдық, өзгені көзге ілмейтін өркөкіректік басым. Өйткені темір – жансыз. Жансыз нәрсе адамның бойындағы шынайы қасиеттерді жұтып қояды. Әрине, машина мінген қазақтың бәрі бірдей деуден аулақпын. Бірақ жылқы мен темірді салыстырсақ, ұл баланың ер-азамат болып қалыптасуына жылқы малының әсері мол болғанын байқаймыз. Өкініштісі, бүгінде біз аттан ажырап қалдық. Қазіргі кездің өзінде байқасаңыздар, атбегілер мен жылқы баптайтындардың мінезі мүлде басқа. Олар – майда-шүйдеге көңіл бөлмейтін, жақсылық жасағысы келіп тұратын кесек мінезді, сөзге шешен адамдар. Ашамайға мінген кіп-кішкентай баланың көңілінің өсіп, өзгелерден ерекшеленіп, өзгеше сезімге бөленетіні де сондықтан.

Қазақтың қыздары да шабандоз болған, кішкентайынан атқа мініп үйренген. Ұл балалардай дабырайтып шашу шашып, ашамайға мінгізбегенмен, қыз балаға да лайықталып ашамай ер жасалған. Қыздарды атқа мінгізуге тек ағалары үйрететін болған. Жаугершілік заманда әкелерімен, ағаларымен бірге жауға шапқан, соғыс кезінде олардың оққағарындай болып жүрген қазақтың қыздары жайлы тарихтан да белгілі. «Қыз қууда» небір жігіттерді қамшымен осып түсетін қыздардың барлығы да атқа мініп өскен, яғни оларға ағалары атқа мінуді кішкентайынан-ақ үйреткен. Қыздардың да сәнімен айшықталған, күмістеліп жасалған өз ер-тұрмандары болған. Бұрынырақта тіпті кейбір ауқаттылар қызын ұзатқанда берген ер-тұрманының өзі әкелінген қалыңмал құнынан асып түскен екен…    

 Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: uh.ru

Тісті қалай ағартуға болады?

Үйде тісті қалай ағартуға болатынын білесіз бе? Әркімнің тіс дәрігеріне барып, тісін ағартуға шамасы келе бермейді. Арнайы мамандарға тісті ағартқаннан кейін де 1-3 жыл ішінде тістің реңі өзгере бастайды. Сондықтан стоматологтар қайталама курстардан өтуді ұсынады. Бірақ, үй жағдайында да тістеріңізді ағартып алуға болады.

Тісті қалай ағартуға болады?

Тіс түсінің өзгеруіне не себеп болады?

  1. Құрамында бояғыш заттар бар тағамдар (мысалы кофе, шай) қолдану;
  2. Темекі шегу;
  3. Жүйелі аурулар (флюороз);
  4. Бір тістің зақымданып, тіс тамырларын емдеудегі асқынулар.

 

 

 

Үй жағдайында тісті тазарту:

Кәдімгі ас содасы тісті ағартатын құрал ретінде халық емінде кең таралған. Тіс жуатын щеткаңызды ас содасының ерітіндісіне батырып, тісіңізді ысқылайсыз. Тісіңіз демде әппақ болып шыға келеді. Алайда ас содасының үйкелуінен қызық иек ауырып қалады. Өйткені, ас содасы тіс эмалінің жоғарғы қабатын сыдырып алады. Егер тісіңізді ас содасымен айына бір реттен көп жусаңыз, тісіңіздің эмалін тез құртып аласыз. Тісіңіз ыстыққа да, суыққа да тез әсер алып, сезімтал болып қалады.

Тісті ағартушы тіс пасталары да ас содасы сияқты, құрамында тістің түсіне әсер ететін ферменттер мен абразивтер бар. Мұндай тіс пасталарын көп қолдануға болмайды. Өйткені, эмалдың сезімталдығы арта береді. Тіс пасталары жақсы болғанмен, күткен нәтиже болмайды.

Сутек тотығы (перекись водорода) – арзан әрі тиімді құрал. Оны қолданғанда қызыл иек ашып, бір түрлі әсерлер болуы мүмкін. Бірақ, нәтижесінде тістеріңіз маржандай әппақ болады. Нәтижеге бірнеше апта өрпей жатып-ақ қол жеткізесіз. Сутек тотығын қолданғанда ол аузыңызға түсіп кетсе, қорықпаңыз, бастысы, жұтпасаңыз болды. Сутек тотығымен тістеріңізді әдеттегідей тазартып, бір минут ішінде аузыңызды шайыңыз. Сосын түкіріп тастап, жылы сумен шайыңыз. Немесе сутек тотығына мақтаны батырып алып, тісіңізді тігінен, көлденеңінен ысқылаңыз.

Құлпынай мен қойбүлдірген (земляника): құлпынай мен басқа да жеміс-жидектердің тісті керемет ағартатынын көп адам біле бермейді. Бұл жеміс-жидектердің құрамында глюкоза мен қышқыл болғандықтан, артынан тісіңізді құрамында фтор бар тіс пастасымен жуыңыз. Жеміс-жидектерді тісіңізге суы шыққанша тигізіп тұруыңызға немесе ысқылауыңызға болады.

Үйде дайындалған тіс пастасы. Тісті үй жағдайында ағартудың ең тиімді жолы – өзіңіз дайындаған тіс пастасы. Ас содасы, сутек тотығы, ас қасық тұз бен кішкене көлемдегі тіс пасын араластырып, әдеттегідей тісіңізді жуып жүріңіз.

aniramia.ru

Сурет: beauty.ua

Ашамайға мінгізудің мәні

Ашамайға мінгізудің мәніБаланы үлкен аталарының бірі қолтығынан көтеріп тайына мінгізеді. Тайына мінген бала ағайын-туғанына барып, ауыл аралайды. Олар шашу шашып,  баланың тайы мен ашамайына көрімдік береді. Бұл жолы балаға міндетті түрде ерге қажет ат әбзелдерін тарту етеді, қамшы сыйланады. Бұл да – қазақтың өзінің салты. Көшпенді халық болғандықтан әркімнің өзінің жеке ер-тұрманы болған. Өйткені аттың табылуы оңай болғанымен ер табу қиын. Сол себепті де тайына мініп келген балаға барынша тек ер-тұрман жабдықтарын сыйлаған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ баласының атқа мінуі таңсық емес. Сөйте тұра «жайдағыңнан жаяу артық» деп жайдақ атқа мінуді қош көрмеген. Ауыл арасында апыл-ғұпыл асығыста мал қайыруға болмаса, былайынша жайдақ атқа мінгенді қазақтың баласы намыс санап өскен. Сол себепті де әр азамат алдымен ер-тұрманын сайлаған.

Үлкендер жағы «міне, сен ат жалын тартып мінер жігіт болдың» деп бұдан кейін  өзінің жеке тайы бар екенін балаға ұғындырып өсірген. Ашамайға мінудің ерекшелігі – ендігі жерде баланың өзінің ер-тұрманы, өзінің басыбайлы тайы болғандығында. Көшіп-қонған кезде де бұрынғыдай ата-анасының алдында отырмайды, яғни енді бәсіресі, өзінің жекеменшік тайы бар. Ашамайға мінгізу баланы еңбекке баулудың алғашқы баспалдағы деуге болады. Олай дейтініміз, кез келген бала өзінің бәсіре тайын ендігі жерде өзі бағып-қағады. Оны уақытымен жемдеп, уақытымен суарып, жал-құйрығын, үстін тарап, күтімге алады. Бала тайының алдында жауапты екенін, сол тайдың иесі өзі екенін сезініп өседі. Ендігі жерде тайдың күтіміне өзі жауап береді. Сонымен қатар ол бір ғана бәсіре тайды бағып-қағудың айналасында қаншама жаңа сөздерді үйренеді. Бұрын сөздік қорында болмаған жылқыға қатысты қаншама сөз баланың санасына сіңеді. Айталық, терлік, тоқым, үзеңгі, айыл, ер-тоқым, жүген, ауыздық, шідер, құрық, т.б…  Ол бұл атауларды үйреніп қана қоймайды, қалай қолданылуын да меңгереді. Бірте-бірте бала тайына мініп, өз үйінің қозы-лағын қарап, өз шаруасына араласа бастайды. Сол себепті де қазақтың баласы кішкентайынан мал танып өседі. Ол жауапкершілікке осы бастан үйренеді. Ерте есейеді, ақылы толысады, ой-санасы өседі, салмақты, байсалды мінез қалыптасады. Әсілі, біздің қазақтың балалары, қыз болсын, ұл болсын, ойыншықпен көп ойнамаған. Оларда көп ойыншық та болмаған. Ал қазіргі отызға келген жігіттерге қарап, балалығы әлі қалмағанын байқаймыз. Бүгінде баласы бар қай үйге барсақ та, бөлме толы ойыншықты көреміз. Отбасында нақты шешім шығара алмайтын, аталы сөзді ұғынбайтын ұрпақтың көбейгенінің бір ұшы осында да жатыр. Бұрынырақта керісінше, баланың ойыншықпен ойнағаны көпке созылмаған…

Кішкентай қазақты жауынгер, шабандоз әрі ер-азамат етіп тәрбиелеудің басы – осы ашамайлы тайға мінгізуден басталады. Лездің арасында көшуге, ашамайын ерттей салуға  қазақ баласы кез келген уақытта дайын болған. Демнің арасында киіз үй тігуге де қазақ баласы ерте машықтанған, яғни жинақылыққа, сақтыққа бейімделіп өскен.

 Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: xrest.ru

Көкөніс пен жеміс үнемі пайдалы ма?

Көкөніс пен жемістер үнемі пайдалы ма?Адам дені сау болуы үшін үнемі көкөністер мен жемістермен қоректеніп отыру керек. Бұл шындығында солай. Ағзаға қажетті дәрумендер, микроэлементтер, ферменттер және сол сияқты пайдалы заттарды осы өнімдер құрамынан таба аламыз.

Бірақ, кейбір көкөністер мен жемістерді мүлде жеуге болмайтын адамдар да бар. Құрамына қарай әр түрлі ауруларда тыйым салынады. Өзіңізге ұнаған жеміс-жидек, көкөністерді дастарханға қоймас бұрын абай болғаныңыз жөн.

Науқастардың анықталған ауруына қарай қандай жеміс-жидек, көкөністерді қолдануға болмайды?

Асқазан жарасы: пияз, сарымсақ, ақжелкек (хрен), ащы қоспалар (бұрыш, келімдәрі), сәбіз, өрік, шабдалы, алхоры, қарақат, жүзім, қауын, цитрустық жемістер, шетен (рябина);

Ащы ішек аурулары: цитрустық жемістер, қарбыз, қауын, жүзім, анар, алхоры, ақжелкек (хрен), сәбіз, бүрген (калина), орамжапырақ шырыны, қымыздық (щавель), шалғам (редиска);

Асқазан-ішек жолдарындағы асқынулар: пияз, сарымсақ, ақжелкек (хрен), ақбас орамжапырақ, тұрып (редька), жүзім, шырғанақ (облепиха);

Іш өту: қарбыз, жүзім, ақбас орамжапырақ, грек жаңғағы, ақжелкек (хрен);

Іш кебу: жүзім, қауын, орамжапырақ;

Өт қабына тас байлану: қызанақ, фасоль, шырғанақ (облепиха);

Бауыр аурулары: пияз, сарымсақ, келімдәрі, тұрып (редька), ақжелкек (хрен), қымыздық (щавель), саумалдық (шпинат);

Панкреатит және энтероколит: цитрустық жемістер, тұрып (редька), шалғам (редиска);

Ұйқы безі аурулары: шырғанақ (облепиха), цитрустық жемістер;

Гипертония: жүзім, сарымсақ;

Жүрек қан тамыры аурулары: пияз, қымыздық (щавель);

Дененің ісінуі: қарбыз, жүзім;

Созылмалы бүйрек аурулары: жүзім, пияз, қызанақ;

Нефрит: пияз, бүлдірген, ақжелкен;

Цистит: жүзім, ақжелкен;

Қант диабеті: шабдалы, қызылша, қара өрік, кептірілген өрік, алхоры, жүзім, асқабақ, өрік.

Деніңіз сау болсын!

Сурет: aniramia.ru