Созылған, жыртылған теріні емдеу тәсілі

Дүниеге ұрпақ әкелу – әйел өміріндегі ең сәулелі құбылыс. Алайда, көп келіншектердің екіқабат кезінде ішінің, төсінің терісі созылып, тіпті кейбірінде жыртылады. Терінің созылуына қарсы көптеген әдістер мен кремдер ойлап табылды. Сіз де үй жағдайында теріңіздің созылғанына қарсы қоспаларды жасай аласыз.

Созылған, жыртылған теріні емдеу тәсілі

Бұл крем бірнеше проблемаларыңызды шешеді:

  • Теріңіздің созылғанын (жыртылғанын) азайтады;
  • Сол жердің түсін білдіртпейді;
  • Жыртылған, созылған терідегі шұңқырларды азайтады;
  • Тері қабатының шымырлығын арттырады;
  • Емізулі кезде қолдана беруге болады;
  • Теріні қажетті дәрумендермен қамтамасыз етеді.

Керек заттар: бір түтік балалар кремі (немесе басқа кез келген крем), мумие.

Мумиенің таблетка түріндегісін емес, табиғи түріндегісін қолданыңыз. Дәріханалардан табасыз.

Созылған, жыртылған теріні емдеу тәсіліСозылған, жыртылған теріні емдеу тәсіліСозылған, жыртылған теріні емдеу тәсіліСозылған, жыртылған теріні емдеу тәсіліСозылған, жыртылған теріні емдеу тәсіліСозылған, жыртылған теріні емдеу тәсіліСозылған, жыртылған теріні емдеу тәсілі

  1. 2-4 грамм мумиені 1 шәй қасық қайнаған суда ерітеміз. Қоспасыз мумие тез ериді.
  2. Крем мен еріген мумиені араластырамыз.
  3. Дайын болған қоспаны таусылған креміңіздің ыдысына, соған құйып қойыңыз қойыңыз.
Дайын болған қоспаны күніне бір рет теріңіздің созылған жеріне жағып, сіңіп кеткенше ысқылаңыз. Ұйықтар алдында жағуға болмайды. Егер әсері тезірек байқалсын десеңіз, күніне бірнеше рет қайталап жағыңыз.
Суреттер: mumio.ru

Қазіргі көзмоншақтар қолдан жасалған

Әсілі бала қолды-аяққа тұрмай шырылдап жылағанда «тіл тиді ме екен…» деп жатамыз. Кішкентай баланың өңіріне «көз өтпесін» деп көзмоншақ қадап қоятынымыз бар. Жалпы, тіл-көз деген не? Көзмоншақ қайдан шыққан? Айдар мен тұлым деген не? Кекіл жайлы не білеміз?

Қазіргі көзмоншақтар қолдан жасалған 

Көзмоншақ тіл-көзден сақтайды

Қазақ халқы – ежелден ерекше балажан халық. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деп, дүниесі түгел, қызығы мол базар секілді, балалы үйдің шаттық қуанышы да, байлығы да бала екенін меңзейді. «Артымда тұяғым қалсын, шырағым сөнбесін, түтінім түтеп, әулетім жалғассын» деп армандайды. Қазақтағы өте ауыр сөз – «қубас» атану. Сондықтан төрт құбыласын түгендейтін ұрпақтың өмірге келуін құдайдан құлшынып тілеген. Баласы қанша болса да көп көрмеген. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деп әр бала өз несібесімен келетінін айтады. Шындығында да солай, Жаратқан иеміз ешкімді үлессіз қалдырмайды. Ырымшыл халқымыз тіпті балаларының санын бадырайтып айтпаған. Біреу сұрай қалса, «4-5 жаман қара бар ғой» деп сырғыта салған. Сұраған кісі де ары қарай қазбаламайды екен. Ұрпағының көбеюіне, өсіп-өніп жетілуіне зор мән бергендіктен болар, балаға қатысты ырым-тыйым, дәстүрлер де жетерлік. Кейбіреулерін ғана атап айтсақ, кішкентай балаға тіл-көз тимесін, сұқ өтпесін, назар түспесін деп олардың баскиіміне үкі, жыланның қураған басын, көзмоншақ қадап, тұмар тағып қоятын болған. Көпшілік бар жерге апарғанда маңдайына күйе жағады. Балаға үкі тағу бүгінде жоқ деуге болады. Ал көзмоншақты қадап жүргендерді жиі кездестіреміз. Алайда қазіргі көзмоншақтардың бәрі қолдан жасалған. Дегенмен ақ ниет, ізгі тілекпен қолданса, оның да септігі бар. Ал шынайы көзмоншақ деген кез келген жерде жататын, оңай табылатын зат емес. Оны дария мен өзен-көлдердің жаға-жиегінен іздейді. Толқын ұрып шайып, жып-жылтыр болған кішкентай домалақ қарасұр немесе қара тастың бірнеше жерінде ақ дақтары болады. Мұндай тас адам көзінің ағы мен қарасының нышанындай болғандықтан былайғы тастардан өзгешеленіп, тылсымдау көрінеді екен. Сол ерекше тасты зергерлер шеберлікпен әдемілеп теседі де, ұл балалардың баскиіміне немесе киімінің өңіріне қадап қояды. Ал қыздардың көзмоншағын көбінесе күміске бекітіп, бұралмалы бау жасап сәндейтін болған.

Қазіргі көзмоншақтар қолдан жасалған

Жас балаларға қатысты «көз тию», «тіл тию», «сұқ өту», «аш кіру» деген сөздер негізсіз шықпаған. Әр адамның бойында әртүрлі деңгейде биоөріс, көзінде от болады. Қазіргі тілмен айтсақ, энергия, аура бар. Адамдар сәбиге ешқандай жамандық ойламаса да, көзіндегі назар күші балаға беріліп, кішкентай бала  оны көтере алмай, ауырып қалады. Қызуы көтеріледі, іші өтеді, құсады, жылап жүдей береді дегендей, балаға ауырлық түседі. Тәжірибелі әжелер мұндайда не болғанын бірден түсініп, баланы таза сумен ұшықтайды, тұзбен аштайды, адыраспан мен арша түтіндетіп аластайды. Қазір осындай ем-домды халық емшілері қайта жаңғыртып қолданып жүр. Бір таңғаларлығы, осындай ырымдардан кейін бала бірден жеңілденеді, Әжелеріміз немерелерінің маңдайына күйені де білгендіктен жаққан. Өйткені адамның көзі бірден балаға емес, маңдайындағы күйеге түседі де, көз өту қаупі әлсірейді. Үлкен аталар мен әжелер сәбиге өте еміреніп қарауға тыйым салған. Өздері немерелерін қанша елжіреп жақсы көрсе де, «ой, жаман, сұрың бар болсын…» деп еркелетіп жатады. Алты алаштың ардақтысы болған менің қайын атамның көзінің отты әрі жанарының тым өткір болғанын жұрт біледі, аңыз етіп айтады. Атам марқұм ешқашан балаларды сүймейтін, көзіне тура қарамайтын. Өте бір еркелеткенде «жақсы бала екен ғой өзі, адам бол» деп арқасынан қағып не басынан сипайтын. Тіпті өзінің жалғыз немересі Ержанды сүйген емес, тек маңдайынан иіскеп, бауырына қысып қана қоятын. Бұл атаның жас балаларды ұнатпағандығынан немесе қаталдығынан емес, «ауыртып алармын, зияным тимесін» деген аталық парасаты екен. Әлі күнге дейін ел ішінде үлкен кісілердің балалардың қолынан сүйіп, маңдайын иіскеп өз көңіл-ниетін білдіру сақталған. Осы күні кішкентай балаларын көтеріп базар аралап жүрген жас келіндерді көргенде жүрегім сыздап кетеді. Олар тым болмаса сақтану шарасын, ырымын жасамай, бейқам жүреді. Әсіресе Алматының «барахолкасы» мен көк базарында кім жоқ дейсіз?! Ондай жерлерде алуан ниетті, сан түрлі мінез-құлықты, неше түрлі биоөрісті пенделер бар емес пе?! Адамдар көп жиналған жерге баламен барғанда немесе базар аралағанда балаңыз ешқашан баскиімсіз жүрмегені дұрыс. Содан кейін жоғарыдағыдай орындарға барып келген соң, шаршады деп ұйықтата салмай, міндетті түрде суға түсіріп, жуындырып алған жөн. Әртүрлі себептермен шомылдыру мүмкіндігі болмаса, тым құрығанда беті-қолын жуыңыз. «Таза болсаң судай бол, бәрін жуып кетірген» деп халқымыз тегін айтпаған. Тіршіліктің төрт негізінің (ауа, су, от, топырақ) бірі саналатын судың қасиетін тәптіштеп айтпасақ та түсінікті…

 Зейнеп АХМЕТОВА

Суреттер: Интернеттен алынды

Қарындасым жылап тұрған сияқты…

Қарындасым жылап тұрған сияқты...

***

Мен ауылдан кеткен кезде көктем-тін,

Көңіл сонда шыққан және шектен тым.

Қарындас-бұлт мұңын шағып Алтайға,

Суық жасын тас төбемнен төккен түн.

 

Еншісіне бір жылулық тимеген

қоштасуды

О бастан-ақ сүймеп ем.

Лайсаң жолда жылай алмай тұрдым мен,

Жел ғана үнсіз бөрте сайда билеген.

 

Қарындас-бұлт, сені мұңлы демес ем,

Сол түні ауыр күрсініп ең неге сен?!.

…Біздің жақтың қалжыңы ащы, айтпақшы,

«Тақпағыңды қойсаш!..», – деді жеңешем.

 

Көктем еді…

Көктем деген шақ қана,

Үнсіз кеткем, кеткенім жоқ мақтана.

Өмір солай алғашқы рет бір шоғын,

Тастай салды жүрек дейтін мақтама.

 

Ауыл айын еске алам деп қияқты,

Жанарымнан жаһұт күндер жиі ақты.

Кәрі Алтайға мұңын шағып,

Мені ойлап,

Қарындасым жылап тұрған сияқты.

Қарындасым жылап тұрған сияқты...

Өлеңді жазған: Азамат Тасқараұлы

Жігіттердің қызбен танысқанда алғаш назар аударатын 10 пункті

Көшеде кетіп бара жатып, такси ішінде, қоғамдық көліктер ішінде, мерекелік жиындарда, ресторанда жігіт пен қыз кездейсоқ танысып жатады. Алғаш таныстықта жігіттің бар назарын өзіңізге аударғыңыз келе ме? Ендеше біз жүргізген сауалнама қорытындысына назар аударыңыз.

Сонымен жігіттер қызбен танысқанда алғаш назар аударатын 10 пункт:

1. Сыртқы келбет

Әрине жігіттер бірінші қыздың сыртқы келбетіне назар аударады. Оның ішінде:

  • Түрі (Бұл жағдайда бетіңіздегі тонна-тонна бояу сізге көмегін тигізе алмайды. Өйткені, жігіттер қыздың бетінен асқан сұлулықты іздемейді. Оларға қыздың сүйкімді, тартымды болғаны маңызды, оның ішінде көз бен жымиыстың рөлі басым)
  • Дене пропорциясы (Ия, бойыңыз ұзын немесе 90-60-90 болудың қажеті жоқ. Дененің бен бойыңыз бір-біріне сай болса, жетіп жатыр)
  • Шашы (Жігіттердің басым бөлігіне шашы ұзын қыздар ұнайды. Жәй ұзын болып қана қоймай, жібектей жалтырап, сіздің ажарыңызды аша түсуі керек. Ал, кей жігіттер бұйра шашты қыздарға ынтық.)

2. Тіл табыса алуы

Түріңіз бен мүсініңіз сұлу болмасын, шашыңыз да тақыр болсын, жігітпен тез тіл табысып, араласып кете алсаңыз, үнсіз тұрған сылқымдардан оза аласыз). Ол үшін:

  • Әзіл. Әзілді орынды жерде айта да білу керек және қабылдай да білу керек. Оны жігіттер жоғары бағалайды.
  • Қарапайымдылық. Өзіңізді жігіт алдында ақылды сөздермен көрсетіп, ұпай жинаймын деп ойлаудың қажеті жоқ. Ол кері әсерін береді.
  • Мөлшер. Тым көп сөйлеп кеткен қыздан жігіт тұра қашады. Сонымен қатар үнемі үнсіз қалуға да болмайды.
  • Көпшіліктің алдында өзін сенімді ұстай білу. Бұл көпшілік ішінде орын алған таныстыққа қатысты. Айналадағы адамдардан қысылып, сасқалақтап, өз ойын жеткізе алмай, дал болатын қызға жігіт мысқылмен қарап кетуі мүмкін. Бойыңызды тік, сөзіңізді нық етіңіз.
  • Сөз мәнері. Паразит сөздерді көп қолданатын қыздардың сөзі мағынасын жоғалтытын сияқты. Сондықтан одан тез арада арылыңыз. Ал, қыздың боқтағанына жігіттер үзілді-кесілді қарсы.

3. Киімі

Жігіттер үшін қыздың үстіндегі киімі қай бутиктен, қаншаға алынғаны, қай брендтікі екені маңызды емес. Жігіттерге маңыздысы – үстіндегі киімнің таза, жарасымды, қонымды болғаны. Әрине талғаммен, стилмен киіну де өте маңызды.

4. Қызығушылығы

Ән айту, би билеу, жүгіру, киім тігу, мысық асырау – жігіттерге маңыздысы бұл емес. Маңыздысы – өз өміріңіздің болуы, қызығушылығыңыз артқан сүйікті ісіңіздің болуы. Оның сізге не үшін керек екенін білу, ол туралы қызықты қылып, ашық айту.

5. Хабардар болуы

Қыздың кино әлемінде болсын, техника саласы болсын, соңғы жаңалықтардан хабардар болғаны жөн. Бұл – киноны жібермей, көруі керек деген емес, ол туралы ақпараттарға 2-3 минутын бөлсе болғаны. Әңгімеге арқау бола алатын әдеби кітаптарды да оқығаны жөн.

6. Түсінігі

Кейбір сөздерді өмірінде естіп көрмегендей шошып, жабайылық көрсетудің қажеті жоқ. Жігіттер аспанда қалықтап, арманымен өмір сүретін қияли қыздарды бағалай бермейді, реалист болу керек.

Сонымен қатар, балабақша ойынын ойнау да артық. Танысып, таныстықты ары қарай жалғастырғыңыз келсе, тағы да кездескіңіз келсе, ары-бері тартқыламай, телефон нөміріңізді қалдырыңыз. Ал, ештеңенің жалғаспағанын қаласаңыз, оны да ашық айтыңыз.

7. Жағдайы

Әрине өз нанын өзі тауып жей алатын, қызметі бар қыздарға кім қызықпасын?! Алайда, кей жігіттер қызметі бар, қолында қымбат ұялы телефоны бар, тіпті астында көлігі бар қыздарға көп мойын созады.

8. Сыпайылығы, жұмсақтығы

Адам мінезін, адамгершілігін  алғаш танысқаннан аңғара қою мүмкін емес. Тек дауысы, сөз мәнері арқылы бір жылылықты не керісінше дөрекілікті аңғаруға болады. Қыз неғұрлым сыпайы, сыңғырлы, жұмсақ дауыспен сөйлессе, жігіт ынтыға түсуі мүмкін.

9.  Жаман әдеттері

Темекі шегетін қызды жігіттердің бәрі дерлік, ұнатпайды. Сондықтан қызбен танысқанда онымен өткен бірнеше уақытта (жағдайға байланысты) темекі шегетін-шекпейтінін, ішімдікке қатынасын байқап қалуға тырысады.

10. Мақсаты

Бұл жерде сөз жігіттің мақсаты туралы. Жігіт қызбен түрлі мақсатта танысуы мүмкін: болашақ жарын іздеп, көңіл көтеретін жеңілтек қызды іздеуі де мүмкін. Қызды жігіттің көздегенімен сай келетін-келмейтін нысан ретінде бақылауы мүмкін.

Күздік тренч: немен кию керек?

Күз. Демек, гардеробымыздың басты киімі тренч болмақ. Тренч – қайырма жағалы, белдігі бар, екі жағына қаусырмалы плащ. Бұл киім барлық киіммен жараса беретін әмбебап және ешқашан сәннен қалған емес. Тренч сіздің гардеробыңызда бар да болар, жоқ болса, қазір нағыз мезгілі.

Күздік тренч: немен кию керек?

Тернч барлық киіммен жараса бере ме?

Бұл сұраққа «Ия» деп, сеніммен жауап беруге болады. Тренчті тек мүсініңізге қарай тігілген үлгісін таңдасаңыз жетіп жатыр.

Күздік тренч: немен кию керек?Күздік тренч: немен кию керек?

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Мысалы, үлкен бөксеңізді жасырғыңыз келсе, бөксеңізден сәл ғана төмен, еш бүрмесіз тіке тігілген үлгідегі тренчті таңдаңыз.

Ал егер қыпша беліңіз бен аяғыңыздың формасын алға тартқыңыз келсе, етегі кең болып келген, ұзындығы тізеге дейінгі тренчті таңдаңыз. Бұл классикалық модель шалбардан гөрі көйлекпен, белдемшемен әдемі жарасады. Бірақ, көйлектің етегі тренчтен асып кетпесін.

Сонымен қатар қысқа тренчті қысқа белдемшемен киюге болады, әрине тым ашық болып кетпесе.

Образ: нәзіктік пен кербездік

Күздік тренч: немен кию керек?

Нәзік образды қаласаңыз, тренчті жеңіл мойынорамал не шарф, қалпақ, клатч немесе кішкентай сөмке сияқты аксессуарлармен киіңіз.

Күздік тренч: немен кию керек?

Ал егер романтикалық образға жақын болсаңыз, 50-жылдардағы көйлектердің силуэтін беретін тренчті таңдаңыз. Ол үлгінің белден төмен қарай етегі кеңейе түсіп, ұзындығы тізеге дейін болады және артық аксессуарларды қажет етпейді.

Іскерлік стиль: тренчті жұмысқа немен кию керек?

Күздік тренч: немен кию керек?

Тренч – күз мезгілінде іскерлік киімдерге дәл келетін киім. Оны белдемшелі костюммен де, шалбарлы костюммен де кие беруге әбден болады. Тек тренч үлгілері сай болып,  белдемше ұзындығы асып кетпесе болғаны. Жалпы етегінің ұзындығы тізеден 5-10 см түсіп тұратын тренчтер шалбармен де, кеңсеге киюге арналған көйлекпен де сәйкес келе беретінін атап өткіміз келеді. 

Күздік тренч: немен кию керек?

Тренч жағасының ішінен киген костюм жағасы көрініп қалады десеңіз, мойныңызға шарф не мойынорамал байлап, байланға ұшын тренчтің іщіне кіргізіп қойыңыз. Дегенмен, кеңсеге ең қолайлы нұсқасы – ішінен водолазка кию, оған шарф тақпасаңыз да болады.

Casual стиліндегі тренч

Күздік тренч: немен кию керек?

Тренч негізінде сasual стиліндегі серуендік образда киінуге де болады. Бұл стилге сұр, сарғыш сияқты ашық түстер таңдалса, тіптен жақсы.

Күздік тренч: немен кию керек?

Тренчті тар балақты джинспен немесе леггинспен, сонымен қатар, белдемше және қалың түрлі-түсті шұлықдамбалмен (колготки) киюге болады.  Аяқ киімнің биік өкшелі не жайтабаны да жараса береді.

Тренчті барлық киімдермен киюге болатын болса да, тек бір ғана аяқ киіммен ешқашан киюге болмайды, ол – кроссовка.

Күздік тренч: немен кию керек?

Тренчті туникамен де, жейдемен де, водолазкамен де кие беріңіз. Тек  мойыны салбырап тұратын жағалы свитермен кимегеніңіз жөн, ол мойынды тым қысқа қылып көрсетеді.

Суреттер: ya-modnaya.ru

Сүндетке отырғызу – тек мұсылмандық емес

 Сүндетке отырғызу - тек мұсылмандық емес

Анайы көрініс немесе бүгінгі сүндеттой

Сүндетке отырған баланың да мінез-құлқы бірден өзгереді. Шапқылап ойнап жүретін баланың мінезі салмақтанып, жүріс-тұрысы жинақталып, байсалды қалыпқа түседі. Айналасына да басқаша қарай бастайды.   

Бүгінде сүндетті арнайы хирургтер атқарып жүр. Олардың арасында бетін сипап, дұғасын айтып барып жасайтындары да бар. Қазіргі күні өткізіліп жүрген сүндеттойларда ауылдың балаларын – атқа мінгізіп, қалалы жерде машинаның алдына (капотына) кілем жауып, баланы сонда отырғызып жүр. Қалалы жерде атап берер, жетектеп әкелер мал жоқ, баланың қолына көп жағдайда ақша ұстатамыз. Кейбір ата-әжелер арнайы көрімдікке берген ақшаны «баланың қоры болсын» деген жақсы тілекпен жинақ кітапшасын ашып, соған салып жатады. Бұл – құптарлық іс. Болашақтағы оқуына, үйленгеніне қажет қаражаты жинала бергені де дұрыс қой. Заманына сай әркім шамасы келгенше жасап жүр. Бірақ маған ұнамаған нәрсе – сүндеттойда келіннің бетін ашқандай қылып, баланың «сұлуланған жерін» «он көрсетпе, бір көрсет, пәленше әжеңе бір көрсет, түгенше атаңа бір көрсет»  деп құлаққа түрпідей тиетін біртүрлі өлеңді айтып, көрімдік алатындардың кездесіп жатқаны. Мұндай анайы ұят істі өз көзіммен көрмесем, айтпас едім. Онсыз да ол балаға «сүндетің құтты болсын», «мінеки жігіт болды», «азамат болды деген – осы» деп ағайын-туыстары көрімдік береді. Ал өзін жігіт, азамат сезінген баланы жұрттың алдына алып шығып, тойдың үстінде абыройын түсіру – қайсыбір сұғанақ асабалардың шығарып жүрген дарақылығы. «Енді ұят болады, мен үлкен жігіт болдым» деген түсінікті санасына қалыптастырған баланы көпшіліктің алдына шығарып, табаққа ақша жинағанын көру кейбіреуге қызық шығар. Бірақ талай үлкен адамдар ұялып, ыңғайсыз күй кешті. Баланың өзі де қатты қысылды. Бұл – менің өзім көрген сүндеттойдағы көрініс. Мұндай бассыздық ата-бабамызда болмаған. Кез келген жаман нәрсенің халық арасына тез тарап, жылдам сіңетінін көріп жүрміз. Осындай анайы көрініс індет сияқты, тез тарауы мүмкін. Келіннің бір жасаған сәлемін ақша беріп сатып алуды тоқтата алмай жүргенде, осындай анайылықтың белең алуы ұят дер едім. Бұл – қазақтың табиғатына, болмысына қайшы келеді, бізге жат қылық.

Сүндетке отырғызу - тек мұсылмандық емес

Сүндетке отырғызу – тек мұсылмандық емес

Өзім басы-қасында болып, сүндетке отырғызуға мұрындық болған мына оқиғаны айта кетсем, артық болмас. Облыстық балалар қорында істеп жүргенімде, бұл 90-жылдардың аяғы болатын, балалар үйлерімен тығыз қарым-қатынаста болдық. Алматы қаласының жанындағы Бағанашылда №1 балалар үйі бар. Сол кезде аталмыш үйдегі сүндетке отырмаған балалардың алды – 15-те, кішісі 7 жаста екен. Мұны естіген бойда облыстық емхананың бас дәрігеріне барып, бар жағдайды, балаларды сүндеттеу керектігін түсіндіріп айттым. Өйткені олар – онсыз да өмірден соққы жеген, кінәсіз жазықты болған, жетімдіктің азабын тартқан, кейбірі керек десеңіздер қазақша сөйлей де алмайтын балалар. Сүндетке отырғызу тек мұсылмандық жолы емес, оның ер адамның денсаулығына, ертеңгі күні ұрпағының өсіп-өнуіне де маңызы зор екені медицинада  дәлелденген. Сондықтан да ол балалардың болашағын  ойладық. Ол кісі бұған қуана келісті. Алдымен молда шақыртып, дұғасын оқытқан соң, сол аурухананың хирургтері арнайы дайындалған бөлмелерде балаларды сүндетке отырғызды. Әр балаға арнап аппақ матадан «сүндетжейде» тіктірдік. Олар жазылған соң балалар үйінде той жасап, балалардың көңілін көтердік.  Бұл біздің сол балалардың алдындағы парызымыз болды. Қалай десек те, біз ғасырлардан бері келе жатқан мұсылмандық таққа мініп, имандылық жолға түскен аталардың өсіп-өнген ұрпағымыз. 

Зейнеп АХМЕТОВА

Суреттер: artcard.kz

Күйеу таңдаудағы 10 ереже

Әрбір бойжеткен үшін бала сүйіп, күйеуге шығу – өмірдегі басты мақсаттардың бірі. Ерте кезеңдердегі қызына ата-ана жұбай таңдаңдап, кіммен құда болатынын шешіп қоятын дәстүрлер түбегейлі жоғалған. Әр ару өз тағдырын өзі таңдай алады. Сезімге беріліп, ғашықтықтың көзсіз соқырлығымен таңдау жасауда қателесіп кететін құрбыларымыз да аз емес. Махаббат – ғажайып сезім, алайда, неке – алдағы тіршілігің мен өміріңнің кепілі.

Күйеу таңдаудағы 10 ереже

Таңдаған күйеуіңіз әке ретінде де, жұбай ретінде де көңіліңізден шығып, өміріңізді жайнату үшін біздің бірнеше кеңеске назар аударыңыз.

Сізге жүрегі мен қолын ұсынып жүрген жігіт бар делік. Сіздің оған деген сезіміңіз бен қызығушылығыңыз ерекше. Егер болашақта отбасыңыз берік, шаңырағыңыз нық болсын десеңіз, ол жігітті біраз сынақтан өткізіп, жан-жақты байқаңыз. Бір ғана сезіммен ұзаққа бара алмасыңыз анық, отбасында сезіммен қатар өзара түсіністік, құрмет үстемдік етуі қажет.

Сонымен екінші жартыңызды таңдауда есте ұстаңыз:

 1. Отбасына назар аударыңыз

Бәріміз де жастайымыздан ата-анамыздың тәрбиесімен қоса, олардың жеке қасиеттерін сіңіріп өсеміз. Көңіліңіз ауған жігітті жақынырақ танығыңыз келсе, оның отбасымен танысыңыз. Оның туыстарының өзара қарым-қатынасына қарап, болашақ отбасыңыздағы арақатынас моделін көре аласыз. Үлкенге құрмет, жаны ашу, әйелді сыйлау сияқты тағы да басқа әдеттер бауырларынан, ата-анасынан көрініп тұрса, сіз таңдаған жігіт – болашақ жұбайыңыз ретінде сай келетін жігіт болады.

 2. Әлеуметтік дәрежелеріңізді салыстырыңыз

Ия, қазіргі заманда ақбоз атты да, ханзаданы да, патшалықтың жасауын да алуға болады. Алайда, әлеуметтік дәреже екі жақтан да тең болмаса, арты ажырасумен аяқталу ықтималдығы бар. Әлеуметтік теңсіздік болса, бір тарап екінші тараптан кем түскені іштей ұялады, қысылады. Әңгіме тек материалдық жағдайында ғана емес, рухани байлақ пен діни тұрғысындағы теңсіздік те қатынасты қиындата түседі. Сондықтан әлеуметтік дәрежесі тең жанды іздеңіз.

 3. Балаларға көзқарасы

Барлық әйелге ұрпағын өзімен тең дәрежедегі жауапкершілікпен өсіретін еркек керек. Бірақ, оны бала болмай жатып қалай байқауға болады? Бұл турасында тіпті кей жігіттер ойын ашылып та айта алмайды. Алайда, кенже інісіне немесе ағасының бүлдіршініне қарауы, оны ойнатуы кішкентайларға деген жылылығын, балажандығын білдіріп-ақ тұрады. Бұл сынақты жүргізуде бүлдіршіндер табылмай қалса, құрбыңыздың көмегімен балақайлардың шулы мейрамына бірге барып көріңіздер.

Күйеу таңдаудағы 10 ереже

 4. Генетикалық сәйкестік

Бұл тәсілге астыртын саясатпен кірісу керек :). Жігітіңізбен араңыз тым тығыз болып, бір-біріңізден сыр жасырмайтындай күйге жеткенде сүйіктіңіздің не туыстарының созылмалы ауруы бар ма, өзі жиі ауыра ма (иммунитетін білесіз), спортпен шұғылдана ма сұрап алыңыз. Денінің сап-сау екенін айтып, мақтана қоймаса да, өз денсаулығын күту – жауапкершілігінің молдығын білдіреді.

 5. Үй шаруасында икемділігі мен қызығушылығының сәйкестігі

Егер жігітіңізге демалыс кездері жылы үйде, телевизор алдында жатқан ұнайтын болса, сізге арқаңызға сөмке асып, тауға шыққан ұнауы мүмкін. Бұл жағдайда екеуіңіз екі бөлек уақыт өткізуге тура келеді. Жар таңдағанда қызығушылық танытқан істеріңіздің толықтай бірдей болуы шарт емес, бірнеше іске бір пікірде болсаңыздар, жетіп жатыр. Осылай сіздер уақытты бірге көңілді өткізе аласыздар, сонымен қатар басқа достарыңызды да жоғалтпайсыздар. Үй шаруасында қандай екенін сырттай бақылау маңызды. Бір-екі істі тындырып беруді өтініп көріңіз.

Күйеу таңдаудағы 10 ереже

 6. Сексуалды темперамент

Жыныстық тәжірбиесі мол еркек болса, алған жарына төсек қатынасында керемет күй сыйлай алады. Жеке өмірлерінде бір-бірінсіз күн кеше алмайтын болса, қалған қиындықтардан оңай өтуге болады. Сондықтан, жігітіңіздің жыныстық қатынас тақырыбында көп оқып, көп білгенін, алдын ала дайындық болғанын қалайтыныңызды астыртын жеткізіп көріңіз.

 7. Ақша ұстауы

Ер жігіттің ақшаға деген қатынасы оның мінезі туралы көп нәрсе айта алады. Әрине, сүйіктісін қымбат ресторандарға апарып, сыйлағаны жақсы. Алайда, отағасы ретінде ақшаға жауапты және үнемшіл болуы керек. Ақырын ғана байқап көріңіз:

  • Сауда жасаған соң чектерін сақтай ма (өз-өзіне есеп беруі мүмкін)?
  • Тауар таңдарда бағасын салыстыра ма?
  • Кіріс-шығысқа кететін қаражатын жоспарлап жүре ме?
  • Артық ақша жинай ма?
  • Жақындарына қаражат бөле ме?

 8. Өмірге көзқарасы

Толыққанды шешім қабылдамастан бұрын болашақ күйеуіңіздің өмірде не қалайтынын біліп алыңыз. Болашаққа жоспарын сұраңыз, неге қол жеткізсі келеді, тұлға ретінде қай салада қалыптасқысы келеді. Ол үшін отбасын құру қаншалықты маңызды? Оның пікірі мен сіздің пікіріңіз сейкес келіп жатса, бас тоғыстыруға әбден болады. Ал егер керісінше болса, ол жігітті өзі қалаған өмірді сүруіне мүмкіндік беріп, отбасын құруды жоспарламағаныңыз жөн.

 9. Достары

«Маған досыңды көрсетші, сенің кім екеніңді айтайын». Ол сізді достарымен таныстырды ма? Жігітіңіздің отбасына байыппен қарағандай, достарына да анықтап назар аударыңыз. Олар кімдер? Өңшең бойдақтар ма әлде үйленгендер ме? Бастары қосылып, немен айналысады? Бір-біріне көмектеседі ме? Достары сізге құрметпен қарайды ма? Әр әрекетінен ой түйіңіз!

Күйеу таңдаудағы 10 ереже

 10.  Өзіңіз

Оның қасында тұрғаныңызда қандай сезімде болатыныңызды біліп алмай, сәтті таңдау жасаймын деп ойламаңыз. Оның жанында өзіңізді қауіпсіз, қуанышты әрі жайлы сезінсеңіз, жігіттің өмірлік жарыңыз болуға мүмкіндігі бар. Осы соңғы тармақта айтылғандар дұрыс болмаса, қалған тоғызын жоққа шығарады.

Жақсы, тәрбиелі, өмірде өз орнын қалыптастырып үлгерген күйеулер жерде шашылып жатпасы анық. Дегенмен, ойша керемет жігіттің портретін жасап алып, сондай жан кездескенше сарғая күтудің қажеті жоқ. Өйткені, кемшілік бәрінде бар, идеалды адам болған емес.

Күйеу таңдаудағы 10 ереже

Жоғарыда айтылғандарды есте сақтаңыз, өз-өзіңізге қараңыз, сонда бәрі жақсы болады. әр қыздың өзіне сай күйеуі болады 🙂 

 Суреттер: Интернеттен алынды

Бет пішініне сай қас формасы

Қасыңыздың формасы бет пішініңізге сай келе ме?

Бет пішініне сай қас формасы

Қас формасының сәйкестігін тексеріп көріңіз, сай келмесе, біз ұсынар үлгілерге назар аударыңыз. 

Төртбұрышты бет пішініне сай қас формасы

Төртбұрышты бет пішініне сай қас формасы

Қастың бас жағы қалың доға болып келеді де, ортасынан бастап, түзу сызық боп аяқталады.

 

Алмұрт типтес бет пішініне сай қас формасы

Алмұрт типтес бет пішініне сай қас формасы

Қастың қалың боп келген бас жағы көздің ішкі бұрышынан асырылып, қастың аяқ жағы шекеге қарай керіле, жұқара түседі.

 

Тікбұрыш бет пішініне сай қас формасы

Тікбұрыш бет пішініне сай қас формасы

Қастың ортасынан бастап жіңішкеріп, жоғары қарай бағытпен бітеді. 

 

Домалақ бет пішініне сай қас формасы

Домалақ бет пішініне сай қас формасы

Домалақ жүзді аруларға жоғары көтеріліп барып, төмен иілген қастар жарасады.

Суреттер: superbrunetka.ru

Жасанды тырнақ өсіру: пайдасы мен зияны

Ұзын, әдемі тырнақ – қашанда стиль мен сәннің символы болған. Қазіргі таңда кез келген іскер әйелді сәнді маникюрсіз елестету қиын. Соны білген сән салондары да қызылды-жасылды жарнамасымен көз бен сананы жаулауда. Мүмкін дәл қазір мыңдаған аруларымыз тырнағын жасанды жолмен өсіруге шешім қабылдай алмай, ойланып отырған болар.

Жасанды тырнақ өсіру: пайдасы мен зияны

Жасанды тырнақ өсірмес бұрын, гелмен бе, әлде акрилмен бе, қайсысымен өсірген қолайлы екенін біліп алған жөн.

Гель? Әлде акрил?

Тырнақ әрлеуші шебердің кабинетіне кірсеңіз болғаны, тым қысқа, күтімсіз тырнағыңыз бірнеше сағаттық еңбектен соң көркем болып шыға келеді.

Тырнақты гелмен және акрилмен өсіреді. Біреуінен екіншісі артық деуге келмейді, екуінің де жақсы және жаман жақтары бар.

Гель – аллергенді тұстары аз материал, сондықтан гель жағып өсірілген тырнақ ыңғайлы. Алайда, ол тырнақты сындырып не зақымдап алсаңыз, барлығын түгелдей шешіп, қайтадан жасау керек.

Көп мамандар акрилмен жасанды тырнақ жасауды қолдайды. Өйткені, акрил бар болғаны ешқандай ықпалсыз, өздігінен қатып қалады және қосымша аспаптарды қажет етпейді. Оған қосымша, акрилден жасалған тырнақты алып тастау анағұрлым оңай.

Жасанды тырнақтың қандай материалдан жасалатынын шешіп алсаңыз, екі сағаттан кем түспейтін «тырнақ өсіру» операциясына дайын болыңыз.

 Жасанды тырнақ өсіру: пайдасы мен зияны

Жасанды тырнақ өсіру: пайдасы

Әрине, жасанды тырнақ өсірудің пайдалы әсері болмаса, көптеген арулар ол үшін сонша уақыты мен ақшасын кетірмес еді. Гель және акрилмен тырнақ өсірудің ортақ жақсы жақтары бар:

–          Ұзын, әдемі тырнақтардың табиғи тырнақтан еш айырмашылығы болмай қалады;

–          Өз тырнағыңыздың қисық-қыңыр жақтарын, барлық кемшіліктерін жасырып тұрады;

–          Ұзын тырнаққа көңіліңіз қалаған кез келген өрнектер мен суреттерді сала аласыз;

–          Бетіне жаққан тырнақ бояуы ұзақ уақыт бұзылмай сақталады;

–          Дискомфорт болмайды, жаңа тырнаққа тез үйреніп кетесіз.

 Жасанды тырнақ өсіру: пайдасы мен зияны

Жасанды тырнақ өсіру: зияны

Жасанды тырнақ өсірудің пайдалы тұстарымен қатар, зияны да қатар жүреді:

–          Жоғарыда айтылғандай, тырнақ өсіру процесі ұзақ уақытты алады. Сіздің уақытыңыз кетеді.

–          Гельден болсын, акрилден болсын, жасанды тырнаққа екі аптада бір уақтылы коррекция жасап отыру керек. Ол үшін тағы да ұзақ уақыт пен ақша қажет.

–          Гелмен өсірілген тырнақты алып тастауға болмайды, оны түгелдей үгіту керек. Ал, оны тек тырнақ әрлеу шебері ғана істей алады.

–          Жасанды тырнақ өсіргеннен кейін өз тырнағыңыз жұқарып, әлсіз болып қалады. Жасанды тырнақты шешкен соң ерекше күтімді қажет етеді.

Жасанды тырнақ өсіру: пайдасы мен зияны

Қандай жағдайда жасанды тырнақ жасатуға болмайды?

Жасанды тырнақты кез келген адам кез келген уақытта жасата алады. Алайда, мүлде қайшы келетін жағдайлар да бар:

–          Зақымданған және қышыма ауруы (грибок) бар тырнақты жасанды жолмен өсіруге болмайды;

–          Тырнақ айналасындағы ет (кутикула) зақымданған жағдайда (мысалы, кесіп алсаңыз) жасанды тырнақ өсіртпеңіз. Өйткені, жараға гель не акрил түссе, асқынып кетуі әбден мүмкін;

–          Жүрегі ауыратын, қан тамырлары ауруымен ауыратын, қант диабеті бар адамдарға жасанды тырнақ өсіртуге болмайды;

–          Қолы өте қатты терлейтін адам жасанды тырнақты мүлде ұмытқаны жөн;

–          Антибиотик немесе гормоналды дәрілер қабылдау кезеңінде де жасанды тырнақ өсіртуге болмайды.

Жасанды тырнақ өсіру: пайдасы мен зияны

Егер сенімді әрі өз ісін жақсы білетін маман кездессе, еш қорықпастан жасанды жолмен тырнақ өсіртуге қорықпаңыз.

Суреттер: Интернеттен алынды

«Сүндетжейде» мен «сүндеткөрпе» жайында

«Сүндетжейде» мен «сүндеткөрпе» жайында

Ерте кезде баланы сүндетке қожалар, молдалар отырғызған. Баланы кез келген адам сүндеттемеген. Бұрынырақта бала сүндеттейтін қолы жеңіл, барлық жөн-жобаны білетін қожалар болған. Қу тілді біреу «қожасы жоқ ауыл жетім» деп бала сүндеттейтін адамы жоқ ауылды осылай қағытқан көрінеді.  Қалай десе де, сол заманда әр ауылда дерлік бала сүндеттейтін қолы жеңіл молдалар, қожалар болған. Баланы тақ жаста – үш, бес, жеті жаста сүндетке отырғызған.  Мейлінше көктем мен күз айларында сүндеттеу қолайлы деп есептелген.

Сүндетке отырғызған балаға арнайылап «сүндетжейде» мен «сүндеткөрпе» тігіледі. «Сүндетжейде» – кең әрі ұзын етіп тігілетін баланың жарасы жазылғанша киетін жейдесі. Мысалы, мен өзімнің немерелеріме өз қолыммен түйе жүннен «сүндеткөрпе» дайындадым. Базарда көрпенің сан түрі бар. Бірақ мен өз қолыммен жүнді түтіп отырып «айналасына жұғымды болсын», «ешкімге жамандық жасамасын», «өмірден тек жақсылық көрсін» деген жақсы тілегімді тілеп, көрпені өз қолыммен тіктім. Көрпенің бас жағына үкі қададым. Өйткені үкі қасиетті саналады әрі бала көрпенің бас жағы мен аяқ жағын шатастырмауы керек.   Көрпенің біресе – бас жағын, біресе аяқ жағын қалай болса, солай жамылуға болмайды. «Сүндеткөрпе» де – қазақта бұрыннан бар нәрсе. Дүкеннен дайын көрпені сатып алғаннан гөрі әр әже немересіне «сүндеткөрпені» өзі қолымен дайындағаны дұрыс деп ойлаймын. Кезінде Ержанымның «сүндеткөрпесін» әжесі тіккен болатын. Соның қабын сөгіп, жүнін жуып, содан Нұрсұлтанға «сүндеткөрпе» дайындадым. Өзінің әкесінің «сүндеткөрпесінің» түйе жүнінен баласына қайтадан «сүндеткөрпе» тіктім солай. «Сүндетжейде» мен «сүндеткөрпе» балаға міндетті түрде тігілуі керек.

 «Бұл менің міндетім еді…»

Менің әкем үлкен дәрігер болатын. Өзі де көп балаларды сүндетке отырғызған.  Есіме мына бір оқиға түсіп отыр. Ұмытпасам, әкем «Ислам және медицина» деген кітапты оқып отырып: «Ақымақ! Мына бір дәрігерсымақ елді шатастырып мынандай нәрсе жазыпты…», – деп ашуланып лақтырып жіберді. Жаңағы кітапқа «сүндетке отырғызу баланың өміріне қауіпті, бала мүгедек болып қалады» деген сияқты нәрселер жазылған екен. Мұндай түсінік Кеңес өкіметі кезінде белең алды. Өйткені ол кездегі жүйе адамның Жаратқан иеге деген сенімін тартып алды. Салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа деген сенімін жоғалтты. Сол кездері құрылған «Құдайсыздар қоғамының» ең бірінші белсене кіріскен шаруасы – осы сүндеттойды болдырмау, яғни сүндетті жою болды. Осының кесірінен Кеңес Одағы кезінде балалардың көпшілігі, әсіресе орысша оқығандардың балалары сүндетсіз қалды, ол – рас. Кеңес өкіметінің кезінде сүндеттой жасау деген мүлде ұмытылды деуге болады. Бірақ көптеген қазақ отбасылары жасырын болса да, баласын сүндетке отырғызуға тырысты. Той-томалақ жасап, дабыра қылмағанмен, қазақ мұсылмандығынан айныған жоқ. Біз қалада тұрсақ та ұлымызды сүндетке отырғыздық. Ол кезде атаның өз отбасы болды,  бізден бөлек тұрды. Бір жағынан, сол кезде Мәскеуге жолушылап кетіп, үйінде болмаған еді. Ержанның әжесі (Бәкеңнің нағашы апасы) өзінің сіңлісінің дәрігер баласын шақыртып, баламызды сүндеттеді. Кейін атасы келгенде айттық. Ата сонда қатты қуанды. «Бұл менің міндетім еді», – деп апаға алғысын айтты. Немересіне көрімдігін беріп, мәз болды. «Жылады ма» деп сұрады бірден. Ержанның жыламағанын, «Батыр бала Болатбекті» айғайлап айтып жатқанын айтып бердік. Атамның Мәскеудегі досына кішкентай немересінің сүндетке отырғызғанда қайсарлық танытқанын қуана жеткізгені жайлы жазылған хатының көшірмесін кейінірек архивінен таптық. Ата хат жазғанда міндетті түрде көшірмесін алып қалатын…

 Зейнеп АХМЕТОВА

 

Шарап таңдай білесіз бе?

Жақсы таңдалған шарап – романтикалық кештің, мерекелік дастарханның сәні болмақ. Сіздерге шарап таңдаудағы мамандардың бірнеше кеңесін ұсынбақпыз. Шарап – ерекше сусын болғандықтан, оған әркім өзіндік талғаммен қарайды. Әрқашанда өзіңізге сай келетін шарапты таңдағаныңыз дұрыс. Таңдауда бірнеше ережені есте сақтасаңыз болғаны, сәтті таңдалған шарап дәмі ерекше әсер берері сөзсіз.

 Шарап таңдай білесіз бе?

Шарап таңдауда маңызды

Жақсы шарап таңдағыңыз келсе, құрамындағы спирт пайызына назар аударыңыз: 12,5% – бұл – пісіп-жетілген жүзімнен жасалған шарап белгісі.

Шарап таңдай білесіз бе?

Бағасына назар аударыңыз. Жақсы шараптың бәрі қымбат тұрады деген сөз емес. Кейбір елдерде 1 жылдан аспаған ақ шарап пен 2 жылдан аспаған қызыл шарапты анағұрлым арзан сатады. Сондықтан жаңа дайындалған шараптың шығарылу мерзімі ұзақ сақталған шараптан арзан болатынын ескеріңіз. Ал шарап ұзақ сақталған сайын дәмі арта түседі.

Жүзім сұрыпын байқаңыз. Шарап жүзімнің бір ғана сұрыпты түрінен немесе бірнеше сұрыпты түрін қосу арқылы жасалады. Қайсысын таңдайсыз – өз қалауыңыз. Алайда, екі түрін де татып көріп, бір-бірінен ажырата білгеніңіз артықтық етпейді. Жақсы шараптың заттаңбасында (этикетка) міндетті түрде сұрыптық құрамы көрсетіледі.

Шарапты супермаркеттен алғанша, арнайы шарап сататын дүкендерге барғаныңыз дұрыс. Ол жақтан анағұрлым сапалы шарап табасыз. Әрі ол дүкенде маманның кеңесіне жүгіне аласыз.

Шарап таңдай білесіз бе?

Шараптың дәмін қалай байқау керек?

Шарап сыртындағы заттаңбадан «шараптың гүлге ұқсас жағымды нәзік иісі бар» немесе «шарап ваниль және алхоры иісі аңқыған мақпал дәмді» деген сияқты сипаттамаларды оқимыз. Бірақ, шарап дәмін татқан соң күткен иіс пен дәм сезіле қоймайды. Оған себеп көп адамның шараптың дәмін тату ережелерін білмеуінде. Біз атап өтетін таңдау ережелерін есте сақтай жүрсеңіз, талғамыңызға сай шарап таңдауға тағы бір қадам болмақ:

1. Шарапқа анықтап қарау

Бокалға құйылған шарапты қолға алып, анықтап қараңыз. Ақ фонда жасауға кеңес береміз. Әрине, шарап саласында сарапшы емессіз, дегенмен, түсінің ашықтығы мен қоюлығын ажыратуға тырысып көріңіз.

Қолыңыздағы бокалды жәймен айналдырып көрсеңіз, шыны қабырғасында шараптың төмен қарай сырғығанын көресіз. Егер ол өте баяу ағып жатса – шарап құрамында қант көп және спирті де мол болғаны. Бұл – нағыз кемелденген шарап. Ал егер қозғағанда шарап тез ағып, сұйық болса – шарап жеңіл және спирті аз болғаны.

Шарап таңдай білесіз бе?

 

2. Иісін ажырату

Қолыңыздағы шарап құйылған бокалды тағы да айналдырып, мұрныңызға жақындатып, иіскеп көріңіз. Ненің иісін сезгеніңізді (заттаңбада жазылғаннан тыс) аңғарып көріңіз. Иісін ажырату қиынға түскен сайын шарап сапасы жақсы (құрамы бай) екенін білдіреді.

Егер иісі мүде ұнамаса, ол шарапты татып көрмегеніңіз жақсы. Өйткені, оның сапасы нашар болып қана қоймай, сіздің талғамыңызға мүлге келмеуі ықтимал.

Шарап таңдай білесіз бе?

 

3. Дәмін тату

Шараптан бір ұрттап, аузыңызда ұзақтау ұстай тұрыңыз. Одан кейін аузыңызды шараппен шайқағандай болып, дәмін ажыратып көрініз. Сонымен қатар шарап дәмін татып көрерде ерініңізді жиырып, түтік сияқты қылып ішіңіз. Заттаңбада жазылған сипаттамаға назар аудармастан, сусын құрамында ненің дәмі бар екенін аңғаруға тырысыңыз.

Шарапты ұрттағаннан кейін аузыңызда дәм қалып қояды. Ол ұзақтау тұрса, шарап сапалы, ал тез ғайып болса, басқа шарап таңдаңыз.

Шарап таңдай білесіз бе?

Шарап таңдаудағы сезімдеріңізді есте сақтап қалуға тырысыңыз. Ол келесі жолы шарап таңдауда көмек береді. 

Шарап таңдай білесіз бе?

Суреттер: Интернеттен алынды