Неке қию

Неке қию Неке қиюдың шарттары
1) Неке қию «бердім» деп тапсырудан және «алдым» деп қабылдаудан тұрады. Бірінші жақ тапсырады, екінші жақ қабылдайды. Ғұламалардың ортақ пікірі бойынша, қыз: «саған тұрмысқа шығуға разымын» немесе қыз өкілі: «қолымдағы қызды саған бердім» дегеннен кейін ғана қыз жағы неке шарттарын орындаған болып есептеледі. Ал, екінші жақ «мен қабылдадым» десе және некенің төменгі шарттары толық болса, неке қиылған болады:
А) Қызға қалың мал аталып, сол жерде не кейін беріледі.
Ә) Кәмелет жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, ерікті, неке сөздерін еститін, бұның неке қию екенін толық түсінетін екі еркек куә болады (қыз бен жігіттің әкесі, аға-інісі секілді жақын туыстары).
Б) Жариялау.

Неке қиюдың негізгі үкімдері:
1) Екеуінің арасында ерлі-зайыптылық орнап, жар төсегіне жатуына болады. Сондай-ақ құдалық қатынас орнайды.
2) Неке ер кісіге төмендегі істерді орындауға міндеттейді:
А) Қалың мал. Бәрін немесе бірінші берілетін бөлігін беруі тиіс.
Ә) Нәпақа – яғни бағу, киіндіру, баспана сияқты т.б. қажетті нәрселермен қамтамасыз ету.
3) Әйелге төмендегі істерді орындау міндет:
А) Ер адам неке шарттары бойынша әйелге басшы, сондықтан әйел оның тәрбиесіне мойынұсынып көнуге міндетті.
Ә) Шариғат үкімі бойынша рұқсат етілген істерде әйелі күйеуіне бағынады. Үйде отырады.
Б) Етеккір сияқты заңды себебі бар жағдайлардан басқа уақытта жар төсегінен қашуға хақы жоқ.

М.А.Канъан «Жұбайлар шаттығы» (Араб тілінен аударған: А.Ахмад)

Сурет: blogs.privet.ru

 

Ұйқыңыз қанбаса…

Ұйқыңыз қанбаса... Аз ғана уақыт ұйықтап, амалсыз оянып, күні бойы маужырап жүреміз. Ол мүмкін жұмысқа (сабаққа) кешікпей бару үшін ерте оянудан шығар, мүмкін түнде ерте ұйықтаудың мүмкіндігі жоқтығынан шығар, мүмкін түні бойы көз іле алмай, ұйқысыздық ауруына шалдыққаннан шығар, әйтеуір бір қажеттіліктен шала-шарпы көз шырымын аламыз. Бірақ, ұйқыға салғырт қарамау қажет. Өйткені, ұйқының қанған-қанбағаны адамның сырт келбетіне (сымбатына) тікелей әсер етеді, әсіресе әйелдерге берер залалы бар. Амеракалық ғалымдар ұйқының жеті сағаттан кем болмау керектігін, бес сағат және одан аз ұйықтайтын әйелдердің тез толып, қайта салмақ тастауы қиынға соғатынын анықтады.
Үнемі ұйқы қанбай, маужырап жүру ағзаның зат алмасуын тым баяулатып, денеде май жиналып, салмақтың артуына алып келеді екен. Тоя тамақ ішу қанбаған ұйқыға қосылып, адам денесін тым әлсіретіп, діңкесін құртады. Жұмысқа зауқы соқпай, қимылдауға ерініп, отырып алады не мүмкіндік болса, тамақтана сала, ұйықтай кетеді. Дұрыс қорытылып, денеге тарамаған тамақтың соңы семіздікке алып келеді.

Ұйқыңыз қанбаса...
Ұйқыңыздың қанық болуы – денсаулығыңыздың ғана емес, сымбатыңыздың да кепілі.

peachgirl.ru

Сурет: spiritshot-acorex.com, vkamushek.ru

Тұсаукесердің мәні

Тұсаукесердің мәніЕнді бір сәт сәл шегініс жасап көрейікші, көпті көрген қариялардың ақ батасы…

 Халыққа қалаулы, елге танымал болып жүрген ер-азаматтың немесе көпке сыйлы болып жүрген келіншектің жақсы ниетімен кесілген баланың тұсауы… Содан кейін күш-қуаты тасып, ентігіп жүгіріп келген балалар, олардың ып-ыстық алақандары… Осының барлығы алғашқы қадамын тәй-тәйлап басқан баланың ендігі жерде сүрінбеуі, басқан қадамының сәтті болуы, бастысы, «аяғын нық бассын, өзінің туған жерінде аяғын нық басып жүрсін» деген тілекке толы ғой. Мінеки, олай болатын болса тұсау кесе салу қалай болса солай өткізе салып, көрер көзді алдайтын «бутафория» емес, яғни тек әйелдер жиналып, тек кейуаналарға тұсау кескізіп жай өткізе салуға болмайды. Бұл – баланың үлкен өмірге алар жолдамасы, тойдың басы, өмірге бастар қадамның алғашқы баспалдағы. Бұл – «баламыз жақсы азаматқа ұқсасын, қадамы сәтті болсын, өмірінде кездесер жақсылық пен жамандықты тең көтеріп өтсін» деген ниет-пейілі бар астары ауқымды, мағынасы терең салтымыздың бірі. Тұсаукесерде шашу шашылып, тұсаукесер жыры айтылады. Бір өкініштісі:

                               Күрмеуіңді шешейік,

                               Тұсауыңды кесейік,

                               Қаз-қаз, балам, қаз, балам,

                               Қадам бассаң мәз болам,

                               Тағы-тағы баса ғой,

                               Тақымыңды жаз, балам,

                               Қаз баса ғой, қарағым,

                               Құтты болсын қадамың! – деп басталатын әдемі әуен, игі тілекке толы тұсаукесер жырын қазір көп адамдар, әсіресе жастар біле бермейді…

Тұсаукесердің мәні

 Ырым жақсы ниеттен туады

Тұсауды тек ала жіппен емес, «іші-сырты майлы, малды болсын» деп тоқ ішекпен, «жайқалып өссін» деп көк шөппен кескен. Әркім өзі білген, қалай болғанда да тілектің артықтығы жоқ. Барлығының ниеті түзу, тілегі бір. Біздің ұлтқа қатысты кез келген жөн-жоралғыны барлық қағидаларын сақтай отырып шын ниетпен өткізсе, қабыл болады. Тіпті ала жіпті де «сондай күнге жетейін» деп ырымдап алып жатады. Мен 90-жылдардың аяғында үш жылдай Алматы облыстық «Балбөбек» қорын басқарған болатынмын. Біздің қорымыз Жетім балалар үйімен көп байланыс жасады. Жұмыс бабымен Есік қаласындағы сәбилер үйінде болғаным бар. Сол кездегі сәбилердің 80 пайыздайы өзіміздің қазақтың балалары екен. Жаңадан тәй-тәйлап жүрген балалардың тұсауы кесілмегенін тәрбиешілерден білдім. Өйткені сәбилер үйінде ешқашан тұсау кесу, сүндетке отырғызу деген сияқты дәстүр-салттарымыз өткізілмейді екен. Осы жай мені қатты ойландырды. Бұл балалар онсыз да тағдырдың тәлкегіне түскен, тумай жатып ата-анадан ажырап, мейірімге зәру болғандар, ана сүтін татпағандар. Сонда ең болмаса тұсауы кесілмеген балалардың ендігі өмірлері қалай болады? Осындай ойлар маған маза бермеді. Өйткені өз басым өзгеде шаруам жоқ, қазақтың бүкіл салтына қатты сенетін адаммын. Ауданның басшысы Құдайберген Орынбетов деген жігіт болатын. Бұл күнде марқұм болып кетті. Соған кіріп, мән-жайды түсіндірдім. Бүкіл жөн-жоралғысымен аудандағы үлкен бір шара ретінде сәбилер үйінде тұсаукесер өткізсек деген ойды жеткіздім. Бұған қатты дайындалдық. Облыстық, аудандық басылымдарға хабарландырулар берілді. Бастамамыз облыстық әкімшіліктен қолдау тапты. Тұсауы кесілетін 17 сәбидің басына үкілеп тақия, үстеріне ұлттық киім тіккіздік. Алдын ала «тойға атсалысыңыздар, тойға шашу әкеліңіздер» деп хабарланғандықтан, ел құрқол келген жоқ. Кәсіпкерлер сәбилер үйіне қажетті тұрмыстық заттарын көтеріп, ауданның қарапайым жұрты кішігірім сый-сияпатымен келді. Ел ағалары, елдің ықыласына бөленген азаматшалар 17 баланың тұсауын кесті. Әр балаға кейін де қарайласып, көмек қолын созып тұратын өкіл әке, өкіл шеше дайындалды. Олар аудан әкімдері, іс басында жүрген үлкен азаматтар болатын. Тағдырынан таршылық көрген сол балалардың бірінің өкіл әке-шешесі марқұм Заманбек пен Мақпал болып еді (сол кезде З.Нұрқаділов Алматы облысының әкімі болған)… Заманбек сол кезде сәбилер үйіне шағын автобус сыйға тартты. Қаншама сыйлық беріліп, қаншама тілек айтылды. Ұлан-асыр той, әсем ән, төгілген күй, тек балалардың тұсауы кесіліп қоймай, сәбилер үйінің кем-кетігі де толықты. Мен мұны мақтанып айтып отырғаным жоқ, бұл көпке үлгі болған игілікті шара еді. Құдайдың құдіреті, елдің тілегі, аталардың берген баталары қабыл болып, тұсауы кесілген сол 17 бала көп өтпей-ақ ата-аналы болды. Бір-бір қазақ отбасысы сол балаларды алып кетті. Міне, бата мен тілектің орындалатындығының, салтымыздың өзімізге ғана жұғысты болатынының бір дәлелі.

                                                                                           Зейнеп АХМЕТОВА

Суреттер: vokina.livejournal.com, bookformama.com

 

Қайшымен тұсау кеспеген

Қайшымен тұсау кеспеген  Бала өміріндегі тағы бір ерекше аталып, үлкен той қылып өткізетін салттардың бірі – тұсаукесер. Тұсаукесер – бала өміріндегі үлкен белестің бірі. Өйткені баланың бауырын жазып, қаз-қаз тұрып, бір аттап, екі аттаған кезде тұсауын кеседі. Өзге ұлттың баласының тұсауын кеспесе де жүгіріп кетеді, ал біздің қазақтың баласы тұсауы кесілмесе сүріншек болады екен…

   Ала жіптің сыры

Тұсаукесердің әр жерлерге байланысты кішігірім өзгешелігі болмаса, негізгі мән-мағынасы бір, яғни баланың алғашқы қадамына мән беру, тілек тілеу. Баланың тұсауын ала жіппен кеседі. Ақ жіп пен қара жіптің екеуін айқастыра отырып есіп, ала жіп дайындалған. Бұл – өмір-тіршіліктің нышаны. Өмірде барлығы қос-қостан жаратылған әрі ылғи қатар келіп отырады. Айталық, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық, қараңғы мен жарық, ыстық пен суық, ең бастысы, ер мен әйел… Бұлар қатар жүреді, бірінсіз бірі болмайды.Тек бір Алла ғана жалғыз. Ала жіптің негізгі мәні осында. «Кісінің ала жібін аттамасын, ұрлық қылмасын, қиянат жасамасын, жаман жолға түспесін» деген себеппен ала жіп дайындайды» деген түсінік бар. Өкініштісі, мағынасы тереңде жатқан дүниені осылай біржақты түсініп, «біреудің затын ұрламасын» деп қана «тұсау кесіп» жүрміз. Бұл – жаңсақ пікір. «Жақсылықта асып-тасымасын, жамандық көрсе, жабырқап-жасымасын, қуанышты күндерінде асылық жасамасын, қиыншылық басына түскенде еңсесі түсіп басылмасын, екеуінен тең өтсін» деген тілекпен қос-қостан келетін Жаратылыс заңының белгісі ретінде ала жіп таңдалып, баланың тұсауын кескен. Қазір тұсауды қайшымен кесіп жүр. Бұл дұрыс емес, өйткені баланың өмірі қайшыланып қалады, ал баланың алғашқы қадамын қайшылаудан бастасақ, ары қарайғы өмірі де күрделеніп, кедергілері көп болуы мүмкін. Сол себепті қайшымен кескенді қазақ қош көрмеген, тек өткір пышақпен шорт кесетін болған. Бұған да мән беріп қарайтын кез келді.

  Әжелер тұсау кеспеген…

Қай кезден бастап жаппай үрдіс алғанын білмеймін, бұл күндері қарап отырсаңыздар, тұсауды көбінде жасы үлкен әжелерге, кейуаналарға кескізіп жүрміз. Осыған жете мән беріп көрдік пе? Жүрісі ауырлаған қарт әжеге немесе ілби басатын кейуанаға тұсау кескізгенде, бала қалай жүріп кетеді деп ойлайсыз?! Осындай келеңсіздікті әсіресе телеарналарда көп көрсетеді. Сөз жоқ, ала жіпті көпті көрген, талай немере-шөбере сүйген әжелер әдемілеп ақ батасын беріп, баланың аяғына байлап береді. Ал тұсау кесетін адамды ата-ана алдын ала сайлайтын болған. Қыз бала болса, қимылы ширақ әрі пысық, ақжарқын мінезді, көпке қадірлі, ісін тиянақты әрі тындырымды атқаратын елге сүйкімді келіншектерге, ұл баланың тұсауын «пәленше ағасындай сері болсын, үлкен азамат болсын», «анау ағасындай саятшы, аңшы болсын» дегендей ел аузында, елдің алдында жүрген ер-азаматтарға кескізген. Бір жағынан, халқымыздың ырымшылдығы шығар, бірақ қалай дегенмен өзіміздің ата-бабамыз істеп келе жатқан салттың астарында үлкен мән, әдемі тілек, жақсы ниет жатыр. Ала жіп байланып, баланың тұсауын кесер алдында бір топ баланы жүгіртіп жібереді екен. Сол балалардың алдында озып келе жатқан екі бала таяған сәтте-ақ тұсауын кесіп жіберетін болған. Содан кейін ентігіп жүгіріп келген екі бала екі жағынан баланың алақанын алақандарына түйістіріп, уыстарына толтыра ұстап, дедектетіп ала жөнелген. Өйткені жүгіріп келген балалардың қаны қызып, күш-қуаты тасып, екпіні артып келді. Алақан арқылы осының барлығы тұсауы кесілген балаға, айталық, екпіні, күші, яғни энергиясы өтеді екен.

                                                                          Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: kazakh-tili.ru

Тамағымның тұзы ащы…

Тамағымның тұзы ащы... Асүйдің қыр-сырын толық меңгерген жан болмаса, тамақтың тұзын татымды ету әр кезде әрқалай болып жатады. Бірде тұзы ащы, бірде тұзы кем болып шығатын жағдай аз емес.

Тамақтың тұзын пісті-ау деген кезде қосқан дұрыс. Өйткені қайнамаған сорпаңыздың не басқа да тамағыңыздың тұзы қайнаған соң өзгеруі мүмкін.

Ал егер тұзды тым көп қосып, тамақты іше алмайтындай етіп қойсаңыз, біраз нәрсені өзгертуге болады.

Еттен жасалған тамағыңызға тұз көп себіліп кетcе, гарниріне тұзсыз ұннан жасалған өнімдер (вермишель, макарон, кеспе) қолданыңыз. Қуырдаққа салынған еттің тұзы көп болып кетсе, картоп салғаннан кейін тұз себудің қажеті жоқ, картоптың өзі-ақ тұзды сіңіріп алады.

Балықтан жасап жатқан тағамыңызға тұзды көп салып қойсаңыз, тұзын қайта азайту қиынға соғады. Ет тағамының тұзын азайтқандай балыққа да ұннан жасалған өнімдерді, тұзсыз картоп пюресін, аскөк араласқан қаймақ қосып беріңіз. Тіпті дайындап жатқан гарниріңізді үстіне булап алуға да болады.

Сорпаға, сұйық тамаққа тұзды көп мөлшерде қосып қойсаңыз, тұзсыз қол кеспесін, картоп, күріш қосып, азайтуыңызға болады. Сорпаға кішкене ұн себуіңізге де болады, тек көп емес. Әйтпесе, сорпаңыз қоюланып кетеді.

Сорпаның тұзын байқау үшін бетіндегі майын сырып, астыңғы жағындағы сорпасынан алыңыз. Өйткені кілкіген майға тұз сіңбейтіндіктен татымы анық білінбейді.

Астарыңыз дәмді болсын!

Сурет: strana-sovetov.com

Жақсы сөз жан семіртеді

Жақсы сөздің жақсы энергиясы бар. Біздің халық біріне-бірі жақсы сөзді көп айтқан, тіпті әл үстінде жатқан науқастың өзі хал сұрағандарға жаманмын демей, тәуірмін дейді. Осы жақында ғана атаның Мәскеуден келген қызын (атаның Мәскеуде тұратын қызы Елена Бауыржанқызы) әкесінің туған жеріне Бәкең екеуміз апарып келдік. Елдегі атаның нағашыларына бардық.

Атаның нағашылары – Текебай биден тараған текті кісілер. Көкеміз (атаның анасынын туған бауырының баласы) қазір сексеннен асты. Ал жеңешем –  сөзге өте шешен, тауып сөйлейтін кісі, копбалалы ардақты ана. Екеуі де – көпті көрген қарапайым ауыл адамдары.

«Айналайын, ұлы атаның сен де бір ұрпағысың. Алдыменен бізге келіп, сәлем бергенің үшін жүрегімді табаныңның астына төсейін», – деді жеңешем. Не деген ғажап сөз! Мінеки, тілек! Бәкең жеңешеміздің сөзін қарындасына аударып беріп, түсіндіріп айтып жатты. Бәкеңнің өзі де қатты тебіренді, менің де көзімнен жас ыршып кетті. Басқа салтты ұстанып, өзге діннің адамы болып өскен тілі басқа Бәкеңнің қарындасы сонда жылап жіберді. Өйткені шынайы айтылған тілекті жүрегімен қабылдады, жүрегінен өткізді.

Бірінші рет көрсе де, кетер кезде қимай, қайта-қайта құшақтап, жылап қоштасты. Бұл да – жақсы сөз арнаудың, көңіл сыйластығының бір мысалы. Өкінішке қарай, жаһандану деп жанұшырып жүріп көңіл сыйлауымызды сұйылтып бара жатырмыз. Бүгінде көңіл де сатулы. «Мен – саған», «сен – маған» дейтін күйге жеттік.

Ата-бабамыз нәрсесін қарымтасын қайтарсын деп бермеген. «Берген жомарт емес, алған – жомарт» деп алып жүретін де – біздің қазақ. «Орамал тон болмайды, жол болады» деп қолындағысын беріп жүретін де – біздің халық. Бүгінде барлығы сатулы болғандықтан да, біз өзіміздің қазақтық иісімізден ажырап барамыз.

Бұл күндері бір-бірімізге жылы сөз айтудан қалдық. Ал сөздің қадірін білу, сөзге тоқтау, жақсы сөз арнау, жақсы тілек тілеу –  қазақтың табиғи болмысы. Бұл – өзгеге ұқсамайтын етіп Алла тағаланың біздің ұлтқа берген сыйы…

Иммунитет төмендегенін қалай білуге болады?

Иммунитет төмендегенін қалай білуге болады?Көктем келгенде адам ағзасы әлсіреп, иммунитеті төмендер, дәрумендерді қажет етеді. Иммунитеттің төмендегенін қалай білуге болады?

Иммун жүйесінің нашар жұмыс істей бастағанын білдіретін бес белгіні біле жүріңіз:

–          Бір жыл ішінде 10 реттен көп тұмауратасыз, суық тиіп ауырасыз.

–          Шашыңыз көп түседі, буындарыңыз қақсайды, тамағыңызда бірдеңе тұрғандай болады.

–          Үнемі әлсіз, шаршап тұрғандай сезімде боласыз. Тіпті ұйқыдан оянғанда да еңсеңіз басылып тұрады.

–          Ерніңізде ұшық жиі пайда болады. Ұшық ағзадағы вирустардың артып кеуін білдіреді, ал иммунитет вирустардың көбейіп кетпеуін қадағалайды.

–          Тұмау тисе, қабынып, төсек тартып ұзақ жатып қаласыз.

Осы жағдайдың бірін бойыңыздан байқасаңыз, иммунологқа көрінгеніңіз жөн. 

ivona.bigmir.net

Сурет: fashionforyou.ru

«Көгентүп» деген не?

"Көгентүп" деген не?«Мың шақырым жол бір қадамнан басталады» дейді данагөй халқымыз.

Қолға ұстауға жарап қалған сәбиінің бірінші рет қонаққа барғанына да дәл біздің қазақтай мән беріп қуанатын халық жоқ шығар. Баланы көтеріп жақын ағайын-туыстың, құда-жегжаттың үйіне барғанда көңіл жетер жақын адамдары «бірінші рет үйге келді» деп «көгентүп» беретін болған. «Көгентүп» дегеніміз – балаға берілетін қозы-лақ, бұзау немесе құлын. «Көген» деп төлдің мойнына байлайтын жіпті айтады, яғни «көгентүп» – балаға «көгеннің түбі болсын», «алғашқы малы болсын» деген ниетпен берілетін малдың төлі. Мұның өзі – келген жақтың қозы-лағының жоқтығынан емес, баланың бірінші рет қонаққа келгенін ескеру, оның алғашқы қадамына «өмірі берекелі болсын», «малды болып жүрсін» деп ниет білдіру. Бір жағынан, ағайын-туыс арасындағы татулық пен сыйластықты одан әрі қоюлата түсу, татулықты бекіту. Баласын елеп жатқанды кім жек көрсін?! «Сыйласаң, баланы сыйла, берсең, балаға бер» дейді, өйткені бала – періште. Бала шынайы қуанады. Бала арқылы бір-бірінің көңілін сыйлау жатыр мұның астарында. Қазақ көңілге көп қарайды. «Көңілі қалмасын», «көңілін қалдырма» деп жатамыз. «Бір атым насыбайдан көңілі қалды» деген де жайдан-жай айтылмайды. Көңіл жақсы жерде арақатынас та бүтін болады. Қазақтың бірлігі көңіл сыйлай білуде жатыр.

 «Танабау» деген не?

Баланың алғаш қонаққа барып «көгентүп» жетектеп қайтқанын естігенде пысықтау әйелдерінің бірі келіп: «Балаң бірінші рет қонаққа барып, «көгентүп» жетектеп келіпті, «танабау» қадайық», – деп баланың кеудесіне «танабау» қадап кететін болған. «Танабау» деген – ақық тасты түйме. Кез келген қуанышты өз қуанышындай қабылдай білетін, шынайы қуана білетін қазақ өзге адамдардың баласын елеп-ескергеніне шаттанған.  Тіпті «танабау» қадамағанға «мән бермеді ғой» деп өкпелеп қалады екен. Әжелер болса, «немеремді ешқайсысың елемедіңдер ғой, «танабауларың» құрып қалды ма, біреуіңнің есіңе келмеді ғой» деп абысын-ажындарына ренжіген. Ал «танабау» қадап кеткен соң баланың әжесі дастарқанын жасап, немересінің «көгентүп» жетектеп келген қуанышымен бөліскен. «Мың шақырым жол бір қадамнан басталады» деп баланың алғашқы қадамының қуанышына ағайын-туған, көрші-көлем жиналып, «алғашқы қонақтығы құтты болсын», «жолы болып жүрсін», «алдынан жақсы адамдар кездессін», «бата беретін ата-әжелері көп болсын», «барған жерінде ашылатын есік көп болсын» деген тілектерін айтып, «танабаудың» шайын ішкен. Біреуден бір асаған несібе болмайды, есесіне бала жетектеп келген «көгентүп» барының басын біріктіріп, ағайын-туғанды дастарқан басына жинаған.

                                                                                                        Зейнеп АХМЕТОВА

Суретhttp: медлаб.рф 

Көзіңіз сарғайып бара ма?


Көзіңіз сарғайып бара ма?  
Адамның көзі – ішкі жан-дүниесінің айнасы. Күнделікті күйбең тіршіліктің көңіл-күйімізге әсерін көзден-ақ байқауға болады. Шаршау, зиянды әдеттер және ашулану көздің ағына сұрлау не сарғыш рең беріп, бұлыңғыр етіп көрсетеді. Ал оны тез жазып алуға болады. Ол үшін ең алдымен қандай тағамдармен тамақтанып жүргеніңізді байқаңыз. Тым ащы және майлы тағамдар көздің ағын сарғайтады. Ал С дәрумені бар көкөністер мен жемістер, керісінше, көздің ағын айқындай түседі.

Егер сіз темекі мен алкогольге әуес болсаңыз, тек көзіңізге ғана емес, бетіңізге, бүкіл ағзаңызды «сарғайтып» аласыз. Сондықтан зиянды әдеттерден арылуға тырысыңыз.

Көзіңіз талып, шаршағанда арнайы көзге арналған тамшыларды (арнайы сұйық дәрілерді) үнемі пайдаланып жүріңіз. Көзіңіздің құрғап кетуіне жол бермеңіз, көзге жаттығулар жасауды ұмытпаңыз. Кітап оқыған сәтте де жарықтың дұрыс түсуін қадағалаңыз.

Мұндайда түймедақ (ромашка) тұнбасынан компресс жасау да өте тиімді. Ол үшін түймедақты ыдысқа салып, үстінен қайнаған су құйыңыз. Бетін жауып, суығанша күтіңіз. Тұнба дайын болғанда дәкені батырып, көзіңізге 20 минут қойып, жата тұрыңыз.

Әрине ұйқының қануы да көзге ғана емес, өзіңізге, көңіл-күйіңіз бен ісіңіздің сәтті болуына да әсер етеді. Ұйқыңыз қанық болсын.

allfor-lady.ru

Сурет: elegantwoman.ru

 

Шашыңыз тез өссін десеңіз…

Шашыңыз тез өссін десеңіз...

Шашыңыз түсіп, көңіл-күйіңізді қоса түсіріп жүр ме? Ұзын өрілген бұрым қыпша белде бұлғаң қағып жатқанға не жетсін?

Шашыңыздың түсуін тоқтатып, өсуін тездеткіңіз келсе, біз ұсынар кеңеске назар аударыңыз.

Шашқа арналған тұнба жасау үшін керек заттар:

–         бір дана келімдәрі (ащы бұрыш);

–         100 грамм медициналық спирт немесе арақ.

Шашыңыз тез өссін десеңіз...

Келімдәріні турап, арақ құйылған бөтелкенің ішіне салып, 3 апта қараңғы жерге қойып қойыңыз. Аптасына бір рет бөтелкені шайқап тұру керек. 21 күннен соң қолдана беруіңізге болады. 1 ас қасық тұнбаны бір стақан суға араластырып, шашыңыздың түбіне жағып, 30-40 минуттай уқалайсыз. Қолыңызға қолғап киюді ұмытпаңыз. Бұл бас терісінің қан айналымын жақсартып, шаштың тез өсуіне ықпал етеді. 21 күн күтуге ерінсеңіз, қызыл бұрыш ерітіндісін (дәріханаларда сатылады) сатып алып, бас терісіне аптасына 1-2 рет жағып тұрыңыз.

Суреттер: liveinternet.ru

Бүгінде көңіл де сатулы…

Бүгінде көңіл де сатулы...Баланың ана құрсағына біткені,  жарық дүниеге шыр етіп келгені, өсетіні – осының барлығы жаратылыстың өз ретімен келетін кезеңі.Балаға қатысты ендігі кезекте сөз еткелі отырған ырымдар жайлы не білеміз? «Бауырынан табақ алу» ырымы неге еңбектеп жүрген балаға жасалады? «Көгентүпте» не мән бар? «Танабау» жайлы білеміз бе?

Көп еңбектегеннің де пайдасы бар

Әсілі, қазақ халқы табиғаттың құпия сырларын жақсы білген. Жаратылыстың заңдылықтарымен үндесе отырып, соған орай өзінің тұрмыс-тіршілігін сәйкестендіріп, бағыттап өмір сүрген. Қазақтың толып жатқан ырымдары мен салттары жаратылыстың сондай заңдылықтарымен астасып, сәйкес келіп жатады. Әр нәрсе орнымен ғой, мысалы, ағарып таң атады, таңның шапағы көрінеді, күннің нұры түседі, содан кейін күн шығады, сөйтіп, рет-ретімен көктем келеді, жаз шығады, күз түседі, қыс болады дегендей, табиғаттың әрбір сәті, кезеңі өз уақытында, өз орнымен жүреді. Қазақ халқы осы заңдылықтарды терең түсінген, өйткені табиғаттан ажырамаған. Қазір «техника заманы» деп жүріп жаратылыспен байланысымызды үзіп алдық. Адам өміріндегі неше түрлі сәйкессіздіктердің, келеңсіздіктердің, ауру-сырқаулардың көбейгенінің бір ұшы осында жатыр деуге болады.

Бала дүниеге келді, қырқына шықты, езу тартты, талпынды, отырады, еңбектей бастады… Бала еңбектеуден де толық өтуі керек. Өйткені ол да –Алла тағаланың өзі жаратқан пендесінің басынан өткеруі тиіс өсу кезеңі. Қазіргі балалар көп еңбектемейді, өйткені жүруге бейімдейтін арбалар (ходунок) бар. Баланы бірден жүргізуге ұмтылған дұрыс емес. Оның зияны кейін шығады. Сүйектері әлі жетілмеген, буындары дұрыс бекімеген бұл кезеңде бала еңбектеуі керек. Сонда бұлшық еттері де толық жетіледі. Ол біраз уақыт алақандарымен жер тіреп, тізесімен еңбектейді. Еңбектеуге әбден үйренген балалардың  «ерініп» кеудесін көтергісі келмей қоятыны бар. Дегенмен ендігі жерде бала аяғын басып, қаз тұруы керек. Сондықтан «көбірек еңбектеуге үйреніп алып, кеудесін көтермей қоймасын» деп уақыты келгенде  «бауырынан табақ алу» деген әдемі бір дәстүрді ырымдап істейді. Баланың алақаны мен тізесін жерге тіретіп, бауырын көтертеді. Сол кезде оңнан солға қарай қант-кәмпит, құрт-ірімшік толтырылған табақты «бауыры тез жазылып кетсін», «еңсесі тез көтерілсін» деген жақсы тілектерді айтып, жеті рет бауырынан өткізеді. Сосын барып баланы ақырын қаз тұруға, жағалап жүруге үйретеді. Артынан «бала бауырын жазды» деп ауылдың әйелдері табаққа салынған түрлі дәмнен ауыз тиіп, «бауырынан табақ алу» шайын ішеді. Әңгіме шай ішуде емес, тілекте жатыр. Біздің халқымыз – өте тілеуқор әрі батагөй халық. Қиын-қыстау заманды, жаугершілікті, аштықты, зобалаңды, қанқұйлы шапқыншылықты бастан өткерген қазақты  аман сақтап келе жатқан осы тілеуқорлығы мен ниетінің кеңдігі дер едім.

                                                                                              Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: infomed.by

Ұмыт болған махаббат

Ұмыт болған махаббат

 

* * * 
Қыста ол маған тірі гүл әкеп берді. Мейрам болмаса, жай күні тірі гүл сатпайтын ауылдағы мен үшін бұл — сыныптастарымның алдында абырой. Ертесіне тағы да гүл. Бұл жолы бір тал қызыл раушан емес, бір тал ақ раушан. Қатарынан 6 күн «жәй ғана» гүл алу — сегізінші сынып оқушысы үшін бақыт болатын. 
* * * 
Ол маған ұнай бастады. Жүрісі де, киімі де, шашы да өзіне жарасымды. Әсіресе, керемет билейді екен, бұрын байқамаппын. Достарының арасында абыройы мықты, бітіруші сынып жігіттерімен жақсы араласатын сияқты, басқаларын тіпті ұрып жатқанын көргенмін. Тек… Ол маған гүл сыйламай кетті. 

* * * 
Айнұр әкелген хат жүрегімді тарсылдатып қоя берді. Екі күннен соң келісім берген хатымды тағы да Айнұр әкетті. Енді ол — Айгерімнің жігіті емес, менің жігітім. Тоғызыншы сыныбымды есею деп ұғыппын.

* * * 
Айгерім құдашам болса да, менімен араласпай кетті. Оны қатты жақсы көрген екен, хаттарын да оқыдым. «Ол» оқытты. 

* * * 
— Түн болғанда қайда барып келдің? а?
— Мама? І-і-і… Аружаннан кітап сұрауға барып ем, мен іздеген кітап онда жоқ екен. 
— Мынау көршінің үйіне сонша жоқ боп кеттің бе?
— І-і-і… Өзі ғой отыра тұрш деген.
Анама өтірік айтатынды шығардым…

* * * 
Мектепке баруға асығатынмын. Қоңырау соғылған сайын көрем оны. Менен бір сынып жоғары оқитын оның достары, сыныптастары коридорда көре қалса, менімен амандасатынды шығарды.

* * * 
— Қайдан келе жатырсыңи екі кештің ортасында?
— Папа, Дариғадан кітап әкеле жатырмын.
— Түнде жүрмей, күндіз сұрап қойсай кітабыңды.
Әкеме де өтірік айтқан кезім болды…

* * *
Бір күні қаладан ағам келді. Бәрі дастархан басында отырғанда зып беріп далаға шығып кеттім. Ысқырық естіліп тұрғанына біраз болған. Сыртта сіркіреп жаңбыр жауып тұр екен. Кездесіп тұрдық. Біраз уақыт өтсе керек, көшеге менің атымды атап, ағам шықты. Мен не істерімді білмей, үнсіз тұрдық. Ағам қора жаққа бет алғанда, забордан секіріп, залға барып, өтірік ұйықтап қалдым. Біраздан соң ағам келіп, шашымның су екенінін байқай сала, лекция оқи бастады. Іштей сезген болар. Қанша сөз есітсем де, «үйде болдымға» басып, жеңістік бермедім.
Ағамды да алдағам…

* * * 
Маржанның туған күнінде түнгі 11-ге дейін әрең сұрандым. Туған күн иесін құттықтай сала, онымен бірге кетіп қалдым. Ауыл сыртындағы үлкен тастың үстінде отырып, әңгімелестік. Айтылған уақыттан кешіккенім үшін емес, туған күнде болмағаным үшін әкемнен ұрыс естідім. Маржанның үйіне звондайтынын қайдан білейін…

* * *
Арманымыз көп болатын. Оқу бітіріп, үй боламыз деуші ек…

* * * 
Ол 11- сыныпты бітірді де, қалаға кетті. Менің мектепте аяқтау тиіс бір жылым бар еді.

* * *
Мен оны қатты сағынып жүрдім… 

* * * 
Мен де студент болдым. Ортам өзгерді. Өзім өзгердім. 

* * * 
Жұмысқа орналастым. «Мен өмірімді өзгертем деп талпындым, Өмір мені өзгертті» ©

* * * 
Ұмыт қалған кіршіксіз махаббат өзгерді ме, жоқ па, ол өзіме де белгісіз…

Сурет: soneta.ru

Комплекс жойылсын!

Комплекс жойылсын!«Мен әдемі емеспін», сол үшін мені ешкім жақсы көрмейді. «Мен пысықтығымды көрсете алмаймын», сондықтан мені жұмысқа алмайды. «Мен семізбін», сондықтан ешкімге ұнамаймын. «Мен қалқан құлақпын», бәрі сол жеріме үңіліп қарайтын сияқты. Осындай ойдың бәрі қайдан келеді екен? Мүмкін кішкентай кезімізде ата-анамыз, мектептегі достарымыз мазақтаған болып, миымызға сіңдіріп қойған шығар?! Әрине түрлі-түсті жарнама, «жұлдыздардың» керемет суреттерін жариялаған журналдар, неше түрлі кинолар, сериалдар өз ықпалдарын тигізбей қоймады. Біз өзіміздің комплексті екенімізді байқамасақ та, көпшіліктің ортасында өзімізден өзіміз қысылып-қымтырыла бастаймыз.

              Өзіңіздің сыртқы келбетіңізден кемшілік тауып немесе өзіңізді белгілі бір ортада ұстауда сәтсіздіктер шыға берсе, сенімділік болмаса, туылғаннан жолыңыз болмай, қырсықтықтың бәрі сізді қоршап алған деп есептесеңіз, өз комплексіңізбен күресуге бел буыңыз.

            Мұндай жағдайда ең дұрыс таңдау – өз комплексіңді сол қалпында қабылдау. Өмірде сенің мұрныңнан да үлкен мұрынды, аяқтары тым қысқа, семіздікпен ауыратын, ақылы тым таяз адамдар да бар. Сондықтан өз бейнеңді, тұла бойыңды жақсы көру керек.

            Танымал тұлғаларға қарасаңыз, олардың бойында да кемшілік деп санайтын тұстары өте көп кездеседі. Бірақ, оның бәрі жетістікке жету жолында кедергі келтіріп жатқан жоқ. Сондықтан сіз де өзіңіз туралы төмен ойлардан арылыңыз. Адамды жеке тұлға ретінде сыйлап, жақсы көреді. Сондықтан өз бойыңыздағы «жеке тұлғаны» жақсы көріңіз, басқалары да көзқарасын өзгертеді.

            Өз комплексіңізді жеңудің тағы бір жолы – оған қарсы шығыңыз. Белгілі бір себеппен (мүмкін сырт келбетіңізден, мүмкін іштей қысыласыз) адамдармен жаңа таныстық жасауға қорықсаңыз – керісінше, көп адамдармен танысып, кездесу ұйымдастырыңыз. Өз ойыңызды жеткізуге қорықсаңыз – пікір таластырыңыз, ойыңызды ашық айтып тастауға дағдыланыңыз. Әрине тәуекелге бел буу үшін біраз батылдық керек. Бірінші реттен бәрі де реттеліп кетпейді, сондықтан нәтижеге қол жеткізгенше, алған беттен қайтпаңыз. Есіңізде болсын, сіздің айналаңызды қоршаған жандар – өз комплекстерін жасыра білетіндер, кемшіліксіз, адам болмайды. Комплекс дегеніміз – өзіңіздің жорыта ойлаған кемшілігіңіз, өз бойыңыздағы кез келген жағдай сізге кем көрінгенмен, сырт көзге керісінше, өте тамаша көрінуі мүмкін. Сондықтан өзіңіздің кемшілігіңіз өзгеге көрінбейтіндей болуы керек. Бәрі өзіңізге байланысты.

Сурет: dailylady.ru

Түн…Қала…

Түн...Қала...

Түн…
Тыныш көрінгенмен,
тыным қашқан…
Кешегі әуен бөлек…
Бүгін басқа ән.
Жұлдызға ұмтылады жұмыр басым,
Түбіме жетер менің түбінде аспан…

Үйлермен тіресіп ап биік-биік,
Сұр бұлт тұр кеудеме күйік құйып!
Санамда сонау күнгі қиял-арман,
Заманға тұрса дағы иық тиіп…

Таста мұң…
Тақтада мұң…
Таспада мұң…
Көшесін мұң тербеп тұр астананың.
Ешкімге керек емес ет-жүрегің,
Ешкімге қызықты емес қас-қабағың…

Шамам бар…
Шаттанып ақ көсілер ем,
Мұндайда қоса мұңды досым өлең!
Әлі де бар еді ғой әңгімеміз,
Бәрі де шешілді ме осыменен?

Жүзінен жасырылмас сыры ұшқындай,
Күлімдей қарағанмен күміс нұрлы Ай,
Мұңымды біліп алып ол да менің,
Жырымды қоса оқиды тыныш тұрмай…

Түн…
Тыныш көрінгенмен,
тыным қашқан…
Кешегі әуен бөлек…
Бүгін басқа ән.
Жұлдызға ұмтылады жұмыр басым,
Түбіме жетер менің түбінде аспан…

Өлеңді жазған: Рахат Әбдірахманов

Сурет: gallery.dviger.com

«Жақсы сөз – жарым ырыс»

"Жақсы сөз - жарым ырыс"Алдын ала бұлақтың суын дайындап, оны қайнатып алады. Содан кейін арнайылап алынған жаңа ыдысқа жаңағы суды суытып құяды. Сол суға күмістен жасалған сақина, білезік, сөлкебай сияқты бұйым салынады. Оның себебі халқымыз күмістің қасиетін ерте кезден-ақ білген. Күмістің қасиетіне байланысты «күміс – емдікке, алтын – сәндікке» деп те айтады. Өйткені күміс судың қасиетін арттырады, тазартады, судың құрамындағы көзге көрінбейтін микробтарды жояды. Күміс жағымсыз нәрседен де сақтайды.Қазір қайсыбіреулер алтынды салып жүр. Алтынның сәндікке болмаса, күміс сияқты қасиеті жоқ. Кейінгі кезде теңгелерді салып жүргендерді көріп жүрміз. Мен өз басым мұны қоштамаймын, қанша айтқанмен қолдан-қолға өтетін ақшада тазалық болмайды. Тағы бір айта кетерлігі, теңге таза күмістен жасалмайды, ол – әртүрлі металдардың қоспасы. Сондықтан оны суға салмай-ақ таратып берген дұрысырақ шығар. Бұдан кейін жағалай отырған үлкен әжелер, апалар, яғни  шақырылған кісілердің әрқайсысы арнайы қасықпен екінші бір жаңа ыдысқа жаңағы күміс салынған судан «өмірлі болсын», «бақытты болсын» деп әркім өзінің жүрегінен шыққан жақсы тілегін айта отырып, қырық қасық су құяды. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп айтамыз, «сөздің жаны бар» дейміз, жан дегеніміз – энергия, яғни бұл – күміс салынған бұлақтың таза суына жақсы сөз, жақсы тілек айта отырып, жақсы энергия сіңіру. Әр үйден келіп отырған көпті көрген, немере-шөбере сүйген аналар балаға жақсы тілегін айтып құйылған қырық қасық сумен баланы жуындырады. Тағы бір мән беретін нәрсе, бала денесінің қырық қасық су тимеген жері қалмауы керек. «Баланың денесі бөртіп, «шілдежара» шығатын болады» деп  баланың саусақтарының арасын, құлағының іші-сыртын, мұрнының ішіне дейін жаңағы күміс салынған әрі ізгі тілек айтылған қырық қасық суға шомылдырады. Осы күні сәбидің «қарыншашы» мен тырнағы алынады.                                                                                                                                                                                      

Баланың шашын ер адамдар алған. Оларды аяқасты етпей, ағаштың түбіне көмген. Баланы қырқынан шығарып, жақсы тілек айтқандары үшін той иесі судағы күміс бұйымдармен қоса, өзге де сый-сияпатын әже-апаларға таратып береді. Бір жапырақ мата немесе бір шаршы орамал әркімде бар нәрсе, бірақ, шындап келгенде, бұл да – біздің халқымыздың бір-біріне деген көңіл сыйластығы. Бір-бірінің қызық-қуаныштарына ортақтаса білуі. Қырқынан шығарудың астарында да соншама адамның ағыл-тегіл тілегі сіңген әрі күміспен тазартылған ерекше сумен шомылған балаға жақсылық тілеу мен көл-көсір пейіл, ақ ниет жатыр.

 Әр нәрсе өз жолымен…

Халқымыздың кез келген салт-дәстүрі, той-томалағы негізсіз атқарылмайды. Сәбиді қырқынан шығару да – солардың бірі. Салт-дәстүрге, ырым-тыйымға қатысты білмек болып менен осының жай-жапсарын сұрайтындар көп. Таяуда бір жігіт сәбиді қырқынан шығарудың мән-жайы туралы сұрап хабарласып, ата-анасы шалғайда, өзі іссапарға кететіндіктен баласын қырқынан қаншалықты ерте шығаруға болатыны жайлы білгісі келетінін айтты. «Мешітке хабарласып білгенімде ондағылар «жиырма күннен кейін, яғни күн мен түнді қоса есептеп, жиырма күннен кейін қырқынан шығара беруге болады» деп отыр, қалай істегенім дұрыс?» – деп сұрады. Кейінгі кезде  кіші қырқынан шығару дегенді ара-тұра естіп қалып жүрміз. Бұл – қате түсінік. Бұл – қазақта жоқ, болмаған жағдай. «Дүмше молда дін бұзар» дегендей, дәстүрді бұрмалап түсіндіргеннен көпшілік шатысып жүр. Осындай кертартпа түсініктен белең алып кетіп бара жатқан қазақта жоқ мұндай нәрсені салт-дәстүрге қиянат жасау деп білемін. Қала берді бұл – қазақтың салтына қол сұғу.  Атауының өзінен-ақ бұл рәсімнің қырық күннен кейін жасалатыны белгілі ғой. Айталық, тіліміздегі «тоғыз ай, он күн көтерген» деген тіркес те нақтылықты көрсетіп тұр емес пе?! Ендеше, күн мен түнді біріктіріп есептей беруге болады деген түсінік қалай қалыптасып жүр? Әр нәрсенің өзінің белгілі бір себептерден шығатынына мән беруіміз керек. Осындай білместіктен абай болғанымыз жөн.

                                                                                                          Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: nashkinder.ru 

 

Ақылдым


Ақылдым

 

Сен де жылап отырсың-ау,
Ақылдым!?
Мен де өзімді терең ойға батырдым…
Жалғыз үміт қонып жүрген бөлмеде-
Жалғыздықты құшақтап ап жатырмын…

Жатқа күлкі қылмайын деп басымды,
Жан сырымды жалған күлкім жасырды.
Ешкім жоқта егілсем де мұң тербеп-
Елесің кеп сүртіп кетед жасымды…

Бағым басым болмаған соң сорымнан,
Көңілімді тербемейді көгімде ән…
Алақаныма үміт іздеп қараймын-
Саусағыңның табы кетпей қолымнан…

Дүбірі көп дүрбелеңнен шошымай,
Көңілімнің көркейіп ед көші қай?
Сен әдемі ән сыйлаған әлемім,
Астаң-кестең болып кетті осылай…

Айтар сөзде азайғандай сірә мән,
Ақиқатты іздейікші мынадан:
Сені мендей сүйген жоқ қой әлі ешкім,
Мені сендей сүйе алмайды бір адам…

Көкіректен көшірейік құсаны-
Құлазыған баққа оралсын құс әні..
Жарығым-ай жаныма кеп жантайшы,
Жалғыздықтың қандай суық құшағы…

Ұғар дейсің жүректің бұл сәтін кім?
Жанарымнан жыр саулатып жатыр мұң…
…Жалғыз өзің жан адамға сездірмей,
Сен де жылап отырсың-ау,
Ақылдым…

 Өлеңді жазған: Рахат Әбдірахманов

 

Баланы қырқынан шығарудың өз жөні бар

Баланы қырқынан шығарудың өз жөні барБала шыр етіп жарық дүниеге келген күннен бастап ретімен келіп жататын үлкенді-кішілі – шілдехана, ат қою, бесікке салу сияқты бала өмірінде айрықша орны бар тойлар туралы өткен сандарымызда айттық. Бала өміріндегі тағы бір маңызды шақтың бірі – сәбиді қырқынан шығару.

 Қазақ үшін қырық санының маңызы

Баланы қырқынан шығарудың өзі жайдан-жай шыққан нәрсе емес. Бір ескеретін жағдай, мен ештеңені ойымнан шығарып отырғаным жоқ, халықта бұрыннан барды айтам. Халық – ғаламат бір қазына. Соны білуге талпыну әрі өзің білгенді өзгеге үйрету – адамдық парыз.  Қырқынан шықпаған баланың еті мен сүйегі бірікпегенін білегінен ұстап байқауға болатынын өткен сандарымызда айтып өттік. Олай дейтініміз, қырық күнге дейін баланы «тіл тиеді», «сұқ өтеді» деп тіл-көзден сақтаған, көрсете бермеген, яғни ана үшін де, бала үшін де қырық күн – қауіпті кезең. Қырқынан шықпаған бөпені көруге үлкендер де талпынбаған. Сол сияқты қырқынан шықпаған баланың көзі де біртүрлі тұманданып, қайда қарап тұрғаны белгісіз болып тұрады. Тағы да қайталап айтам, қырқынан шықпаған бала әлі жердің баласы болып есептелмейді. Баланы қырқынан шығарған соң-ақ оның екі көзі жылтырап, жан-жағына көз тоқтатып қарай бастайды. Білегін ұстағанда ет пен сүйегінің біріге бастағаны байқалады, яғни сәбиді қырқынан шығару –  ет пен сүйектің біріккеніне жасалатын құрмет. Сонымен бірге халқымызда қайтыс болған адамның қырқын беру деген бар. Қайтыс болған адамның қырқын беру – аз болсын, көп болсын, біріне-бірі серік болған ет пен сүйектің ажырауына берілетін құдайы, өлімнің артын күту ғұрыптарының бірі. Өйткені дүниеден өткен адамның қырық күннен кейін еті мен сүйегі ажырайды екен…                                   

Әдетте ұл баланы қырық күнге жеткізбей (37-39 күнде), қыз баланы міндетті түрде қырық күн толтырып барып, қырқынан шығарады. Тіліміздегі «әйел қырық шырақты» деген сөз де осы жаймен байланысты айтылса керек. Қалай болғанда да, ұл мен қыздың дене бітімі екі түрлі. Әйел мен ер адамның күш-қуатында, жаратылысында, дене құрылысында өздеріне тән ерекшеліктері бар, бір есептен қыз бала ұлдан қарағанда нәзік қой. Ұл бала болмысынан төзімді, қайсар дегендей, сондықтан ұл баланы қырық күнге жеткізбей шығара береді. Бала өміріндегі кез келген қуаныш тойларының  әрқайсысының ізгі тілегі, мақсаты, танымдық үлгісі бар. Бала мазасызданып жылағанда, дұрыс ұйықтамағанда  әжелеріміз «бала қырқын күтіп жүр» деп жатады. Шынында да, құдайдың құдіретіне шек жоқ, жаңағыдай мазасыз жылаңқы баланы барлық жөн-жоралғысымен қырқынан шығарса, жылауы тоқтап, тынышталатын болған. Мұндағы тағы бір ерекшелік, баланы қырқынан шығаруға арнап шақырылатындар – әйел адамдар, осындағы жөн-жоралғыларды әйелдер атқарады. Бүгінде «әйтеуір қырқынан шығару керек» деген түсінікпен, оның астарына мән бермей жүргендер бар.  

                                                                                              Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: prodetey.ru

ZARA көктем-жаз 2012

ZARA көктем-жаз 2012 

Футболка  4 990 теңге

ZARA көктем-жаз 2012

 

 

 

 


  Жакет 8990 теңге

ZARA көктем-жаз 2012

 

Жеңіл аяқ киім 21990 теңге  ZARA көктем-жаз 2012

Танкетка 24 990 теңге

 ZARA көктем-жаз 2012 

 Капри 14 990 теңге 

 ZARA көктем-жаз 2012 

Шолақ шалбар 9 990 теңге 

 ZARA көктем-жаз 2012 

Көйлек 17 990 теңге 

 ZARA көктем-жаз 2012 

Шалбар 8 990 теңге  

ZARA көктем-жаз 2012 

Аяқ киім 19 990 теңге

 ZARA көктем-жаз 2012 

Балетка 12 990 теңге  

 ZARA көктем-жаз 2012 

 Жейде 9 990 теңге

 ZARA көктем-жаз 2012 

 Көйлек 9 990 теңге

 ZARA көктем-жаз 2012 

Танкетка 17 990 теңге  

 ZARA көктем-жаз 2012 

 Танкетка 9 990 теңге 
 ZARA көктем-жаз 2012 

Жеңіл аяқ киім 12 990 теңге  

 ZARA көктем-жаз 2012 

Пиджак 21 990 теңге  

 ZARA көктем-жаз 2012 

Белдемше 17 990 теңге  

 ZARA көктем-жаз 2012 

Жейде 14 990 теңге  

 

 ZARA көктем-жаз 2012 

Қол көмкесі 21 990 теңге 

 

ZARA көктем-жаз 2012 

Қол сөмкесі 9 990 теңге  

 ZARA көктем-жаз 2012 

Қол сөмкесі 14 990 теңге 

ZARA көктем-жаз 2012 

Топ 9 990 теңге

ZARA көктем-жаз 2012 

Балетка 9 990 теңге  

 

ZARA көктем-жаз 2012 Күн сәулесінен қорғайтын көзілдірік 4 990 теңге 

ZARA көктем-жаз 2012 Көйлек 14 990 теңге

zara.com

Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің…

Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің...Қазіргі келіндерге ұлттық өнегені көрсетіп, тәрбие беретін енелер азайды. Өйткені бүгінгі енелер мен әжелер – кешегі Кеңес өкіметінің келіндері. Олар көпбалалы болудан гөрі қызмет қуғанды қалады, ерлермен теңқұқықты болуға ұмтылды, осылай ерікті және еріксіз түрде ұлттық құндылықтан, тәрбиеден ажырады. Қазіргі жас келіндерді сол үшін де аяймын кейде. Өз басым, ұлттық тәрбиені алдымен өз келініме үйретіп, өз немерелерімнің бойына сіңіруге тырысамын. Өзіміз үйретпей тұрып, жастарды кінәлаудан аулақ болғанымыз жөн. Мақтанғаным емес, екі немереме де бесік жырын айттым. Үлкен немерем Нұрсұлтанның мінезі ауыр, салмақты. Ал Мадиярым төрттен асқанша жастықты тіземе салып, жата қалып, «әлди айт» дейтін. Бүгінге дейін: «Әже, маған әлди айтшы, ұйқым келді», – дейді. Оған өзімнің білетін бесік жырының барлығын, тіпті жанымнан шығарып айтып жүрдім. Ұғынықты әрі жаттап алуға ыңғайлы етіп:

                     Бөпем менің қайда екен?

                     Қыздарменен тауда екен,

                     Тауда неғып жүр екен?

                     Алма теріп жүр екен,

                     Қызыл алма қолында

                     Қыздар оның соңында,

                    Жүгіріп-жүгіріп жүр екен, – деген сияқты есте сақталатындай халық әніне салып айтамын. Ол бесік жырын тыңдап жатып маужырап ұйықтағанды жақсы көреді. Әуен, саз деген – құдірет. Алла тағала жеті дыбысты жаратқан, ал қазақ халқының тумысынан әнші халық екені әмбеге аян. Олай дейтініміз, қазақ баласының тілінің ерте шығып, өнерге үйір болуының бір ұшы осы бесік жырында жатыр.

 

Бесік жырының маңызы

Бесік жыры арқылы баланың тілі ерте шығатынына бүгінде мән бермейміз. Бесік жырын тыңдап өскен баланың есте сақтау қабілеті жақсы жетілетініне көңіл аудармаймыз. Бүгінгі ұрпақ шешендігінен, әншілігінен, ақындығынан, сабырлылығынан, парасаттылығынан ажырап барады. Бұл да – алаңдатарлық жай. Біздің елде ауыздан қалмай келе жатқан аңызға бергісіз әрі біздің әулетке қатысты бір әңгіме бар. Ертеректе бір келіншек бесігінен ажырамай жүрген баласын бесікке бөлеп, әлдебір жұмыстарымен шығып кетсе керек. Отағасы да сырттағы тіршілігімен кеткен. Жолай демалмақ болып тоқтаған бір жолаушы киіз үйдің тұсына келіп: «Кім бар-ау!» – деп дыбыс берген екен. «Кіре бер» деген дауысты естіп, ішке кірген жолаушы аңтарылып тұрып қалады. Үйде бесікте ұйқысынан оянған баладан басқа жан жоқ. «Өреде ашыма бар, өзің де іш, маған да бер» деген екен бала жолаушыға. Қазақтың баласының тілі жатықтығын, ерте шыққанын байқаймыз бұдан.                                                                                                                                  Қазақта «түйе мінген қазақ төрт ауыз өлең біледі» деген сөз бар, сөйте тұра бүгінде өзге мамандық иелері ән айтса, біртүрлі тосырқап қабылдаймыз. Ән айту қазақтың қанында бар екенін айтып өттік. Ендеше, әншілік өнер қазаққа неге жат болуы керек?! Керісінше, кешегі от ауызды, орақ тілді, сөзге жүйрік бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы тілден айырылған. Мақалдатып сөйлеген былай тұрсын, көрген оқиғасын, оқыған әңгімесін баяндап айта білмейді, әсерлеп жеткізе алмайды. Ойын толық әрі түсінікті қылып, еркін сөйлей алатын, әңгіме айта білетін балалар жоқ. Ендеше, қазақы мінезіміз бен болмысымызға қайта оралу үшін әр ана бесік жырын айтып, сәбиінің бойына сіңіріп өсіруі керек. Бесікке асыла отырып мейірлене бала емізген анадан, бесік жырын айтып отырған келіннен сұлу әйел жоқ шығар, сірә! Осыны естен шығармағанымыз жөн.

Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: moyapsihologiya.blogspot.com

Шәугімнің ішіне қатқан қақты қалай кетіруге болады?

Шәугімнің ішіне қатқан қақты қалай кетіруге болады?Таңертеңнен шәугімді қосып жіберіп,  су бұрқ етіп қайнаған соң ыстық шәйдан сораптап отырғанға не жетсін?! Шәй ішкенді жақсы көретін бізге ол досымыз сияқты, тым көп қолданамыз.

         Көп қайната бергендіктен шәугімнің ішіне әппақ қақ тұра бастайды. Оны кейбірі қатып, қабырғасына жабысқан судың хлоры десе, кейбірі тұз дейді. Тіпті кейде шәугімді ашып, «осыған қайнаған су таза бола ма, жоқ па» деген ойға келесің. Әрине оны тазалау үшін біраз күш керек, не пышақпен, қырғышпен тырналайсың, не шәугімді еден үстіне соққылайсың. Бұл жағдайда толық тазалануы да екіталай.

         Сіздерге шәугімнің ішінде тұрып қалған қақты тазалаудың бірнеше жолын ұсынамыз:

  1. Шәугімнің көлеміне қарай 2/3 бөлігіне суық су құямыз, үстіне 10-15 гр. (2 литрлік шәугімге) лимон қышқылын (шырыны емес) себеміз. Шәугім қабырғаларындағы қақ ажырағанша 3-4 минут қайнатамыз. Астындағы отты өшіріп, суытып қоямыз. Лас суды төгіп, тағы да таза су құйып, лимон қышқылын сеуіп, тағы бір рет қайталаймыз. Шәугім тап-таза.
  2. Егер шәугімнің ішіне қатқан қақ тым көп әрі нығыз болса, тазалауды 3 кезеңнен жүргіземіз.

Бірінші, шәугімнің 2/3 бөлігіне су құйып, 1 ас қасық ас содасын саламыз. Оны жарты сағат қайнатып, тұнба бар суды төгіп тастаймыз.  

Бұдан кейін 1 пункттегі тәртіппен тазалауды қайталаймыз. Тек лимон қышқылынан 1 ас қасық қосып, суды 5-7 минут қайнату керек.

Соңында таза суға жарты стақан сірке суын (уксус) қосып, жарты сағат қайнатамыз.

Шәугімді тазалап болған соң ішіне таза суды қайнатып, төгіп тастауды ұмытпаңыз. Бөлменің терезелерін ашып, желдетіп алғаныңыз дұрыс. Себебі, тазалау барысында қоспалардың иісі бумен ауаға таралады.

  1. Шәугімді тазалаудың басқа да түрлері бар. Ол құрамында лимон қышқылы бар  «тазалағыш құралдардың» көмегімен жүзеге асады. «Тазалағыш құралдарға» Кока-кола, Спрайт сияқты сусындар жатады. Алдымен сусынның газын шығарып, шәугімнің жартысына дейін құйып, баяу отпен қайнату керек.

Суреттер: kbtm.ru, goddees.ru