БЕСІК ЖЫРЫ – БАЛАҒА БЕРІЛЕТІН АЛҒАШҚЫ ТӘРБИЕ

БЕСІК ЖЫРЫ – БАЛАҒА БЕРІЛЕТІН АЛҒАШҚЫ ТӘРБИЕ   «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші, тәрбиенің мықты іргетасы отбасында қаланады. Газетіміздің өткен сандарында бесікке қатысты біраз мағлұматтарды – бала өміріндегі бесіктің пайдасын, маңызын жан-жақты түсіндіріп өттік. Бесікке қатысты, яғни ана мен баланың арасындағы тағы бір байланыс – бесік жыры деуге болады. Бесіктегі баласына ана әлдиін, бесік жырын айтпаған қазақ әйелі жоқ шығар.

«Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай…»

Бесікке бөленіп өскен баланың бір ерекшелігі – бесігін аңсап тұратындығында. Ондай бала өзінің бесігіне жатпаса, мазасызданып, ұйықтамай қояды. Бала әбден тойған сәтте анасы бесікті жайлап тербете отырып, бесік жырын айтатын болған. «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», – деп таңдана жазған екен жер аударылып келген поляк революционері А.Янушкевич өз естеліктерінде. Әйгілі А.Затаевичтің «бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай…» деуінің астарында көп сыр бар. Ал мұның басты себебі баланың бесік жырын тыңдап өскендігінде жатыр.

Бесік жыры – балаға берілетін алғашқы тәрбие. Өйткені баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан баланың құлағына сіңеді. Бесіктегі баланы әннің ырғағымен тербетеді. Бесік жырының тұрақты нұсқасы жоқ.

                             Әлди, әлди, ақ бөпем,

                             Ақ бесікке жат, бөпем,

                             Бармақтарың майысып,

                             Түрлі ою ойысып,

                             Шебер болар ма екенсің?!

                             Таңдайларың тақылдап,

                             Сөзіңді жұрт мақұлдап,

                             Шешен болар ма екенсің?!

Бұл – бесік жырының бір түрі ғана. Осындай әдемі әуенмен астарында ізгі тілегі бар бесік жырын тыңдаған бала шебер болуға да, шешен болуға да ұмтылып өседі. Баланың бойына әсерлі әуен, сұлу сөзбен айтылатын ананың әлдиі ана сүтімен қосылып осылай сіңеді. Бесік жырының толып жатқан түрі бар. Сәбиінің аман өсуінен бастап, болашақ өміріне деген тілегі, сенімі, ниеті әдемі әнге шумақ болып өріліп, анасының айтуымен балаға жетеді. Тіпті алыстағы төркініне деген сағынышын да бөпесіне айтып, баласымен сырласа отырып «әй, әй, бөпем, артта қалған елімді көрер ме екем…» деп іштегі шерін бесік жырына қосқан. Анасының еліне деген сағынышы бөпеге беріліп, ол анасын аяйтын, ардақтайтын, мейірімді әрі жанашыр болып өседі екен… Бүгінде үлкен сахналарда да бесік жыры естіліп қалады.

                  Тәй-тәй басып, бөпешім, жүргенің қандай?

                  Көзқуаныш, көкешім, күлгенің балдай.

                  Аспандағы ай-күнді аламын дейсің,

                  Асқар таудай айбынды боламын дейсің.

                  Әлди, әлди, ақ бөпем,

                  Сендей сәби жоқ, көкем.

                  Анам-әкем дейсің бе?

                  Тілің тәтті екен.

                  Әлди, әлди, ақ еркем,

                  Бойжетерсің сен ертең.

                  Мақтанышы елімнің,

                  Өзің бол, еркем! – деп жырлаған ақын Қ.Сариннің «Бесік жырын» (әні А.Бексұлтандікі) әнші М.Бесбаев орындап жүр.

                                                                                                Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: ana-bala.kz 

 

БОС БЕСІКТІ ТЕРБЕТПЕЙДІ…

БОС БЕСІКТІ ТЕРБЕТПЕЙДІ...Ата-бабаларымыз ешқандай ғылыми атақ алмай-ақ ата дәстүрімен ұрпақ өсіріп, бала тәрбиелеп сіз бен бізге мол рухани қазына қалдырыпты. Қазақ халқы – өте балажан халық. «Артымда қарайып ұрпақ қалсын, шаңырағымда шырақ жансын» деп ұрпақ жалғастығына зор мән беріп, баланың ат жалын тартып мінер азамат болуы жолында күш қайратын аямаған. Қазақта бала шыр етіп жарық дүниеге келген күннен бастап бірінен кейін бірі ретімен келіп жататын үлкенді-кішілі той-томалақтарының бірі – бесікке салу. Келіннің төркіні ерекше сән-салтанатымен әкелген бесік әкелудің жалғасы нәрестені бесікке бөлеуге, яғни бесіктойға ұласады. Кейбіреулер «баланы қырқынан шығарған соң бесікке бөлейді» деп жүр. Бұл дұрыс емес. Олай дейтінім, қырқынан шыққан бала бос жатып үйреніп қалады, көп жағдайда бесікке жатпай қояды. Ал баланы кіндігі түсе салысымен бесікке бөлеген.

Бесіктой – бала өміріндегі атқарылатын тойлардың маңыздысы. Алдымен бесікті баланың жатқанына ыңғайлы етіп бүкіл жасау-жабдығын салып дайындайды. Содан соң міндетті түрде аршамен, адыраспанмен аластайтын болған. Мұның өзі де тазалыққа жатады әрі жын-шайтан үйір болмасын деген ырым. Жын-шайтан деп отырғанымыз – бір жерге жиналып қалған ауыр энергия. Нәресте тіл-көзді көтере алмайтын нәзік болғандықтан, бесікке періштедей пәк сәби жататындықтан да бесікті аластайтын болған. Сосын бесіктің түбек орнатылатын жерінен (арнайы ойылған ойық тесік) орамалға түйілген қант-кәмпит, құрт-ірімшікті «тышты ма» деп сұрай отырып ары-бері өткізеді екен. Жан-жақтан әйелдер шуылдасып «тышты-тышты» дегеннен кейін  орамалдағы түйілген дәмді ырымдап таласып алған. Бұл – бесікте жатқан баланы дәреті қинамасын деген ырым. Баланы бесікке үбірлі-шүбірлі, немере-шөберелері көп, өсіп-өнген әрі елдің анасы атанған әжелер салған. Бұл әжелер үшін мәртебе саналған әрі олар құрмет пен сый-сияпатқа ие болады.

Бесікті кез келген ағаштан жасамайды. Бұл мүлікті қасиеттеп аршадан, иіуге икемді болғандықтан көп жағдайда талдан жасаған. Талбесік аталуының негізі де осында жатыр. Бұл екі ағаштың әрі әдемі иістері бар, әрі мықты, құрт түспейді, шірімейді. Баланың иіс сезу, көру, есту қабілеттерінің дамуына, яғни баланың денсаулығына да бесіктің әсері мол болған. Қазіргі базарларда сатылып жүрген бесіктер қандай ағаштан жасалғаны белгісіз және түрлі-түсті бояулармен боялған. Бесік қынамен бояса бояған шығар… бірақ әлеміштеп сырламаған. Көрер көзге әдемі болғанымен мұндай құрамында химиялық қоспасы бар әрі кез келген ағаштан жасалған бесіктердің бала денсаулығына пайдасынан гөрі зияны мол екені айтпаса да түсінікті…

                                                                                               Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: akbosaga.citylife.kz 

БЕСІК ПЕН ШАҢЫРАҚ – КИЕЛІ ҰҒЫМ

БЕСІК ПЕН ШАҢЫРАҚ – КИЕЛІ ҰҒЫМ        Халқымыздың дарқан көңілі мен көл көсір пейіліне қарай біздің жеріміз де ұлан-байтақ кең далаға, өзен-көлге, орман-тоғайға бай. Халқымызбен бірге жасап келе жатқан небір әдемі де айшықты салттарымыз жетерлік Соның бәрінің көзін тауып, ретін келтіріп кешегі құндылықтарымызды бүгінгі жақсымен ұштастырып, тұрмысымызға енгізгеніміз дұрыс. Біздің салтта бәрі бар әрі текті, барлығының ізгі ниеті мен астары бар. Өзімізге мүлде жат әрі болмаған өзгенің салтын тықпалағанша, өзіміздің таным-нанымдарымызды насихаттасақ, ұрпақ алдындағы борышымызды өтеген болар едік.

        Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бірімен-бірі байланысып, ұштасып жатады. Осынау қасиетті үш затты қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған әрі күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған. Неге? Өйткені кез келген үй табалдырықтан басталады, отыңның басы сол табалдырықтан бастау алады. Ал бесікпен сенің ұрпағың, әулетің өседі. Бесік – киелі мүлік. Біз өмірге жаңа келген баланы періштеге балаймыз. Дүниеге жаңа келген бала періштедей пәк, таза. Сәби мен періштенің аты қатар аталады, сондықтан да бесікті қазақ таза ұстаған. Бесіктің бірде-бір затын кірлетпейді. Шаңырақпен еңсең биіктейді, түтінің шығады. Кей өңірде тым ескірген шаңырақтан ләйлекке (айст) арнап ұя жасайды. Бабаларымыз, осылайша, бір кездері түтіні шыққан шаңырақты да ендігі жерде балапанын өрбітетін құстың мекеніне, ұясына айналдыра білген. Шаңырақты қиратып кететіндер де болған, «шаңырағын ортасына түсірді, бесігін бұзды» деп жатады. Бұл – дұшпанның ісі.

       Бұрындары адамдар сырттан келгенге «ауылда осынша шаңырақ, осынша түтін бар» деп таныстырып жатушы еді. Түтіні шықпаған, ешкімі қалмаған үйді «оты өшті» деп жатады. Немесе қайсыбір асып-тасып тұрғандарға «әй, шаңыраққа қара» деп жатамыз. «Түтінің түзу ұшсын», «шаңырағың биік болсын» деп бір-біріне жүрекжарды тілегін айтатын да – біздің дана халық. Бүгінде осындай әдемі де астарлы сөздерді «жанұя» деген мағынасыз сөздің басып жатқаны өкінішті-ақ.

   Зейнеп АХМЕТОВА