Көп аздан көлемді көп жиналады

Көп аздан көлемді көп жиналады

Қазақ халқының бала дүниеге келгеннен кейінгі атқаратын жөн-жоралғысының барлығы — жеке адамның басына тиесілі нәрсе емес, бұл ұлттың келешегіне байланысты өнеге. Бұған немқұрайды қарауға болмайды. Мұның барлығы жиналып келіп ұлттық қадір-қасиетті құрайды.       

Өз басым, өзім білмейтін нәрсеге жоламаймын. Көзіммен көрген, ананың тәрбиесімен келген, қанымда бар, әдет болып қалыптасқан жақсылықтарды ғана насихаттауға ұмтыламын. Біз көп жағдайда жастарды кінәлап жатамыз. Біздің басты кемшілігіміз – өзіміз жастарға ештеңе көрсетпей тұрып, үйретпей жатып, оларды кінәлайтынымызда. Өзіміз көзіне көрсетіп, қолына ұстатпаған соң, жастарға «ештеңе білмейді» деп орынсыз өкпе артатынымыз да дұрыс емес. Мысалы, өз келінімді босанған соң екі немеремді де қырық күннен асырып күттім. Тіпті айналамдағы араласып жүргендер қайран қалды. Бірінші немеремде келінім: «Ой, апа, өзім жуамын, өзім істеймін», – деп қатты қысылып, ыңғайсызданды. Ол түсінікті де. Үлкенді сыйлай білетіндіктен де біздің келіндеріміз енесінің күйбеңдеп жүргеніне шыдамайды, көп жағдайда үлкен адамның өзіне қызмет еткеніне ұялып, қабылдай алмайды. Анарым да алғашында сөйтті. «Қозғалма, сенің жұмыс істейтін кезің алда. Қазір мен саған қызмет етейін, балам, есесіне, сенің денің сау болады. Сенің денің сау болса, немерем де аман, менің де көңілім шат, біз де марқайып жүреміз. Сондықтан сен мені дұрыс түсінгін. «Апам жұмыс істеп, мен қарап жатырмын» деген нәрсені ойыңнан шығар. Мен саған келін болмаймын бәрібір, өз тірлігіңді өзің істейсің. Бірақ қазіргі міндет – менікі. Ол – менің ата-бабамнан қалған салт. Менің әжем, менің анам істеген салт, мен соларды көргенмін. Сондықтан мен осыны істеуім керек», – дедім келініме. Тамағын дайындап, белін байлап, қадағалап жүрдім. Жылы жүруіне қатты мән бердім. Қазіргілерге бұл тіпті басқаша көрінуі мүмкін. Бірақ біле білген адамға, бұл жерде, мен, алдымен немереме қамқорлық жасадым. Анасы арқылы өз немеремнің аман-есен өсуіне ықпал етіп тұрмын. Өйткені ол – Момышұлы  әулетінің көптен күткен, аңсап күткен ұрпағы. Содан кейін «қашан келін алар екем», «қашан немеремнің жаялығын жуар екем» деп армандап жүрдім ғой. Алла тағала арманыма жеткізіп, маған немере сүйгізіп, мені – «әже», Бәкеңді «ата» атандырып отырғанда мен ата-бабамның салтын істемеуім, келінімді күтпеуім дұрыс емес. Тіпті өзіме күнә санар едім… Өкінішке қарай, көп енелер білместікпен келіндеріне осындай қамқорлық көрсете алмай жатады. Білгенімізді үйретіп, естігенімізді айтып отырсақ, бүгінгі ұрпақтың ештеңеден ұтылмасы анық.

Зейнеп АХМЕТОВА

сурет: stranadetok.ru  

«Қалжаның» сыры неде?

Қазақтың өте бір қасиетті ырымы – келінге қалжа жегізу. Бұрынырақта кедейдің кедейі әйеліне қалжа жегізген. Тіпті бұған өзінің шамасы келмеген күнде ауқатты адамдар қалжасын әкеліп берген. Өйткені қалжа әкеп беру де сауабы үлкен іс болып саналған. Қалжаның күнделікті желінетін еттен айырмашылығы – ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы. Әрі құрметті ас саналады. Қалжа, біріншіден, дүниеге келген нәрестенің құрметіне арналса, екіншіден, жас анаға дүниеге перзент әкелгені үшін арнайы сойылатын болған. Күнде келінге сорпасын ішкізіп, етін жегізіп отырғандықтан, жас босанған ана өзінің жоғалтқан күш-қуатын осы қалжа арқылы қалпына келтіреді. Босанғаннан кейінгі күтімге қалжаның тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Қалжа жеп, жас сорпа ішкен келіншектің сүті де маңызды, құнарлы болады. Баланың тез ет алып өсуіне әсер етеді. Қазіргі жігіттерді қайдам, бұрындары жігіттердің бірі ауырлау затты көтеруге әлі келмесе немесе абайламай жығылып қалса, құрдастары келеке қылып: «Әй, немене, сенің шешең қалжа жемеген бе?» – деп қағытқан. Кей жағдайда «құдайға шүкір, біздің де шешеміз қалжа жеген» деп өзін-өзі көтермелеп, шамасы келмей жатқанын білдірмеуге тырысып баққан. Тілімізде жиі қолданылатын осы сөздің өзінде мән-мағына жатыр. Қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеп жатады, бірақ қалжа, негізінен, келіншектің күйеуінің мойнындағы міндет-парызы болып есептеледі…

ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ОЯТПАЙ, ҚҰР МАҚТАНУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ…

Осы күні баспасөз беттерінде әйелдердің түрлі аурулары жайлы аз жазылып жүрген жоқ. Әйелдерде кездесетін қатерлі ісіктің көбейіп әрі «жасарып» кеткені жайлы да жиі айтылып келеді. Дерттің асқынып, белең алғаны сонша, мұның соңы қайғылы оқиғаға ұласып жатыр. Бұл жағдай бүгінде әйелдер дәрігерлерін де қатты алаңдатып отыр. Сондықтан кез келген әйелдер консультациясында дәрігерлік кеңестер беріліп, қатерлі ісіктің алдын алу шаралары жайлы жазылған кішкентай кітапшалар таратылады. Ал ешқандай медицинасы дамымаған қазақ даласында өмір сүрген қазақ келіндері әйелдерде кездесетін түрлі аурулардан қалай сақтанды? Қазақ жас босанған ананың күтіміне не себепті соншалықты мән берген?

                                                                                                Зейнеп АХМЕТОВА

 

Гормоналды дәрілерді пайдаланудың 13 қағидасы

Гормоналды дәрілерді пайдаланудың 13 қағидасыӘлемде миллиондаған әйел гормоналды дәрілерді қолданады. Алайда, оның зиянын бойжеткендер біле бермейді. Сол себептен бұның пайдасы мен зияны туралы ақпарат берейік.
1.Гормоналды дәрілер ең бастысы денсаулыққа зиян. 
Алайда, оның әсерін дұрыс немесе бұрыс деп кесіп айту қиын. Әйелдерге ақ халатты абзал жандар тарапынан гормоналды препараттарды жүктіліктен сақтанудың бір әдісі ретінде кеңес беріледі. Кей жағдайда тіпті, гормоны жетіспеген әйелдерге жанама ем ретінде пайдалануға рұқсат етіледі.
Сол себептен ол әркімге әрқалай әсер етеді. Бірінің денсаулығы нашарлап кетсе, пайдаланған екінші адамның кесірінше дені сауығып кететін жағдайлар жетеді. Дегенмен, бұл өз функциясын 100 пайызға орындап, жүктіліктен сақтайды. 
2.Егер дәрі менің құрбыма сәйкес келсе, ол маған да жаға ма? 
Гормоналды препарат арнайы рецеппен ғана пайдаланатын нәрсе екенін ескеріңіз. Өйткені, оның түрі көп. Дәл сізге оның қандай түрі жағатынын медицалық тексерілімнен кейін ғана анық болады. Яғни, дәрігерлер тарапынан әрбір әйелдің денсаулығына байланысты оның қандай түрін қолдану керектігі туралы жеке шипалық кеңес беріледі.
Дәрі қабылдаған уақытта қант, қан құрамын жіті тексертіп, гинекологтың бақылауында болыңыз. Демек, құрбыңыз тап болмаған мәселеге, сіздің де тап болмауыңызға кім ешкім кепіл бере алады. Сол себептен құрбыңыздан көріп оны өз бетіңізше пайдаланбаңыз.
3. Гормонолды дәрілерді 20 жасқа толмағандарға пайдалануға болмайды деген пікір бар. 
Алайда, бұл негізсіз. Гормоналды дәрілерді бойжеткен жастар да қолдана алады-дейді дәгігерлер. 
4. Гормонды препараттарды пайдаланғаннан кейін ұзақ уақыт құрсақ көтере алмауым мүмкін бе?
Бұнда көбіне керісінше жағдай орын алады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, дәріні пайдалануды тоқтатқан алғашқы айларда әйелдердің құрсақ көтеру белсенділігі 1,5-2 есеге жоғарылап, егіз немесе үшен дүниеге әкеліп жатады.
Егер дәрігерлерден гормоналды дәрілерді 3-4 ай қолдан деген кеңес алып, сол уақытқа дейін емді үзіп жіберсеңіз бедеулікке ұрынуыңыз ықтимал.
Осы уақытқа дейін ішкен дәрілер аяғыңның ауыр болған уақытқа дейін ешқандай кері әсер бермейді.
5. 1 немесе 2 жылда үздіксіз ішкен дәріні 1 айға тоқтатып, одан демалу қажет пе? 
Бұл жансақ айтылған пікір. Дене ағзасын демалдыру үшін оны тоқтату немесе дәріні одан әрі жалғастыра беруден еш қандай өзгеріс болмайды.
Дәрігер кеңес берген дәрі ағзаға жағып жатса, климакс келген жасқа дейін қолдану беру керек.
6. Гормоналды дәрілерді бала емізіп жүрген аналар пайдаланбау керек пе? 
Негізінде гормоналды дәрілер бала емізіп жүргендерге зиян. Әлбетте олар үшін оларға арналған гормон мөлшерлері аз (мини-пили) деген дәрілер бар. Тек, оны емізер алдында ғана ішу керек. 
Дәрі пайдаланудың ерекше қағидасы да бар. Әр қабылдаудың арасы тура 24 сағаттан болуы тиіс. Қабылдау тізімі сәл ғана ауысып кетсе ол өз қызметін жояды.
7.Гормоналды дәріден салмақ қосыла ма? 
Ол адам ағазасына тікелей байланысты. Кейбірінің тамаққа тәбеті күшейсе, кейбірінікі керісінше әлсірейді. 
Ем қабылдамай тұрған адамға нақты жауап беру мүмкін емес нәрсе. 
Дененің толысуы препарат құрамындағы заттарға байланысты.
Тек бұдан шығар бір ғана амал бар. Нақтырақ айтсақ, салмақ қосқаныңызды байқасаңыз дәрігерге қаралып, гормон мөлшері аз дәрі пайдаланған абзал.
Арнайы зерттеу нәтижесіне қарасақ, дәрі қабылдаған әйелдердің 5-7 пайызы алғашқы жылы ғана 2 кг-нан салмақ қосқан. Ары қарай, сол қалыпта сақталған екен. 
8.Ағзаны улағанша «Постинор» сынды жедел контрацептив ішкен дұрыс болар? 
Бұл жыныстық қатынас туралы тәжірибесі аз бойжеткендер арасында орын алатын қателік. «Постинор» сынды дәрілердің құрамында 1 айда 30 күн қатарынан ішіп жүрген гормондар бар. Демек, 30 күн ішетін дәріні 1 күнде ішіп алып, денсаулығыңызды құртып аласыз.
Оның зардаптары мынадай: етеккір цикліне бұзылады, жыныстық қатынасқа деген белсенділік төмендейді, бауыр-бүйректің ісінуіне әкеп соқтырады, бала көтере алмайтын жағдайға жеткізеді.
9. Жүктілікті алдын-алатын дәрілерден бетті безеу басып кетпей ме?
Көп жағдайда керісінше, безеуден көз аша алмайтын адамдар үшін безеуден құтылатын емдік жол ретінде пайдасы мол.
10.Гормональды дәрілерден денеге жүн қатпат кетеді мыс.
Бұндай олқылыққа бұрын біздің аналарымыз тап болып, күрескен. Қазіргі заманғы медициналық гормоналды препараттар бұндай кемшіліктерді жойған.
11. Гормоналды дәрілерді ішкен сайын, етеккір циклі өзгеріп, кей кездері тіпті келмей қалады.
Бұл олай емес. Дәрігерлер соның көмегімен цикл бір арнаға тұрақталып, мазалап жүрген сырқаттарды бәсеңдетеді дейді.
Екінші жақтан, бұл сұрақтың мәні зор. Дәріні қабылдап жүргендердің 2 пайызында етеккір мүлдем кешігіп келу жағдайлары кезігеді. Бұл-оның ағзанына сәйкес келмеді деген сөз.
12.Гормоналды дәрілерді көп қабылдау сүт бездері мен жыныстық жолдардағы ісік індеті қауіпін күшейтеді.
Канадалық ғалымдар жүргізген зерттеу қорытындысына құлақ ассақ, аталмыш дәріні үнемі пайдалану ісік індетінің қоздырғыштарын 45-60 пайызға төмендетеді екен. 
13. Гормоналды дәрілер жыныстық жолдар арқылы жұғатын аурулардан сақтай ма?
Ол жұқпалы індеттен қорғайды дегенді алға тартатын ешқандай дәлел жоқ. Ол тек жатырдың асқынған суық тию індетінен ғана сақтап қалуға қауқарлы. Ал, жыныстық жолмен жұғатын кеселдермен күресе алмайды. 

kerekinfo.kz

Сурет: mk.ru

МЕРЕКЕГЕ НЕ КИЕСІЗ?

Көктем… Мереке… Жігіттер тарапынан болатын мерекелік ілтипат… Құттықтаулар… Көтеріңкі көңіл-күй… Дос-жарандармен бас қосу… Айналаны гүлдендіретін көктеммен бірге әйелдер де құлпыра түседі. Әрбір шаңырақта қуаныш қонақтап, анасын, асыл жарын, аяулы қызын, сүйкімді қарындасын құттықтап жатқан ерлердің езуінде күлкі болады. Сол мейрамда ерекеше жарқырап жүргенге не жетсін?! Міне-міне келіп қалған біздің мейрамға не киесіз?

Қаталдық. Кеңсе стилін ұнатушыларға сүйікті киімдерін басқа стилдегі көйлекпен ауыстырмауға да болады. Жіңішке белдемшеңіз бен костюміңіздің ішінен кез келген түстегі жейде киіңіз. Ол тым көзге ұрып тұрады деген болсаңыз, ақ түсті жейдені ғана киіп, костюміңіздің сыртқы сәніне назар аударуыңызға да болады. Арнайы өрнектер салынған не фонарь-иық сияқты элементтермен тігілген костюміңіз сізді өте сәндіетіп көрсетпек. Тіптен сүйікті жейдеңіз бен сүйікті костюміңізді ауыстырғыңыз келмесе, жіңішке белдемшеңіздің орнына кең етекті, тізеге дейінгі ұзындықтағы белдемшені кисеңіз де болады. Арнайы аксессуарлар тағуды ұмытпаңыз. Үлкен сырға, таспен көмкерілген белдік, сәнді клатч әрбір сұлудың ажарына көрік қосары сөзсіз.

Батылдық. Бұл мерекеде аруларымыздың арасында кеңсе стиліндегі киімді шешіп, жарқырап киінгісі келетіні де бар. Жарқырау сөзі ауыспалы мағынасында да, тура мағынасынан да қолданылып тұр. Кешке достарыңызбен дастархан басында жиналатын жоспарыңыз болса, батылдықпен алтын түстес не күміс түстес көйлек киюді ұсынамыз. бір айта кететіні, жарқыраған, көз тартатын аксессуар тақпағаныңыз жөн, көйлегіңіздің жарқылымен қосылып, тым артық болып кетеді. Аяғыңызға теріңізбен түстес шұлық және қарапайым ғана туфли киіңіз.

Талғам. Мерекелік әрі танымал түс – ақ. Бұл түс сізді көптің ортасында ерекшелеп қана қоймай, ажарыңызды аша түседі. Кең балақты шалбар, әдемі бешпент (жакет), жібек нымша, кең белдемше, талғамыңыз бен таңдауыңызға қарай ақ түсті киіміңізбен көптің назарын өзіңізге аударарыңыз сөзсіз.

Романтика. Көктем – махаббаттың, құлпырудың, нәзіктіктің мезгілі. Сондықтан бұл мерекеде романтикалық стилде киінгеніңіз да керемет болады. Ол үшін үлбіреген тор көйлектер киюдің де қажеті жоқ, тек ашық түсті, өзіңізге жарасымды түсті көйлек, белдемше, жейде кисеңіз, жетіп жатыр. Мүсініңізді сұлу етіп көрсететін әдемі көйлек киіп, биік өкшелі аяқ киіміңіз бен қолсөмкеңізді ұстап, шашыңызды қарапайым ғана үлгіде түйіп алсаңыз не буып алсаңыз, кештің сұлуы сіз болмақ. Аксессуарды қолданбағаныңыз жақсырақ болады.

МЕРЕКЕГЕ НЕ КИЕСІЗ?

Сурет: video-art-studio.ru

Міне, бүгін сен үй болдың…

Міне, бүгін сен үй болдың...Адамның мінезі деген белгілі бір қалыпқа құйып шығара салатын бұйым емес. Ол әркімнің өзінің алған тәлім-тәрбиесіне, көрген-білгеніне, ақыл-ойына, әр нәрсені салғастырып, өзін тежеп ұстай білуіне байланысты.

Өмірлік серігім деп бас қосқан жарыңды сыйлап, күте білу, оның артық-кемді мінездеріне түсініп, кешірімді болу – кішірейгендік емес, әдептілікке, білімділікке жатады. Ондай әйелдің семьяда, жолдас-жораларының арасында беделі жоғары, басы сыйлы болады. Әйел адам еркекті ашумен, бейпіл сөйлеп, беттен алумен жеңе алмайды. Ондай мінез жақсы жардың жанын жаралап, көңілін қалдырады. Халқымыздың «жақсы әйел жаман еркекті адам етеді, жақсы еркек жаман әйелді адам ете алмайды» дейтін мақалы осындай өмір шындығынан алынған болса керек.

Үлкен кісілер жас келінге риза болған жағдайда: «қосағыңмен қоса ағар, шырағым» деп батасын береді. Бұл сөзде де үлкен мағына жатыр. Бұл – тату-тәтті семья болып, сүйген жарыңмен жарасымды өмір сүру деген сөз. Мен де қыздарыма сол сүйген жарыңмен жарасымды өмір сүре біл дер едім.

Міне, бүгін сен сүйген жарыңа қосылып, өз алдыңа шаңырақ көтеріп, отау үй болдың. Отау иесі болу да оңай мәселе емес. Отау үйдің де, үлкен үйдің де өзіне лайықты әрқилы тірлігі, келетін қонағы, ағайынмен қарым-қатынасы болады. Солардың бәрінің де жөнін біліп, жолынан жығылмай отыру халқының салт, дәстүрін білуді талап етеді. Әрине, ондай салт, дәстүр дегенді адам іштен біліп тумайды, «көре-көре көсем боларсың…» дегендей, күнделікті өмірден, өзінің өсіп-өнген ортасынан, өзі қызмет істеген жердегі коллектив мүшелерімен, құрбы-замандастарымен араласу, бір-бірімен сырласып, ақыл-кеңес алу арқылы үйренеді. «Біз өз алдымызға үй болдық, енді ешкімге бағынышты емеспіз» деп, ұшқан ұяңды, аялап өсірген ата-анаңды ұмытып кетпей, демалыс күндерінде болсын, жұмыстан қалт етіп қолың босай қалған кезде болсын, оларға барып сәлем беріп тұрсаң үлкен кісілер соған да мәз болып, бір жасап қалады. Істелмей жатқан қатты-қайырым жұмыстары болса, істеп беріп кетсеңдер, анда-санда үйлеріңе шақырып, ақ дастарқандарыңды жайып, адал ниетпен дәс татырып тұрсаңдар, ауырып-сырқап қалған жағдайда барып көңілін сұрап, немесе дәрігерге апарып көрсетіп тұрсаңдар ананың ақ сүті мен әкенің адал еңбегін ақтағандарың сол болады.

Отау үйге жастар, яғни өз замандастарың көбірек үйір болады. Ол заңды да. Күйеуің даладан жолдастарын ертіп келгенде, оларды жылы жүзбен қарсы алып, сыйлап жөнелтсең, жігіттің жаны жадырап, көңілі көтеріліп қалады. Ал егер сен олар келгенде қабағыңды шытып, ас үйде аяқ-табағыңды салдырлатып жүрсең, келген қонағың еңсесі түсіп, үйіңнен шығып кетудің амалын қарастырады. Мұндай жағдайда қонақ кеткенннен кейін араларыңа кикілжің туып, жарыңның көңілі суыйды. «Үйге келген қонаққа тамағыңды берме, қабағыңды бер» деген нақыл бекерге айтылмаған. Үйге келген кісіні, мейлі ол туысқаның болсын, мейлі замандасың болсын, жарқын жүзбен қарсы алып, құрметтей білген жөн.

Кейде тіпті үй ішіндегі ұсақ-түйектер – киім-кешек, төсек-орынды таза ұстау, ыдыс-аяқ жуу, ас пісіру сияқты шаруалардың өзі де жас семьяның шырқын бұзуы мүмкін. Ұсақ-түйек дегенмен осылардың өзі де күнделікті тұрмыста қажетті шаруа болғандықтан отау иесінің бұларды да дұрыс игере білгені жөн. Қысқасы, әйел адамға сын да көп, мін де көп. Өйткені, оның үй шаруасында атқаруға тиісті жұмыстарының өзі басындағы шашынан асып жатады.

Қай заманда болса да семья бақыты әйел-анаға байланысты. Сондықтан әрбір әйел өз отының басын қоқытпай, үй ішін сәндеп жинау, ыдыс-аяғын таза ұстау, дәмді тамақ пісіруді өз міндетім деп түсінуі керек.

Жамал Байжанова «Семья бақыты» кітабынан үзінді.

АЙҚАРАКӨЗ ЖАУАП БЕРЕДІ немесе СҮЙІСУ КЕРЕК!

Сәлем, Айқаракөз!

Менің жасым 20-дан 21-ге өтіп барады. Бірақ, осы күнге дейін жігітпен жақын жүріп, онымен сүйісіп көрмеппін… Қасымдағы құрбыларым маған күледі. Ұяламын кейде. Соңғы кезде осының денсаулыққа кері әсері болмай ма деп уайымдап жүрмін. Түрлі орыс порталдарынан кеңестерді оқып жүрмін… Табиғатым солай ма, кім көрінгенге қолымды ұстата бергім келмейді. Көмектесіңізші!

Амина Айтжан, Алматы қаласынан

 

АЙҚАРАКӨЗ ЖАУАП БЕРЕДІ немесе СҮЙІСУ КЕРЕК! Амина, біз сізге кеңес бергеннен басқа еш көмек көрсете алмаймыз…

Сіздің 20 жасқа дейін жігітіңіздің болмауында екі себеп бар сияқты: сіз не шектен шыққан тәкаппарсыз, не бала махаббатыңызды әлі күнге сарыла күтудесіз. Қызға тән тәкаппарлықтың болғаны жақсы, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпей». Бірақ, «тұмсығыңызды көкке шүйіріп», кей жігіттің ойын ұнатпай, кей жігіттің бойын ұнатпай жүргеніңізде, кәрі қыз атанып қалуыңыз әбден мүмкін. Әрі «ақбоз атты ханзада» тек ертегіде ғана өмір сүреді. Ал екінші жағдайға келсек, сіз күтіп жүрген жанмен түбінде бақытты болуға сеніміңіз болмаса, қателесіп жүрсіз. Ол жан өмірін өз арнасымен сүріп жүрген болар. Тіпті сізді ойлайды ма? Жауапсыз махаббат, көзсіз ғашықтық үшін өміріңізді құрбан етуге болмайды. Сағынып жүріп, күтіп жүріп, тағы да кәрі қыз атанып қалу қаупі бар. Жаныңызда демеу беріп жүретін, сіздің ішкі әлеміңізді сөзсіз ұғатын, сыйлайтын жігіттің кездесетініне сеніміміз мол. Құрбыларыңызбен қыдырыңыз, көңілді кештерге барыңыз, жастар көп шоғырланатын орындарды жиі аралаңыз. Қазір танысуға мүмкіндік өте көп. Сіздің жасыңыз  — нағыз алып-ұшқан көңіл-күйдің жасы. Сондықтан жігітпен қатынас құрудан қорықпаңыз.

Сүйісу қыз бен жігіттің арасында романтиканы толықтыра түсетінін есептемегенде, адам ағзасына тигізетін пайдасы да көп.

Сүйісу – стресске төтеп беруші құрал. Дәрігерлер сүйісу процесі соңы түрлі  ауруларға алып келетін ашу-ыза негізінің асқынып кетуін баяулататынын, миға көп көлемде эндорфиндер бөлетінін дәлелдеп отыр.

Сүйісу кезінде тісіңізді кариестен қорғайтын және эмалін қатайтатын калций мен фосфорға бай сілекей бөлінеді.

Сүйіскенде бөлінетін сілекей құрамында жараның жазылуын жылдамдататын антибиотик бар екені дәлелденді. Аңдар денесіне түскен жараны жалау арқылы емдегені сияқты, сүйіскендегі сілекей құрамындағы зат та тез әсер етеді.

Сүйіскенде беттің 38 бұлшықетіне күш түседі, бет терісінің қан айналымы жақсарып, әжім баяу түседі.

Сүйісу кезінде адам орта есеппен 9 калория тастайды. Бұл орта есеп қана.

Ықылық атып, тоқтамай жатса, сүйісу арқылы тоқтатуға болады.

Сүйісу кезінде қан тамырлары кеңейіп, қысым кішкене көтеріліп, жүрек тез соғады (минутына әйелдерде – 108 соғысқа дейін, ерлерде – 110 соғысқа дейін), адам минуты 60 рет тыныс алады. Бұлардың бәрі организмдегі қан айналымды жақсартып, қосымша оттегі алуға көмектеседі.

Ерін мен ерін түйіскенде жыныстық гормондар іске қосылады.

Амина, көктем келеді, құлпырыңыз, бір сарынды күндеріңізге жаңа леп беріңіз!

 Сурет: cosmo.com.ua

БӨЛМЕ ГҮЛІН БАПТАҢЫЗ

БӨЛМЕ ГҮЛІН БАПТАҢЫЗ

 

Бөлме гүлдерінің ұзақ уақыт «ауырмай», жайқалып тұруының сыры неде деп ойлайсыз? Махаббатта. Гүлдермен де тірі жанмен сөйлескендей сөйлесіп, өз ілтипатыңды білдіріп, баптап, күтіп, махаббатпен қарап,  еркелетіп тұру қажет, олар да өздерінше қуана да, мұңая да алады екен. Және жақсылап баптауға тырысыңыз.

Бөлме гүлдерін күтудегі бірнеше кеңестерге назар аударыңыз.

Жарық. Гүлдер тікелей жарық түскенді «жақтыра бермейді».

Жел өті. Гүлдер жел өтінде (сквозняк) тұрып қалмауы керек. Жылы дымқыл топырақ пен суық жел гүл тамырын тез шірітіп жібереді.

Жайлы орын. Гүл егілген құмыраны теледидардың, музыкалық орталықтың және сол сияқтылардың жанына қоймауға тырысыңыз, вибрацияның да гүлге кері әсері бар.

Жылу әсері. Егер пәтеріңізде жылу еден астымен жүргізілген болса, арнайы гүл құмыраларын қоюға арналған демеуіштерді (подставка) қолданыңыз. Гүлдерді жылу жүргізілген батарейкадан да алысырақ ұстағаныңыз жөн.

Белгі. Құмыраңыздың күнге қараған бетіне белгі қойып қойыңыз. Өйткені, гүлді көп айналдыру оның жайқалуына кері әсерін тигізеді.

Тыңайтқыш. Тыңайтқыштарды уақтылы сеуіп отырыңыз және гүліңізге арнайы сай келетін тыңайтқышты пайдаланыңыз. Ол үшін гүл өсіруші мамандардың көмегіне сүйеніңіз не тыңайтқыш салынған қорап сыртындағы нұсқаулықпен танысыңыз.

Салмақ. Жапырағы үлкен бөлме гүлдерін төменге, еден үстіне қоюға тырысыңыз. Салмағын көтере алмай, морт кетуі мүмкін.

Суару. Гүлді таңертең суарып отырыңыз, бұл – қолайлы уақыт. Әрине сатушының кеңесіне де құлақ асқаныңыз жөн.

Ауру. Гүлдердің жапырағы бірден қурап, сынғыш келсе, ауруға шалдыққаны. Ол жағдайда мамандардың көмегіне сүйеніңіз.

 

Қоштасу неткен қиын еді…

Сүйіктісінен айрылғандарға таныс сезім шығар, ішкі дүниең босап, кеудеде сондай тыныштық орнайды. Түн батса жүрек сыздап, ұйқы қашып, уақыт та сенің жауың сияқты өтпей қояды. Мұндай жағдайларда жыла не, жылама не, бәрібір ештеме шешілмейтіні белгілі. Керісінше стресс, онсыз-ақ шаршап жүрген ағзаны одан сайын күйретіп, тері, шаш солғын тартып кетеді. Депрессиядан шығу үшін өзіңді қолға ал.

Read moreҚоштасу неткен қиын еді…