Сәлем, Айқаракөз!
Менің жасым 39-да. Төсек қатынасында болған жоқпын, әлі қызбын. Соңғы екі айда менің етеккірім келмей жүр. Менде климакс басталғаны ма? Мен енді бала туа алмаймын ба? (Айжан)
Жоғары дәрежелі гинеколог-дәрігер Айгүл Мейрамқызы жауап береді.
Климакс – ерлерде де, әйелдерде болатын құбылыс. Әйелдерде болатын климакс (менопауза) – әйел ағзасындағы зат алмасулар мен кейбір мүше қызметтерінің өзгеруіне алып келетін жыныстық гормондар синтезінің тез арада құлдырауы. Әйелдерде қалыпты климакс 50 жастан асқан соң басталады. Бұл кезде етеккір келуін тоқтатады, бала көтеру мүмкіндігі шектеледі. Климакстың негізгі белгілері: тершеңдік, әлсіздік, бас ауруы, дененің лезде ысып, лезде сууы, қалтырау, ашушаңдық, ұйқышылдық, шыдамсыздық, ұмытшақтық, депрессия, қан қысымының артуы (гипертония),жүректің тарсылдауы.
Климакс басталған әйел еш кедергісіз жыныстық қатынасқа түсе береді және бұрынғыдай тояттау (оргазм) сезімін де алады. Тіптен климакс басталғанда әйелдің төсек қатынасындағы белсенділігі артуы мүмкін: «екіқабат болып қаламын» деген қорқыныш миынан біржола жоғалады.
Климакстың ерте келуі әйелдерде 37 жастан басталады. Бұл – бүгінгі таңда жиі кездесіп жүрген жағдай. Климакстың ерте басталуының бірнеше себептері бар :
– гормонды дәрі-дәрмектерді көп қолдану;
– ішкі секреция бездерінің бұзылуы;
– гинекологиялық аурулар;
– онкологиялық аурулар;
– иммунитеттің тым төмендеп кетуі.
Айжан, сіздің етеккіріңіздің кешігуіне басқа да себептер әсер етуі мүмкін. Етеккірдің кешігу себептерін «Етеккірім неге кешікті?» атты жазбадан оқи аласыз. Әрине қорқынышыңыз орынды. Сондықтан гинекологқа қаралып, гормоныңызды тексертіңіз. Бәрінің анық қанығына жетіп, көз жеткізбейінше, асығыс шешім қабылдауды әдетке айналдырмаңыз. Жас ұлғайған сайын бала көтеру мүмкіндігі азаятынын ескеріңіз.
Сурет: anionzdorove.ru