Қарағым, айналайын кекілдім-ай…

Қарағым, айналайын кекілдім-ай...

Халқымыздың балаларға арналған ғұрыптарының бірі – айдар қою. Айдар тек ер балаларға қойылған. Айдар қойғанда баланың төбесіне бір шоқ шаш қалдырып, қалғанын ұстарамен қырып тастайды. Айдар шашты кейде желбіретіп бос жіберіп, кейде жіпке өткізілген маржанды шашқа қосып өріп, ұшына шашақ тағып қойған. Бала сүндетке отырып, мұсылмандық парыздан өткен соң, айдар шашын алып тастаған. Кейбірі мүшелге толғанша айдарлы болып жүреді. Көнекөз қариялардың айтуынша, төре тұқымының жігіттері де айдар қойған екен. Адамның көзі баладан бұрын ерекше көрініп тұрған айдар шашқа түседі. Кейінгі кездері айдарлы балаларды жиі көретін болдық. Бұл – қазақ үшін тосын нәрсе емес, бұрын болған, ата-бабаларымыз қолданған ғұрыптың жаңғыруы, ұмытқанды еске алып, ескерудің көрінісі.

Қарағым, айналайын кекілдім-ай...

Кекіл қою да – бабаларымыздан қалған ғұрып. Кекіл – ұлға да, қызға да жарасып тұратын шаш. Ұл балалардың маңдайына бір шөкім шаш қалдырып, ұшын тегістеп, қасына түспейтіндей етіп қиып, қалған шашын алып тастаған. Ал қыз бала-лардың негізгі шашына тиіспей, маңдайына кекіл түсірген. Ер балаларға тек кішкене кезінде қойылса, қыздардың бойжеткенде де кекілі болған. Мұны:

Қарағым, айналайын кекілдім-ай,

Аққудың көгілдірі секілдім-ай.

Алтынның қолда барда қадірі жоқ,

Қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай, – деп жігіттің қызға арнаған өлеңінен көруге болады. Кекіл қоюдың өміршеңдігі соншалық, әлі күнге дейін жалғасып келеді. Қазіргі шаш сәндеу үлгісінде кекілді жиі кездестіреміз. Кекіл көбінде қыздар мен жас келіншектерге әдемі жарасып, сән беріп тұрады. Тіпті бүгінде жасамыс әйелдердің өзі маңдайындағы әжімін көлегейлеп, кекіл қойып жүр.

Кекіл секілді тұлым қою ғұрпы да атам заманнан бар. Тұлым тек қыздарға қойылған. Екі самайдан құлақтың алдына төмен түсе желбіреп тұрған бір уыс шашты тұлым дейді. Қайсыбіреулер айтып, жазып жүргендей, кішкентай қыздар ғана емес, керісінше бойжеткендер де тұлым жіберген. Тұлым шаш қызды наздандырып бұла етіп көрсетеді. Өзінше сән беріп әрлендіріп тұрады. Мұны қылқалам шебері, суретші Әбілхан Қастеев атамыздың бұрынғы заман өміріндегі тұлымды арулар бейнеленген картиналардан көруге болады. Суретші қазақтың байырғы тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білген. Ол кісі – суреттері арқылы көргенін кейінгілерге қалдырған үлкен дарын иесі.

Қазақ қыздарының тұлымы ұзатылар кезде жиналып, бұрымына қосылып өріледі. Бұл – әке үйінің оң жағындағы қыз дәуренімен, ерке өмірімен қоштасудың бір белгісі. Тұлым кәмшат бөрікке, үкілі тақияға, моншақты сорабаға жарасқан. Ендігі жерде мұндай киіммен де, тұлыммен де қалыңдық біржола қоштасады. Ол бір жігітке – жар, бір елге келін болып, некеқиярда сәукеле киеді. Бір жыл бойы сәукеленің желегін салып жүреді. Содан кейін ғана күміс шеттікті, маржанды зермен кестеленген кимешек киеді. Қазақ әйелдері шашын қобыратып, самайын көрсетуді ұят санаған. Қазір де қыздардан тұлымды көріп жүрміз. Қазақтың қыздарына тұлым ерекше жарасып тұрады. Өкініштісі, мұны талайлар бізге бейнебір Батыстан келгендей қабылдап, бар жақсы бізге тек солардан жеткендей көріп жүр. Бұл да ғасырдан ғасыр өтіп келе жатқан өз ата-бабамыздың ғұрпы екенін біліп жүргеніміздің артықтығы жоқ деп ойлаймын.

  Зейнеп АХМЕТОВА

Суреттер: Интернеттен алынды.

Әр нәрсе өз уақытымен…

Әр нәрсе өз уақытымен...

Қазақ халқы әу бастан-ақ балаларын әдемі, бойына қонымды етіп киіндіріп, сәндік бұйымдарға көп мән берген. Өйткені балаға тікелей қадалатын жанар, көздегі назар күші алдымен киімге, әшекей заттарға түседі. Кейде өте әдемі балаға жөнсалдау, қоңырқай, жұпынылау киім кигізіп қоятын да болған. Қазір, Құдайға шүкір, ақшаң болса, бала киімінің небір түрін таңдап алуға болады. Бірақ кейде орынсыз шектен шығып та жүрміз. Олай дейтінім, 6-7 жасар бүлдіршін қыздарға үлкендер киетін сәнімен тігілген кеудесі кереқарыс ашық, жеңсіз қымбат көйлек, шынтағына дейін капрон қолғап кигізіп жүрміз. Ол аз болса, шашын бойжеткендерше төбесіне түйіп, ерніне – далап, қабағының үстіне – жылтырақ бояу, бетіне грим жағатын әдет шықты. Мұны кез келген той-думанда, балалардың концерттерінде көруге болады. Титімдей кезінен бояу жағылған соң, 16-17 жасқа келмей-ақ терісі ескіріп, олар табиғи нәзіктіктен айырылары анық. Әр нәрсе өз уақытымен, жолымен ылайықты. Жас балалардың бейкүнә періште қалпына, Алла жаратқан пәктігіне ерте қол сұғудың қажеті бар ма?! Қызық үшін басқадан ерекшеленіп, «мәдениетін» көрсету үшін кішкентай өрендерді жасандылыққа үйреткеннен не ұтамыз? Әсіресе жас ата-аналар осыны бір сәт ойлаулары керек-ақ. Айтпай кетуге болмайтын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Бүгінде қасиетті ислам дінін бетке ұстап, қазақтың табиғатында болмаған, салтында кездеспеген арабтардың хиджаб деген киімі жайлап бара жатыр (бұл – үлкен тақырып, бөлек әңгіме). «Бояушы «бояушы» дегенге сақалын бояйды» дегендей, басқамыздан «артық» мұсылман екенін көрсеткісі келген қыз-келіншектер өздерінің тұмшаланғанын аз көргендей, 4-5 жасар кішкентай қыздарына да хиджаб кигізетін болды. Байғұс бала не адымдап жүре алмайды, не асыр салып секіре алмайды. Арқа-жарқа ойнап жатқан балаларға мөлие қарап, шұбатылған қара көйлекке шырмалып тұрады. Әрине, ата-ана өз баласын қалай тәрбиелеймін десе де, еркі біледі. Бірақ өз басым, өзі үшін шешім қабылдай алмайтын бейкүнә бүлдіршіннің қайталанбас балалық бал дәуренін ұрлап, «балалық шағың – патша тағың» деген бабалар даналығын аяққа таптауды мұсылмандық дей алмаймын. 

Әр нәрсе өз уақытымен...

   Зейнеп АХМЕТОВА

Суреттер: Интернеттен алынды

 

 

Қызғаныштан қалай арылуға болады?

Қызғаныштан қалай арылуға болады?
Күйеуіңіз жұмыстан кешірек келіп, жаңа көмекші қыздың пайда болғанын айтып, онымен әңгімесі тез жарасып кеткенін сөз қыла ма?

Немесе, жігітіңіз сіздің құрбыңызбен жақсы достасып кетті ме?

Мұндай жағдайда белгісіздік пен шарасыздық бір уақытта алқымыңыздан алып, тыныштығыңызды кетіріп жатыр. Сүйіктіңізді біреу алып кетердей күйдесіз. Бұл – қызғаныш.

         Қызғаныш көре алмаушылыққа кішкене ұқсайды. Бұл – біреуде бар нәрсе өзіңізде жоқ болғанда қинайтын ыза мен өне бойдағы олқылықтың қосындысы. Әдетте көре алмаушылық пен қызғаныш өз-өзін төмен бағалауға, өз-өзін жек көруге алып келеді. Бұл құбылыстардан ешкім сақтана алмайды. Күндердің күнінде сізден де әдемі, сізден де ақылды біреу табылады, сонда осы сезімді бастан кешуіңіз бек мүмкін. Ол үшін ұялудың да қажеті жоқ, бәріміз тірі жанбыз. Тек қана дер кезінде тоқтата білу керек.

Қызғаныштан қалай құтылуға болады?

         Біз неге қызғанамыз осы? Жеке өмірді қызғаныштың ықпалынан ғана күл-талқан етіп жататындар қаншама. Сондықтан, өзіңізді «қызғаншақпын» деп ойласаңыз, біз ұсынатын бірнеше кеңеске құлақ асыңыз.

         Көре алмаушылық пен қызғаныштың ең басты зияны – адам өз өмірін бақылауда ұстай алмауы. Көпшілігі өзгенің әрекетін ойлап жүріп, өзіне назар аударуды ұмытады. Әрине қызғану арқылы сырт келбетіңізге көңіл бөліп, жаңа іспен айналысуды бастап, өз бағасын арттырып жататын жандар бар, бірақ, тым аз.

Сізге жағымсыз қасиеттен құтылудың бірнеше жолын ұсынып отырмыз.

  1. 1.     Бірінші кезекте, өз сезімдерін анықтап алу

Қызғанасыз, қызғанып тұрып, оны мойындамайсыз. Осылай көңіліңіздің тыныштығын бұзып, түсініксіз күйге түсесіз. Өз-өзіңізге іштей қызғанатыныңызды мойындаңыз. Бұл – қызғаныштан арылудың алғашқы қадамы.

  1. 2.     Қызғанышыңыздың себебін табыңыз

Әріптесіңіз өз жұмысынан ләззат алып, қызметі жоғарылап жатқанын көрсеңіз, іштей қызғанып қаларыңыз сөзсіз. Ондайда неліктен қызғанатыныңды түсінуге тырысыңыз. Мүмкін ол өз ісінің шебері болар?! Дәл солай күйеуіңізді не сүйіктіңізді неге қызғанатыныңыздың себебін түсінуге тырысыңыз. Күйеуіңізбен қызғанышыңыз жайлы ашық сөйлесіп көріңіз. Арты жанжалға ұласпауын қатты қадағалаңыз. Бұлай сырласу бір-біріңізді жақындастыра түседі.

  1. 3.     Болжамдарыңызға күмән келтіріңіз

Қызғанышыңыз қиялыңызды шарықтатып, күйеуіңізді бір қызбен «қолтықтастырып» қоятын болар? Немесе «мені тастап, басқаға кетеді» деген азғын ойлар маза бермей ме? Өз болжамдарыңызға бөгет қойыңыз. Ойға алған нәрсеңіздің жүзеге асатынын білетін боларсыз?! Сондықтан, ойыңызбен жамандық шақырмай, тек жақсы тұстарды ойлаңыз. Күйеуіңіз жұмысынан кешіксе, «басқа әйелге кетті» деп емес, «бір досын кездестіріп, сонымен жүрген болар» деп неге ойламасқа?!

  1. 4.     Шешім қабылдауға асықпаңыз

Құрбыңыз сүйіктіңізді басқа қызбен көргенін айтты ма? Ашуға булығып тұрған күйде арадағы қатынасты талқандауға асықпаңыз. Мүмкін құрбыңыз әдейі айтқан болар? Ол дос кейпіндегі дұшпаныңыз болар? Ол сіздердің махаббаттарыңыздың талқандалуын көздеген болар?

Оқиға орын алған уақытта бұрылыңыз да, кетіп қалыңыз не жалғыз қалыңыз. Оқиға суынған соң бәрі анықталады. Тіпті құрығанда, ертесіне өкініп отыратын іс істеуден аман қаласыз.

  1. 5.     Қызғанбаңыз, сүйсініңіз

Қызғаныш әдетте бір адамның бойынан өзіңде жоқ қасиетті не қылықты көрген кезде пайда болады. Өз қызғанышыңызды өзіңізді қамшылап отыратын құрал ретінде қолданыңыз. Қызғаныш тудырған адамның бойындағы қасиеттерді өзіңізде дамытуды қолға алыңыз. Көршіңіз сияқты арық, әдемі болуды қаласаңыз, спортпен шұғылданып, салмағыңызды ретке келтіріңіз. Сүйіктіңіз көз салды деген жанды да бақылап көріңіз. Мүмкін ол тазалыққа құмар адам болар, мүмкін ол өзін күтіп ұстайтын жан шығар. Адамның істегенін адам істейді, сіздің қолыңыздан да келетін дүние.

Кез келген адам бойының жақсы жақтарын өзіңізде ұлғайтыңыз. Қысылмай, қалай үйренгенін сұраңыз, кеңес алыңыз. Ойша қарсыласыңыз болған адамды кеңесшіңізге не «ұстазыңызға» айналдырыңыз.

Қызғаныш сезімдері бойыңызды билеп алса, оған себеп бар ма, жоқ па, соны анықтау керек. Ұнамсыз сезім – қызғаныштың пайдаңызға қызмет етуін бақылаңыз. Күдіктенген кейбір мәселелер рас боп шықса, еш қамықпаңыз. Бастысы – өзіңізге деген құрметтің жоғалып кетпегені.

Сурет: mirsovetov.ru

Сүндетке отырғаның — иманды болғаның…

сүндет той

Құрсақтой, шілдехана, бесіктой, қырқынан шығару, тұсаукесер деген сияқты бала өміріне қатысты тойлардың маңызы мен ерекшелігі жайлы сайттың «Дәстүрдің озығы бар…» бөлімінде айтып өттік. «Енді ұл баланың өміріндегі үлкен бір белес – сүндет жайлы, сүндеттой жайлы не білеміз, бүгінде сүндеттой қалай жасалып жүр» – осы жайлы сөз қозғамақпыз. Сонымен…

Сүндеттойдың ерекшелігі

Қазақ – титімдей жақсылығын жария етіп, қуанышын елге жайып жүретін, әрбір қуанышында шашуын шашып, тойлап жүретін халық әрі қашанда бір-біріне көңіл сыйлап, жақсылық тілеп жүреді. Қазақ халқының жан-жаққа ат шаптырып, хабар беріп жасайтын  атаулы тойларының бірі – сүндеттой. Сүндеттойға бүкіл ағайын-туған, нағашы-жиен, жекжат-жұрағат, дос-жаранның барлығы шақырылады. Бұрынырақта нағашы жұртына, құдаларға, ағайындарға, достарға дегендей, әрқайсысына арналып жеке үй тігілетін болған. Қонақтарды күтетін адамдар да белгіленетін. Осы күні ат шаптырылған, бәйге ұйымдастырылған, жамбы атқан, палуан күрестірген, теңге алған. Балаға арналатындықтан тай жарыс, құнан жарыс өткізілген. Баланы сүндетке отырғызып, қуанышын елмен бөлісу ата-ананың парызы болып есептеледі. Ал сүндеттой жасау – көзі тірі ата-әженің парызы, яғни ата-әже «немеремді сүндеттеп жатырмын» деп осы тойды өз аттарынан жасайды.

Ашамайлы атқа міндің,
Мұсылмандық таққа міндің,
Сүндетке отырғаның – иманды болғаның.
Тойын тойлап, думанды болғаның, – деп баланың көңілін өсіріп, дәрежесін көтеріп бағады.

Тілек сайтынан

Баланың өзі де кішкентайынан той-томалақты көріп өскендіктен, өзінің де сондай бір белестен өтетінін білгендіктен бұған психологиялық тұрғыдан дайын болады. Сонда да атасы мен әжесі ұл баланы «сен азамат боласың, жігіт боласың» деп құлағына сіңіріп өсірген. Әр жерде әртүрлі, тіпті өрескелдеу айтып жүргендер бар, бірақ бұрынырақта текті ата-әжелер балаға сүндеттеуді «сен сұлуланасың» деп жеткізген екен.

сүндет той

Кез келген ұл баланың арманы – жігіт болу, азамат болу, сол себепті ол да іштей бұл күнді күтеді, асығады. Осы күні балаға бастан-аяқ жаңа киім кидіреді. Екі иығына үкі қадайтын болған. Содан кейін өзінің ашамайлы бәсірелі тайына мінгізген, ал оның атына қоржын салған. Қасына сәнді киінген 1-2 бозбаланы ілестіріп, ағайын-туғанға тойдың қуанышын жеткізуге жіберетін болған.

Сүндеттойдың басқа тойлардан ерекшелігі

Тойға сүндеттелетін баланың өзі шақыратындығында. Тіпті жолаушы барып та шақырып келген. Себебі біреу арқылы айта салғанға «пәленше келіп айтып кетті», «біреуден айтып жіберіпті» деп шақырылған жақ кәдімгідей ренжіп қалған. Өйткені бұл – баланың есейгендігінің белгісі. Өз тойына шақырып келген балаға барған жерінде шашу шашады. Атының жалына орамал, шүберек байлап, қоржынына тәтті салған. Сыйлығын беріп жіберген. Ол бала ауылына келгенде «бізді де осы күнге жеткізсін» деген ниетпен елдің салған шашуынан барлығы бөлісіп алады екен.

Ал тойға келген туған-туыстар, жекжат-жұрағаттар балаға міндетті түрде сый алып келген. Тіпті кейбір туыстары бала тойға шақырып барған кезде-ақ атаған малын жетектетіп жіберген. Қазақта бала үшін нағашы жұртының орны бөлек. Баланың нағашы жұртынан,  бір жерде – «қырық серкеш», енді бірі – «қырық шұбар тай» дейді, яғни жиеннің нағашысынан алатын үлесі болады. Нағашы жұрты жиенінің сүндетке отыруына орай, ертеңгі күні төлі өсетіндей етіп, осы үлестің бір бөлігін – малын айдап келген. Оны өздеріне міндет әрі үлкен дәреже санаған.

Баланың, анығы ер-азаматтың ауқатты болуы осылай өзіне тиесілі жеке мал басының жиналуынан басталады. Бала ержеткенше осы малының басы көбейіп, өсе береді, оған тиіспеген. Ол кездегі байлар мен кедейлерді салыстыруға болмас, бірақ кедейдің баласына да «көңілі ортайып қалмасын», «еңсесі түспесін, өзгелерден өзін қор санамасын» деп бәсіресін беріп, сыйлықтарын берген.

Шамалары келгенше алдына мал салған. Өйткені қазақтар біріне-бірі қолғабыс жасаған, соны мәртебе санаған. Қалай болғанда да, бала сүндеттойында үлкен сыйға, құрметке ие болған. Кейде баланы сүндеттеп қойып, тойын ыңғайлы кезге қалдырады. Біз кіші немеремізді сүндетке отырғызғанымызбен, бүкіл қазақ халқы атап өткелі отырған атаның мерейтойына байланысты сүндеттойын әлі жасамадық. Атаның тойымен қабаттастырғымыз келмеді, әр тойды жеке өткізгенге не жетсін…

Ана парасатты болса, әже данышпан болады

Ана парасатты болса, әже данышпан болады

Бүгінгі қыздарға кесте тіктіріп, шұлық тоқыта алмаймыз. Өздеріне ұнаған матадан «қалаған үлгіде көйлек тігіп ал» деп мәжбүрлеу де мүмкін емес. Барлығы сатылады. Барлығы дайын. Өз басым күні бүгінге дейін шаршаған сәтте бір мезгіл кесте тіккенді жақсы көрем. Кестенің өрнегіне қарағанда адам бөтен ой ойламайды. Ойыңнан өрнек салып отырғанда тек соның әдемі болып шығуына көңіл бөлесің. Есіме түскен мына оқиғаны айта кетейін. 1974 жылы атаның туған күніне арнап әдемі екі жастыққап кестеледім. Әлі күнге дейін сақтаулы. Ата жастыққапты көргенде: «Мені ұзататын қыз құсап… Мынауың не?» – деді ашуланып. «Ата, кешіріңіз, мен мұны өз қолыммен сізге арнап тіктім», – дедім мен. Сонда барып атаның жүзі жылыды, әйтпесе лақтырып жіберер ме еді… «Қарай гөр, тура машинамен тіккендей», – деп еді сонда өз қолыммен тіккен еңбегімді бағалап. Қолдан істелген нәрсе бөлек болады. Бертінде екі немереме арнайы төркөрпе жасадым. Оны ана жер, мына жерден теберікке бергеннен жиналған маталардан құрадым. Ондай теберікке берілген бір жапырақ матаны біреуге бере алмайсың, қалай болса солай тастауға болмайды, мейілінше қажетке жаратқан жақсы. Төркөрпені тігіп жатқанымды көргенде «жұмыс істемегендіктен ерігіп тігесің ғой, әйтпесе бұл күнде не керектің бәрі дүкенде толып тұр» дегендер де болды. Өкініштісі, менің мұны мүлде басқа мақсатпен тіккенімді олар түсінбеді. Біріншіден, бұл – талай үлкен кісілердің теберігі, Құран оқылған жерден келген қыжымдар, пүліштер. Екіншіден, мен соны өз қолыммен тігіп отырмын. Ертеңгі күні мен өмірден өткен кезде Анарым (келіні) әжелерінің немерелеріне өз қолымен тіккенін айтып, мұны келіндеріне табыстайды. Қазақтың кез келген қолөнері атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа осылай жеткен жоқ па?! Өзіміздің қолөнерімізді осылай дамытып, түрлендіріп мұра етіп қалдырмадық па?! Әңгімемізді кішкентай қыздың жетіге толғанда құлағын тесіп, үлкен өмірге бағыттайтынымыздан бастадық. Өз басым, ылғый да жастардан бір нәрсені талап етуден бұрын оларға үлкендердің алдымен өздері үйретуі керек екенін, көрсетуі керек екенін айтып келем… Ал бұдан шығатын қорытынды – қыз тәрбиелі болса, келін өнегелі болады. Келін өнегелі болса, ана парасатты болады. Ана парасатты болса, әже данышпан болады. Өмір осылай жалғасады.

Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: shttuchka.ru

 

Келін өнегелі болса, ана парасатты болады

Келін өнегелі болса, ана парасатты болады

Бұл күндері қарап отырсақ, байлық па, барлық па, мақтаншақтық па, даңғазалық па, есіріктік пе, қалай дерімді білмеймін, титімдей бір-екі жасар қыздардың құлағын тесіп, алтын, тіпті бриллиант тасы бар қымбат сырға салғандарды көріп жүрміз. Осының қажеті қанша? Қазақ қыздың құлағын жеті жасында тескенін айтып өттік. Өйткені жетіге дейін ол қуыршағын ойнап, тұлымшағы желбіреп асыр салып, балалық дәуренді басынан өткеруге тиісті. Өкініштісі, бұл күнде осыған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Сырғаны тек сәндік үшін, әдемілік үшін салады деп түсінеді. Сол себептен тым кішкентай кезінен қыздарының құлағын тестіріп, қымбат тасты сырғаны салып жатады. Қазақ ештеңені жайдан-жай әрі негізсіз істемейтінін мен ылғый да айтып келем. Өз басым, 2-3 жасар титімдей қыздардың құлағының тесілгенін көргенде бір түрлі жаным ашиды. Кейбіреулер бұған аса қатты мән беріп қарамайтын да шығар, бірақ менің жүрегім ауырып қалады. «Әттеген-ай, мына бала балалықтан өтуі керек еді ғой…» деп ойлаймын мұндайды көргенде. Әр нәрсенің өз жолы болады, кез келген нәрсенің өз уақытымен жасалғаны дұрыс. Баланы ашамайға отырғызғанда жария етіп, дабыралатып өткізетінін айттық. Өйткені ұл бала – болашақта елін-жерін қорғайтын азамат. Сол себепті ертеден-ақ жаужүрек әрі намысшыл болып өсуі керектігін санасына сіңіреді, балаға жауапкершілік жүктейді. Ал қыз баланың құлағын тесуді әжелері мойнына алған. Анығы, бұл – отбасындағы әйел адамдардың, апа-жеңгелерінің бітіретін шаруасы. Қыздың құлағын тескен кезде ауылдың әйелдері, апа-жеңгелері жиналып келіп, шашуын шашып, кішігірім той-томалақ жасайды.        

Келін өнегелі болса, ана парасатты болады                                                                                                                           

Құлақты қалай тескен?

Құлақ тесерде алдымен сырғалығының екі жағынан екі тарыны сәйкестендіре қойып, жанын кетіре уқалайды. Содан кейін ғана отқа қыздырылып әбден тазаланған инемен тескен. Бұрынырақта, менің кішкентай кезімде, құлақты тескен соң бірден сырға салмай, иттің жүнінен ширатылып жасалған жіпті өткізіп қоятын болған. Өйткені ата-бабаларымыз, бір жағынан, итті «жеті қазынаның» бірі санаса, екіншіден, ит жүнінің белгілі бір қасиеттерін білген. Құлақты іріңдетпейтінін, ісірмейтінін әрі тез жазылып кетуіне әсер ететінін білгендіктен де, алдымен иттің жүнінен жасалған жіпті пайдаланған. Бұл күнде иттің жүнінің адам денсаулығына пайдалы екенін дәрігерлер де айтып жатыр. Иттің жүнінен жасалған белдемшелердің денсаулыққа пайдасы барын жарнамалап жатқанын теледидардан көріп те жүрміз. Өзгені қайдам, мұны біздің ата-бабаларымыз есте жоқ ескі замандардан-ақ білген. Ал кейбіреулер шайдың самасын өткізетін болған. Шай да – қасиетті шөп, өйткені шайдың                                                                                                                                  

қасиеті болмаса, бүкіл әлем халқы оны ішпес еді. Шайдың да құлақты қызартпайтын, ісірмейтін қасиеті бар. Осыдан кейін өзінің түкірігімен сулап, жаңағы сама немесе иттің жүнінен жасалған жіпті жылжытып, қозғап отырған. Осылай екі-үш күннің айналасында-ақ баланың құлағы жазылып кеткен. Әбден жазылған соң әжелеріміз қыздың құлағына күмістен соғылған сырғаны салғанды жөн көрген. Күміс – өте таза әрі емдік қасиеті мол металл. Күміс сырға таққан баланың құлағы ешқашан асқынып кетпеген, ауырмаған әрі құлақ күміске үйренген соң алтынға да тез бейімделеді. 

         …Қыздардың тәрбиесіне қатысты жайды әр сұхбаттарымда міндетті түрде айтып жүремін. «Үнемі қайталап айта береді» деп кейбіреулердің мені кінәлаулары да мүмкін. Бірақ қыз тәрбиесін назардан шығарып алғанымыз жасырын емес. Тәрбие тізгінін босатып алдық. Бұған қыздарымыздың қалай болса солай ашық-шашық киініп, кіндігін көрсетіп жүргені дәлел. Жас қыздардың көшеде ашықтан ашық темекі шегіп, сыра ішіп жүргендерін көріп жүрсек те, мән бермеуге айналдық. Олардың ертеңгі ана екенін естен шығарып жүрміз. Ал біздің ата-бабамыз балалық дәурені өтісімен қызға дұрыс тәрбие беруді қолға алған. Қыз – аз күнгі қонақ. Сондықтан да күні ертең келін болып түскен жерінде ата-анасына, ауылына сөз келтірмеуін алдын ала ойлаған.

  Зейнеп АХМЕТОВА

Суреттер: byt52.ru

Киім стилі адам жасына байланысты ма?

Жас ұлғайған сайын әйелдер қауымының киімге ғана емес, өмірге де кзқарасы өзгере береді. Өмірдегі бағалы дүниелер мен қадірлейтін қасиеттерді түсіне бастайды. Сәннің артынан қууы да басылады. Тіпті 30-дан асқан кейбір әйелдер талғамсыз киіне бастайды екен.

Адамдардың жасына қарай киінуі де өзгереді.

14-20 жас аралығы

Өмірде өз ойын, өз стилін іздейтін уақыт. Бұл жаста өзіне ұнағанын киіп, кез келген стилмен екінші бір стилдегі киімді «құрастырып» кие береді. Сәнді трендтердің көрінісін бір киінгенде көрсеткісі келеді. «Сәнге айналған» алқаны мойнына асып алып, аяғына ашық түсті не тізеге дейін шұлық киюі де мүмкін.

Киім стилі адам жасына байланысты ма?

20-25 жас аралығы

Бұл жаста өзіндік бағытты тауып не әлі де жетілу кезеңінде болады. Көптеген қыздар классикалық костюмдер киіп, өз жасынан әлдеқайда үлкен кқрінуі мүмкін. Жерге дейін төгіліп тұратын ұзындықтан тым қысқа белдемшелердің барлық түрін кие береді. Дәл осы жас аралығындағы қыздар сапалы косметика, киім мен ароматтарды тани бастайды. Сәнде болып жатқан әлемдік жаңалықтардан да хабардар болып жүреді. Әркімнің киіну стилі әр түрлі болады.

Киім стилі адам жасына байланысты ма?

25-30 жас аралығы

Ақыл тоқтата бастаған жас. Бұл жастағылар шашын күнде бұйралап, қызғылт түсті барынша аз қолдануға тырысады. Қыздар жас келіншек болады. Әйелге тән нәзіктік орнап, арзан әшекейлердің орнын бағалы алтын, гаухарлар басады. Алдында айшықталған мақсаттары — отбасылық өмір, карьера мақсат болады. Бұл жастағы киіну стилі классикалық үлгіде болады.

Киім стилі адам жасына байланысты ма?

30-40 жас аралығы

Ақыл тоқтатқан әйел, ана. Өз мүсінінің кемшіліктерін жақсы біледі, соған қарай киім таңдай алады. Киімдері түгелдей классикалық үлгіде болады және романтизмнен де біраз белгілер қосылады. Сапаға қатты мән беріп, тек сапалы киім, сапалы аяқ киім, сапалы әшекейді таңдайды.

Киім стилі адам жасына байланысты ма?

40-50 жас аралығы

Бұл жаста әйел уақыттың тез өтіп жатқанын байқып, жас күнін жиі аңсайды. Шашын бұрынғысынша жайып жүрмей, иықтан түсірмей, қысқа етіп кеседі. Биік аяқ киім кигеннен гөрі жайлысын таңдағанды жөн көреді. Әшекейден қымбат көрінетін, үлкен тастармен көмкерілгенін тағады. Боянуы бұрынғыдай көзге ұрып тұратындай емес, білінер-білінбес боп өзгереді. Киімдерінің түсі күңгірт түске ауыса бастайды. Өз жасының киімі қалай болу керек екенін, үлгі көрсету керек екенін анық біледі.

Киім стилі адам жасына байланысты ма?

Өмірге деген сүйіспеншілігіңіз өзгермесін!

 Суреттер: beauty.violet-lady.ru

Қыз тәрбиелі болса, келін өнегелі болады

 Қыз тәрбиелі болса, келін өнегелі болады

Өзге ұлттың қыз балаларын қайдам, біздің қазақтың қыздарының құлағын тесіп, сырға салу міндетті сияқты көрінеді. Құлағында сыңғырлаған сырғасы бар қазақ қыздары ерекше сұлу, ерекше әдемі. Сырға таққан қыздарға ақындар өлең арнап, сазгерлер сұлу ән шығарған. Сырғалы сұлуларын әнге қосып жүрген әншілер қаншама! Ал біз осы қарапайым өмірде қыздың құлағын не үшін тесетініне үңіліп көрдік пе? Жалпы, қазақ қыздарының құлағын қай жаста тескен? Құлақ тесіп, сырға салып қоюдың не мәні бар?

  Құлақ тесуде де тәрбие жатыр

Қазақта қыз баланың өміріндегі айтулы күн – құлағын тесу. Тоғыз жасты балиғатқа толған кез деп айтады екен, ал жеті – қазақ үшін қасиетті санның бірі. Қыздың құлағын көп жағдайда тек жеті жасынан бастап тескен. Тұлымшағы желбіреген кішкентай қыз жеті жасқа дейін қуыршақ ойнаған болса, құлағы тесілгеннен кейін оның мінез-құлқы бірден өзгереді. Осыдан бастап «сен енді сырғалы қыз болдың», «сырға таққан соң қыз санатына қосылдың, енді саған қуыршақ ойнау жараспайды» деп оның құлағына жайлап сіңіре береді. Бұдан былай ол қуыршақтың орнынан қолына кесте алады. Ою оюды үйренеді. Ол ендігі жерде жеңгелерінің қазан-ошақ жақта істеп жүрген істерін көретін болады. Құрт қайнатып, ірімшік жасап  жатқан апаларына көмектесіп, мән-жайын білмекке ұмтылады. Қыз баланың құлағын тек сәндік үшін, әдемілікке бола теспейді. Бұл да – тәрбиенің бір түрі. Мұны қыз баланың ертеңгі күні келін болуға дайындаудың алғашқы баспалдағы деп айтуға болады. Бұл – қыз баланы ісмерлікке, шеберлікке үйретудің басы. Ол біртіндеп үйдің шаруасына араласа  бастайды. Ұл баланы сүндетке отырғызған сияқты, қыздың құлағын тесу де – бірдей, ата-анаға парыз болып саналады. Жеті жастан бастап құлақ тескеннің белгілі бір заңдылығы бар. Ол осы күнді іштей асыға күтеді. Өйткені құлағын тескен соң қыз баланың мінез-құлқынан бастап, киетін киіміне дейін өзгереді. Қызға камзол мен әдемі етекті көйлекті құлағын тескен соң кигізетін болған. Осыдан соң-ақ ол өзін үлкен сезінеді, өзінің өміріне қажетті тірліктердің барлығын үйренуге тырысады. Саналы түрде соған бейімделеді, білмекке ұмтылады. Болашақ өмірге дайындықты осылай біртіндеп бастайды. Сол себепті де қыздардың құлағын тесерде абай болған жөн. «Салақтан олақ жаман» деген, қыз баланың салақ болуы, олақ болуы өзіне ғана емес, ата-анасы, қала берді ауыл-аймағына сын. Ондайды «өнеге көрмеген» дейді. Мұндайда, ең алдымен, ата-ананы кінәлайды. «Қызға қырық үйден тыйым» қыз баланың құлағын тесіп, сырға салғанынан басталады. Ол – «отырса – опақ, тұрса сопақ» етіп, тірсектен қағу деген емес, қыз – қырық үйден, қала берді қара күңнен де бір өнеге, бір үлгілі нәрсе үйрену деген сөз. Осыған дейін тұлымшағы желбіреп жүргенде оны баласынып ешкім елемеуі мүмкін. Ал құлағын тескен соң, үстіне көйлек-камзол кигізіп, шашын өріп қойғаннан кейін оны қыз болды деп есептеп, үлкендер жағы әрқайсысы өзінің бір өнегесін үйретуге тырысады.

                                                                                    Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: favim.ru 

Қазақтың тектілігі жылқымен де байланысты

Қазақтың тектілігі жылқымен де байланысты

 Бұрынырақта үлкендердің қадағалауымен, бақылауымен балалар арасында тайжарыс жиі өткізілген. Кез келген бала өз тайының бәрінен озып келетінін қалайды ғой, сол себепті тайды да соған бейімдеп баптаған. Ары қарай құнан жарыс, дөнен жарыстар болады. Бұл аралықта бала да есейеді, аты да балаға әбден үйренеді. Баланың шабандоз болып өсуінің себебі де осында. Қазақтың кез келген баласының ат құлағында ойнайтыны бала жасынан атқұмар болғандығында жатыр. Кез келген қазақ баласы аударыспақ, теңге алу сияқты ұлттық ойындарға еш жүрексінбей қойып кеткен. Көкпар тартқан, қыз қууға шыққан, бәйгеге шапқан қазақ баласының қанында жылқыға тән мінез, сұлулыққа құштарлық, қазақы болмыс осылай қалыптасады. Жылқы – текті, қасиетті мал. Шөпті таңдап жейді, судың тұнығын, тазасын ішеді. Жылқы арқылы баланың эстетикалық сезімі оянады. Желмен жарысып шапқан кезде балада ақындық, шешендік, жыраулық сезімдер туады, шабыт қысады. Ат үстінде өскен бала ірі әрі мәрт болған. Өмірін ат үстінде өткізген біздің халықтың дені де сау, тіпті үнемі қозғалыста жүріп, қан тарқататындықтан біздің қазақ қан қысымы дегенді білмеген. Бір қызығы, мыңғырған малы бар бай баласының өзі атқа мініп, жылқы баққан. Байдың баласы бола тұра қой, сиыр бақпағанмен, жылқышыларға еріп жылқы қараған. Ат үстінде өскен қазақтың ер-азаматы биіктікті, кеңдікті бағалай білген. Көңілі өр болған, желдей ескен ақ көңіл жомарт болған. Осы қасиеттердің барлығы қазақтың қанына жылқының тектілігімен қоса келген. Қазіргі темір тұлпар мінген қазақ баласында мұндай кесек мінез бен жомарттықтан гөрі менмендік, паңдық, өзгені көзге ілмейтін өркөкіректік басым. Өйткені темір – жансыз. Жансыз нәрсе адамның бойындағы шынайы қасиеттерді жұтып қояды. Әрине, машина мінген қазақтың бәрі бірдей деуден аулақпын. Бірақ жылқы мен темірді салыстырсақ, ұл баланың ер-азамат болып қалыптасуына жылқы малының әсері мол болғанын байқаймыз. Өкініштісі, бүгінде біз аттан ажырап қалдық. Қазіргі кездің өзінде байқасаңыздар, атбегілер мен жылқы баптайтындардың мінезі мүлде басқа. Олар – майда-шүйдеге көңіл бөлмейтін, жақсылық жасағысы келіп тұратын кесек мінезді, сөзге шешен адамдар. Ашамайға мінген кіп-кішкентай баланың көңілінің өсіп, өзгелерден ерекшеленіп, өзгеше сезімге бөленетіні де сондықтан.

Қазақтың қыздары да шабандоз болған, кішкентайынан атқа мініп үйренген. Ұл балалардай дабырайтып шашу шашып, ашамайға мінгізбегенмен, қыз балаға да лайықталып ашамай ер жасалған. Қыздарды атқа мінгізуге тек ағалары үйрететін болған. Жаугершілік заманда әкелерімен, ағаларымен бірге жауға шапқан, соғыс кезінде олардың оққағарындай болып жүрген қазақтың қыздары жайлы тарихтан да белгілі. «Қыз қууда» небір жігіттерді қамшымен осып түсетін қыздардың барлығы да атқа мініп өскен, яғни оларға ағалары атқа мінуді кішкентайынан-ақ үйреткен. Қыздардың да сәнімен айшықталған, күмістеліп жасалған өз ер-тұрмандары болған. Бұрынырақта тіпті кейбір ауқаттылар қызын ұзатқанда берген ер-тұрманының өзі әкелінген қалыңмал құнынан асып түскен екен…    

 Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: uh.ru

Ашамайға мінгізудің мәні

Ашамайға мінгізудің мәніБаланы үлкен аталарының бірі қолтығынан көтеріп тайына мінгізеді. Тайына мінген бала ағайын-туғанына барып, ауыл аралайды. Олар шашу шашып,  баланың тайы мен ашамайына көрімдік береді. Бұл жолы балаға міндетті түрде ерге қажет ат әбзелдерін тарту етеді, қамшы сыйланады. Бұл да – қазақтың өзінің салты. Көшпенді халық болғандықтан әркімнің өзінің жеке ер-тұрманы болған. Өйткені аттың табылуы оңай болғанымен ер табу қиын. Сол себепті де тайына мініп келген балаға барынша тек ер-тұрман жабдықтарын сыйлаған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ баласының атқа мінуі таңсық емес. Сөйте тұра «жайдағыңнан жаяу артық» деп жайдақ атқа мінуді қош көрмеген. Ауыл арасында апыл-ғұпыл асығыста мал қайыруға болмаса, былайынша жайдақ атқа мінгенді қазақтың баласы намыс санап өскен. Сол себепті де әр азамат алдымен ер-тұрманын сайлаған.

Үлкендер жағы «міне, сен ат жалын тартып мінер жігіт болдың» деп бұдан кейін  өзінің жеке тайы бар екенін балаға ұғындырып өсірген. Ашамайға мінудің ерекшелігі – ендігі жерде баланың өзінің ер-тұрманы, өзінің басыбайлы тайы болғандығында. Көшіп-қонған кезде де бұрынғыдай ата-анасының алдында отырмайды, яғни енді бәсіресі, өзінің жекеменшік тайы бар. Ашамайға мінгізу баланы еңбекке баулудың алғашқы баспалдағы деуге болады. Олай дейтініміз, кез келген бала өзінің бәсіре тайын ендігі жерде өзі бағып-қағады. Оны уақытымен жемдеп, уақытымен суарып, жал-құйрығын, үстін тарап, күтімге алады. Бала тайының алдында жауапты екенін, сол тайдың иесі өзі екенін сезініп өседі. Ендігі жерде тайдың күтіміне өзі жауап береді. Сонымен қатар ол бір ғана бәсіре тайды бағып-қағудың айналасында қаншама жаңа сөздерді үйренеді. Бұрын сөздік қорында болмаған жылқыға қатысты қаншама сөз баланың санасына сіңеді. Айталық, терлік, тоқым, үзеңгі, айыл, ер-тоқым, жүген, ауыздық, шідер, құрық, т.б…  Ол бұл атауларды үйреніп қана қоймайды, қалай қолданылуын да меңгереді. Бірте-бірте бала тайына мініп, өз үйінің қозы-лағын қарап, өз шаруасына араласа бастайды. Сол себепті де қазақтың баласы кішкентайынан мал танып өседі. Ол жауапкершілікке осы бастан үйренеді. Ерте есейеді, ақылы толысады, ой-санасы өседі, салмақты, байсалды мінез қалыптасады. Әсілі, біздің қазақтың балалары, қыз болсын, ұл болсын, ойыншықпен көп ойнамаған. Оларда көп ойыншық та болмаған. Ал қазіргі отызға келген жігіттерге қарап, балалығы әлі қалмағанын байқаймыз. Бүгінде баласы бар қай үйге барсақ та, бөлме толы ойыншықты көреміз. Отбасында нақты шешім шығара алмайтын, аталы сөзді ұғынбайтын ұрпақтың көбейгенінің бір ұшы осында да жатыр. Бұрынырақта керісінше, баланың ойыншықпен ойнағаны көпке созылмаған…

Кішкентай қазақты жауынгер, шабандоз әрі ер-азамат етіп тәрбиелеудің басы – осы ашамайлы тайға мінгізуден басталады. Лездің арасында көшуге, ашамайын ерттей салуға  қазақ баласы кез келген уақытта дайын болған. Демнің арасында киіз үй тігуге де қазақ баласы ерте машықтанған, яғни жинақылыққа, сақтыққа бейімделіп өскен.

 Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: xrest.ru

Ашамайға мінгізу — еңбекке баулудың басы

Ашамайға мінгізу - еңбекке баулудың басы

«Балаң ат жалын тартып мінді» деген сөзді жиі естиміз. «Ашамайға мінетін жасқа келіпті» деп жатамыз. Көшпенді халықтың баласы онсыз да ес білгеннен атқа мініп өседі. Бала өміріндегі қуанышты әрі атаулы күндерінің бірі – ашамайлы тайға міну. Әрине, қазақ баласы үшін атқа міну таңсық емес. Қыз болсын, ұл болсын, 2-3 жасынан бастап-ақ атқа мінген әке-шешесінің алдында отыратын болған. Өйткені халықтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты көшіп-қонуы, жолаушы жүруі немесе екінші ауылға қонаққа баруы дегендей, бала үлкендердің алдына отырып атқа мінген. Қазақтың кез келген баласы кішкентайынан атқа үйірсек болып өседі. Жылап жатқан балаға «атқа мінгізем» дегенде жылауын қоятыны да біраз жайды аңғартпай ма?! Баланың өзіне арналған бәсіреге ата-анасы арнайы ашамай жасатады. Ашамай дегеніміз – екі қасы Х әрпі сияқты болып жасалатын балаға арналған айшықты ер. Баланың аяғы қысқа болғандықтан, ашамайға үзеңгі салынбайды. Жабағы жүннен жасалатын терлікті де, оның үстінен салынатын тоқымды да баланікі болғандықтан көз тартатындай әдемілеп, жиектерін шашақтап, кестелеп, сәнді етіп жасайтын болған. Ашамайдың үстіндегі аткөрпе де балаға лайықталып тігілген. Осының үстінен тепкішек салынады. Тепкішек («аяққап» деп те атайды) киізден жасалады. Сыртынан қатипа, шұға сияқты маталармен қаптап, ою-өрнек салады әрі балаға арналғандықтан айналасын шашақтап қоятын болған. Тепкішек қоржынға ұқсайды, бала атқа мінген кезде екі аяғын тепкішекке салады. Ашамайлы тайға мінетін күні баланы әдемілеп киіндіреді.

Шашу шашылып, тілек айтылады.
Бәсіре тайың пыраққа айналсын!
Мінген ашамайың таққа айналсын!
Айналаң толы қауым болсын!
Лайым жолың болсын!
Тілейік біз ақ тілек,
Атқа жақсы шаба біл!
Жасыңнан малды баға біл!
Оқу-өнер таба біл!
Ел-жұртыңа жаға біл!

Тілек сайтынан

Аумин, жолың ақ болсын! – деп бата беріледі (бұл бір ғана нұсқасы). Тілек пен батаның адамға рухани күш беретінін мен үнемі айтып келем. Жақсы тілек естіп, бата алып өскен бала жақсылыққа құмар болады, естігенін ұмытпайды. «Пәлен атамның берген батасы», «түген әжем маған осындай тілек айтқан» деп үнемі айтып жүретін болған.

Бала жасындағыны ұмытпайды

Бала жасындағыны ұмытпайдыӘр адамның болмысы, мінез-құлқы, айналасымен қарым-қатынасы әртүрлі ғой, біреу қатал, біреу мейірімді дегендей, кейбір адам өзімшілдеу болады. Осы бір өзімшілдіктің бауырына салған балаға зияны да бар. Кейбір жастау әжелер өзімсініп «ап дегенде аузымнан түстің», «сені өзім тудым, өзімнің баламсың» деп баланың тілін қызық көріп, әкесін боқтатып, шешесін жамандатып өсіреді. Осының өзі балаға үлкен зиян тигізетінін өзімшіл ата-әже ойлай бермейді. «Бұрын туған бұрын өледі» дегендей, өзін баққан ата-әже өмірден өткенде бала өз ата-анасына, өз бауырларына жұғыса алмай жетімсірейді. Өзін жалғыз қалғандай сезінеді әрі аттарын атап үйреткендіктен, әкесін – «әке», шешесін «апа» дей алмай, қатты тығырыққа тіреледі. Бұл жан дүниесіне қатты әсер етеді. Іші біліп тұрса да, өз ата-анасына, өз бауырларына қосыла алмайды. Әрине, барлық ата-әже немерені осылай тәрбиелейді деуден аулақпын. Десе де, ішінара осындай жайттар да кездесіп жатады. Ақылды ата-әжелер баланы ешқашан біржола бөлмей, ата-анасын білгізіп өсіреді. Анасының ақ сүтінен ажыратпайды. Өкінішке қарай, кеңестік кезеңнің орнауына, бүкіл қоғамдық құрылыстың іргетасы өзгеше қалануына байланысты әдемі дәстүр жойылып, ұрпақ жалғастығы үзіліп қалғандай болды… Балабақша бар ғой деп ойлаулары мүмкін баз біреулер. Шынын айту керек, балабақша – ата-аналары жұмыс істеу үшін ойластырылған заманның қажеттілігі. Балабақшаның тәрбиесі мен ата-әженің тәрбиесін салыстыруға келмейді. Өйткені ата мен әже – шежіре, олар ата-бабасынан  бері қарайғының барлығын балаға үйретеді. Ал балабақшада бірдей тамақ ішетіні, бір өлеңді жаттайтыны, бір бөлмеде бәрі бір уақытта ұйықтайтыны, яғни жалпыға бірдей тәрбие берілетіні айтпаса да түсінікті. Бұл жерде бала тұлғалық қасиеттен айырылады, жеке адам ретінде қалыптаса алмайды, өзіне ғана тән болмысы жойылады. Балабақшада өскен баланың есінде ештеңе қалмайды. Үйренген тақпағын ғана ұмытпауы мүмкін, ал ата-әженің бауырында өскен бала жеке тәрбие алады. Бұл – өте үлкен мәселе. Әрине, мұны қазір біз өзгерте алмаймыз. Өйткені уақыт сондай, сондай кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Өкініштісі, қазіргі ата-әже – бір-екі баламен тоқтап қалып, қызметті бірінші кезекке қойған адамдар. Оларды кінәлауға болмайды, заманы солай болды. Бұл әжелердің бұрынғы әжелермен салыстырғанда өмір сүру қалпы өзгерген. Немере тәрбиесіне аса көңіл аударғысы келмейді. Көпке топырақ шашудан аулақпын, құдайға шүкір, немерелерін жетектеп жүрген ата-әжелер арамызда бар. Қалай десек те, ата мен әже көрген бала мейірімді, адал, тілалғыш болып, үлкенді сыйлап өседі. Әжесінің бауырында өскен бала әңгімешіл, сөзді тауып айтады, нықтап айтады. Қазақтың кез келген баласын тек өз ата-әжесі емес, бүкіл ауылдың абыз аталары мен өнегелі әжелері қамқорлығына алған. Ауыл ақсақалдары мен әжелері «пәленнің баласы ғой», «түгеншенің немересі ғой» деп еркелеткен. Тіпті баланың өз ата-әжесі өмірден өтіп кеткеннен соң да баланың әлдебір тентектігіне түсіністікпен, ағаттығына кешіріммен қарап, «ой, ол пәленшенің еркесі еді ғой, еркелегені шығар», «атасы мен әжесінің көзін көрген біз бармыз ғой, еркелігі басылар» дейді. Ата-әжесінің көзін көргендер сырттай қамқорлығын білдіріп, көрген кезде ақыл-кеңесін айтып, арқасынан қағып, маңдайынан сүйіп жатады. Қарап тұрсаңыз, мұның өзі – тәрбие. Өкініштісі, бүгінде біз сөз етіп отырған тәрбие жалғастығы үзілген. Көптеген жастарымыз бірге туған аға-әпкелерінен басқа  туыстарын танымайды, жеті атасын білмейді. Оларда қаншылдық пен бауырмалдық сезім азайған. Туыстық атауларды ұмыттық. Көбінде «племяннигім», «двоюродной ағам» деп түсіндіруге үйірміз. Мұның барлығы туыстарды алыстата түседі.

Балалы үй – базар…                                   

Баласы жоқ отбасылар жаттан емес, ағайын-туғанының баласын алатын болған. Мұны бауырына салу деп емес, асырап алу деп атайды. Аты қойылған бала болса, атын өзгертіп қойып, қолына асықты жілік ұстатып, той жасап, етегіне түсіріп асырап алған жағдайдар қазақ отбасыларында болған. Жақынына баласын бергендер ол баланы қайтарып ала алмайды. Баласы жоқ туысына қиып бергендіктен ағайын-туғанның алдында, Алланың алдында балаға таласпаған. Рас, бағып алған ата-ана балаға дұрыс қарамай, өз дәрежесінде тәрбиелемеген жағдайда ағайын-туғанның араласуымен бұл мәселені бір жақты етіп шешуге тырысады. Ондай жағдай өте сирек кездескен. Балаға аңсап жеткен отбасы мұндай өрескелдікке бармаған. Сондықтан бауырына салу ата-әжелерге тән болса, асырап алу – мүлде басқа. Бауырына салған бала өз ата-анасын біледі, ал асырап алған бала қайтпайды, ол – сол үйдің атын шығарып, сол шаңырақты ұстап қалатын бала. Бұлардың айырмашылығы – осы, екеуін шатастыруға болмайды. Ауылдағы үлкендер жағы ауыздарына берік болады, ал асырап алған баланың құпиясын ашқан адам жазаланатын болған.

Жасында көргені жоқтың өскенде айтары жоқ

Ата мен әже тәрбиелеген бала ерте есейеді. Ертеректе немересін бауырына салған аталар немересін сүндетке отырғызғаннан кейін-ақ қайтыс болған адамға топырақ салуға жетектеп алып барған. Өйткені бала тек қана той-жиын көріп өспеуі керек. Өмір бар жерде өлім бар екенін, ертеңгі күні сол әжесінен, атасынан немесе басқа туыстарынан осылай айырылып қалатынын,  екінші қайтып көрмейтінін бала сезінуі керек. Сонда ол баланың бойында ерекше мейірімі, ата-әжесіне деген ерекше ықыласы болады, ата-анасын ардақтайтын болады. Өмірдің бәрі тек қана қызық-қуаныштан тұрмайтынын ұғынғымыз келмейді, мән бермейміз. Өкінішке қарай, қазір «шошынады» деп балаларды өлімге ертіп апармайды. Өмір дегенің сырғып өте шығатын тақта жол емес қой, өрге де өрлейсің, төмен де сырғисың. Тек қана жиын-тойға барып үйренген, өлімнің басында болмаған, қабірге топырақ салмаған бала өзінің басына сондай жағдай түскенде не істерін білмей, есеңгіреп кетеді. Ал біздің қазақтың балалары кішкентайынан барлығын біліп өскен. Бозбала жігіттердің өзі той-томалақты былай қойғанда, өлімді жөнелтудің бүкіл жөн-жобасын білген. Сондықтан сүндетке отырған баланы топырақты өлімге  апару керек, бала көріп өскені дұрыс.  Топырақ салуды көрген баланың ішкі жан дүниесінде өзгеріс пайда болады. «Күндердің күнінде мен де атамнан немесе әжемнен айырылып қалады екенмін ғой…» деп басқаша ойлай бастайды. Ой-өрісіне өзгеріс енеді. Бұл да – ата-әженің тәрбиесі. «Балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» дейді, ата-әжені соңғы сапарға шығарып салатын да – сол немере. Мүмкін болғанша немере сүйіп отырған ата-әжелер бір сәт немереге көңіл бөліп, оның тәрбиесіне үлес қосуы керек. Немере баққан ата-әжелердің өмір жасы да мейлінше «ұзарып» отырған. Олай дейтінім, бір жағынан, періштедей пәк сәбиден атасы мен әжесіне жақсы энергия тарайды, екіншіден, үлкендерді үміт атты үлкен күш жетелейді. «Ойпырым-ай, осы шырағымның атқа мінгенін, мектепке барғанын көрсем, азамат болғанын, үйленгенін көрсем…» деп армандап, алға қарай үміт сүйреу арқылы қазақтың ата-әжелері ұзақ жасаған.

  Зейнеп АХМЕТОВА

 Сурет: ameno.ru

Бауырына салу қазаққа ғана тән

 Бауырына салу қазаққа ғана тән Әдетте үйдің тұңғышы үйленіп, дүниеге сәби келгенде атасы мен әжесі немерені бауырына салып жатады. Тіпті өздерінің баласы қылып «меншіктеп» алатын ата-әжелер жетерлік. Баланың туған ата-анасы да «атасының баласы», «әжесінің баласы» деп ата мен әжеге қарай икемдейді.  Қандай халықтың болсын өзіне тән өзгеден ерекшелендіріп тұратын салт-дәстүрлері, дағдылары бар. Бауырына салу деген бізбен қатар өмір сүріп жатқан халықтардың ішінде тек қазаққа ғана тән. Әрине, өзге ұлттар да немерелеріне қамқорлық көрсетеді, бағады, қарайды. Ал қазақтың ерекшелігі сол, тұңғыш немерені міндетті түрде атасы мен әжесі бауырына салған. Ол сол үйдің кенжесі болып өседі. Бұл, бір жағынан, «он үште отау иесі» болған жас отбасына деген қамқорлық болса керек. Екіншіден, баланы тәрбиелеуде өздері әлі жас ұл мен келіннің тәжірибесінің аздығын білгендіктен де, немерені бауырына салған, яғни бауырына салу – немерені уызына жаритындай етіп тәрбиелеуге атсалысу.

  Бала – балым, баламның баласы – жаным                                                                                                                                                                  

Өйткені ата мен әже – көпті көрген, өмірдің талай белестерінен өткен, жақсылы-жаманды өмір кешкен тәжірибесі мол адамдар. Ата-әже тәрбиелеген баланың, біріншіден, тілі ерте шығады. Себебі үлкен кісілер әрбір сөзді анық айтады, баламен үлкен адамша сөйлеседі. Бала жүре бастағаннан-ақ өздерімен үнемі ертіп жүретін болған. Бала кішкентайынан үлкендердің әңгімесін тыңдап өседі. Үнемі үлкендердің қасында жүретіндіктен бала атасы мен әжесінің тең тұстарын «пәленше атам», «түгенше әжем» деп солардың барлығын өңдеп-түстеп, кімнің кім екенін біліп, туысқанын танып өседі. Бала әке-шешесін біліп тұрса да «атамның баласымын», «әжемнің баласымын» деп жөн сұрағандарға ата-әжесінің аттарын айтып жатады.  Қонаққа барған балаға әдетте құлақ беріп жатамыз. Бұл да негізсіз емес. «Жақсы сөзге құлағы түрік болсын», «жақсы сөзді көп естісін», «ұғымтал әрі зерек болсын» деген ниет жатыр мұның астарында. Содан да болар, атасына еріп қонаққа барған бала да міндетті түрде құлақ күтіп отыратын болған. Қалай десек те, үлкен кісілердің сөздері орнықты, олар күнделікті күйбең тірліктің айналасындағы әңгімені айтпайды. Өздері бас қосқан кезде өткен-кеткен шежіреден, тарихтан әңгіме қозғайды. Ел ішіндегі әртүрлі түйткілді мәселелер, сол қоғамдағы болып жатқан жағдайлар үлкен кісілер арқылы баланың құлағына сіңеді.

       Зейнеп АХМЕТОВА

Тұсаукесердің мәні

Тұсаукесердің мәніЕнді бір сәт сәл шегініс жасап көрейікші, көпті көрген қариялардың ақ батасы…

 Халыққа қалаулы, елге танымал болып жүрген ер-азаматтың немесе көпке сыйлы болып жүрген келіншектің жақсы ниетімен кесілген баланың тұсауы… Содан кейін күш-қуаты тасып, ентігіп жүгіріп келген балалар, олардың ып-ыстық алақандары… Осының барлығы алғашқы қадамын тәй-тәйлап басқан баланың ендігі жерде сүрінбеуі, басқан қадамының сәтті болуы, бастысы, «аяғын нық бассын, өзінің туған жерінде аяғын нық басып жүрсін» деген тілекке толы ғой. Мінеки, олай болатын болса тұсау кесе салу қалай болса солай өткізе салып, көрер көзді алдайтын «бутафория» емес, яғни тек әйелдер жиналып, тек кейуаналарға тұсау кескізіп жай өткізе салуға болмайды. Бұл – баланың үлкен өмірге алар жолдамасы, тойдың басы, өмірге бастар қадамның алғашқы баспалдағы. Бұл – «баламыз жақсы азаматқа ұқсасын, қадамы сәтті болсын, өмірінде кездесер жақсылық пен жамандықты тең көтеріп өтсін» деген ниет-пейілі бар астары ауқымды, мағынасы терең салтымыздың бірі. Тұсаукесерде шашу шашылып, тұсаукесер жыры айтылады. Бір өкініштісі:

                               Күрмеуіңді шешейік,

                               Тұсауыңды кесейік,

                               Қаз-қаз, балам, қаз, балам,

                               Қадам бассаң мәз болам,

                               Тағы-тағы баса ғой,

                               Тақымыңды жаз, балам,

                               Қаз баса ғой, қарағым,

                               Құтты болсын қадамың! – деп басталатын әдемі әуен, игі тілекке толы тұсаукесер жырын қазір көп адамдар, әсіресе жастар біле бермейді…

Тұсаукесердің мәні

 Ырым жақсы ниеттен туады

Тұсауды тек ала жіппен емес, «іші-сырты майлы, малды болсын» деп тоқ ішекпен, «жайқалып өссін» деп көк шөппен кескен. Әркім өзі білген, қалай болғанда да тілектің артықтығы жоқ. Барлығының ниеті түзу, тілегі бір. Біздің ұлтқа қатысты кез келген жөн-жоралғыны барлық қағидаларын сақтай отырып шын ниетпен өткізсе, қабыл болады. Тіпті ала жіпті де «сондай күнге жетейін» деп ырымдап алып жатады. Мен 90-жылдардың аяғында үш жылдай Алматы облыстық «Балбөбек» қорын басқарған болатынмын. Біздің қорымыз Жетім балалар үйімен көп байланыс жасады. Жұмыс бабымен Есік қаласындағы сәбилер үйінде болғаным бар. Сол кездегі сәбилердің 80 пайыздайы өзіміздің қазақтың балалары екен. Жаңадан тәй-тәйлап жүрген балалардың тұсауы кесілмегенін тәрбиешілерден білдім. Өйткені сәбилер үйінде ешқашан тұсау кесу, сүндетке отырғызу деген сияқты дәстүр-салттарымыз өткізілмейді екен. Осы жай мені қатты ойландырды. Бұл балалар онсыз да тағдырдың тәлкегіне түскен, тумай жатып ата-анадан ажырап, мейірімге зәру болғандар, ана сүтін татпағандар. Сонда ең болмаса тұсауы кесілмеген балалардың ендігі өмірлері қалай болады? Осындай ойлар маған маза бермеді. Өйткені өз басым өзгеде шаруам жоқ, қазақтың бүкіл салтына қатты сенетін адаммын. Ауданның басшысы Құдайберген Орынбетов деген жігіт болатын. Бұл күнде марқұм болып кетті. Соған кіріп, мән-жайды түсіндірдім. Бүкіл жөн-жоралғысымен аудандағы үлкен бір шара ретінде сәбилер үйінде тұсаукесер өткізсек деген ойды жеткіздім. Бұған қатты дайындалдық. Облыстық, аудандық басылымдарға хабарландырулар берілді. Бастамамыз облыстық әкімшіліктен қолдау тапты. Тұсауы кесілетін 17 сәбидің басына үкілеп тақия, үстеріне ұлттық киім тіккіздік. Алдын ала «тойға атсалысыңыздар, тойға шашу әкеліңіздер» деп хабарланғандықтан, ел құрқол келген жоқ. Кәсіпкерлер сәбилер үйіне қажетті тұрмыстық заттарын көтеріп, ауданның қарапайым жұрты кішігірім сый-сияпатымен келді. Ел ағалары, елдің ықыласына бөленген азаматшалар 17 баланың тұсауын кесті. Әр балаға кейін де қарайласып, көмек қолын созып тұратын өкіл әке, өкіл шеше дайындалды. Олар аудан әкімдері, іс басында жүрген үлкен азаматтар болатын. Тағдырынан таршылық көрген сол балалардың бірінің өкіл әке-шешесі марқұм Заманбек пен Мақпал болып еді (сол кезде З.Нұрқаділов Алматы облысының әкімі болған)… Заманбек сол кезде сәбилер үйіне шағын автобус сыйға тартты. Қаншама сыйлық беріліп, қаншама тілек айтылды. Ұлан-асыр той, әсем ән, төгілген күй, тек балалардың тұсауы кесіліп қоймай, сәбилер үйінің кем-кетігі де толықты. Мен мұны мақтанып айтып отырғаным жоқ, бұл көпке үлгі болған игілікті шара еді. Құдайдың құдіреті, елдің тілегі, аталардың берген баталары қабыл болып, тұсауы кесілген сол 17 бала көп өтпей-ақ ата-аналы болды. Бір-бір қазақ отбасысы сол балаларды алып кетті. Міне, бата мен тілектің орындалатындығының, салтымыздың өзімізге ғана жұғысты болатынының бір дәлелі.

                                                                                           Зейнеп АХМЕТОВА

Суреттер: vokina.livejournal.com, bookformama.com


Қайшымен тұсау кеспеген

Қайшымен тұсау кеспеген  Бала өміріндегі тағы бір ерекше аталып, үлкен той қылып өткізетін салттардың бірі – тұсаукесер. Тұсаукесер – бала өміріндегі үлкен белестің бірі. Өйткені баланың бауырын жазып, қаз-қаз тұрып, бір аттап, екі аттаған кезде тұсауын кеседі. Өзге ұлттың баласының тұсауын кеспесе де жүгіріп кетеді, ал біздің қазақтың баласы тұсауы кесілмесе сүріншек болады екен…

   Ала жіптің сыры

Тұсаукесердің әр жерлерге байланысты кішігірім өзгешелігі болмаса, негізгі мән-мағынасы бір, яғни баланың алғашқы қадамына мән беру, тілек тілеу. Баланың тұсауын ала жіппен кеседі. Ақ жіп пен қара жіптің екеуін айқастыра отырып есіп, ала жіп дайындалған. Бұл – өмір-тіршіліктің нышаны. Өмірде барлығы қос-қостан жаратылған әрі ылғи қатар келіп отырады. Айталық, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық, қараңғы мен жарық, ыстық пен суық, ең бастысы, ер мен әйел… Бұлар қатар жүреді, бірінсіз бірі болмайды.Тек бір Алла ғана жалғыз. Ала жіптің негізгі мәні осында. «Кісінің ала жібін аттамасын, ұрлық қылмасын, қиянат жасамасын, жаман жолға түспесін» деген себеппен ала жіп дайындайды» деген түсінік бар. Өкініштісі, мағынасы тереңде жатқан дүниені осылай біржақты түсініп, «біреудің затын ұрламасын» деп қана «тұсау кесіп» жүрміз. Бұл – жаңсақ пікір. «Жақсылықта асып-тасымасын, жамандық көрсе, жабырқап-жасымасын, қуанышты күндерінде асылық жасамасын, қиыншылық басына түскенде еңсесі түсіп басылмасын, екеуінен тең өтсін» деген тілекпен қос-қостан келетін Жаратылыс заңының белгісі ретінде ала жіп таңдалып, баланың тұсауын кескен. Қазір тұсауды қайшымен кесіп жүр. Бұл дұрыс емес, өйткені баланың өмірі қайшыланып қалады, ал баланың алғашқы қадамын қайшылаудан бастасақ, ары қарайғы өмірі де күрделеніп, кедергілері көп болуы мүмкін. Сол себепті қайшымен кескенді қазақ қош көрмеген, тек өткір пышақпен шорт кесетін болған. Бұған да мән беріп қарайтын кез келді.

  Әжелер тұсау кеспеген…

Қай кезден бастап жаппай үрдіс алғанын білмеймін, бұл күндері қарап отырсаңыздар, тұсауды көбінде жасы үлкен әжелерге, кейуаналарға кескізіп жүрміз. Осыған жете мән беріп көрдік пе? Жүрісі ауырлаған қарт әжеге немесе ілби басатын кейуанаға тұсау кескізгенде, бала қалай жүріп кетеді деп ойлайсыз?! Осындай келеңсіздікті әсіресе телеарналарда көп көрсетеді. Сөз жоқ, ала жіпті көпті көрген, талай немере-шөбере сүйген әжелер әдемілеп ақ батасын беріп, баланың аяғына байлап береді. Ал тұсау кесетін адамды ата-ана алдын ала сайлайтын болған. Қыз бала болса, қимылы ширақ әрі пысық, ақжарқын мінезді, көпке қадірлі, ісін тиянақты әрі тындырымды атқаратын елге сүйкімді келіншектерге, ұл баланың тұсауын «пәленше ағасындай сері болсын, үлкен азамат болсын», «анау ағасындай саятшы, аңшы болсын» дегендей ел аузында, елдің алдында жүрген ер-азаматтарға кескізген. Бір жағынан, халқымыздың ырымшылдығы шығар, бірақ қалай дегенмен өзіміздің ата-бабамыз істеп келе жатқан салттың астарында үлкен мән, әдемі тілек, жақсы ниет жатыр. Ала жіп байланып, баланың тұсауын кесер алдында бір топ баланы жүгіртіп жібереді екен. Сол балалардың алдында озып келе жатқан екі бала таяған сәтте-ақ тұсауын кесіп жіберетін болған. Содан кейін ентігіп жүгіріп келген екі бала екі жағынан баланың алақанын алақандарына түйістіріп, уыстарына толтыра ұстап, дедектетіп ала жөнелген. Өйткені жүгіріп келген балалардың қаны қызып, күш-қуаты тасып, екпіні артып келді. Алақан арқылы осының барлығы тұсауы кесілген балаға, айталық, екпіні, күші, яғни энергиясы өтеді екен.

                                                                          Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: kazakh-tili.ru

«Көгентүп» деген не?

"Көгентүп" деген не?«Мың шақырым жол бір қадамнан басталады» дейді данагөй халқымыз.

Қолға ұстауға жарап қалған сәбиінің бірінші рет қонаққа барғанына да дәл біздің қазақтай мән беріп қуанатын халық жоқ шығар. Баланы көтеріп жақын ағайын-туыстың, құда-жегжаттың үйіне барғанда көңіл жетер жақын адамдары «бірінші рет үйге келді» деп «көгентүп» беретін болған. «Көгентүп» дегеніміз – балаға берілетін қозы-лақ, бұзау немесе құлын. «Көген» деп төлдің мойнына байлайтын жіпті айтады, яғни «көгентүп» – балаға «көгеннің түбі болсын», «алғашқы малы болсын» деген ниетпен берілетін малдың төлі. Мұның өзі – келген жақтың қозы-лағының жоқтығынан емес, баланың бірінші рет қонаққа келгенін ескеру, оның алғашқы қадамына «өмірі берекелі болсын», «малды болып жүрсін» деп ниет білдіру. Бір жағынан, ағайын-туыс арасындағы татулық пен сыйластықты одан әрі қоюлата түсу, татулықты бекіту. Баласын елеп жатқанды кім жек көрсін?! «Сыйласаң, баланы сыйла, берсең, балаға бер» дейді, өйткені бала – періште. Бала шынайы қуанады. Бала арқылы бір-бірінің көңілін сыйлау жатыр мұның астарында. Қазақ көңілге көп қарайды. «Көңілі қалмасын», «көңілін қалдырма» деп жатамыз. «Бір атым насыбайдан көңілі қалды» деген де жайдан-жай айтылмайды. Көңіл жақсы жерде арақатынас та бүтін болады. Қазақтың бірлігі көңіл сыйлай білуде жатыр.

 «Танабау» деген не?

Баланың алғаш қонаққа барып «көгентүп» жетектеп қайтқанын естігенде пысықтау әйелдерінің бірі келіп: «Балаң бірінші рет қонаққа барып, «көгентүп» жетектеп келіпті, «танабау» қадайық», – деп баланың кеудесіне «танабау» қадап кететін болған. «Танабау» деген – ақық тасты түйме. Кез келген қуанышты өз қуанышындай қабылдай білетін, шынайы қуана білетін қазақ өзге адамдардың баласын елеп-ескергеніне шаттанған.  Тіпті «танабау» қадамағанға «мән бермеді ғой» деп өкпелеп қалады екен. Әжелер болса, «немеремді ешқайсысың елемедіңдер ғой, «танабауларың» құрып қалды ма, біреуіңнің есіңе келмеді ғой» деп абысын-ажындарына ренжіген. Ал «танабау» қадап кеткен соң баланың әжесі дастарқанын жасап, немересінің «көгентүп» жетектеп келген қуанышымен бөліскен. «Мың шақырым жол бір қадамнан басталады» деп баланың алғашқы қадамының қуанышына ағайын-туған, көрші-көлем жиналып, «алғашқы қонақтығы құтты болсын», «жолы болып жүрсін», «алдынан жақсы адамдар кездессін», «бата беретін ата-әжелері көп болсын», «барған жерінде ашылатын есік көп болсын» деген тілектерін айтып, «танабаудың» шайын ішкен. Біреуден бір асаған несібе болмайды, есесіне бала жетектеп келген «көгентүп» барының басын біріктіріп, ағайын-туғанды дастарқан басына жинаған.

                                                                                                        Зейнеп АХМЕТОВА

Суретhttp: медлаб.рф 

Бүгінде көңіл де сатулы…

Бүгінде көңіл де сатулы...Баланың ана құрсағына біткені,  жарық дүниеге шыр етіп келгені, өсетіні – осының барлығы жаратылыстың өз ретімен келетін кезеңі.Балаға қатысты ендігі кезекте сөз еткелі отырған ырымдар жайлы не білеміз? «Бауырынан табақ алу» ырымы неге еңбектеп жүрген балаға жасалады? «Көгентүпте» не мән бар? «Танабау» жайлы білеміз бе?

Көп еңбектегеннің де пайдасы бар

Әсілі, қазақ халқы табиғаттың құпия сырларын жақсы білген. Жаратылыстың заңдылықтарымен үндесе отырып, соған орай өзінің тұрмыс-тіршілігін сәйкестендіріп, бағыттап өмір сүрген. Қазақтың толып жатқан ырымдары мен салттары жаратылыстың сондай заңдылықтарымен астасып, сәйкес келіп жатады. Әр нәрсе орнымен ғой, мысалы, ағарып таң атады, таңның шапағы көрінеді, күннің нұры түседі, содан кейін күн шығады, сөйтіп, рет-ретімен көктем келеді, жаз шығады, күз түседі, қыс болады дегендей, табиғаттың әрбір сәті, кезеңі өз уақытында, өз орнымен жүреді. Қазақ халқы осы заңдылықтарды терең түсінген, өйткені табиғаттан ажырамаған. Қазір «техника заманы» деп жүріп жаратылыспен байланысымызды үзіп алдық. Адам өміріндегі неше түрлі сәйкессіздіктердің, келеңсіздіктердің, ауру-сырқаулардың көбейгенінің бір ұшы осында жатыр деуге болады.

Бала дүниеге келді, қырқына шықты, езу тартты, талпынды, отырады, еңбектей бастады… Бала еңбектеуден де толық өтуі керек. Өйткені ол да –Алла тағаланың өзі жаратқан пендесінің басынан өткеруі тиіс өсу кезеңі. Қазіргі балалар көп еңбектемейді, өйткені жүруге бейімдейтін арбалар (ходунок) бар. Баланы бірден жүргізуге ұмтылған дұрыс емес. Оның зияны кейін шығады. Сүйектері әлі жетілмеген, буындары дұрыс бекімеген бұл кезеңде бала еңбектеуі керек. Сонда бұлшық еттері де толық жетіледі. Ол біраз уақыт алақандарымен жер тіреп, тізесімен еңбектейді. Еңбектеуге әбден үйренген балалардың  «ерініп» кеудесін көтергісі келмей қоятыны бар. Дегенмен ендігі жерде бала аяғын басып, қаз тұруы керек. Сондықтан «көбірек еңбектеуге үйреніп алып, кеудесін көтермей қоймасын» деп уақыты келгенде  «бауырынан табақ алу» деген әдемі бір дәстүрді ырымдап істейді. Баланың алақаны мен тізесін жерге тіретіп, бауырын көтертеді. Сол кезде оңнан солға қарай қант-кәмпит, құрт-ірімшік толтырылған табақты «бауыры тез жазылып кетсін», «еңсесі тез көтерілсін» деген жақсы тілектерді айтып, жеті рет бауырынан өткізеді. Сосын барып баланы ақырын қаз тұруға, жағалап жүруге үйретеді. Артынан «бала бауырын жазды» деп ауылдың әйелдері табаққа салынған түрлі дәмнен ауыз тиіп, «бауырынан табақ алу» шайын ішеді. Әңгіме шай ішуде емес, тілекте жатыр. Біздің халқымыз – өте тілеуқор әрі батагөй халық. Қиын-қыстау заманды, жаугершілікті, аштықты, зобалаңды, қанқұйлы шапқыншылықты бастан өткерген қазақты  аман сақтап келе жатқан осы тілеуқорлығы мен ниетінің кеңдігі дер едім.

                                                                                              Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: infomed.by

Баланы қырқынан шығарудың өз жөні бар

Баланы қырқынан шығарудың өз жөні барБала шыр етіп жарық дүниеге келген күннен бастап ретімен келіп жататын үлкенді-кішілі – шілдехана, ат қою, бесікке салу сияқты бала өмірінде айрықша орны бар тойлар туралы өткен сандарымызда айттық. Бала өміріндегі тағы бір маңызды шақтың бірі – сәбиді қырқынан шығару.

 Қазақ үшін қырық санының маңызы

Баланы қырқынан шығарудың өзі жайдан-жай шыққан нәрсе емес. Бір ескеретін жағдай, мен ештеңені ойымнан шығарып отырғаным жоқ, халықта бұрыннан барды айтам. Халық – ғаламат бір қазына. Соны білуге талпыну әрі өзің білгенді өзгеге үйрету – адамдық парыз.  Қырқынан шықпаған баланың еті мен сүйегі бірікпегенін білегінен ұстап байқауға болатынын өткен сандарымызда айтып өттік. Олай дейтініміз, қырық күнге дейін баланы «тіл тиеді», «сұқ өтеді» деп тіл-көзден сақтаған, көрсете бермеген, яғни ана үшін де, бала үшін де қырық күн – қауіпті кезең. Қырқынан шықпаған бөпені көруге үлкендер де талпынбаған. Сол сияқты қырқынан шықпаған баланың көзі де біртүрлі тұманданып, қайда қарап тұрғаны белгісіз болып тұрады. Тағы да қайталап айтам, қырқынан шықпаған бала әлі жердің баласы болып есептелмейді. Баланы қырқынан шығарған соң-ақ оның екі көзі жылтырап, жан-жағына көз тоқтатып қарай бастайды. Білегін ұстағанда ет пен сүйегінің біріге бастағаны байқалады, яғни сәбиді қырқынан шығару –  ет пен сүйектің біріккеніне жасалатын құрмет. Сонымен бірге халқымызда қайтыс болған адамның қырқын беру деген бар. Қайтыс болған адамның қырқын беру – аз болсын, көп болсын, біріне-бірі серік болған ет пен сүйектің ажырауына берілетін құдайы, өлімнің артын күту ғұрыптарының бірі. Өйткені дүниеден өткен адамның қырық күннен кейін еті мен сүйегі ажырайды екен…                                   

Әдетте ұл баланы қырық күнге жеткізбей (37-39 күнде), қыз баланы міндетті түрде қырық күн толтырып барып, қырқынан шығарады. Тіліміздегі «әйел қырық шырақты» деген сөз де осы жаймен байланысты айтылса керек. Қалай болғанда да, ұл мен қыздың дене бітімі екі түрлі. Әйел мен ер адамның күш-қуатында, жаратылысында, дене құрылысында өздеріне тән ерекшеліктері бар, бір есептен қыз бала ұлдан қарағанда нәзік қой. Ұл бала болмысынан төзімді, қайсар дегендей, сондықтан ұл баланы қырық күнге жеткізбей шығара береді. Бала өміріндегі кез келген қуаныш тойларының  әрқайсысының ізгі тілегі, мақсаты, танымдық үлгісі бар. Бала мазасызданып жылағанда, дұрыс ұйықтамағанда  әжелеріміз «бала қырқын күтіп жүр» деп жатады. Шынында да, құдайдың құдіретіне шек жоқ, жаңағыдай мазасыз жылаңқы баланы барлық жөн-жоралғысымен қырқынан шығарса, жылауы тоқтап, тынышталатын болған. Мұндағы тағы бір ерекшелік, баланы қырқынан шығаруға арнап шақырылатындар – әйел адамдар, осындағы жөн-жоралғыларды әйелдер атқарады. Бүгінде «әйтеуір қырқынан шығару керек» деген түсінікпен, оның астарына мән бермей жүргендер бар.  

                                                                                              Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: prodetey.ru

Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің…

Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің...Қазіргі келіндерге ұлттық өнегені көрсетіп, тәрбие беретін енелер азайды. Өйткені бүгінгі енелер мен әжелер – кешегі Кеңес өкіметінің келіндері. Олар көпбалалы болудан гөрі қызмет қуғанды қалады, ерлермен теңқұқықты болуға ұмтылды, осылай ерікті және еріксіз түрде ұлттық құндылықтан, тәрбиеден ажырады. Қазіргі жас келіндерді сол үшін де аяймын кейде. Өз басым, ұлттық тәрбиені алдымен өз келініме үйретіп, өз немерелерімнің бойына сіңіруге тырысамын. Өзіміз үйретпей тұрып, жастарды кінәлаудан аулақ болғанымыз жөн. Мақтанғаным емес, екі немереме де бесік жырын айттым. Үлкен немерем Нұрсұлтанның мінезі ауыр, салмақты. Ал Мадиярым төрттен асқанша жастықты тіземе салып, жата қалып, «әлди айт» дейтін. Бүгінге дейін: «Әже, маған әлди айтшы, ұйқым келді», – дейді. Оған өзімнің білетін бесік жырының барлығын, тіпті жанымнан шығарып айтып жүрдім. Ұғынықты әрі жаттап алуға ыңғайлы етіп:

                     Бөпем менің қайда екен?

                     Қыздарменен тауда екен,

                     Тауда неғып жүр екен?

                     Алма теріп жүр екен,

                     Қызыл алма қолында

                     Қыздар оның соңында,

                    Жүгіріп-жүгіріп жүр екен, – деген сияқты есте сақталатындай халық әніне салып айтамын. Ол бесік жырын тыңдап жатып маужырап ұйықтағанды жақсы көреді. Әуен, саз деген – құдірет. Алла тағала жеті дыбысты жаратқан, ал қазақ халқының тумысынан әнші халық екені әмбеге аян. Олай дейтініміз, қазақ баласының тілінің ерте шығып, өнерге үйір болуының бір ұшы осы бесік жырында жатыр.

 

Бесік жырының маңызы

Бесік жыры арқылы баланың тілі ерте шығатынына бүгінде мән бермейміз. Бесік жырын тыңдап өскен баланың есте сақтау қабілеті жақсы жетілетініне көңіл аудармаймыз. Бүгінгі ұрпақ шешендігінен, әншілігінен, ақындығынан, сабырлылығынан, парасаттылығынан ажырап барады. Бұл да – алаңдатарлық жай. Біздің елде ауыздан қалмай келе жатқан аңызға бергісіз әрі біздің әулетке қатысты бір әңгіме бар. Ертеректе бір келіншек бесігінен ажырамай жүрген баласын бесікке бөлеп, әлдебір жұмыстарымен шығып кетсе керек. Отағасы да сырттағы тіршілігімен кеткен. Жолай демалмақ болып тоқтаған бір жолаушы киіз үйдің тұсына келіп: «Кім бар-ау!» – деп дыбыс берген екен. «Кіре бер» деген дауысты естіп, ішке кірген жолаушы аңтарылып тұрып қалады. Үйде бесікте ұйқысынан оянған баладан басқа жан жоқ. «Өреде ашыма бар, өзің де іш, маған да бер» деген екен бала жолаушыға. Қазақтың баласының тілі жатықтығын, ерте шыққанын байқаймыз бұдан.                                                                                                                                  Қазақта «түйе мінген қазақ төрт ауыз өлең біледі» деген сөз бар, сөйте тұра бүгінде өзге мамандық иелері ән айтса, біртүрлі тосырқап қабылдаймыз. Ән айту қазақтың қанында бар екенін айтып өттік. Ендеше, әншілік өнер қазаққа неге жат болуы керек?! Керісінше, кешегі от ауызды, орақ тілді, сөзге жүйрік бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы тілден айырылған. Мақалдатып сөйлеген былай тұрсын, көрген оқиғасын, оқыған әңгімесін баяндап айта білмейді, әсерлеп жеткізе алмайды. Ойын толық әрі түсінікті қылып, еркін сөйлей алатын, әңгіме айта білетін балалар жоқ. Ендеше, қазақы мінезіміз бен болмысымызға қайта оралу үшін әр ана бесік жырын айтып, сәбиінің бойына сіңіріп өсіруі керек. Бесікке асыла отырып мейірлене бала емізген анадан, бесік жырын айтып отырған келіннен сұлу әйел жоқ шығар, сірә! Осыны естен шығармағанымыз жөн.

Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: moyapsihologiya.blogspot.com

БЕСІК ЖЫРЫ – БАЛАҒА БЕРІЛЕТІН АЛҒАШҚЫ ТӘРБИЕ

БЕСІК ЖЫРЫ – БАЛАҒА БЕРІЛЕТІН АЛҒАШҚЫ ТӘРБИЕ   «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші, тәрбиенің мықты іргетасы отбасында қаланады. Газетіміздің өткен сандарында бесікке қатысты біраз мағлұматтарды – бала өміріндегі бесіктің пайдасын, маңызын жан-жақты түсіндіріп өттік. Бесікке қатысты, яғни ана мен баланың арасындағы тағы бір байланыс – бесік жыры деуге болады. Бесіктегі баласына ана әлдиін, бесік жырын айтпаған қазақ әйелі жоқ шығар.

«Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай…»

Бесікке бөленіп өскен баланың бір ерекшелігі – бесігін аңсап тұратындығында. Ондай бала өзінің бесігіне жатпаса, мазасызданып, ұйықтамай қояды. Бала әбден тойған сәтте анасы бесікті жайлап тербете отырып, бесік жырын айтатын болған. «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», – деп таңдана жазған екен жер аударылып келген поляк революционері А.Янушкевич өз естеліктерінде. Әйгілі А.Затаевичтің «бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай…» деуінің астарында көп сыр бар. Ал мұның басты себебі баланың бесік жырын тыңдап өскендігінде жатыр.

Бесік жыры – балаға берілетін алғашқы тәрбие. Өйткені баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан баланың құлағына сіңеді. Бесіктегі баланы әннің ырғағымен тербетеді. Бесік жырының тұрақты нұсқасы жоқ.

                             Әлди, әлди, ақ бөпем,

                             Ақ бесікке жат, бөпем,

                             Бармақтарың майысып,

                             Түрлі ою ойысып,

                             Шебер болар ма екенсің?!

                             Таңдайларың тақылдап,

                             Сөзіңді жұрт мақұлдап,

                             Шешен болар ма екенсің?!

Бұл – бесік жырының бір түрі ғана. Осындай әдемі әуенмен астарында ізгі тілегі бар бесік жырын тыңдаған бала шебер болуға да, шешен болуға да ұмтылып өседі. Баланың бойына әсерлі әуен, сұлу сөзбен айтылатын ананың әлдиі ана сүтімен қосылып осылай сіңеді. Бесік жырының толып жатқан түрі бар. Сәбиінің аман өсуінен бастап, болашақ өміріне деген тілегі, сенімі, ниеті әдемі әнге шумақ болып өріліп, анасының айтуымен балаға жетеді. Тіпті алыстағы төркініне деген сағынышын да бөпесіне айтып, баласымен сырласа отырып «әй, әй, бөпем, артта қалған елімді көрер ме екем…» деп іштегі шерін бесік жырына қосқан. Анасының еліне деген сағынышы бөпеге беріліп, ол анасын аяйтын, ардақтайтын, мейірімді әрі жанашыр болып өседі екен… Бүгінде үлкен сахналарда да бесік жыры естіліп қалады.

                  Тәй-тәй басып, бөпешім, жүргенің қандай?

                  Көзқуаныш, көкешім, күлгенің балдай.

                  Аспандағы ай-күнді аламын дейсің,

                  Асқар таудай айбынды боламын дейсің.

                  Әлди, әлди, ақ бөпем,

                  Сендей сәби жоқ, көкем.

                  Анам-әкем дейсің бе?

                  Тілің тәтті екен.

                  Әлди, әлди, ақ еркем,

                  Бойжетерсің сен ертең.

                  Мақтанышы елімнің,

                  Өзің бол, еркем! – деп жырлаған ақын Қ.Сариннің «Бесік жырын» (әні А.Бексұлтандікі) әнші М.Бесбаев орындап жүр.

                                                                                                Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: ana-bala.kz