Кез келген жөн-жоралғы рухани күшке ие


Кез келген жөн-жоралғы рухани күшке иеРасында, бүгінде көп балаларды «уызға жарымағандар», «емшектің сүтін тауысып ішпегендер» деп айтуға дәлел жетіп жатыр. Шыны керек, әсіресе, Кеңес Одағының кезінде перзентханаларда баланы анасына үш-төрт күннен кейін бір-ақ көрсеткен. Ол екі аралықта ананың уызы кетіп қалады. Арнайы шыны құтыға сауып берген сүтті балаға берген-бермегенін кім білсін… Бүгінде бала туыла салысымен анасының жанында болады, яғни баланы уыз сүтімен тойдыруға толық мүмкіндік бар.

Ертеректе қазақтың келіндері баланы міндетті түрде 1,5-2 жасқа дейін емізген. Неғұрлым сүтті қалдырмай қақтап емсе, ана да сау болады әрі бала да жақсы жетіледі. Бүгінгі келіндеріміз, керісінше, бір-екі айдан соң-ақ баласын емшектен шығаруға асығады. Дәрігерлердің дабыл қағып айтып жүрген төс ауруларының көбейіп кеткені жайлы естіп те, оқып та жүрміз. Түптеп келгенде, бұл – баланы емшектен ерте шығарғаннан пайда болатын кесел. Қазір балаларға арналған жасанды тамақтың түрінің көптігінен де келіндеріміз соған сүйеніп алған, емізгілері келмейді. Соның салдарынан қазір әлжуаз, аурушаң бала көп. Өз басым, ел аузындағы аңыз-әңгімелерде суреттелетін алып батырларымыздың тұлғасын кітаптан ғана оқып қаламыз ба деп қорқам. Өйткені ұрпағымыздың ұсақталып, майдаланып бара жатқаны – уыз сүтке тоймағанның, емшек сүтін ұзақ ембегеннің салдары. Бүгінгі әскер қатарына шақырылғандардың көбінің әскерге жарамсыз болып жатқанының бір ұшы осында жатыр. Қанша жерден өркениетті елміз, білімді ұрпақ өсіп жатыр дегенмен «әжелер университетінің» ұлағаты мол тәлім-тәрбиенің қайнар көзі екенін ұмытып жатамыз.

 

 ЖАСАНДЫЛЫҚҚА БОЙ ҰРҒАННАН ҰТАРЫМЫЗ НЕ?

Он-он бес құрсаққа дейін көтеріп, он шақты баланы дүниеге әкеліп, салт-дәстүрден ажыратпай, ұрпағына тектік қасиетті сіңіріп өсірген әжелеріміздің бүгінгі келіндері жайлы ауыз толтырып айта аламыз ба? Қазақ әйелдерінің өмірге бір-екі бала ғана әкелуінің себебі неде? «Балалы үй – базар» дейтін ата-бабамыздың бүгінгі ұрпағы көпбалалы болудан неге қашады? Құдайға шүкір, бүгінде 4-5 баланы дүниеге әкеп жатқан келіндер баршылық. Бір кездері қазақ отбасыларының, әсіресе қалалық қазақтардың «бір бала – аз, үш бала көптік етеді, екі бала жетеді» деген кертартпа ұғымына қарсы келіп, бала санын шектемейтіндердің қатары, құдайға тәубе, көбейіп келеді. Айналып келгенде, «байлықтың еріп кетер мұз екенін» қазақы болмысымызбен мойындап, соңында қалар ізі – ұрпағының көп болуына саналы түрде мән беретін отбасылар санының көбейгені көңіл қуантады. Бірақ кейінгі кездері белең алып бара жатқан бір жай мені аз ойландырмайды. Ол – бүгінгі келіндеріміздің көпшілігінің «кесер тілігі» арқылы босанатындығы. Мені алаңдататыны – табиғи толғақтың орнын дәрі егу арқылы жүзеге асыратын жасанды толғақтың басып жатқандығы, яғни келіндеріміздің көп жағдайда баланы жарып алуға келісетіндігі. Неге екені, бүгінгі келіндеріміздің көбі «кесер тілігі» арқылы босануға келіседі әрі көп жағдайда дәрігер де соған үгіттеуге «әуес». Бала бойына біткен жас ананың санасына арнайы тіркеуге алынған күннен бастап, солай сіңіріп, баланы жарып алуға бейімдейтіні өкінішті. Ал біздің қазақта жаныңды азапқа салатын толғақ босана сала ұмытылатын «ұмытшақ» ауру болып саналған. Сүйегің сынып кетердей сырқырап, жаныңды көзіңе көрсетіп ауыртатын бұл «ауру» өмірге перзентіңді әкелген минутта-ақ ұмытылады. Бебеулеткен азапты аурудың соңы тілмен айтып жеткізе алмайтын құдіретті сезімге ұласатынын сәбиін тоғыз ай көтеріп дүниеге өзі әкелген кез келген ана біледі. Кез келген ана перзентін дүниеге әкелген сәтте-ақ біраз уақыт бұрынғы бастан өткерген толғақ ауруын ұмытып үлгереді. Өйткені жаңағы адам айтқысыз «ауруды» одан да құдіретті, одан да ғажап ана деген ат, аналық ұлы сезім басып кетеді. Құрсағын жарып шыққан сәбиінің аман-есен өмірге келгенінің өзі-ақ ащы толғақтың азабын ұмыттырып жібереді. Бұрынырақта тұңғышына аяғы ауыр келіндерден әжелеріміз ақыл-кеңесін аямаған. Басынан өтер ащы толғақтың уақытша екенін түсіндіре білген. «Итке кет деме», «түйенің етін жеуге болмайды» деп сақтандырып, ырым қылса, бір жағынан, ақ алғысты атанған келіндерге кемеңгер әжелеріміз «жаратқан оң толғағын берсін» деп батасын беріп, қол-аяғын аман-есен бауырына алуын тілеген екен.

Бір өкініштісі, бүгінде көп келіндеріміз толғақты ауырсынып, табиғаттың құдіретті сыйынан саналы түрде бас тартып жатыр. Мені таңдандыратыны  – бар болғаны 21-22 жастағы тұңғыш баласын дүниеге әкелетін жас аналардың осыған келісетіні. Барлығы емес, бірақ көптеген келіндеріміз табиғи түрде өмірге бала әкелуден бас тартады. Олардың дүниеге перзент әкелу сәтінде бастан өткеретін жаратылыстың құпияға толы сырын білуге ұмтылмайтындығы, «кесер тілігіне» оп-оңай келісе салатындығы ойландырады.

 Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: vse-pro-detey.ru 

ӘЖЕЛЕР «УНИВЕРСИТЕТІ» – ТӘЛІМ-ТӘРБИЕНІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

 

ӘЖЕЛЕР «УНИВЕРСИТЕТІ» – ТӘЛІМ-ТӘРБИЕНІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Қазақтың өзіне ғана тән салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы жылдар бойы халықпен бірге жасасып келеді. «Әйеліңнің аяғы ауыр, салмағын өзің көтеріс» дейтін дана сөзді де біздің кемеңгер әжелеріміз айтқан, яғни бала дүниеге келмей жатып, ер-азаматқа да осылай жауапкершілік жүктеген екен. Өмірде «уызына жарымаған…» дегенді жиі естіп жатамыз… Осы сөздің астарына үңіліп көрдік пе?..  

Уыз сүттің қасиеті

Әжелеріміз бала дүниеге келе салып құйрықмаймен ауыздандырған. Алғаш аузына алып татқан дәмі май болғандықтан да, қазақтың баласының асқазаны ауырмаған. Кейде ер балаларды қасқырдай қайсар болсын деген ниетпен қасқырдың қылымен де ауыздандыратын болған. «Қара суға қарап қалады» деган сеніммен ешуақытта сумен ауыздандырмаған. Бүгінде «америкалық тәсіл» дегенді жиі естиміз. Ол не тәсіл екенін қайдам, біздің қазақ ежелден-ақ өмірге келе салысымен сәбиді анасының бауырына салған. Анада аналық сезімі баласын емізген кезде пайда болады. Алғаш сәбиін қолына алып омырауын тосқан ананың алпыс екі тамыры шымырлап, өзгеше бір сезімге бөленеді. Қазақ әйелі ешқашан шашын қобыратып, орамалын байламай баласын қолына алмаған. Үнсіз оңаша отырып емізетін болған. Көргенді ене «балаңның жүзіне мейірлене қарап, іштей тілеуіңді тілеп отырып еміз, сонда балаң мейірімді әрі сенің қадіріңді біліп өседі» деп үнемі келініне айтып отырған. Баланы өзгелер қанша күтіп-бақса да, ананың мейірімі мен ақ сүтіне ештеңе жетпейді. Нәресте бүкіл өміріне жететін иммунитетті екі күн еметұғын уыздан алады екен. Қазақта «уызына жарымаған» дейтін сөз бар. Мысалы, уыз ембеген жетім қозылар тез өліп қалады. Тіпті тірі қалған күнде басқа қозылармен салыстырғанда, шөкімдей болып, өспей қалады. Адам баласы да сондай. Біз ананың екі-үш күн ғана болатын уызында тектік қасиет болатынын біле бермейміз. Ал тектік қасиет дегеніміз – ұлттық қасиет. Ата-бабаларымыздың уызға аса қатты мән бергенінің себебі – осы. Мейіріммен берілген сүт баланың бойына дәрумен болып, шипа болып сіңеді. Құр әншейін қарын тойғызу емес, мейірлене емізу арқылы балаға күш-қуат құйылған. Тіпті мұның астарында да үлкен тәрбие жатыр, бұл да негізсіз емес. Ештеңеге жаны ашымайтын қатыгез ұрпақтың көбейіп бара жатқанына баласын мейірлене емізбейтін аналар себеп пе деп ойлаймын кейде. Олай дейтінім, бүгінде тоғыз ай көтерген баласын ойланбай-ақ сәбилер үйіне тастап кететін безбүйрек аналар көбейді…

Зейнеп АХМЕТОВА

Көп аздан көлемді көп жиналады

Көп аздан көлемді көп жиналады

Қазақ халқының бала дүниеге келгеннен кейінгі атқаратын жөн-жоралғысының барлығы — жеке адамның басына тиесілі нәрсе емес, бұл ұлттың келешегіне байланысты өнеге. Бұған немқұрайды қарауға болмайды. Мұның барлығы жиналып келіп ұлттық қадір-қасиетті құрайды.       

Өз басым, өзім білмейтін нәрсеге жоламаймын. Көзіммен көрген, ананың тәрбиесімен келген, қанымда бар, әдет болып қалыптасқан жақсылықтарды ғана насихаттауға ұмтыламын. Біз көп жағдайда жастарды кінәлап жатамыз. Біздің басты кемшілігіміз – өзіміз жастарға ештеңе көрсетпей тұрып, үйретпей жатып, оларды кінәлайтынымызда. Өзіміз көзіне көрсетіп, қолына ұстатпаған соң, жастарға «ештеңе білмейді» деп орынсыз өкпе артатынымыз да дұрыс емес. Мысалы, өз келінімді босанған соң екі немеремді де қырық күннен асырып күттім. Тіпті айналамдағы араласып жүргендер қайран қалды. Бірінші немеремде келінім: «Ой, апа, өзім жуамын, өзім істеймін», – деп қатты қысылып, ыңғайсызданды. Ол түсінікті де. Үлкенді сыйлай білетіндіктен де біздің келіндеріміз енесінің күйбеңдеп жүргеніне шыдамайды, көп жағдайда үлкен адамның өзіне қызмет еткеніне ұялып, қабылдай алмайды. Анарым да алғашында сөйтті. «Қозғалма, сенің жұмыс істейтін кезің алда. Қазір мен саған қызмет етейін, балам, есесіне, сенің денің сау болады. Сенің денің сау болса, немерем де аман, менің де көңілім шат, біз де марқайып жүреміз. Сондықтан сен мені дұрыс түсінгін. «Апам жұмыс істеп, мен қарап жатырмын» деген нәрсені ойыңнан шығар. Мен саған келін болмаймын бәрібір, өз тірлігіңді өзің істейсің. Бірақ қазіргі міндет – менікі. Ол – менің ата-бабамнан қалған салт. Менің әжем, менің анам істеген салт, мен соларды көргенмін. Сондықтан мен осыны істеуім керек», – дедім келініме. Тамағын дайындап, белін байлап, қадағалап жүрдім. Жылы жүруіне қатты мән бердім. Қазіргілерге бұл тіпті басқаша көрінуі мүмкін. Бірақ біле білген адамға, бұл жерде, мен, алдымен немереме қамқорлық жасадым. Анасы арқылы өз немеремнің аман-есен өсуіне ықпал етіп тұрмын. Өйткені ол – Момышұлы  әулетінің көптен күткен, аңсап күткен ұрпағы. Содан кейін «қашан келін алар екем», «қашан немеремнің жаялығын жуар екем» деп армандап жүрдім ғой. Алла тағала арманыма жеткізіп, маған немере сүйгізіп, мені – «әже», Бәкеңді «ата» атандырып отырғанда мен ата-бабамның салтын істемеуім, келінімді күтпеуім дұрыс емес. Тіпті өзіме күнә санар едім… Өкінішке қарай, көп енелер білместікпен келіндеріне осындай қамқорлық көрсете алмай жатады. Білгенімізді үйретіп, естігенімізді айтып отырсақ, бүгінгі ұрпақтың ештеңеден ұтылмасы анық.

Зейнеп АХМЕТОВА

сурет: stranadetok.ru  

«Қалжаның» сыры неде?

Қазақтың өте бір қасиетті ырымы – келінге қалжа жегізу. Бұрынырақта кедейдің кедейі әйеліне қалжа жегізген. Тіпті бұған өзінің шамасы келмеген күнде ауқатты адамдар қалжасын әкеліп берген. Өйткені қалжа әкеп беру де сауабы үлкен іс болып саналған. Қалжаның күнделікті желінетін еттен айырмашылығы – ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы. Әрі құрметті ас саналады. Қалжа, біріншіден, дүниеге келген нәрестенің құрметіне арналса, екіншіден, жас анаға дүниеге перзент әкелгені үшін арнайы сойылатын болған. Күнде келінге сорпасын ішкізіп, етін жегізіп отырғандықтан, жас босанған ана өзінің жоғалтқан күш-қуатын осы қалжа арқылы қалпына келтіреді. Босанғаннан кейінгі күтімге қалжаның тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Қалжа жеп, жас сорпа ішкен келіншектің сүті де маңызды, құнарлы болады. Баланың тез ет алып өсуіне әсер етеді. Қазіргі жігіттерді қайдам, бұрындары жігіттердің бірі ауырлау затты көтеруге әлі келмесе немесе абайламай жығылып қалса, құрдастары келеке қылып: «Әй, немене, сенің шешең қалжа жемеген бе?» – деп қағытқан. Кей жағдайда «құдайға шүкір, біздің де шешеміз қалжа жеген» деп өзін-өзі көтермелеп, шамасы келмей жатқанын білдірмеуге тырысып баққан. Тілімізде жиі қолданылатын осы сөздің өзінде мән-мағына жатыр. Қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеп жатады, бірақ қалжа, негізінен, келіншектің күйеуінің мойнындағы міндет-парызы болып есептеледі…

ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ОЯТПАЙ, ҚҰР МАҚТАНУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ…

Осы күні баспасөз беттерінде әйелдердің түрлі аурулары жайлы аз жазылып жүрген жоқ. Әйелдерде кездесетін қатерлі ісіктің көбейіп әрі «жасарып» кеткені жайлы да жиі айтылып келеді. Дерттің асқынып, белең алғаны сонша, мұның соңы қайғылы оқиғаға ұласып жатыр. Бұл жағдай бүгінде әйелдер дәрігерлерін де қатты алаңдатып отыр. Сондықтан кез келген әйелдер консультациясында дәрігерлік кеңестер беріліп, қатерлі ісіктің алдын алу шаралары жайлы жазылған кішкентай кітапшалар таратылады. Ал ешқандай медицинасы дамымаған қазақ даласында өмір сүрген қазақ келіндері әйелдерде кездесетін түрлі аурулардан қалай сақтанды? Қазақ жас босанған ананың күтіміне не себепті соншалықты мән берген?

                                                                                                Зейнеп АХМЕТОВА

 

Гормоналды дәрілерді пайдаланудың 13 қағидасы

Гормоналды дәрілерді пайдаланудың 13 қағидасыӘлемде миллиондаған әйел гормоналды дәрілерді қолданады. Алайда, оның зиянын бойжеткендер біле бермейді. Сол себептен бұның пайдасы мен зияны туралы ақпарат берейік.
1.Гормоналды дәрілер ең бастысы денсаулыққа зиян. 
Алайда, оның әсерін дұрыс немесе бұрыс деп кесіп айту қиын. Әйелдерге ақ халатты абзал жандар тарапынан гормоналды препараттарды жүктіліктен сақтанудың бір әдісі ретінде кеңес беріледі. Кей жағдайда тіпті, гормоны жетіспеген әйелдерге жанама ем ретінде пайдалануға рұқсат етіледі.
Сол себептен ол әркімге әрқалай әсер етеді. Бірінің денсаулығы нашарлап кетсе, пайдаланған екінші адамның кесірінше дені сауығып кететін жағдайлар жетеді. Дегенмен, бұл өз функциясын 100 пайызға орындап, жүктіліктен сақтайды. 
2.Егер дәрі менің құрбыма сәйкес келсе, ол маған да жаға ма? 
Гормоналды препарат арнайы рецеппен ғана пайдаланатын нәрсе екенін ескеріңіз. Өйткені, оның түрі көп. Дәл сізге оның қандай түрі жағатынын медицалық тексерілімнен кейін ғана анық болады. Яғни, дәрігерлер тарапынан әрбір әйелдің денсаулығына байланысты оның қандай түрін қолдану керектігі туралы жеке шипалық кеңес беріледі.
Дәрі қабылдаған уақытта қант, қан құрамын жіті тексертіп, гинекологтың бақылауында болыңыз. Демек, құрбыңыз тап болмаған мәселеге, сіздің де тап болмауыңызға кім ешкім кепіл бере алады. Сол себептен құрбыңыздан көріп оны өз бетіңізше пайдаланбаңыз.
3. Гормонолды дәрілерді 20 жасқа толмағандарға пайдалануға болмайды деген пікір бар. 
Алайда, бұл негізсіз. Гормоналды дәрілерді бойжеткен жастар да қолдана алады-дейді дәгігерлер. 
4. Гормонды препараттарды пайдаланғаннан кейін ұзақ уақыт құрсақ көтере алмауым мүмкін бе?
Бұнда көбіне керісінше жағдай орын алады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, дәріні пайдалануды тоқтатқан алғашқы айларда әйелдердің құрсақ көтеру белсенділігі 1,5-2 есеге жоғарылап, егіз немесе үшен дүниеге әкеліп жатады.
Егер дәрігерлерден гормоналды дәрілерді 3-4 ай қолдан деген кеңес алып, сол уақытқа дейін емді үзіп жіберсеңіз бедеулікке ұрынуыңыз ықтимал.
Осы уақытқа дейін ішкен дәрілер аяғыңның ауыр болған уақытқа дейін ешқандай кері әсер бермейді.
5. 1 немесе 2 жылда үздіксіз ішкен дәріні 1 айға тоқтатып, одан демалу қажет пе? 
Бұл жансақ айтылған пікір. Дене ағзасын демалдыру үшін оны тоқтату немесе дәріні одан әрі жалғастыра беруден еш қандай өзгеріс болмайды.
Дәрігер кеңес берген дәрі ағзаға жағып жатса, климакс келген жасқа дейін қолдану беру керек.
6. Гормоналды дәрілерді бала емізіп жүрген аналар пайдаланбау керек пе? 
Негізінде гормоналды дәрілер бала емізіп жүргендерге зиян. Әлбетте олар үшін оларға арналған гормон мөлшерлері аз (мини-пили) деген дәрілер бар. Тек, оны емізер алдында ғана ішу керек. 
Дәрі пайдаланудың ерекше қағидасы да бар. Әр қабылдаудың арасы тура 24 сағаттан болуы тиіс. Қабылдау тізімі сәл ғана ауысып кетсе ол өз қызметін жояды.
7.Гормоналды дәріден салмақ қосыла ма? 
Ол адам ағазасына тікелей байланысты. Кейбірінің тамаққа тәбеті күшейсе, кейбірінікі керісінше әлсірейді. 
Ем қабылдамай тұрған адамға нақты жауап беру мүмкін емес нәрсе. 
Дененің толысуы препарат құрамындағы заттарға байланысты.
Тек бұдан шығар бір ғана амал бар. Нақтырақ айтсақ, салмақ қосқаныңызды байқасаңыз дәрігерге қаралып, гормон мөлшері аз дәрі пайдаланған абзал.
Арнайы зерттеу нәтижесіне қарасақ, дәрі қабылдаған әйелдердің 5-7 пайызы алғашқы жылы ғана 2 кг-нан салмақ қосқан. Ары қарай, сол қалыпта сақталған екен. 
8.Ағзаны улағанша «Постинор» сынды жедел контрацептив ішкен дұрыс болар? 
Бұл жыныстық қатынас туралы тәжірибесі аз бойжеткендер арасында орын алатын қателік. «Постинор» сынды дәрілердің құрамында 1 айда 30 күн қатарынан ішіп жүрген гормондар бар. Демек, 30 күн ішетін дәріні 1 күнде ішіп алып, денсаулығыңызды құртып аласыз.
Оның зардаптары мынадай: етеккір цикліне бұзылады, жыныстық қатынасқа деген белсенділік төмендейді, бауыр-бүйректің ісінуіне әкеп соқтырады, бала көтере алмайтын жағдайға жеткізеді.
9. Жүктілікті алдын-алатын дәрілерден бетті безеу басып кетпей ме?
Көп жағдайда керісінше, безеуден көз аша алмайтын адамдар үшін безеуден құтылатын емдік жол ретінде пайдасы мол.
10.Гормональды дәрілерден денеге жүн қатпат кетеді мыс.
Бұндай олқылыққа бұрын біздің аналарымыз тап болып, күрескен. Қазіргі заманғы медициналық гормоналды препараттар бұндай кемшіліктерді жойған.
11. Гормоналды дәрілерді ішкен сайын, етеккір циклі өзгеріп, кей кездері тіпті келмей қалады.
Бұл олай емес. Дәрігерлер соның көмегімен цикл бір арнаға тұрақталып, мазалап жүрген сырқаттарды бәсеңдетеді дейді.
Екінші жақтан, бұл сұрақтың мәні зор. Дәріні қабылдап жүргендердің 2 пайызында етеккір мүлдем кешігіп келу жағдайлары кезігеді. Бұл-оның ағзанына сәйкес келмеді деген сөз.
12.Гормоналды дәрілерді көп қабылдау сүт бездері мен жыныстық жолдардағы ісік індеті қауіпін күшейтеді.
Канадалық ғалымдар жүргізген зерттеу қорытындысына құлақ ассақ, аталмыш дәріні үнемі пайдалану ісік індетінің қоздырғыштарын 45-60 пайызға төмендетеді екен. 
13. Гормоналды дәрілер жыныстық жолдар арқылы жұғатын аурулардан сақтай ма?
Ол жұқпалы індеттен қорғайды дегенді алға тартатын ешқандай дәлел жоқ. Ол тек жатырдың асқынған суық тию індетінен ғана сақтап қалуға қауқарлы. Ал, жыныстық жолмен жұғатын кеселдермен күресе алмайды. 

kerekinfo.kz

Сурет: mk.ru

АЙҚАРАКӨЗ ЖАУАП БЕРЕДІ немесе СҮЙІСУ КЕРЕК!

Сәлем, Айқаракөз!

Менің жасым 20-дан 21-ге өтіп барады. Бірақ, осы күнге дейін жігітпен жақын жүріп, онымен сүйісіп көрмеппін… Қасымдағы құрбыларым маған күледі. Ұяламын кейде. Соңғы кезде осының денсаулыққа кері әсері болмай ма деп уайымдап жүрмін. Түрлі орыс порталдарынан кеңестерді оқып жүрмін… Табиғатым солай ма, кім көрінгенге қолымды ұстата бергім келмейді. Көмектесіңізші!

Амина Айтжан, Алматы қаласынан

 

АЙҚАРАКӨЗ ЖАУАП БЕРЕДІ немесе СҮЙІСУ КЕРЕК! Амина, біз сізге кеңес бергеннен басқа еш көмек көрсете алмаймыз…

Сіздің 20 жасқа дейін жігітіңіздің болмауында екі себеп бар сияқты: сіз не шектен шыққан тәкаппарсыз, не бала махаббатыңызды әлі күнге сарыла күтудесіз. Қызға тән тәкаппарлықтың болғаны жақсы, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпей». Бірақ, «тұмсығыңызды көкке шүйіріп», кей жігіттің ойын ұнатпай, кей жігіттің бойын ұнатпай жүргеніңізде, кәрі қыз атанып қалуыңыз әбден мүмкін. Әрі «ақбоз атты ханзада» тек ертегіде ғана өмір сүреді. Ал екінші жағдайға келсек, сіз күтіп жүрген жанмен түбінде бақытты болуға сеніміңіз болмаса, қателесіп жүрсіз. Ол жан өмірін өз арнасымен сүріп жүрген болар. Тіпті сізді ойлайды ма? Жауапсыз махаббат, көзсіз ғашықтық үшін өміріңізді құрбан етуге болмайды. Сағынып жүріп, күтіп жүріп, тағы да кәрі қыз атанып қалу қаупі бар. Жаныңызда демеу беріп жүретін, сіздің ішкі әлеміңізді сөзсіз ұғатын, сыйлайтын жігіттің кездесетініне сеніміміз мол. Құрбыларыңызбен қыдырыңыз, көңілді кештерге барыңыз, жастар көп шоғырланатын орындарды жиі аралаңыз. Қазір танысуға мүмкіндік өте көп. Сіздің жасыңыз  — нағыз алып-ұшқан көңіл-күйдің жасы. Сондықтан жігітпен қатынас құрудан қорықпаңыз.

Сүйісу қыз бен жігіттің арасында романтиканы толықтыра түсетінін есептемегенде, адам ағзасына тигізетін пайдасы да көп.

Сүйісу – стресске төтеп беруші құрал. Дәрігерлер сүйісу процесі соңы түрлі  ауруларға алып келетін ашу-ыза негізінің асқынып кетуін баяулататынын, миға көп көлемде эндорфиндер бөлетінін дәлелдеп отыр.

Сүйісу кезінде тісіңізді кариестен қорғайтын және эмалін қатайтатын калций мен фосфорға бай сілекей бөлінеді.

Сүйіскенде бөлінетін сілекей құрамында жараның жазылуын жылдамдататын антибиотик бар екені дәлелденді. Аңдар денесіне түскен жараны жалау арқылы емдегені сияқты, сүйіскендегі сілекей құрамындағы зат та тез әсер етеді.

Сүйіскенде беттің 38 бұлшықетіне күш түседі, бет терісінің қан айналымы жақсарып, әжім баяу түседі.

Сүйісу кезінде адам орта есеппен 9 калория тастайды. Бұл орта есеп қана.

Ықылық атып, тоқтамай жатса, сүйісу арқылы тоқтатуға болады.

Сүйісу кезінде қан тамырлары кеңейіп, қысым кішкене көтеріліп, жүрек тез соғады (минутына әйелдерде – 108 соғысқа дейін, ерлерде – 110 соғысқа дейін), адам минуты 60 рет тыныс алады. Бұлардың бәрі организмдегі қан айналымды жақсартып, қосымша оттегі алуға көмектеседі.

Ерін мен ерін түйіскенде жыныстық гормондар іске қосылады.

Амина, көктем келеді, құлпырыңыз, бір сарынды күндеріңізге жаңа леп беріңіз!

 Сурет: cosmo.com.ua

АЙҚАРАКӨЗ ЖАУАП БЕРЕДІ немесе КЛИМАКС

Сәлем, Айқаракөз!

Менің жасым 39-да. Төсек қатынасында болған жоқпын, әлі қызбын. Соңғы екі айда менің етеккірім келмей жүр. Менде климакс басталғаны ма? Мен енді бала туа алмаймын ба? (Айжан)

 

Жоғары дәрежелі гинеколог-дәрігер Айгүл Мейрамқызы жауап береді.

 

АЙҚАРАКӨЗ ЖАУАП БЕРЕДІ немесе КЛИМАКСКлимакс – ерлерде де, әйелдерде болатын құбылыс. Әйелдерде болатын климакс (менопауза)  – әйел ағзасындағы зат алмасулар мен кейбір мүше қызметтерінің өзгеруіне алып келетін жыныстық гормондар синтезінің тез арада құлдырауы. Әйелдерде қалыпты климакс 50 жастан асқан соң басталады. Бұл кезде етеккір келуін тоқтатады, бала көтеру мүмкіндігі шектеледі. Климакстың негізгі белгілері: тершеңдік, әлсіздік, бас ауруы, дененің лезде ысып, лезде сууы, қалтырау, ашушаңдық, ұйқышылдық, шыдамсыздық, ұмытшақтық, депрессия, қан қысымының артуы (гипертония),жүректің тарсылдауы.

Климакс басталған әйел еш кедергісіз жыныстық қатынасқа түсе береді және бұрынғыдай тояттау (оргазм) сезімін де алады. Тіптен климакс басталғанда әйелдің төсек қатынасындағы белсенділігі артуы мүмкін: «екіқабат болып қаламын» деген қорқыныш миынан біржола жоғалады.

Климакстың ерте келуі әйелдерде 37 жастан басталады. Бұл – бүгінгі таңда жиі кездесіп жүрген жағдай. Климакстың ерте басталуының бірнеше себептері бар :

—         гормонды дәрі-дәрмектерді көп қолдану;

—         ішкі секреция бездерінің бұзылуы;

—         гинекологиялық аурулар;

—         онкологиялық аурулар;

—         иммунитеттің тым төмендеп кетуі.

Айжан, сіздің етеккіріңіздің кешігуіне басқа да себептер әсер етуі мүмкін. Етеккірдің кешігу себептерін «Етеккірім неге кешікті?» атты жазбадан оқи аласыз. Әрине қорқынышыңыз орынды. Сондықтан гинекологқа қаралып, гормоныңызды тексертіңіз. Бәрінің анық қанығына жетіп, көз жеткізбейінше, асығыс шешім қабылдауды әдетке айналдырмаңыз. Жас ұлғайған сайын бала көтеру мүмкіндігі азаятынын ескеріңіз.

Сурет: anionzdorove.ru

ҰЛТТЫҚ ПЕРЗАНТХАНА АШАТЫН КЕЗ КЕЛДІ

ҰЛТТЫҚ ПЕРЗАНТХАНА АШАТЫН КЕЗ КЕЛДІ

Қазақ дейтін халықтың тарихы мен үлгі-өнегесі ұшан-теңіз, інжу-маржан секілді. Біздің халықтың әрбір кішкентай ырымы мен тыйымының астарында үлкен мән-мағына жатыр. Кез келген жөн-жоралғы жайдан-жай жасалмайды. Ғасырлардан бері жасап келе жатқан тектік қасиет деген тағы бар. Тектік қасиет ұлттық қасиетпен бірге өріліп, бірімен-бірі сабақтасып жатады екен.

  «Аққолды ана» деген кім?

Бұрынырақта қазақ ауылдарында келінді босандырып алатын қолы епті әрі шипалы, есімдері ел аузына ілінген апалар болған. Ауыл адамдары оларды «ақжарқын ана», «аққолды ана» деп құрметтеген. Олай болатыны, кей жағдайда бала теріс келіп, жас ана босана алмай, қиналып қалатын сәттер болады. Сондай қауіпті алдын ала біле қойған сезімталдығы үшін әрі ондай қысылтаяң шақтан ананы да, сәбиді де аман алып қалғаны үшін ондай апаларды «аққолды ана» деп атаған. Қолы епті «аққолды аналар» бала дұрыс келмеген жағдайда қойдың жақсылап жуылған ұлтабарын қолына киіп, теріс келген баланы оңына                                                                                                                                                                         

келтіріп, келінді солай босандырып алған. Бір таңданарлығы, ұлтабар — жаңадан сойылған қойдікі әрі жасанды зат емес, «табиғи қолғап» болғандықтан, анаға да, балаға да зияны тимеген. Біздің халықтың кемеңгерлігінің бір ұшы осындай көп білетіндігінде жатса керек… «Аққолды аналарымыздың» көрегендігі, даналығы сол – толғатып жатқан келіннің аузына тары салған екен. Белі үзіліп кетердей бебеулеп, ащы толғақтан әлсіреген келінге тары әрі нәр береді, әрі тарыны қышырлатып шайнау арқылы жақтың қарысып қалуынан сақтаған. Тарыны құшырланып шайнаған келін дауысын шығарып айғайлай да алмаған, ал айғайлап-ойбайламаған адамның күш-қуаты да кемімейді. Бұл бір жағынан, дәтке қуат болса, екінші жағынан тыста жақсылық күтіп жүргендерді үрейлендірмеудің амалы деп білген. Міне, осының өзінде ғана қаншама тәрбие жатыр.

Бір қызығы, «ақ қолды ана», «ақжарқын ана» атанған ол кісілер ешқашан кіндік шеше болуға таласпаған. Олар тек қана өздерінің міндеттерін атқарған. Ана мен баланың жағдайының жақсы болуын, сәбидің аман-есен дүниеге келуін, сонымен қатар туытпен бірге болатын әртүрлі анау-мынау қауіп-қатерлердің болмауын, тіпті босанғаннан кейінгі күтіну жолдарын осы «аққолды аналар» қадағалап, ем-домын жасап, жас анаға ақыл-кеңестерін айтып отырған. «Аққолды» аналар – бүгінгі тілмен айтқанда, әйелдер дәрігері, яғни баланың өмірге аман келуіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын адамдар.

 Зейнеп АХМЕТОВА

сурет: mama.ua

МІНСІЗ ӘЙЕЛ МІНДЕТТІ…

 

МІНСІЗ ӘЙЕЛ МІНДЕТТІ...

Мінсіз әйел деген кім? Ол қандай болуы қажет? Өзін қалай ұстауы қажет? Осы сұрақ төңірегінде әлемдік деңгейдегі ерлер жорналында біраз талқыланған екен. Сондағы ерлердің басым көпшілігі қалайтын қасиеттерді ұсынамыз.

Ерінің сырт келбетін назарда ұстау.

Қазіргі заманда ер адамның сыртқы келбеті тап-тұйнақтай, киімі тап-таза болуы қажет. Сонда ол өз ортасында, әріптестерінің арасында жүзі жарқын болып жүре алады. Киімі кірден көз ашпай, үтіктелмеген жейдемен жүрген еркектің өзіне келіп айтпаса да, сыртынан соның бәрін түзеп бермеген әйеліне наразылық туындайды. Сондықтан әр әйел еріне киім таңдауда бар күшін салып, оның таза киімде ғана жүруін, сырт келбетінің салиқалы көрінуін қамтамасыз етуге тырысуы қажет. Ерлер қауымы мұндай әйелді жоғары бағалайды.

Жеке өмірі болсын.

Әйел адамы отбасына барын салып, баласының, ерінің қамымен жүріп, өзіне қарауды мүлде ұмыта бастайды. Бүгінгі күні тура кешегідей, кешегі күні өткен айдағыдай, бір-бірінен айнымайтын күндер. Мұндай жағдайда күйеуін жалықтырып алу қаупі туындайды да, «көзіне шөп салып», отбасында ұрыстар көбеюі ықтимал. Сондықтан әйелер үнемі өзін де назарда ұстап отыруы қажет. Өзінің жеке өмірі, яғни өз ортасы болу қажет. Құрбыларымен кездесіп, туыстарына қонақ болып, тіпті, өзі қалаған хоббиімен айналысып, жаңа эмоцияға бой алдырғаны пайдалы.

Сексуалды киіну.

Ерлердің көзімен әйелдер тым ашық-шашық та, тым жабық та киінбеуі қажет. Әйелдің киген киімі өзіне қонымды, жарасымды, ажарын аша түсуі тиіс. Ерлерше тартымды, сексуалды киіну – қарнын ашып, ышқырын түсіріп, етегін қысқартып, жабық тұру керек жерлерді ашып киіну емес. Әйелдің киімі денеге тым жабысып тұрғаннан гөрі бостау тұрса, әдемі, тартымды көрінеді. Көйлектің қысқа болуы да еркектің басына бірден бөтен ой салады.

Еркектің «берекесін алмау».

Әйелінің ұнамсыз қасиеттері жайлы тақырыпта жауап берген еркектердің 90 пайызы  «берекесін алатынын» айтқан. «Берекесін алу» сөзінің астарында не істеу керек екенін қайта-қайта айта беру, сенімсіздік таныту, қайда жүргенін, не істеп жатқанын аңдып, қоңырау шалу, тіпті «Қалайсың? Қайдасың?» деген мәтінді СМС-хабарламалар жатыр. Еркек жұмыста жүріп, үйдегі жағдайды әйеліне сенгендіктен аз есіне алуы мүмкін. Еркектер әйелдерге қарағанда басқаша ойлайды, әлденені ұмытқандықтан емес, қажет емес деп санағандықтан орындамай жатады.

Әрине бала табу – барлық әйелдің қолынан келетін іс. Ерінің жағдайын жасап, «мінсіз әйел» атануға талпынбайтын әйелдер де біршама. Жоғарыда келтірілген кеңестер сізді бірден идеал қылып жібермесе де, ой салары анық. Еріңізден жылы сөз, жағымды іс, еркелетуді күтпес бұрын өзіңізді әбден «тәрбиелеп» алғаныңыз дұрыс.

Сурет: nestandard.ru 

 

ҚАТЫНАС ҮЗІЛДІ! ҚАЛАЙ ТӨЗУГЕ БОЛАДЫ?

Сүйіктіңізбен әдемі «романды» аяқтадыңыз ба? Әлде сүйгеніңіз дос болып қалуды өтінді ме?

Мұндайда өміріңіздің астаң-кестеңі шығып, бәрі де бастан-аяқ төңкеріліп кеткендей болады. Тыныс алу да қиын, тамақтану да қиын, ұйықтау да қиын, тіпті не ойлап, не қойғаныңызды бақылай алмай қалуыңыз мүмкін. Осындай кезеңде психологтар түгелдей өмірді «таза парақтан» бастауға кеңес береді.

Салтанатты уәде. Сіз күні бойы үйде отырып, көз жасыңызды көл етіп, өзіңізді тастап кеткен жанды қалай қайтарудың жолын білмей, дал бола бермеңіз. Одан да ерік-жігеріңізді жиып, экс-сүйіктіңізді ұмытудың жолын іздегеніңіз дұрыс. Эмоцияға берілмей, мықты болуға, өз бағаңызды түсірмеуге, жаңа өмір бастауға уәде беріңіз. Уәдені біреудің алдында дауыстап айту міндетті емес, өзіңізге өзіңіз ереже тізіп, ойша сөз беріңіз.

Ешқандай байланыс құралынсыз! Сіз оған мүлде хабарласпаңыз. Сізден естуге міндетті жақсы не жаман жаңалық болса да, шыдауға тырысыңыз. Дауысын есіткіңіз келсе де,  сізде оның заттары қалып кеткенін хабарлау керек болса да, қандай маңызды шаруаңыз болып тұрса да, мүлде қоңырау шалмаңыз. Интернеттегі байланыстан да, агентіңізден де өшіріңіз. Қажет болса, өзі тауып алады.

Тыйым салынған орындар. Екеуіңіз бірге баруды ұнататын, тіпті оны еске түсіретін орындарға жақындамауға тырысыңыз. Ол орындар сізге өткенді еске түсіріп, көңіліңізді құлазытып, жалғыз қалғаныңызды тағы да дәлелдей түскеннен басқа еш пайда әкелмейтінін түсініңіз. Ол шақырылуы мүмкін ортақ таныстарыңыздың басқосуларынан да «айығып кеткеніңізше» бас тартыңыз. Досыңыздың көңілін қалдырмас үшін түрлі сылтаулар ойлап табу қиынға соқпайды.

Ақымақтық. Достарыңызға ол туралы сіз бар жерде ешқандай әңгіме болмауын ескертіңіз. Және сізді тастап кеткен жанды көпшіліктің көзінше төмендетіп, арына нұқсан келтіріп, оның «сіздей қызға енді қолы жетпейтінін» айтып, шу шығарудың еш пайда әкелмейтінін де түсіндіріңіз. Ақымақтық жасау артық болады.

«Қара» тізім. Телефоныңызға келген қоңыраудың кімнен екенін білмесеңіз, жаңа нөмірге жауап бермеуге дағдыланыңыз. Оның нөмірі мүлде жауапсыз қалуы тиіс, яғни «қара» тізімге жіберіңіз. Тіпті болмай жатса, телефоныңызды уақытша өшіре тұрыңыз. Сізді іздеп қалуы мүмкін жандар үшін автожауапқатқыштың (автоответчик) көмегіне сүйенуіңізге болады.

Эгоизм. Шыдамсызданып, өзіңіз қайта қоңырау шалып, хатына жауап жазып жүрмеңіз. Егер сіздің әлеуметтік желідегі «әлеміңізге» «қонаққа келе берсе», онда ол сіздің блогыңызға жазылған «сағындым..», «ғашығым, қайда кеттің» деген сияқты жазбаларыңызды оқып, өзіңің ішкі эгосын «мәз қылуға» тырысқаны деп біліңіз. Бұл жағдайда «мені сағынып жүр, қайта қосылуды айта алмай жүр» деуіңіз  — қателік. Қателігін түзегісі келген жан арнайы хат жазып, кешірім сұрайтынын есте сақтаңыз.

Ешқандай сиқырсыз! Тосын оқиғаларды қатынастың қайта жалғануына жорып, белгі іздемеңіз. Балгерлерге барып, болашағыңызды болжатқызып, түрлі жолмен қайтаруды ойлап, оның қайтып келетініне үміт артпаңыз және бұл айрылысуды уақытша деп қабылдамаңыз. Біткен нәрсе бітті. Қайта қосылғанның өзінде бар қателікті түзеп, бәрін де басынан бастау қажет екені есіңізде болсын.

Өмір сүріңіз! Тіршілігіңіз тоқтап қалғандай, өзіңізді тастап жібермеңіз. Бәрін жақсылыққа жорып, экс-сүйіктіңіздің сізді бағалай білетін адамға жол бергені деп қабылдаңыз. Достарыңыздың арасында өзіңізді төмен санап, ұялудың да қажеті жоқ. Басыңызды тік көтеріп, еңсеңізді биік ұстаңыз. Көңілді жерлерді көп аралаңыз.

raut.ru