ҚАЗАҚТЫҢ ЫРЫМЫ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КҮШКЕ АЙНАЛЫП КЕТКЕН…

 

ҚАЗАҚТЫҢ ЫРЫМЫ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КҮШКЕ АЙНАЛЫП КЕТКЕН...Бұл күндері, Құдайға шүкір, өз дәстүр-салтымыз бен әдет-ғұрпымызға мойын бұрып, шамамыз келгенше ұлықтап-ақ жүрміз. Әсіресе, жастар жағы. Бүгінгі үйлену тойларының арақ-шарапсыз өткізіліп жатқандығы, әр-әр жерде торттың орнына «келін шайының» беріліп жүргендігі осының айғағы болса керек. Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ырым-тыйымы ұлттық кодқа, энергетикалық күшке айналып кеткендігін іштей мойындасақ та, жеме-жемге келгенде кежегеміз кейін тартып, үркіп тұратын кезіміз көп. Дегенмен бүгінде сәбилерін бесікке бөлейтін, тұсаукесерге мән беретін отбасылар көбейді. Бұл – көңіл қуантарлық жағдай. Өз таным-нанымымыз өзімізге ғана жұғысты болатынын түсіне бастағандаймыз.

 Шілдехана тойының қандай маңызы бар?

Бала алғаш дүниеге келген күні қазақ шілдехана тойын жасайды. Шілдеханада түнімен ән айтылып, күй тартылған, яғни жаңа туған нәрестенің алғаш құлағына естілетіні қазақтың әні мен жыры болған. Осыдан соң қазақ қалай әнші болмайды дейсің?! Бұрындары жас босанған әйелді түн күзететін болған. Сол түні ән мен жыр, күмбірлеген күй түні бойы бір толастамаған екен. Ол, бір жағынан, «жаңа туған баланы жын-шайтан иектемесін» деген ойдан шыққан. Өйткені ән салған адамның жаман ой ойлауға мүмкіндігі болмайды. Ал әнде үлкен құдірет бар. Сол дыбыс, әуен, саз жаңа туған нәрестенің құлағына сіңеді. Тек шілдехана жасалған күні болмаса, баланы қырқынан шығарғанша үйге көп адамды топырлатып шақырмаған екен. Ол екі аралықта балаға «бауы берік болсын» айта келгендердің өзі келін мен баланы көруге талпынбаған. Өйткені «келінге көз тиеді», «балаға сұқ өтеді» деп түсінген. Қазақ жаңадан туған ботаның өзін жетілгенше тасада ұстап, ешкімге көрсетпеген ғой, сол сияқты «біреу қолға алып, жүзіне көз салып қараса, соның өзі жас балаға ауырлық әкеледі» деп қауіптенген. Бір жағынан, бұл да дұрыс. Өйткені біздің өзіміз де бізде қандай энергия, қандай биоөрістер бар екенін біле бермейміз. Ал адамдар әртүрлі. Балаға жамандық ойламаған күннің өзінде бейсаналы түрде зиян тигізуі мүмкін. Сондықтан ересек адамдар мүмкіндігінше жас босанған келіні бар, жаңадан туылған бөпесі бар үйге бара бермеген. Өйткені қырық күн толмаған сәби жердің баласы деп есептелмеген. Бір есептен, «жердің баласы емес» деуге негіз де бар. Мұны қырқынан шықпаған баланы білегін ұстап көріп, еті мен сүйегі бірікпегенінен-ақ байқауға болады…

Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: babyzzz.ru

АЙҚАРАКӨЗ ЖАУАП БЕРЕДІ немесе КЛИМАКС

Сәлем, Айқаракөз!

Менің жасым 39-да. Төсек қатынасында болған жоқпын, әлі қызбын. Соңғы екі айда менің етеккірім келмей жүр. Менде климакс басталғаны ма? Мен енді бала туа алмаймын ба? (Айжан)

 

Жоғары дәрежелі гинеколог-дәрігер Айгүл Мейрамқызы жауап береді.

 

АЙҚАРАКӨЗ ЖАУАП БЕРЕДІ немесе КЛИМАКСКлимакс – ерлерде де, әйелдерде болатын құбылыс. Әйелдерде болатын климакс (менопауза)  – әйел ағзасындағы зат алмасулар мен кейбір мүше қызметтерінің өзгеруіне алып келетін жыныстық гормондар синтезінің тез арада құлдырауы. Әйелдерде қалыпты климакс 50 жастан асқан соң басталады. Бұл кезде етеккір келуін тоқтатады, бала көтеру мүмкіндігі шектеледі. Климакстың негізгі белгілері: тершеңдік, әлсіздік, бас ауруы, дененің лезде ысып, лезде сууы, қалтырау, ашушаңдық, ұйқышылдық, шыдамсыздық, ұмытшақтық, депрессия, қан қысымының артуы (гипертония),жүректің тарсылдауы.

Климакс басталған әйел еш кедергісіз жыныстық қатынасқа түсе береді және бұрынғыдай тояттау (оргазм) сезімін де алады. Тіптен климакс басталғанда әйелдің төсек қатынасындағы белсенділігі артуы мүмкін: «екіқабат болып қаламын» деген қорқыныш миынан біржола жоғалады.

Климакстың ерте келуі әйелдерде 37 жастан басталады. Бұл – бүгінгі таңда жиі кездесіп жүрген жағдай. Климакстың ерте басталуының бірнеше себептері бар :

–         гормонды дәрі-дәрмектерді көп қолдану;

–         ішкі секреция бездерінің бұзылуы;

–         гинекологиялық аурулар;

–         онкологиялық аурулар;

–         иммунитеттің тым төмендеп кетуі.

Айжан, сіздің етеккіріңіздің кешігуіне басқа да себептер әсер етуі мүмкін. Етеккірдің кешігу себептерін «Етеккірім неге кешікті?» атты жазбадан оқи аласыз. Әрине қорқынышыңыз орынды. Сондықтан гинекологқа қаралып, гормоныңызды тексертіңіз. Бәрінің анық қанығына жетіп, көз жеткізбейінше, асығыс шешім қабылдауды әдетке айналдырмаңыз. Жас ұлғайған сайын бала көтеру мүмкіндігі азаятынын ескеріңіз.

Сурет: anionzdorove.ru

Кіндік шешенің бала тәрбиесіндегі орны

«Жарыс қазан» қайдан шыққан?Кіндік шешенің бала тәрбиесіндегі орны
Ертеректе перзентхана болмағандықтан, әйелдердің үйде босанғаны белгілі. Келін толғатқан заматта әйелдер қазанға ас салған. «Қазан қайнағанша бала дүниеге келсін», «толғағы жеңіл болсын» деп қазан менен толғақты жарыстырған. «Қазан қайнағанша аман-есен босанып қалсын» деген тілек жатыр мұның астарында. Бір жағынан, жаңадан босанған ананың сорпа-суы, әрі қуанышқа жиналғандарға дайындалған ас деп қарауға болады. «Жарыс қазан» деген дәстүр осыдан шықса керек…

Тіліміздегі «қол-аяғын аман-есен бауырына алды», «аман-есен жеңілденді» деген сөздер келіннің дүниеге перзент әкелгеніне қатысты айтылған. Қазақ еш уақытта «туды» деп айтпаған. Бұл сөз аңға, малға, жан-жануарға қатысты айтылады. Жақсылық хабарды жеткізушілер «атұстар», «құрықұстар келді» деп – ұл баланың, «шай қайнатарың келді, үкіңді дайында» деп қыз баланың дүниеге келгенін жеткізіп, бір-бірінен сүйінші сұрасқан. Осыдан-ақ әрбір сөздің айтылатын жері болатынын әрі қазақ халқының тектілігін аңғаруға болады.

Кіндік шешенің бала тәрбиесіндегі орны

Қазақ халқында кіндік шеше ерекше орны бар өте қадірлі тұлға деуге болады. Баланың өзінің туған анасынан кейінгі ардақтап құрметпен қарайтұғын анасы – осы кіндік шеше. Келіннің бойына алғаш бала бітіп, «ақ алғысты» болып, жерік болып жүрген кезінен бастап, енелері балаға кіндік шешені іздеп, іштей таңдай бастаған екен. Ол аралықта «мен болайын» деп қолқа салушылар да көбейеді. Солардың арасынан енелер болашақ кіндік шешені өздері таңдаған. «Ой, ана пәленшенің мінезі биязы, өзі үнемі жайдары жүреді», «түгеншенің қолының ісмерлігі бар» деп келіншектердің жақсы қасиеттерін жинақтай келе, кіндік шеше алдын ала белгіленеді.

«Болашақ немереміздің кіндік шешесі өзің бол, ниетіңе жет» деп келіннің енесі қолқасын айтқаннан кейін кіндік шеше келінге қамқор болады. Ол аяғы ауыр болашақ анаға бойын күтуді, жүріп-тұруды, тіпті қалай тамақтану керектігіне дейін – барлығын үйретіп, іште жатқан шарананың өзіне әу бастан-ақ осылай қамқорлығын жасаған. Арасында үйдің тірлігіне де келіп көмектесіп жүрген. Бұрынғы кіндік шешелер келіннің босанатын күнін міндетті түрде білген. Өйткені «ай толғақ», «апта толғақ» деген сияқты босанғанға дейін болатын толғақтардың әр күнін санап, келіннің қай кезде босанатынын алдын ала болжап отырған.

Кеңес өкіметінің кезінде туылған балалардың барлығы деуге болады, өзінің кіндік шешесін білмеген. Өз алдымызға дербес мемлекет болмай тұрған жетпіс жылдың ішінде қазақ баласының кіндігін кім кеспеді дейсің… Қазақ «бала кіндік шешеге тартады» деп бекер айтпайды. Өйткені жаңадан шыр етіп жарық дүниеге келген баланың тірі тәнін қолымен ұстап тұрып, кіндігін кесу арқылы әрбір адамның бойында болатын биоөріс пен адам бойындағы қасиеттер белгілі бір мөлшерде балаға беріледі. Бала да бірден қабылдайды оны. Сондықтан баланың ата-анасына, ата-әжесіне тартпаған кейбір мінездері міндетті түрде кіндік шешесіне тартады. Кіндік шешені ардақтап, қадірлейтіні де, оған үлкен мән беретіні де сондықтан.

«Ой, ол пәленшенің кіндік баласы ғой, әне, мінезі аумай қалған» дегенді естіп жататынымыз сол себепті. Біздің қазақ халқының психологиясының, мінез-құлқының өзгергені, кәдімгідей басқа жаққа қарай ауыңқырап кеткені осы жетпіс жыл бойы кіндігімізді кім көрінгеннің кескендігінде жатыр ма деп те ойлаймын кейде. Бұл негізсіз емес. Өз басым, баламның кіндік шешесінің кім екенін білмеймін. Сонау 1968 жылдары перзентханаларда қазақ дәрігерлері, қазақ медбикелері бірлі-жарым ғана болатын.Әсіресе, Алматыда. Перзентханаларда көбінде кілең басқа ұлттың өкілдері істеді. Қазір бір қуанарлығы, аналар өз баласының кіндігін кім кескенін біліп жатады.

«Баламның кіндігін кескен адам» деп сый-сияпатын да жасап жатқанын көріп жүрміз. Бірақ олар – дәрігерлер, олар жас аналарды өздері босандырып, кіндігін өздері кесіп жатыр. Осы орайда «неге ұлттық перзентхана ашпасқа» деген ой мені жиі мазалайды. Ата-аналар өздері қалаған, өздерінің көңілдерінен шыққан, алдын ала сайлап қойған адамын перзентханаға апарып, арнайы медициналық бетперде мен халат кигізіп, неге кіндік кескізбеске, дәрігермен бірге жас босанған ананың жанында болмасқа?!

Дәрігер өзінің міндетін атқарса, ал кіндік шеше баланың кіндігін кессе… Кейбір дәрігерлер «олай етуге рұқсат жоқ, бала босанатын жерге бөтен адамды кіргізуге болмайды» деп жатады. Ал енді кейінгі кезде әйелі босанып жатқан жерге күйеулері камерамен кіретұғын бір «мода» шықты. Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің, «былай тұрыңызшы, түсіріп алайын» деп гинеколог дәрігер мен акушерлерді былай ысырып жүретін сорақы жағдайлар кездеседі. Сонда олар қалай кіріп жүр? Қалай кіргізеді оларды? «Бір аяғы – көрде, бір аяғы – жерде», адамнан адам шығып жатқан қауіпті сәтте күйеулері сол жерде жүреді. Жасыратын ештеңе жоқ, бұл – талай перзентханаларда болып жатқан нәрсе. Олай болса, неге кіндік шешені де кіргізбеске?

Дәрігерлерге мың да бір рақмет, ана мен баланың өміріне жауап беріп, олардың денсаулықтарының қауіпсіздігін мойнына алып жүр. Олар өз міндеттерін атқарып жатыр, ал кіндік шешелік парыз мүлде басқа ғой. Бүгінде өзін босандырып алған дәрігерді «кіндік шеше» деп қабылдап жүр, ол да – дұрыс. Бастысы, баласының кіндік шешесін біліп жатыр. Көп жағдайда баланың кіндігін кескен адам басқа болғанымен, мына жақтан ата-ене сайлаған кіндік шешесі гүлін көтеріп, перзентханадан кіндік баласын шығарып алып та жатады. Шындап келгенде, бұл көзбояушылық емес пе… Ырым етіп, ниет қылғаны жақсы шығар, бірақ шынайы болғанға не жетсін?! Кіндігін кеспей, сырттай сайланған кіндік шешелер баланың тәрбиесіне қандай қолғабыс беріп жатыр? Ешқандай.

Ары кетсе, жылына бір рет баланың туған күнінде сыйлықтарын әкеледі. Ара-арасында ойыншығын көтеріп келетіні болмаса, бәлендей жауапкершілікті сезінбейді. Ал бұрынғы кіндік шешелер баланың тәрбиесіне көп күш салған. Жас ана қол-аяғын бауырына алғанша, әбден үйренгенше баланы суға шомылдыру, керіп-созу, күту – соның барлығын енесінен бұрын кіндік шеше мойнына алып, өзі үйреткен.

Балаға қатысты өткізілетін қырқынан шығарудан үйлену тойына дейінгі барлық игі шаралардың басы-қасында кіндік шеше ең бір қадірлі тұлға болған. Баланың ата-анасымен қатар, кіндік шешеге көрсетілер құрметтің орны бөлек. Қыз алысып, құдандалы болып жатқанда да, ата-анасымен аты бірге аталып, кіндік шешеге төрден орын берілген. Кейін бала да ержеткенде «кіндік ананың парызы» деп өз парызын өтеп жүретін болған. Қазақ кіндік шешені осылай қастерлеген, дәріптеген…

ТЕРЛЕЙ БЕРЕСІЗ БЕ?

ТЕРЛЕЙ БЕРЕСІЗ БЕ?Денеден тердің бөлінуі – адам терісінде жүзеге асатын маңызды функция. Тер адам ағзасындағы артық сұйықтық болғандықтан, оның сыртқа шығуы – заңдылық. Бірақ, денеміздің көзге көрінер жерлерінен тердің тым көп мөлшерде бөлінуі ыңғайыссыздық тудырады. Тершең адамның бойынан тәулігіне 3 литрден 14 литрге дейін тер бөлініп шығуы мүмкін. Артық тердің шығуы жайсыздық қана емес, денсаулықта бір ақаудың бар екенін білдіреді.

Адам бойынан дене еңбегі кезінде және тағам қабылдаған кезде тер шығуы мүмкін. Психогендік тер адам қуанғанда немесе мұңайып, жылағанда, уайымға салынғанда шығады. Мұндай сәттерде көбнесе алақан мен табан терлеуі мүмкін. Дене еңбегі кезінде, жаттығу жасағанда, спорт залдарында жаттығушының арқасы мен шаш арасы терлейді.Ал тағам қабылдағанда, адамның ыстық тамақты қабылдауынан маңдайынан бұрқырап шығады. Алкоголь қабылдаған кезде де қызу адам көп мөлшерде терлейді.

Қалыпты мөлшерде тердің шығуы – ағза үшін пайдалы. Өйткені ол зат алмасу процессі болып табылады. Тер бүйректегі артық сұйықтықты сыртқа шығарып, тазартады. Тердің құрамы 99 пайыз судан, 1 пайыз органикалық (кератин, аминқышқылдар,сүт қышқылдары) немесе органикалық емес (май, кальций, натрий, темір, цинк) заттардан тұрады.

Тершеңдік жүйке жүйесі зақымданған адамдарда жиі кездеседі. Олар эмоцияға берілгіш келгеннен кейін ағза әр эмоциялық толғанысы кезінде терді шығарып отырады. Бұған бей-жай қараған жақсы емес. Емханаларда тершеңдікті аурудың алғашқы белгісі санап, дәрігердің көмегіне жүгінетіндер аз емес. Тершеңдік қант диабеті, инфекциялық ауру, семіздік, жүрек-қантамыр ауруларының ең алғашқы белгілері болып саналуы мүмкін.

Қолтықтың терлеуі

Көп адам гипергидроздың (тершеңдік) қолтық және табанда болуынан зардап шегіп жатады. Себебі, терлеген қолтық жағымсыз иіс шығарады. Қолтықтың терлеуіне көп жағдайда тар және синтетикалық киім себеп болады. Әрі бұл терлеу жыныс талғамайды. Әсіресе бозбала мен бойжеткен шақта жиі кездеседі. Балаларда байқалмайды. Қолтықтың терлеуі тұқым қуалаушылықтан да болады.

Не істеу керек?

Терлегеніңізді сезінсеңіз, душ қабылдауыңыз керек. Косметикалық дүкендерде сатылатын қолтыққа арналған дезодарантты 12 сағатта бір сеуіп отыруды ұмытпаңыз. Және әр кеште қолтықты жуғаннан кейін, 1шай қасық ас содасы мен 1шай қасық тұзды 200мл суда ерітіп, мақтамен қолтықты сүрту керек. Бұл қолтық гипергидрозын азайтады.

Алақан мен табанның терлеуі

Алақан мен табанның терлеуін акрогидроз деп атайды. Жүйке және жүрек ауруына шалдыққан немесе араққа құмар жандардың алақанымен табаны жиі терлейді. Эмоциясын іште сақтай алмайтын жандардың алақандары терлегіш келеді.Сапасы нашар, аяққа тар аяқ киімдер де аяқты терлетіп, жағымсыз иістің шығуына себепші болады.

Не істеу керек?

Терлегеніңіз сезілсе, алақан арасын ашып отыруыңыз керек. Дұрысы – қолды сабынмен жиі жуу. Аяқ киім таңдауда оны сапасы мен аяққа сыйымдылығын басты назарда ұстау қажет.

Тершеңдікті емдеу

Тершеңдіктен зардап шеккендерді емдеу ұзақ процесс, әрі одан құлан-таза айығып кету мүмкін емес. Бастысы, себебін анықтап, гипергидрозды жоюға күш салу керек. Дәріханалар мен косметикалық дүкендерде бұған түрлі өнімдер бар. Алайда оның бәрінің әсері қағазында жазылғандай емес. Тершеңдікті басу үшін құрамында валериан, бромид, Бехтерев микстурасы бар препараттар ұсынылады. Шатыраш (шалфей) тұнбасымен жуыну да тершеңдіктен құтылуға көмектеседі. Гипергидрозы асқынған адамдар арнайы терапиялық процедуралар арқылы оны бәсеңдетуге тырысу керек.

Дезодоранттар – парфюмериялық өндірісте кең шығарылатын өнім. Ол тершеңдіктен емес, жағымсыз иістен құтылуға көмек береді. Ал тер бөлінуді азайту үшін антиперспирантты пайдаланған жөн. Құрамында формальдегиді бар арнайы дәрі-дәрмектің де көмегі тиіп қалады.

Жеке бастың гигиенасын сақтап, спортпен шұғылдану, салауатты өмір салтын ұстау – ең тиімді, бар аурудың алдын алатын әдіс.

 Сурет: o-woman.ru

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ СУСЫНДЫ ТҰТЫНБАС БҰРЫН БІЛІП АЛЫҢЫЗ…

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ СУСЫНДЫ ТҰТЫНБАС БҰРЫН БІЛІП АЛЫҢЫЗ...

Заманауи тамақ өндірісі жыл сайын жаңа азықтарды шығарып келеді. ХХІ ғасыр адамына дүкен сөрелері  жер жүзінің түкпір-түкпірінен табиғи суларды, жерінде өспейтін тропикалық жемістер шырынын, қыстың көзі қырауда көкөніс пен жемістердің түр-түрін ұсынады. Бірақ соңғы кездері халық денсаулығына алаңдаушылық тудыртып жұрген химиялық қоспасы көп тағамдар көбейіп кетті. Солардың қатарында «энергетикалық» деген сипатқа ие сусындар бар.

Көз алдымызға сабақ үлгерімі өте жақсы студентті елестетіп көрелік. Емтиханнан бірнеше күн бұрын білімгер түн ұйқысын төрт бөліп, оған қызу дайындық жұмыстарын жүргізеді. Ұйқы көрмеген студенттің басы мең-зең болып, шәй мен кофе көмектеспейтін жағдайға дейін жетеді. Осы кезде «энергетикті көрмейсің бе?!» деген дос кеңесіне құлақ асқан студент «Диззи» сусынын сатып алады. «Энерджи» сусынын бірнеше ұрттаған соң студент басының шайдай ашылып, ұйқысының түбегейлі қашқанын сезеді. Адам белсенділігін мұншама арттыратындай энергетикалық сусынның құрамында не бар екен деген сұрақ туындайды….

МҰндай сусындар тек химиялық қоспалардан дайындалады: кофеин, карантин, таурин аминқышқылы, глюкоза, матеин, мелатонин және кей сусындарға гуарана тропикалық жемісін қосады. Енді құрамға енген бұл заттардың қасиеттеріне жеке тоқталайық. Кофеин жүрек қан тамыр жүйелерінің жұмысын жақсартады, әсерінен адамның ми қызметінің жұмысын жеделдетеді. Карантин адам ағзасындағы майды қышқылдандырады, нәтижесінде бұлшықеттер жиырылып, шаршау сезілмейді. Таурин аминқышылы медицинада жүрек ауруларын емдеу үшін пайдаланады. Бірақ,0,5 литр энергетикалық сусынға не себепті 1000 мг. таурин қышқылы қажет?! Оны көп мөлшерде қабылдау, керісінше кері әсер етеді. Глюкоза қанды көбейтеді. Бірақ дозасының тым көбеюі ағзаға қауіп төндіреді. Матеин – тропикалық жеміс ағашы, ол қарынның ашқанын білдірмейді. Мелатонин – денеге алдамшы күш беретін химиялық зат. Бұл қоспалардан кейін сусын көп мөлшерде газдалады. Газдың денсаулыққа зияныаз емес.

Дания және Норвегия елдерінің білікті дәрігерлері сусындардың сатылуына қатаң тыйым салған. Себебі оның құрамына кіретін  формацевтикалық қоспалардың мөлшері дозадан тым асып кеткен. Бұл адам денсаулығын түгел апатқа ұшыратуы мүмкін. Энергетикалық сусынды қабылдағаннан кейін алғашқы 3-4 сағатта адам өзін «қуатталғандай» сезеді. Бірақ сусын күшін жойғаннан кейін бас айналу, лоқсу, ұйқысыздық, соңынан барып күйзеліс мазалайды. Сусынды бір рет тартып көрген адам енді оның ырқынан шыға алмай қалуы мүмкін. Күніге екі бөтелкеден артық ішкен жанның терісі құрғап, шаш түсу байқалады. Уақыт өте келе қан қысымы жоғарылап, аяқ қолдар қалтырай бастайды. Соған қарамастан, адам диззи сусынын ішкісі келіп тұрады. Жанымен қоса, тәні де нәзік қыз балаларға бұл сусын тіпті зиян.

Қымбатты, айқаракөздіктер!Денсаулығымызға жауапты өзіміз екенін ұмытпайық! Егер энергетикалық сусынды татып көрмеген болсаңыздар, оны көруге әрекеттенбегендеріңіз абзал!

 Сурет: vesti.kz

«ЕТЕККІРІМ НЕГЕ КЕШІКТІ?»

"ЕТЕККІРІМ НЕГЕ КЕШІКТІ?" Етеккірдің кідіруі – барлық әйел атаулыға таныс құбылыс. Бұл жағдай қыздарға түсініксіз болып көрінсе, әйелдер бірден «аяғым ауырлап қалды ма екен» деген сұрақты ойына алады. Дегенмен, етеккірдің кідіруіне бірнеше себептер ықпал етеді.

Орта есеппен алсақ, қыздар он екі жасқа келгенде, етеккірдің белгілері басталады. Алғашқы кезеңде етеккірдің келу уақыты бір қалыпқа түспегендіктен кем дегенде жарты жыл бойы ауытқушылықтар болады. Ал кей қыздарда бірден жүйелі түрде келе бастайды. Қыздың жыныстық организмі бір жүйемен қалыптасқанша болатын ауытқушылықтар қорқыныш тудырмайды, оған еш алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл құбылыстан бөлек, етеккір кідіруінің бірнеше себептері бар.

Барлық әйелдің ойына бірінші келетін себеп – екіқабат болу. Бұл – төсек қатынасына түсетін әрбір әйел үшін өзекті жағдай. Тіпті төсекті анда-санда «көретін» әйелдердің өзінде екіқабат болып қалу ықтималдығы бар. Аяғыңыз ауырлап қалды  деген ойда болсаңыз, арнайы тесттің не дәрігердің көмегіне жүгініңіз.

Стресс.  Ия, ол шынымен де әйел организіміне әсер етеді. Ми қабаттары арқылы әйел органдарында ауытқулар болады. Тіпті өтпелі ашу-ыза, жабырқаудың өзі етеккірдің кешігуіне әсерін тигізіп жатады.

Денеге күш түсіру. Мысалы, сіз бірінші рет не ұзақ үзілістен соң спорт залға барсаңыз, етеккіріңіз кешігеді деп күте бергеніңіз дұрыс. Біраз уақыт денеңіз, бұлшықеттеріңіз «үйреніп» алғанша, солай болуы – қалыпты жайдай. Өйткені, сіздің бүкіл денеңіз, ағзаларыңыз «қимылдайды».

Тағы бір себеп – климаттық жағдай. Ұзақ сапар, қаладан қалаға көшу бәрі де әйел организімінің өзгеруіне әкеледі. Қоршаған ауа райы, оның ылғалдылығы мен құрғақтығы  – тікелей әсер ететін сыртқы факторлар.

Тым ұзаққа созылған диета. Егер сіз ұзақ уақыт ашығып не бірден өзіңізді барлық тағамнан шектесеңіз, ішкі ағзаларыңызға қажетті коректер мен дәрумендер дұрыс жетпей, зат алмасу мен ағза қызметінде кедіргілер туындайды. Сондықтан «бірден тереңге сүңгімей, таяздан бастаңыз».

Созылмалы және инфекциялық аурулар сөзсіз әсерін береді. Гинкологиялық аурулар, зоб аурулары да етеккірдің кешігуіне себеп болады. Тіпті, жасанды түсіктен соң да етеккірдің бір қалыпқа келуі біраз уақытты қажет етеді. Бұлардың бәрі әйел гормондарының өзгеріске ұшырауынан. Дұрыс күтініп, дұрыс емделген жөн.

Контрацепциялық дәрі-дәрмектер. Әйелді екіқабат болудан сақтайтын гормондық әсері бар дәрілерді ұзақ қабылдау барысында да етеккір кешігеді. Тіпті біраз айлар бойы жоғалып кететін жағдай да кездеседі. Дәрі қабылдауды тоқтату арқылы циклді қайта қалпына келтіре аласыз.

Қандай жағдай әсер етсе де, етеккіріңіздің кешіккеніне мазаңыз қашса, өзіңіздің сенімді дәрігеріңізге қаралғаныңыз – өте дұрыс шешім.

Дереккөз: Emde.kz – Етеккір не үшін кешігеді?

ДИЕТА? БАНАН КӨМЕКТЕСЕДІ

ДИЕТА? БАНАН КӨМЕКТЕСЕДІ

Қанша жесең де, семіртпейтін, толтырып жібермейтін не бар екен?  Қалай ғана лезде арықтауға болады? Осы мәселелермен басыңыз қатып жүрсе, сізге диетаның «дәмді» түрін ұсынамыз. Өйткені, банан – көпшіліктің тамсана жейтін жемісі.

Сонымен бірінші, бананмен ашығудың пайдасы неде?

Банан – ашығу кезінде қарныңыздың ашқанын қатты сездірте бермейтін жеміс. Яғни, тоқ жүресіз, «ішегіңізді тез шұрқыратпайды». Екіншіден, банан қант диабеті, асқазан жарасы (язва), гастрит, семіздік сияқты ауруларды емдеуде қолданылады. Демек, біз банан арқылы тек артық салмақтан арылып қана қоймай, организмді тазартасыз және біраз аурулардың алдын аласыз. Банан асқазаннан шырышты сөл бөлінуіне ықпал етеді де, жараның пайда болуынан сақтап тұрады. Банан құрамында табиғи қант, микроэлементтер, дәрумендер мол және мұнда калория көп болғанымен, диеталық тағамдар қатарына жатқызылады.

  1. Сүтті-банан диетасы. Бұл диетада бананды сүтпен не майсыз айранмен біріктіру қажет. Күніне үш банан және үш стақан сүт ішсеңіз, жетіп жатыр. Арасында қантсыз шәй не су ішуге болады. Бұл диета 3-4 күннен аспауы тиіс. Сол уақытта үш килограмнан бес килограмға дейін салмақ тастау мүмкіндігі бар және адамның организмі шлактардан тазарып қалады.
  2. Бананың көмегімен арықтаудың тағы бір жолы. Арықтаудың екінші жолы 5-7 күнге созылуы тиіс. Қай уақытта неше банан жесеңіз де өз еркіңізде, тек күніне 1,5 кг бананнан артық болмауы тиіс. Қантсыз шәйдің мөлшері де шектелмейді. Айта кететіні, банан құрамында белок өте аз, сондықтан күніне екі дана жұмыртқа жеу керек.

Бұл ашығудан соң ішкі организмдеріңіз тазарып, артық салмақтан арылып қана қоймай, бананға деген тәбетіңіз жоғалуы мүмкін. Сонда да мүлде бас тартып жүрмеңіз. Өйткені,  диета аяқтала салысымен баяғыша тоя тамақтанып, тастаған килограммдарды қайта қайтарып алуыңыз да мүмкін.

Сымбатыңыз сұлу болсын!  

Ақпарат www.aryktau.kz

Сағыз адамды семіртеді

Сағызды шектен тыс көп шайнау денсаулыққа зиян екенін ғалымдар дәлелдеп отыр.

Шайнауға арналған резеңкені әлемде ұзақ уақыт бойы дәрі-дәрмек санатына жатқызып келді. Сағыздың тек тіске ғана емес, ас қорыту жүйесіне де пайдалы екенін дәрігерлер да растады. Сағызды шайнаған сайын асқазаннан сөл бөлініп, тамақ тез қорытылады.

Бірақ, шайнауға арналған резеңке құрамына қатысты ғалымдар арасында дау туындады. Біреуі сағызды, бұрынғысынша, пайдалы десе, басқа біреуі сағыз адамның семіруіне себепкер болады деп есептейді.

Эдинбургтегі Нейпира университетінің ғалымдары жүргізген зерттеудің нәтижесінде сағыз адамды семіртетіні расталды. Адам организміндегі артық салмақтың жиналуына сағыз құрамындағы қант алмастырушы (заменитель сахара) – аспартам себепкер екен.
Бір жылда аспартамнан 215 әйел, 56 еркек зардап шеккен. Олар сағызды күніне бірнеше рет шайнағанда, айына 200 данадан аса сағызды «аттандырып» отырған. Жарты жыл өтпей-ақ адамдар тола бастаған. Ал 48 адам асқазанында гастрит және т.б. түрлі аурулар анықталған.

Дәрігерлердің айтуынша, күнделікті тұрмыстағы қантқа қарағанда, аспартам май қабаттарын 40 пайызға көбейтеді. Сондықтан күніне сағыздың бір данасын ғана шайнауға немес сағыздан мүлде бас тартуға кеңес береді.

wday.ru