Жігіттің үйленгенін қалай анықтауға болады?

Сымбатты жігітпен танысып, ол сізге ұнап қалды ма? Қолында неке жүзігі жоқ екен деп, оны бойдақтар қатарына қосуға асықпаңыз. Көп еркектер неке сақинасын таққанды ұнатпайды. Бірден үйленген-үйленбегенін сұрай кету де ыңғайсыз. Алданғыңыз келмейді. Сондықтан мына белгілерге назар аудара жүріңіз.

Жігіттің бойдақ екеніне күмән келтіріп жатсаңыз, оның қылықтарына, өзін ұстауына назар аударыңыз. Бет-әлпетінің, қолының қимылдары да өтірік айтып жатқанынан белгі беруі мүмкін.

Төмендегі белгілер жігіттің бойынан табылып жатса, үйленгенін сізден жасырып тұр:

Жасырын белгілер

Бір орында отыра алмай, үстінің шаңын қақыштап, беті мен шашын түрткілеп, қолындағысымен ойнап, қолын ысқылай беріп, ернін тістеп не қайта-қайта темекі шеге берсе, ішінде жасырғаны бар.

Телефонына келген қоңырауларға жауап бермей, ұялы телефонын сөндіріп тастап, сіздің сұрақтарыңызға жалтақтап жауап берсе, әйелі қоңырау шалып қалмасын деп сақтануда.

Егер ол абдыраған түрмен әр бес минут сайын «жұмыс бабымен» біреуге қоңырау шалу үшін не жауап беру үшін шығып кете берсе, әйеліне «есеп беру» үстінде.

Жан-жағындағы адамдарға қарағыштап не біреудің көзінше өзін сізден алшақтау ұстаса, таныстары көріп қалмасын дегені.

Үйленген, бірақ, неке сақинасын тақпайтын еркектер үнемі бейсаналы түрде оң қолын сол қолымен жасырып жүреді.

Үнемі демалыс күндері шаруасы көп болғандықтан тек жұмыс күндері ғана кездесетін болсаңыздар, аңқау болмаңыз, демалыста серіңіз отбасынан босай алмайды.

verigheta-mi-a-trebuit-mie

Айқын белгілер 

Мәдени-романтикалық бағдарламаны ұсынады: саябаққа, кафе-ресторан, кино сияқты ғашықтарға арналған орындарға шақырады. Өйткені, отбасында өзіне сондай жылы қатынас, сыпайылық, сезімталдық жетіспейді.

«Сен – өмір бойы мен іздеген әйелсің», «Сені тапқаным қандай бақыт!», «Біз бұрыннан таныс сияқтымыз» және т.с.с. тәтті сөздермен шын ықыласын білдірген болады, оған қоса, өзі сол сөзге сене бастайды.

Еркектер сезімнің сөзбен емес, көздің «сөзімен» – көзқарас, мимика, ыммен жеткенін жақсы көреді. Сондықтан, олар көзіңізге бар ықыласын сала қарайды. Жиі, ұзақ қарайды. Әсіресе, сізден біраз нәрсені жасыратын жігіттер сіздің көзіңізге көбірек «үңіледі». Сендіргісі келеді.

Екеуіңізге ортақ жоспар құрады, бірақ тым жақын күндерге ғана. Алайда, үнемі уәдесін қандай да бір себептерге байланысты орындай алмай қала береді. 

Қамқорлық танытып, үй шаруасына ебі бар екенін көрсетеді. Сізбен бірге тамақ әзірлеп, кір жаюға көмектеседі, ұзақ уақыт дүкен аралайды. Ол өзінің бар істі дұрыс атқаратынын өзіне дәлелдегісі келеді.

Үйінде әйелі «қолынан түк келмейтінін» айтып, миын ашытқан болса, сізді әр ісіне рахмет айтып, бетінен сүйетін мейірімді фея көреді.

21874_original

Суреттер интернеттен алынды.

 

Қызғаныштан қалай арылуға болады?

Қызғаныштан қалай арылуға болады?
Күйеуіңіз жұмыстан кешірек келіп, жаңа көмекші қыздың пайда болғанын айтып, онымен әңгімесі тез жарасып кеткенін сөз қыла ма?

Немесе, жігітіңіз сіздің құрбыңызбен жақсы достасып кетті ме?

Мұндай жағдайда белгісіздік пен шарасыздық бір уақытта алқымыңыздан алып, тыныштығыңызды кетіріп жатыр. Сүйіктіңізді біреу алып кетердей күйдесіз. Бұл – қызғаныш.

         Қызғаныш көре алмаушылыққа кішкене ұқсайды. Бұл – біреуде бар нәрсе өзіңізде жоқ болғанда қинайтын ыза мен өне бойдағы олқылықтың қосындысы. Әдетте көре алмаушылық пен қызғаныш өз-өзін төмен бағалауға, өз-өзін жек көруге алып келеді. Бұл құбылыстардан ешкім сақтана алмайды. Күндердің күнінде сізден де әдемі, сізден де ақылды біреу табылады, сонда осы сезімді бастан кешуіңіз бек мүмкін. Ол үшін ұялудың да қажеті жоқ, бәріміз тірі жанбыз. Тек қана дер кезінде тоқтата білу керек.

Қызғаныштан қалай құтылуға болады?

         Біз неге қызғанамыз осы? Жеке өмірді қызғаныштың ықпалынан ғана күл-талқан етіп жататындар қаншама. Сондықтан, өзіңізді «қызғаншақпын» деп ойласаңыз, біз ұсынатын бірнеше кеңеске құлақ асыңыз.

         Көре алмаушылық пен қызғаныштың ең басты зияны – адам өз өмірін бақылауда ұстай алмауы. Көпшілігі өзгенің әрекетін ойлап жүріп, өзіне назар аударуды ұмытады. Әрине қызғану арқылы сырт келбетіңізге көңіл бөліп, жаңа іспен айналысуды бастап, өз бағасын арттырып жататын жандар бар, бірақ, тым аз.

Сізге жағымсыз қасиеттен құтылудың бірнеше жолын ұсынып отырмыз.

  1. 1.     Бірінші кезекте, өз сезімдерін анықтап алу

Қызғанасыз, қызғанып тұрып, оны мойындамайсыз. Осылай көңіліңіздің тыныштығын бұзып, түсініксіз күйге түсесіз. Өз-өзіңізге іштей қызғанатыныңызды мойындаңыз. Бұл – қызғаныштан арылудың алғашқы қадамы.

  1. 2.     Қызғанышыңыздың себебін табыңыз

Әріптесіңіз өз жұмысынан ләззат алып, қызметі жоғарылап жатқанын көрсеңіз, іштей қызғанып қаларыңыз сөзсіз. Ондайда неліктен қызғанатыныңды түсінуге тырысыңыз. Мүмкін ол өз ісінің шебері болар?! Дәл солай күйеуіңізді не сүйіктіңізді неге қызғанатыныңыздың себебін түсінуге тырысыңыз. Күйеуіңізбен қызғанышыңыз жайлы ашық сөйлесіп көріңіз. Арты жанжалға ұласпауын қатты қадағалаңыз. Бұлай сырласу бір-біріңізді жақындастыра түседі.

  1. 3.     Болжамдарыңызға күмән келтіріңіз

Қызғанышыңыз қиялыңызды шарықтатып, күйеуіңізді бір қызбен «қолтықтастырып» қоятын болар? Немесе «мені тастап, басқаға кетеді» деген азғын ойлар маза бермей ме? Өз болжамдарыңызға бөгет қойыңыз. Ойға алған нәрсеңіздің жүзеге асатынын білетін боларсыз?! Сондықтан, ойыңызбен жамандық шақырмай, тек жақсы тұстарды ойлаңыз. Күйеуіңіз жұмысынан кешіксе, «басқа әйелге кетті» деп емес, «бір досын кездестіріп, сонымен жүрген болар» деп неге ойламасқа?!

  1. 4.     Шешім қабылдауға асықпаңыз

Құрбыңыз сүйіктіңізді басқа қызбен көргенін айтты ма? Ашуға булығып тұрған күйде арадағы қатынасты талқандауға асықпаңыз. Мүмкін құрбыңыз әдейі айтқан болар? Ол дос кейпіндегі дұшпаныңыз болар? Ол сіздердің махаббаттарыңыздың талқандалуын көздеген болар?

Оқиға орын алған уақытта бұрылыңыз да, кетіп қалыңыз не жалғыз қалыңыз. Оқиға суынған соң бәрі анықталады. Тіпті құрығанда, ертесіне өкініп отыратын іс істеуден аман қаласыз.

  1. 5.     Қызғанбаңыз, сүйсініңіз

Қызғаныш әдетте бір адамның бойынан өзіңде жоқ қасиетті не қылықты көрген кезде пайда болады. Өз қызғанышыңызды өзіңізді қамшылап отыратын құрал ретінде қолданыңыз. Қызғаныш тудырған адамның бойындағы қасиеттерді өзіңізде дамытуды қолға алыңыз. Көршіңіз сияқты арық, әдемі болуды қаласаңыз, спортпен шұғылданып, салмағыңызды ретке келтіріңіз. Сүйіктіңіз көз салды деген жанды да бақылап көріңіз. Мүмкін ол тазалыққа құмар адам болар, мүмкін ол өзін күтіп ұстайтын жан шығар. Адамның істегенін адам істейді, сіздің қолыңыздан да келетін дүние.

Кез келген адам бойының жақсы жақтарын өзіңізде ұлғайтыңыз. Қысылмай, қалай үйренгенін сұраңыз, кеңес алыңыз. Ойша қарсыласыңыз болған адамды кеңесшіңізге не «ұстазыңызға» айналдырыңыз.

Қызғаныш сезімдері бойыңызды билеп алса, оған себеп бар ма, жоқ па, соны анықтау керек. Ұнамсыз сезім – қызғаныштың пайдаңызға қызмет етуін бақылаңыз. Күдіктенген кейбір мәселелер рас боп шықса, еш қамықпаңыз. Бастысы – өзіңізге деген құрметтің жоғалып кетпегені.

Сурет: mirsovetov.ru

Еріңізді қалай тамақтандырасыз?

Еріңізді қалай тамақтандырасыз?

Дәмді тамақ жегенді қаншалықты ұнатасыз? Ал еркектердің жүрегіне жол тарту асқазан арқылы да екенін білесіз бе? Саусағыңыздан бал тамған азпаз болмасаңыз да, күйеуіңіздің көңілінен шығып, қарны тоятындай тамақ әзірлей білсеңіз, сіз үнемі жұбайыңызға бағалысыз.

Ет. Жәй ғана сөз емес, ЕТ! Ет – еркектердің ең сүйікті тағамы. Егер сіз бешбармақты, қуырдақты жақсы дайындай алсаңыз,  қуана беріңіз.

Еркектер неге етті жақсы көреді? Ерлердің жыныстық гормондарының синтезіне ет протеиндері өте қажет. Сондықтан ет – нағыз ерлер тағамы. Оларға сүт тағамдары, балық, көкөністер ет секілді энергия, күш бере алмайды.

Калория.  Осы тұсқа келгенде ерлер мен әйелдер бір-біріне мүлде ұқсамайды. Біз, әйелдер аз калориялы, семіздікке алып келмейтін тағамдар жеуге не аз тамақтануға тырыссақ, еркектер – керісінше.

Мөлшер. Ерлер үйде қажетті тағамдардың бәрі толып тұрғанын, күнделікті жасалған тамақтың да тойымды, мол болғанын қалайды. «Менің үйім – тағам толы ыдыс. Ыдысым толы болсын!» Ерлердің осылай ойлайтынын ұмытпағайсыз.

Десерт. Ерлер тәттіге құмар емес деп ойлағанмен, олар балмұздақ пен шоколадтан бас тартпайды.

Бастысы – әртүрлілік. Ерлер төсекте де, дастарханда да әйел ісінің түрлі болғанын қалайды екен.

Күнделікті дайындайтын тамағыңызға өзгеріс енгізу қиын емес:

  1. Күнде 2 тағамды алмастырып жасай бермеңіз. Тамақты бір істегенде өте көп қылып жасамаңыз, оны тауысқанша ашып кетеді де, ысырап болады.
  2. Тіпті күніге салаттың өзін әр түрлі қылып жасауға болады.
  3. Егер жартылай дайын (полуфабрикат) тағамдар алғалы жатсаңыз да, мәзірді түрлендіріңіз: пельменнің орнына фарш салынған бұрыш, сосисканың орнына сардельки, т.с.с алыңыз.
  4. Ең оңайы аптаның әр күніне жасайтын түрлі тамағыңыздың тізімін құрыңыз. Бұл қажетті азық-түлікті анықтағанда да көп көмектеседі.

Егер сіз күйеуіңізді дәмді тағамдармен уақтылы тойдыратын болсаңыз, ол – еріңіздің ғана емес, өзіңіздің де денсаулығыңыздың кепілі. Себебі, дені сау, күшті, ас қорыту жүйесінде ақау жоқ ер – әр әйелдің бақыты. 🙂

Еріңізді қалай тамақтандырасыз?

Суреттер: mastergraf.net, unassvadba.ru

Еріңізді мақтай білесіз бе?

Еріңізді мақтай білесіз бе?Сүйіктіңізге, күйеуіңізге махаббатыңызды жеткізудің бір тәсілі – оны мақтау. Мақтауыңыз шынайы болу керек. Кез келген ісіне алғыс, өзіне мақтау сөздерді айтып жүрсеңіз, еріңізге майдай жағары сөзсіз. Сіз еріңізді қалай мақтайсыз?

Еріңіздің сымбатты екенін айтыңыз. Спортпен айналысатын болса, денелі, тұлғалы екенін жеткізіңіз. «Сіздің қорғаныңыз, арқа сүйер тірегіңіз» екенін жиі айту арқылы өзіңіздің әйелге тән нәзіктігіңізді, еркелігіңізді ұмыттырмайсыз.

Орайы келсе, әңгіме арасында мақтап үйреніңіз және мақтаудың сәті түскен кездерді жіберіп алмаңыз. Әдейі жағыну үшін мақтағаныңыз кері әсерін береді және оны еркектер сезіп тұрады.

Достарыңыздың, туыстарыңыздың көзінше күйеуіңізді мақтап қойсаңыз, марқайып қалады. Әрі сізді одан сайын жақсы көріп кетуі әбден мүмкін J.

Еріңізді мақтау араларыңыздағы сыйластықты арттырғанмен қоса, бір-біріңізді бағалауға үйретеді.

Күйеу үшін ең үлкен мақтау – сырт көздің әйелін мақтауы, оның жақсы жар, сұлу әйел, ақылды ана таңдағанын айтуы.

Күйеуіңізді шын көңілден мақтай біліңіз!

Еріңізді мақтай білесіз бе?

 

Суреттер: www.happy-giraffe.ru; 7emya.ru

Жігіттер не себепті отбасын құрады?

Жігіттер не себепті отбасын құрады?  Кейбір бойдақ жігіттерге  «Неге үйленбей жүрсің» деген сауал жолдасаң, үйленетін қыздың жоқтығын айтады. Ал қыздардан сұрасаң, не күледі, не ашуланған кейіппен жауап береді. «Қыз таппай жүрген» жігіттер бәрібір үйленеді. Өйткені, отбасын құру керек. «Үйлену керек» деген мақсатты көздеген жігіттер асығыс шешім қабылдағанына өкінгенін білдірмесе де, «жаман қатынның қайдан шыққанын» білмей дал болады.

Ал енді еркектер қауымы не себептен үйленетіндігін сұрау арқылы жүргізілген сауалнаманың  қорытындысына сүйеніп, жігіттің әйел алуына түрткі болар себептерді топтастырайық.

Қанша жерден жасыруға тырысса да, еркектер тән қажеттілігін алға тартып  үйленеді екен, яғни жұбайлық өмірдегі жыныстық қатынасты қажет етеді. «Тегін төсек болғаны үшін» деген әзіл ауыздарына бірінші түсіп, артынан қалжың екенін айтып, келесі себептерін сөз қылып жатады. Күнделікті төсек қатынасын керек ету ықпалымен үйленетін жігіттердің жасы 25-ке дейін ғана. Махаббат, сезімдердің соңы да гормондардың іске қосылып, жыныстық қатынасқа ұласуына әкеледі.

Артынан ұрпақ қалдыру мақсатымен үйлену екінші кезекте тұр. Олардың қатарын сүр бойдақтар толықтыратын көрінеді. Бірақ, бала сүюге асығу – әйелдердің бойында жиі болатын қасиет. Ол әйелдер үшін – күйеуін жанында ұстап қалу үшін немесе өзін толыққанды бақытты сезіну үшін мақсат болса, еркектер үшін – ізін жалғау, ұрпақ сабақтастығы. Былайша айтқанда, бүгінгі күннің емес, болашақтың қажеттілігі.

Тұрмыстық жағдайының жинақы әрі дайын болғанын қалағандықтан үйленуге асығатын  жігіттер бар. Олар анасындай, пысық, үй қызметтеріне жатық қыздарды іздеп табуға тырысады. Алайда, бұл үйленуге ықпал болатын себептердің соңғы жағынан орын алуда. Қаражатты көп табатын еркектер үй қызметкерлерін ұстау арқылы да жайлылыққа жете алады. Негізінде, жігіттерге қарағанда, қыздардар тұрмыстық мәселелер жайлы көп ойлайды. Болашағында өзін, бала-шағасын асырай алатын, тамағын таба алатын, үйінің, мүлкінің бар болғанын қалайды.

«Қаласаң да, қаламасаң да, үйленесің» қағидасымен отау құратын жігіттердің отбасы керемет жарасым тауып кетуі мен екіге айрылу қаупі елу де елу. Үйленуден басқа жол болмай, шаңырақ көтеруге себептер арасында кең етек жайғаны – қыздың екіқабат болып қалуы.

Өз борышын өтеу үшін шаңырақ көтеру жігіттерді үйленуге алып келетін соңғы себептердің қатарын толықтырады. Олар әрине «анам шаршамасын, ата-анам немере сүйсін, әжем шөбересін көріп кетсін» деген сияқты адал ниетті іске асырумен жалғасып кете барады.

Ал жанына серік іздеп, жалғыз қалмаудың жолы – неке, үйлену деген себеппен отбасын құратындар асарын асап, жасарын жасап болған, қырықтың қырқасынан біраз асқан еркектерде болатын себеп. Сондықтан жас жігіттер арасында бұл ықпал соңғы орында.

Сауалнама барысында алынған жауаптардан мысалдар келтіре кетсек:

ЖІГІТТЕР НЕ СЕБЕПТІ ОТБАСЫН ҚҰРАДЫ?

Абай Асанкелді : Ең бірінші – адам жалғыз жүре алмақ емес. Мен үшін болашақ жарым менің досым, әрі сырласым болғанын қалаймын. Сондықтан мен үшін ең бірінші себеп жаныма жақын адам табу. Екінші – ол әрине жыныстық қажеттілік. Үшінші – ата-анамның үмітін ақтап, бір келін апарып берсем деймін.

Абзал Сариев: Не үшін???? Амалсыз ұрпақты жалғастыру не байлығым жатқа қалмасын деген ойда емес, Жалпы өзімнің саналы ғұмырым басталғалы – өз балама (қызыма) мен үшін ең бастысы дұрыс адами ТӘРБИЕ беріп, оны АДАМ етіп шығару деген ниетте үйленермін!

Садық Шерімбек: Күніммен түнімді, қуанышым мен мұңымды бірге бөлісетін бір жанның болғанын, балаларымның болғанын қалаймын. Әрине, әзірге өз қажеттілігім үшін үйленем дегені емес, тамақты мен де жасай аламын. Табиғи қажеттілікті есепке алмағанда, жұптасып ғұмыр кешу, тіршілікті жалғастыру – өмір заңдылығы, Алланың бұйрығы. Болашақ әйелім махаббатым емес, бұрыннан жақсы түсінісетін, жанашыр дос қызым болса, керемет болатын еді.

Алдан Жылгелдi: Өмірде қандай да болса тұрақтылыққа талпынудан туындаған үрдіс болса керек…

Жалгас Ертай: Табиғи қажеттіліктерінің тікелей қатысты себебін айтпай, кейбір еркектер репродуктивтілік және басқа да қажетсіз нәрселер туралы ой тарқата бастауы мүмкін, оны ешкім теріске шығармайды. бірақ, факт одан өзгермейді 🙂

Абай Омаров: Тамақ пісірмеу үшін, үй жинамау үшін, киімдерімді үтіктемеу үшін, жұмыстан немесе басқа жерден ашуланып келгенде, жыныңды әйеліңнен алу үшін.

Жанасыл Болатбек: «Табиғи қажеттілігін қанағаттандыру үшін» десем, бола ма?

Сурет: ameno.ru

Гормоналды дәрілерді пайдаланудың 13 қағидасы

Гормоналды дәрілерді пайдаланудың 13 қағидасыӘлемде миллиондаған әйел гормоналды дәрілерді қолданады. Алайда, оның зиянын бойжеткендер біле бермейді. Сол себептен бұның пайдасы мен зияны туралы ақпарат берейік.
1.Гормоналды дәрілер ең бастысы денсаулыққа зиян. 
Алайда, оның әсерін дұрыс немесе бұрыс деп кесіп айту қиын. Әйелдерге ақ халатты абзал жандар тарапынан гормоналды препараттарды жүктіліктен сақтанудың бір әдісі ретінде кеңес беріледі. Кей жағдайда тіпті, гормоны жетіспеген әйелдерге жанама ем ретінде пайдалануға рұқсат етіледі.
Сол себептен ол әркімге әрқалай әсер етеді. Бірінің денсаулығы нашарлап кетсе, пайдаланған екінші адамның кесірінше дені сауығып кететін жағдайлар жетеді. Дегенмен, бұл өз функциясын 100 пайызға орындап, жүктіліктен сақтайды. 
2.Егер дәрі менің құрбыма сәйкес келсе, ол маған да жаға ма? 
Гормоналды препарат арнайы рецеппен ғана пайдаланатын нәрсе екенін ескеріңіз. Өйткені, оның түрі көп. Дәл сізге оның қандай түрі жағатынын медицалық тексерілімнен кейін ғана анық болады. Яғни, дәрігерлер тарапынан әрбір әйелдің денсаулығына байланысты оның қандай түрін қолдану керектігі туралы жеке шипалық кеңес беріледі.
Дәрі қабылдаған уақытта қант, қан құрамын жіті тексертіп, гинекологтың бақылауында болыңыз. Демек, құрбыңыз тап болмаған мәселеге, сіздің де тап болмауыңызға кім ешкім кепіл бере алады. Сол себептен құрбыңыздан көріп оны өз бетіңізше пайдаланбаңыз.
3. Гормонолды дәрілерді 20 жасқа толмағандарға пайдалануға болмайды деген пікір бар. 
Алайда, бұл негізсіз. Гормоналды дәрілерді бойжеткен жастар да қолдана алады-дейді дәгігерлер. 
4. Гормонды препараттарды пайдаланғаннан кейін ұзақ уақыт құрсақ көтере алмауым мүмкін бе?
Бұнда көбіне керісінше жағдай орын алады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, дәріні пайдалануды тоқтатқан алғашқы айларда әйелдердің құрсақ көтеру белсенділігі 1,5-2 есеге жоғарылап, егіз немесе үшен дүниеге әкеліп жатады.
Егер дәрігерлерден гормоналды дәрілерді 3-4 ай қолдан деген кеңес алып, сол уақытқа дейін емді үзіп жіберсеңіз бедеулікке ұрынуыңыз ықтимал.
Осы уақытқа дейін ішкен дәрілер аяғыңның ауыр болған уақытқа дейін ешқандай кері әсер бермейді.
5. 1 немесе 2 жылда үздіксіз ішкен дәріні 1 айға тоқтатып, одан демалу қажет пе? 
Бұл жансақ айтылған пікір. Дене ағзасын демалдыру үшін оны тоқтату немесе дәріні одан әрі жалғастыра беруден еш қандай өзгеріс болмайды.
Дәрігер кеңес берген дәрі ағзаға жағып жатса, климакс келген жасқа дейін қолдану беру керек.
6. Гормоналды дәрілерді бала емізіп жүрген аналар пайдаланбау керек пе? 
Негізінде гормоналды дәрілер бала емізіп жүргендерге зиян. Әлбетте олар үшін оларға арналған гормон мөлшерлері аз (мини-пили) деген дәрілер бар. Тек, оны емізер алдында ғана ішу керек. 
Дәрі пайдаланудың ерекше қағидасы да бар. Әр қабылдаудың арасы тура 24 сағаттан болуы тиіс. Қабылдау тізімі сәл ғана ауысып кетсе ол өз қызметін жояды.
7.Гормоналды дәріден салмақ қосыла ма? 
Ол адам ағазасына тікелей байланысты. Кейбірінің тамаққа тәбеті күшейсе, кейбірінікі керісінше әлсірейді. 
Ем қабылдамай тұрған адамға нақты жауап беру мүмкін емес нәрсе. 
Дененің толысуы препарат құрамындағы заттарға байланысты.
Тек бұдан шығар бір ғана амал бар. Нақтырақ айтсақ, салмақ қосқаныңызды байқасаңыз дәрігерге қаралып, гормон мөлшері аз дәрі пайдаланған абзал.
Арнайы зерттеу нәтижесіне қарасақ, дәрі қабылдаған әйелдердің 5-7 пайызы алғашқы жылы ғана 2 кг-нан салмақ қосқан. Ары қарай, сол қалыпта сақталған екен. 
8.Ағзаны улағанша «Постинор» сынды жедел контрацептив ішкен дұрыс болар? 
Бұл жыныстық қатынас туралы тәжірибесі аз бойжеткендер арасында орын алатын қателік. «Постинор» сынды дәрілердің құрамында 1 айда 30 күн қатарынан ішіп жүрген гормондар бар. Демек, 30 күн ішетін дәріні 1 күнде ішіп алып, денсаулығыңызды құртып аласыз.
Оның зардаптары мынадай: етеккір цикліне бұзылады, жыныстық қатынасқа деген белсенділік төмендейді, бауыр-бүйректің ісінуіне әкеп соқтырады, бала көтере алмайтын жағдайға жеткізеді.
9. Жүктілікті алдын-алатын дәрілерден бетті безеу басып кетпей ме?
Көп жағдайда керісінше, безеуден көз аша алмайтын адамдар үшін безеуден құтылатын емдік жол ретінде пайдасы мол.
10.Гормональды дәрілерден денеге жүн қатпат кетеді мыс.
Бұндай олқылыққа бұрын біздің аналарымыз тап болып, күрескен. Қазіргі заманғы медициналық гормоналды препараттар бұндай кемшіліктерді жойған.
11. Гормоналды дәрілерді ішкен сайын, етеккір циклі өзгеріп, кей кездері тіпті келмей қалады.
Бұл олай емес. Дәрігерлер соның көмегімен цикл бір арнаға тұрақталып, мазалап жүрген сырқаттарды бәсеңдетеді дейді.
Екінші жақтан, бұл сұрақтың мәні зор. Дәріні қабылдап жүргендердің 2 пайызында етеккір мүлдем кешігіп келу жағдайлары кезігеді. Бұл-оның ағзанына сәйкес келмеді деген сөз.
12.Гормоналды дәрілерді көп қабылдау сүт бездері мен жыныстық жолдардағы ісік індеті қауіпін күшейтеді.
Канадалық ғалымдар жүргізген зерттеу қорытындысына құлақ ассақ, аталмыш дәріні үнемі пайдалану ісік індетінің қоздырғыштарын 45-60 пайызға төмендетеді екен. 
13. Гормоналды дәрілер жыныстық жолдар арқылы жұғатын аурулардан сақтай ма?
Ол жұқпалы індеттен қорғайды дегенді алға тартатын ешқандай дәлел жоқ. Ол тек жатырдың асқынған суық тию індетінен ғана сақтап қалуға қауқарлы. Ал, жыныстық жолмен жұғатын кеселдермен күресе алмайды. 

kerekinfo.kz

Сурет: mk.ru

МІНСІЗ ӘЙЕЛ МІНДЕТТІ…

 

МІНСІЗ ӘЙЕЛ МІНДЕТТІ...

Мінсіз әйел деген кім? Ол қандай болуы қажет? Өзін қалай ұстауы қажет? Осы сұрақ төңірегінде әлемдік деңгейдегі ерлер жорналында біраз талқыланған екен. Сондағы ерлердің басым көпшілігі қалайтын қасиеттерді ұсынамыз.

Ерінің сырт келбетін назарда ұстау.

Қазіргі заманда ер адамның сыртқы келбеті тап-тұйнақтай, киімі тап-таза болуы қажет. Сонда ол өз ортасында, әріптестерінің арасында жүзі жарқын болып жүре алады. Киімі кірден көз ашпай, үтіктелмеген жейдемен жүрген еркектің өзіне келіп айтпаса да, сыртынан соның бәрін түзеп бермеген әйеліне наразылық туындайды. Сондықтан әр әйел еріне киім таңдауда бар күшін салып, оның таза киімде ғана жүруін, сырт келбетінің салиқалы көрінуін қамтамасыз етуге тырысуы қажет. Ерлер қауымы мұндай әйелді жоғары бағалайды.

Жеке өмірі болсын.

Әйел адамы отбасына барын салып, баласының, ерінің қамымен жүріп, өзіне қарауды мүлде ұмыта бастайды. Бүгінгі күні тура кешегідей, кешегі күні өткен айдағыдай, бір-бірінен айнымайтын күндер. Мұндай жағдайда күйеуін жалықтырып алу қаупі туындайды да, «көзіне шөп салып», отбасында ұрыстар көбеюі ықтимал. Сондықтан әйелер үнемі өзін де назарда ұстап отыруы қажет. Өзінің жеке өмірі, яғни өз ортасы болу қажет. Құрбыларымен кездесіп, туыстарына қонақ болып, тіпті, өзі қалаған хоббиімен айналысып, жаңа эмоцияға бой алдырғаны пайдалы.

Сексуалды киіну.

Ерлердің көзімен әйелдер тым ашық-шашық та, тым жабық та киінбеуі қажет. Әйелдің киген киімі өзіне қонымды, жарасымды, ажарын аша түсуі тиіс. Ерлерше тартымды, сексуалды киіну – қарнын ашып, ышқырын түсіріп, етегін қысқартып, жабық тұру керек жерлерді ашып киіну емес. Әйелдің киімі денеге тым жабысып тұрғаннан гөрі бостау тұрса, әдемі, тартымды көрінеді. Көйлектің қысқа болуы да еркектің басына бірден бөтен ой салады.

Еркектің «берекесін алмау».

Әйелінің ұнамсыз қасиеттері жайлы тақырыпта жауап берген еркектердің 90 пайызы  «берекесін алатынын» айтқан. «Берекесін алу» сөзінің астарында не істеу керек екенін қайта-қайта айта беру, сенімсіздік таныту, қайда жүргенін, не істеп жатқанын аңдып, қоңырау шалу, тіпті «Қалайсың? Қайдасың?» деген мәтінді СМС-хабарламалар жатыр. Еркек жұмыста жүріп, үйдегі жағдайды әйеліне сенгендіктен аз есіне алуы мүмкін. Еркектер әйелдерге қарағанда басқаша ойлайды, әлденені ұмытқандықтан емес, қажет емес деп санағандықтан орындамай жатады.

Әрине бала табу – барлық әйелдің қолынан келетін іс. Ерінің жағдайын жасап, «мінсіз әйел» атануға талпынбайтын әйелдер де біршама. Жоғарыда келтірілген кеңестер сізді бірден идеал қылып жібермесе де, ой салары анық. Еріңізден жылы сөз, жағымды іс, еркелетуді күтпес бұрын өзіңізді әбден «тәрбиелеп» алғаныңыз дұрыс.

Сурет: nestandard.ru 

 

ӘЙЕЛДЕРГЕ ҚАНДАЙ ЕРКЕКТЕР ҰНАЙДЫ?

ӘЙЕЛДЕРГЕ ҚАНДАЙ ЕРКЕКТЕР ҰНАЙДЫ?

Әйелдер ойша өзіне ұнайтын еркектің образын жасап алғанмен, ұнатқан жігіті ол образдан мүлде басқа болуы мүмкін. Сонымен әйелдерге қандай еркектер ұнайды? Қандай қасиеттерін жоғары бағалайды?

Біріншіден, кез келген мәселені шеше білетін еркектер әрқашанда әйелдер тарапынан құрметке ие. Алдына қойылған мақсатына барар жолды дұрыс таңдай алмай, кездескен кедергілерге шағымдана берсе, әйелінің мәселесі тұрмақ, өз мәселесін әйеліне жүктеп жатса, әрине соңында ол жалғыз қалады.

«Дені дұрыс» әйел орындалмай қалған уәделерді ұнатпайды және жанына өз-өзіне сенімді, өмірдің қиындығынан қыңқ етпей өтетін мықты еркекті көргісі келеді.

Кейбір нәзік жандылар өзіне кішкене қаталдық танытатын еркектерді ұнатады. Бірақ, шектен шығып, пікірімен санаспай, барлық жағынан шектеу қойып тастаған еркекпен шатастырып жүрмеңіз!

Әйелдердің басым бөлігі танымал еркектерге көп құмартады. Өйткені, оған қол жеткізу үшін намысын қайрап, сұлу болудың сан тәсілін қолданады. Нәтиже ойындағыдай шықса, құрбыларының арасында беделі өсіп қалатыны тағы бар. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған».

Мейірімді, еркелете білетін, «тәтті» сөздер айта білетін еркектер әйелге әрқашанда ұнаған және ұнай береді. Өзі туралы жағымды сөздер кімге ұнамасын?! Әйелдер «құлақпен» де сүйеді.

Лидер, топтың алдында жүретін еркектерді жауапкершілігінің молдығы үшін жақсы көреді. Өйткені, болашақ ана, болашақ жарға отбасы үшін барын салатын, сүйеніш болар жан керек.

Әйел үшін жақсы көретін жігітінің немен айналысып, неге қызығатыны да өте маңызды. Өйткені, жанында жүріп өзі де содан ләззат ала білуі керек. Демек, еркектің қызметі, хоббиі аз да болса ықпал етеді.

Сырт келбеті көп нәрсені шешуге ат салысады. Әйелдер еркекті алғаш көргенде көркі мен тұлғасына назар аударады. Араласа, сөйлесе келе ғана, мінезі мен ақылына баға береді.

Тазалықты жаны сүйетін әйелдер де аз емес. Жанында жүрген жігіттің туфтиінде шаң жатпай, үстінде қыл жүрмесе, сол жігіттің бағасы да арта түседі.

Жоғарыда көрсетілгендер – әйелдердің басым бөлігі назар аударатын қасиеттер. Өмірде әр адам өзінің тартымдылығымен бағаланады. Әр әйел қасында өмірінің соңына дейін серік болар, өзін оның жанында бақытты әрі қалаулы жан сезінетіндей, сенімді әрі физикалық қатынаста да сай келетін еркектің болғанын қалайды.

 

ӘЙЕЛ БАҚЫТЫНЫҢ 10 СЕБЕБІ

ӘЙЕЛ БАҚЫТЫНЫҢ 10 СЕБЕБІ

«Әйел бақыты» деген ұғымға әлемнің бар сұлу құбылысын сыйғыза аламыз. Әйел – ана. Әйел – жар. Әйел – құрбы. Әйел – әріптес. Тұрмысқа шыққан құрбыңыздың отбасылық керемет суреттеріне қарап, сіз де балдай бақытты отбасыңыздың болғанына асығасыз. Құрбыңыз бойдақ күнін сағынуы әбден мүмкін. Тұрмыстағы өмір мен тұрмыс құрғанға дейінгі әйел өмірінің артықшылықтарын қарастырайықшы.

Сонымен, сіз әлі екінші жартыңызды таппаған болсаңыз:

  1. Екінші жартыңыздың қайда жүргенін, неге телефоны сөндірулі екенін, неге кешіккенін, басқа бір жанға ғашық болды ма, жоқ па, бәрін-бәрін ойлап, мұңаймайсыз.
  2. Құрбыңыздың туылған күніне бару үшін ешкімнен сұранудың қажеті жоқ. Тіпті ескертпейсіз де. Қай қалада, қанша уақыт жүрсеңіз де, ерік өзіңізде. Себебі, көрмесеңіз, сағат санап күтетін адамыңызды әлі кездестірмедіңіз.
  3. Жалақыңыздың тең жартысына ойланбастан аяқ киім сатып ала аласыз және ешкімнің алдында оны өз бағасынан бес есе арзандатып айтудың да қажеті жоқ.
  4. Пультқа таласпастан, кез келген уақытта қалаған сериалыңызды көре аласыз.
  5. Жұмыстан әбден шаршап келгенде тамақ пісіріп, ыдыс жуып, киім үтіктеп жатпастан, бірден төсекке құлай аласыз.
  6. Бірнеше сағаттар бойы анаңызбен, құрбыңызбен телефон арқылы тоқтамай әңгіме айта аласыз және ешкім де сізге «Не айта бересіңдер осы?» деген сұрақты қоймайды.
  7. Ойланбастан, карерьаңызға бар күшіңіз бен уақытыңызды жұмсай аласыз.
  8. Қатты ұйқыңыз кеп тұрғанда «басым ауырып тұр» деген сылтауды айтпайсыз.
  9. «Қайын жұртым, енем» келе жатыр деп, қалбалақтап жүгірмейсіз.
  10.  Ұнатқан адамыңызбен жақын араласып, ғашық бола беруге рұхсат.

Егер тұрмысқа шыққан болсаңыз:

  1. Машинаңыз не компьютеріңіз сынып қалса, күйеуіңізге бір назданып, жаңасын алып беруін өтіне аласыз.
  2. Шашыңызды, тырнағыңызды, бетіңізді «жөндеуге» салондарға жүгірмейсіз. Тіпті косметиканы аз қолдана бастайсыз. Өйткені, күйеуіңіз сіздің табиғи сұлулығыңызды сүйіп үйленді.
  3. Саусағыңыздағы неке жүзігін мақтанышпен тағып жүресіз және «біреу алып қашып кетпей ме» деген үрей болмайды.
  4. Сырласатын, өкпелейтін, тіпті кейде ренжісіп алатын жақыныңыз жаныңызда.
  5. Жаныңызға да, тәніңізге де қалаған уақытыңызда ләззат ала аласыз. Қалап тұрғаныңызды еш қысылмастан айта аласыз.
  6. Құрбыларыңызға күйеуіңіз алып берген де, «алып бермеген де» сыйлықтарын айтып, мақтанасыз.
  7. Сегізінші наурызда сыйлық алатыныңызға өте сенімді жүресіз.
  8. Есіктердің тұтқасы түсіп, пышақ өтпей қалса, «Осы үйдің еркегі қайда?» деп емін-еркін айта аласыз.
  9. Жасыңыздың өтіп бара жатқанын, бойдық құрбыларыңыздың қалмағанын айтып, күйеуге шығу керек екенін үнемі ескертіп жүретін анаңызға енді ашуланбайсыз.
  10. Құрбыңыздың, досыңыздың тойына жалғыз бармайсыз және  қасыңызда үнемі ақылдасатын адамыңыз бар.

 ladydiary.ru

ЕРКЕКТЕР ЖАЙЛЫ ШЫНДЫҚ

Еркектер әйелдерге қарағанда тез әрі жиі ғашық болады. Әйелдер көзі түскен еркекпен болашақтағы қатынасын елестетіп болғанша, еркектердің жүрегі «жараланып» үлгереді. Ойнақшыған көз, әдемі аяқ, сұлу мүсін еркектің назарын еріксіз өзіне аудара түседі де, ойлануға мұрша бермейді.

Еркектер әйелдерге қарағанда кемінде сегіз жыл аз өмір сүреді және денсаулығына көңіл бөлгенді ұнатпайды. Еркектердің көбісінің ойынша денсаулығына шағым айтып, дәрігерлер алдына жүгіре беру – еркекке тән іс емес. Еркекті аурудың түрі не күтінудің жолдары жайындағы ешқандай да әңгімемен қызықтыра алмайсыз, одан ситуацияға құрылған шытырман оқиғалар әлдеқайда қызық.

Психикалық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да жігіттерге қарағанда қыздар төзімді. Әйелдерде организмнің қорғану күші жоғары болады, ал психикалық төңкерістерге мықтап төтеп береді. Себебі, көкіректегі қиындықтарды көз жасының көмегімен азайтып алу қасиеті бар. Тіпті апат бола қалған жағдайда көбіне нәзік жандылар басым санмен аман қалып жатады. Бұл еркектердің әйелдерге құрмет көрсетіп, бірінші құтқаруынан емес, әйелдер қиын жағдайдан шығудың жолын тез табады, жаңа оқиғаға бейімшіл.

Еркектердің терісі қалың. Сондықтан оларда әжім аз болады. Еркекті өзімен бір жастағы әйелмен салыстырғанда, жас көрінеді, сырт көркі ғана. Ал жас көрінген еркектің қауқары төмен болуы мүмкін. Себебі, әр он жыл сайын физикалық кедергіге төтеп беру мүмкіндігі әйелдерде екі пайызға кеміп отырса, еркектерде он пайызға кеміп отырады.

Еркек пен әйел әр түрлі ойлайды. Ми жұмыс істеуінің жынысқа қатысты айырмашылығы бар және бұл – тек адамдарға ғана емес, хайуандарға да, жануарларға да тән құбылыс. Еркек бір уақытта екі жұмысты істеуге қабілетті. Мысалы, машинасын жөндеп тұрып, газеттен оқыған мақаласын талқылауы мүмкін. Машинасының бұзылған тетігін түзеу үшін миының жарты бөлігі қызмет етсе, қалған жарты бөлігі мақаланы талқылауға жұмыс жасайды. Ал әйелдер бір ғана істі тындыру үшін миының екі жартысын да біріктіреді. Бұл берілген тапсырманың орындалуының жылдамдығын ғана арттырмайды, тиянақты болуын қамтамасыз етеді. Әйелдің қырағылығы кез келген өтірік әңгіменің шындыққа жанасымды болуына септігін тигізеді. Сондықтан еркектерді сендіру оңай.

«Барлық еркек – бала». Коко Шанель осылай айтқан. Бұл сөздің астарын түсінген әйел бәрін де түсінеді. Еркектер 50 жасында да ойға сыймайтын істерді істеуі мүмкін. Немересімен доп теуіп, асыр салып ойнауы да қалыпты. Басым бөлігі 40-тан асқанда бозбала секілді ғашық болғыш келетін көрінеді.

Ең қызығы, әйелдерге қарағанда, еркектер өмірлік серігіне көбірек көңілі толмайды екен. Айтпаса да, түсінікті. Қыздар қауымы ақылға салса, кімге күйеуге шығатынын, болашақта қалай болатынын біліп, болжап, іштей дайын болады. Ал еркектер сезім мен сұлулықтың шырмауынан шыға алмай, өзін жақсы көріп, аялап, еркелетіп жүргені жеткілікті деп ойлайды. Жыл өткен сайын әйелін жаңа қырынан көрген сайын таңырқай береді.

Отбасын құрған барлық еркектер шыдамсыздана мұрагерін күтеді. Баланың дүниеге келуі әйел мен ердің арасын неғұрлым жақындатса, соғұрлым алыстата түседі. Айтылған «бауы берік болсындар», құттықтаулар, «жуу», тойлау, өзін әке сезініп, марқайып қалу сияқты қуаныштардың арты баланың түні бойы жылап, сан рет ұйқыдан оятуы, төсегінің, киімдерінің «былғануына» ұласады. Оған қоса, әйелінің бар назары баласына ауып, еркектер бүкіл ықыласын шаранасына арнаған әйелін іштей қызғанады. Тұңғыш баласы қыз болып туылса, ұл дүниеге келгенше, еркектер шыдамсыздана күтетін көрінеді.

Еркектерде табысқа ұмтылыс басым. Мақсат, карьера, мол ақша – еркектер үшін өте маңызды. Жұмыссыз қалу не қаржы қорының ойсырауы – отағасына үлкен трагедия. Жағдайының төмен болуы намысын қытықтап, өзін-өзі іштей «жеп қояды». әйелін, баласын асырау үшін мол табыстың болуына ұмтыла түседі де, оған жетудің жолдарын ұтымды таба біледі.

Еркектер «қыдырудан» бас тартпайды. Егер ол сүйікті әке, құлай сүйген отағасы болса да, сұлулыққа, жастыққа сүйсініп, ойнап-күлуден қашпайды. Жан-жаққа «көз тастауы» 40-50 жас шамаларында көп орын алады екен. Отбасының күйбең тіршілігінен бірауық тыныштықты аңсап, «даладан» жылу іздеп, жаңа романдарға ықыласын аударуы мүмкін. Күйеуіңіздің бұл еркелігін кешірімділікпен түсіне білсеңіз, шаңырағыңыздың шайқалмауына, күйеуіңіздің одан сайын қадірлей түсуіне жол табасыз.

Төсек қатынасынан соң неге бірден ұйқыға кетеді? Бұл – дөрекілік, сізді сыйламағандық не ойында басқа бір арудың тұруында емес. Тән ләззәтін алған еркектерде аз секундтар ішінде ұйқыға тартатын зат бөлінетін көрінеді. Ол үшін ашуланбастан, жай ғана ұйықтатпауға тырысыңыз.
Еркектер жайлы қандай тақырыпта сөз қозғасақ та, біздің оларсыз күніміз жоқ.