Бұл күндері қарап отырсақ, байлық па, барлық па, мақтаншақтық па, даңғазалық па, есіріктік пе, қалай дерімді білмеймін, титімдей бір-екі жасар қыздардың құлағын тесіп, алтын, тіпті бриллиант тасы бар қымбат сырға салғандарды көріп жүрміз. Осының қажеті қанша? Қазақ қыздың құлағын жеті жасында тескенін айтып өттік. Өйткені жетіге дейін ол қуыршағын ойнап, тұлымшағы желбіреп асыр салып, балалық дәуренді басынан өткеруге тиісті. Өкініштісі, бұл күнде осыған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Сырғаны тек сәндік үшін, әдемілік үшін салады деп түсінеді. Сол себептен тым кішкентай кезінен қыздарының құлағын тестіріп, қымбат тасты сырғаны салып жатады. Қазақ ештеңені жайдан-жай әрі негізсіз істемейтінін мен ылғый да айтып келем. Өз басым, 2-3 жасар титімдей қыздардың құлағының тесілгенін көргенде бір түрлі жаным ашиды. Кейбіреулер бұған аса қатты мән беріп қарамайтын да шығар, бірақ менің жүрегім ауырып қалады. «Әттеген-ай, мына бала балалықтан өтуі керек еді ғой…» деп ойлаймын мұндайды көргенде. Әр нәрсенің өз жолы болады, кез келген нәрсенің өз уақытымен жасалғаны дұрыс. Баланы ашамайға отырғызғанда жария етіп, дабыралатып өткізетінін айттық. Өйткені ұл бала – болашақта елін-жерін қорғайтын азамат. Сол себепті ертеден-ақ жаужүрек әрі намысшыл болып өсуі керектігін санасына сіңіреді, балаға жауапкершілік жүктейді. Ал қыз баланың құлағын тесуді әжелері мойнына алған. Анығы, бұл – отбасындағы әйел адамдардың, апа-жеңгелерінің бітіретін шаруасы. Қыздың құлағын тескен кезде ауылдың әйелдері, апа-жеңгелері жиналып келіп, шашуын шашып, кішігірім той-томалақ жасайды.
Құлақты қалай тескен?
Құлақ тесерде алдымен сырғалығының екі жағынан екі тарыны сәйкестендіре қойып, жанын кетіре уқалайды. Содан кейін ғана отқа қыздырылып әбден тазаланған инемен тескен. Бұрынырақта, менің кішкентай кезімде, құлақты тескен соң бірден сырға салмай, иттің жүнінен ширатылып жасалған жіпті өткізіп қоятын болған. Өйткені ата-бабаларымыз, бір жағынан, итті «жеті қазынаның» бірі санаса, екіншіден, ит жүнінің белгілі бір қасиеттерін білген. Құлақты іріңдетпейтінін, ісірмейтінін әрі тез жазылып кетуіне әсер ететінін білгендіктен де, алдымен иттің жүнінен жасалған жіпті пайдаланған. Бұл күнде иттің жүнінің адам денсаулығына пайдалы екенін дәрігерлер де айтып жатыр. Иттің жүнінен жасалған белдемшелердің денсаулыққа пайдасы барын жарнамалап жатқанын теледидардан көріп те жүрміз. Өзгені қайдам, мұны біздің ата-бабаларымыз есте жоқ ескі замандардан-ақ білген. Ал кейбіреулер шайдың самасын өткізетін болған. Шай да – қасиетті шөп, өйткені шайдың
қасиеті болмаса, бүкіл әлем халқы оны ішпес еді. Шайдың да құлақты қызартпайтын, ісірмейтін қасиеті бар. Осыдан кейін өзінің түкірігімен сулап, жаңағы сама немесе иттің жүнінен жасалған жіпті жылжытып, қозғап отырған. Осылай екі-үш күннің айналасында-ақ баланың құлағы жазылып кеткен. Әбден жазылған соң әжелеріміз қыздың құлағына күмістен соғылған сырғаны салғанды жөн көрген. Күміс – өте таза әрі емдік қасиеті мол металл. Күміс сырға таққан баланың құлағы ешқашан асқынып кетпеген, ауырмаған әрі құлақ күміске үйренген соң алтынға да тез бейімделеді.
…Қыздардың тәрбиесіне қатысты жайды әр сұхбаттарымда міндетті түрде айтып жүремін. «Үнемі қайталап айта береді» деп кейбіреулердің мені кінәлаулары да мүмкін. Бірақ қыз тәрбиесін назардан шығарып алғанымыз жасырын емес. Тәрбие тізгінін босатып алдық. Бұған қыздарымыздың қалай болса солай ашық-шашық киініп, кіндігін көрсетіп жүргені дәлел. Жас қыздардың көшеде ашықтан ашық темекі шегіп, сыра ішіп жүргендерін көріп жүрсек те, мән бермеуге айналдық. Олардың ертеңгі ана екенін естен шығарып жүрміз. Ал біздің ата-бабамыз балалық дәурені өтісімен қызға дұрыс тәрбие беруді қолға алған. Қыз – аз күнгі қонақ. Сондықтан да күні ертең келін болып түскен жерінде ата-анасына, ауылына сөз келтірмеуін алдын ала ойлаған.
Зейнеп АХМЕТОВА
Суреттер: byt52.ru