Визажист: «Боянған әйел мұрнын кере жүреді»

Ибрагимова Айгүл Тохташқызы, визажист

 

– Сіз қазір 7 арнада визажист боп қызмет атқарасыз. Әу бастан осы саланы көздеген ба едіңіз?
– Мен әу баста шаштараз едім. Шаш қиюды 11 жаста бастадым деп айта алмаймын, бірақ, осы жасымда алғаш рет шаш қиғанмын. Інімді түрсишең далаға отырғызып қойып, шашын алғанымнан басталған. Үйде дәу қара қайшы болатын, онымен мата да, жіп те кеседі, мен сонымен шаш қиятынмын. Солай-солай үйдегі анамның, әкемнің, інілерімнің бастарын «жаңартып» тұратын болдым.
Кейін есейгенде шашатараздың оқуын оқимын дедім, үйдегілер жібергісі келмеді. «Ой, не бар, ешқашан өспейсің, бір креслоны айналып тұра бересің ба,керек емес,» – деп, мені бұғалтырдың оқуына жібергісі келді. Ал, менің ол оқуға барғым келмеді. Неге екенін, әйтеуір тартпады. Халықпен араласқан, сөйлескен ұнайтын, «шаштараз қылмасаңдар, товаровед болам,» – дедім. Мектепті 90 жылы бітірдім, ол кезде товароведтің қолы көзір еді ғой. Қазір колледж дейді ғой, сол кезде техникум еді, сонда товароведтің оқуын оқыдым. Сол салада жұмыс істедім.

– Товароведтен қалай визажистке айналып шыға келдіңіз?
– Қазіргі 7 арна ЭраТВ кезінде 2005 жылы жұмысқа тұрғам. Арасында Қазақстан телеарнасында жұмыс істедім, көптеген концерттерге, бағдарламаларға барып жүрдім. Кейін 7 арна болған кезде қайта шақырды бізді. Бұрын бірге істес болған таныс қыз-жігіттер болған соң қайта келдім.

DSC_0049

– Сонда қызметке орналасып алып барып, тәжірбие жинақтадыңыз, иә?
– 2005 жылы ЭраТВда конкурс боп жатыр екен. Жұмысқа орналасқысы келген қыздар журналистерді бояндырады да, оны тексеріп, «сізге хабарласамыз» деп шығарып салып жатты. Мен де біреуді бояндырып, жұмысымды көрсеттім. «Сізге хабарласамыз» деместен, «ертең жұмысқа келіңіз,» деп бірден айтты. Жұмысым ұнап қалса керек, оның үстіне сол кезде арнаға визажист өте қажет болып жатқан екен. Сонда сағат таңғы бесте басталатын бағдарлама болды, соған жұмысқа шығатын болдым. Алғашында қобалжу болды, кейін бойың да үйренеді, қолың да жаттығады. Тәжірбиемен келді бәрі.

– Сонша жылдық тәжірбиемен әлі телеарнада жұмыс істеп жүрсіз. Сіздің орныңызда басқа біреу болса, ендігісі жеке бизнесін бастап кетер еді…
– Жұлдыздармен жұмыс істеген ұнайды. Аты жақсы телеарнада жұмыс істейді деген. Табысың да тұрақты. Түбегейлі жеке кәсіпке кетсең, адамдар той-томалақ болмаса, күнде макияж істеме бермейді – табысың да бұлыңғыр болады. Ал, телеарнада күніне 4-5 адамға макияж, гримін жасап, қолымды жаттықтырамын, өзіме жақсы. Бұл жұмысымда тек үйрене беру керекпін, үйрене беру керекпін. Өзіме ұнайды, сондықтан теле арнадан шыққым келмейді.
Ал, жеке бизнеске келсек, кішігірім шаштараз ашып алғанбыз күйеуім екеуміз. Күйеуім де шаштараз, ерлердің шашын алады. Екеумізді табыстырған осы жұмыс негізі. Мен телеарнадан тыс уақытымда сонда боламын. Макияж жасатушылардан гөрі маған шашын түзетуге келетін қыздар көп. Интернет деген жақсы болды, жақында ғана Инстаграмға тіркелдім, клиенттерім сол арқылы да көбейетін шығар.

– Жұлдыздармен жұмыс істеген ұнайды дейсіз. Ең алғаш бояндырған жұлдыз кім еді?
– Роза Рымбаева. Сол телеарнаға алғаш қабылданған кез еді. Қобалжып, жүгіріп, шалынып жүріп бояндырдым. Шағым болған жоқ.

DSC_0034

– Саясаткерлер, шоу-бизнес өкілдерінің жеке визажисті болады. Жұмысыңызды ұнатып қалып, жеке визажисті болуға ұсыныстар болмады ма?
– Болды. Той-томалаққа, концертіне бояндырып беремін көп жұлдызды. Екі күн жұмыстамын, екі күн демалыстамын, графигіме қарай туралаймын көп тапсырыстарды. Жұмысыма кедергі келтірмейді.

– Мысалы, тікелей эфирге шыққалы тұрған журналисті 2-3 сағаттап бояндырдыңыз делік. Ол макияж журналистке ұнамай қалды. Не істейсіз ?
– Жағадан жұмысқа тұрған кезде мұндай оқиғалар болды ғой. Сонда ерте келіп алатынмын жұмысқа, түсірілім басталудан 2-3 сағат бұрын бояндырып алатынмын. Сосын ұнамағанын түзейтінмін, қайта бояйтынмын. Сосын қыздарға «ешқашан телевидение саласында жұмыс істемегенімді, енді үйреніп жүргенімді, қателіктерімді көрсетуін» айтатынмын. Олар түсіністікпен қарады. Қазір әбден жаттықтым ғой, ондай тосын оқиғалар болмайды.

– Діни бағдарламаның жүргізушілерін де бояндырасыз ба?
– Беті жылтырап көрінбес үшін опа ғана жағамыз, болды.

– Макияждың өзі фотосессия, телевидение, видео-съемкаға арналған деп бөлінеді. Айырмашылықтарын айтыңызшы.
– Жарықтарына байланысты. Фотоға түсіргенде бір ғана бағыттағы камерамен жұмыс істесе, бағдарлама түсірілімінде жан-жақтан бірнеше камера болады. Жарық та көп болған соң беттегі макияжлы жеп қояды. Камераның бір құдыреті сол – түзу бетті қисық, қисық бетті түзу қылып шығарады.

– Телеарна визажисті болғанның бір жақсысы жеке косметикаңызға ақша құртпайсыз, бояудың бәрі тегін шығар, иә?
– Жоооқ, косметика тегін болсын-болмасын кез келген визажисте ауру болады: бояу-сояуды ала бересің, ала бересің. Бір нәрсе алуға дүкенге кетіп бара жатасың, косметика сататын бутиктің қасынан өтіп кете салу жоқ. Қалай кіріп, бірдеңе алып шыққаныңды білмей қаласың. Артынан ішің ашып отырады.

– Макияж әйелдің түрін өзгертіп қана қоймай, мінезіне де ықпалын тигізе ма?
– Макияж әйелдің түрін өте қатты өзгертеді, ал, өзіне сенімділік береді. Мысалы, тойға боянып барған әйел мен боянбай барған әйелді сыртынан бақылаңызшы: боянып барған әйелдің жүзі жарқын, мұрнын кере жүреді.

10411410_678774058837723_289856405782081646_n

– Make-up үшін ең басты назар аударатын не: көз, беттің тоны, ерін?
– Менің назар аударатыным – бетті «тональный» кремнің дұрыс жауып, румянаның дұрыс жағылуы. Өкініштісі, қазір көп қыздар румянаны дұрыс жаға алмайды, тіпті жақпайды да. Көзді баттастырып бояғанда, ерінге де қанық түс жағады. Макияжы маскаға ұқсап шыға келеді.

– «Тональный» кремді жаққан соң опа жақпаймыз көбіне. Ол керек пе?
– Әрине, жағу керек. Макияждың соңында «тональный» кремнің үстінен жағу керек. Опа кремнің майын алып, құрғатады. Ал, «тональный» кремнің бетіне румяна жақсаң, жағал-жағал боп қалады.

DSC_0028

– Бетті бояудың реті бар, бірақ, оны көп қыздар біле бермейді. Үйде боянғанда көзіне сүрме (тушь) жағып алып, артынан бояуын жағып жатады.
– Дұрыс емес. Алдымен, бетке «тональный» кремді жағады. Сосын жоғарыдан төмен қарай: қас, көз, мұрын, сосын ерін. Сүрмені (тушь) жағып алып, түстінен көздің қабағын боясаң, ол кірпікке түседі де, сүрме жаққан-жақпағаның көрінбей қалады. Сүрме (тушь) соңында жағылу керек көзге. Опа (пудра) жағылған соң румяна. Румяна бетті сопайтып, формасын келтіріп алу үшін және беттегі бояудың мойын түсімен астасып кетуі үшін жағылады. Мысалы, бетіне жарық түскенде бояуы маска сияқты боп көрінетіндер бар. Ол румяна жақпағаннан.

– Көшеде көрген қыздардың макияжына назар аударып, кәсіби тұрғыдан бағалап жатасыз ба?
– Әрине қараймын. Тіпті, тоқтатып алып, қателіктерін айтқым кеп кетеді. Бірақ, сөз естіп қалғым келмейді. Көбісі, күндіз жұмысқа бара жатқан әйел кешкі макияжды жағып алады, дұрыс емес. Мезгілмен бояну керек.
Егер бет әдемі боялып тұрса, киімнің кем-кетіктерін жауып кетеді. Ал, егер қымбет, керемет киініп, бетіңдегі бояу нашар болса, бүкіл образың құриды.

– Макияж теріні қартайтады, бұзады деп жатады…
– Зияны бар. Бірақ, үнемі боянып жүрген әйел косметиканы жуып-шайып, тазалап, сосын түрлі кремдер, лосьондар жағып, барынша күтім жасайды. Ал, боянбайтын әйелдер бетін жуа салып, жүре береді. Бояусыз-ақ, теріге күннен, ауадан, шаң-топырақтан, экологиядан зиян келеді. Енді қараңыз, үнемі күтіммен жүретін әйелдің беті құри ма мұндайда, әлде бетін сумен шая салып жүретін әйелде ме? Сапалы бояуларды алу керек, зияны аз болады.

– Телеарнадағы журналистерден бөлек, жігіттер макияж жасата ма?
– Анда-санда өз тойына, қандай бір түсірілімге не Love Story түсіруге бара жатқан жігіттер беттеріндегі безеулерін жасыру үшін макияж жасатып жатады.

– Қазір визажист жігіттер өте көп. Құрбыларымнан «әйел визажисттен гөрі ер визажист жақсы бояндырады, ұқыпты,» деген сөздерді көп естимін. Рас па?
– Визажист жігіттер, бәрі емес, жұмсақ болады. Бұл – олардың ориентациясы өзгереді деген сөз емес. Жәй ғана бояндырған ұнайды. Әйелден гөрі еркектің жақсы бояндыруы жынысына емес, тәжірбиесіне байланысты. Ал, жігіттер жақсы бояндырады дегенге сенетіндердің мәселесі басқада. Біз бояндырғанда мақтау айтамыз, комплимент айтамыз. Сол комплиментті еркек айтса – әйелге майдай жағады, қуанады, қабылдау басқа болады. Ал, әйел мақтай берсе: – «е, сорлы, мынау ақша істегісі келіп, клиентін көбейткісі келіп, өтірік мақтап жатыр,» – деп ойлайды. Сондықтан мен көп мақтамауға тырысамын. Егер жұмысым ұнаса, ол қайтып келеді маған.

– Оқып отырған қыздарға қажетті ақпарат болсын, make-up пен шаш қию құнын айтыңызшы.
– Макияж 7 мыңнан басталады. Мереке кездерінде барлық жерде баға көтеріледі, менде де. Ал, шаш қию қымбат емес: 1500-3000 теңге арасы. 3000 алмаймын да көбіне.

– Сізге шаш қидыртқысы келген қыз-жігіттер қай мекен-жайға барсын?
– Астана қаласы, Күйші Дина көшесі, 28 үй.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет! Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!

Киім стилі адам жасына байланысты ма?

Жас ұлғайған сайын әйелдер қауымының киімге ғана емес, өмірге де кзқарасы өзгере береді. Өмірдегі бағалы дүниелер мен қадірлейтін қасиеттерді түсіне бастайды. Сәннің артынан қууы да басылады. Тіпті 30-дан асқан кейбір әйелдер талғамсыз киіне бастайды екен.

Адамдардың жасына қарай киінуі де өзгереді.

14-20 жас аралығы

Өмірде өз ойын, өз стилін іздейтін уақыт. Бұл жаста өзіне ұнағанын киіп, кез келген стилмен екінші бір стилдегі киімді «құрастырып» кие береді. Сәнді трендтердің көрінісін бір киінгенде көрсеткісі келеді. «Сәнге айналған» алқаны мойнына асып алып, аяғына ашық түсті не тізеге дейін шұлық киюі де мүмкін.

Киім стилі адам жасына байланысты ма?

20-25 жас аралығы

Бұл жаста өзіндік бағытты тауып не әлі де жетілу кезеңінде болады. Көптеген қыздар классикалық костюмдер киіп, өз жасынан әлдеқайда үлкен кқрінуі мүмкін. Жерге дейін төгіліп тұратын ұзындықтан тым қысқа белдемшелердің барлық түрін кие береді. Дәл осы жас аралығындағы қыздар сапалы косметика, киім мен ароматтарды тани бастайды. Сәнде болып жатқан әлемдік жаңалықтардан да хабардар болып жүреді. Әркімнің киіну стилі әр түрлі болады.

Киім стилі адам жасына байланысты ма?

25-30 жас аралығы

Ақыл тоқтата бастаған жас. Бұл жастағылар шашын күнде бұйралап, қызғылт түсті барынша аз қолдануға тырысады. Қыздар жас келіншек болады. Әйелге тән нәзіктік орнап, арзан әшекейлердің орнын бағалы алтын, гаухарлар басады. Алдында айшықталған мақсаттары – отбасылық өмір, карьера мақсат болады. Бұл жастағы киіну стилі классикалық үлгіде болады.

Киім стилі адам жасына байланысты ма?

30-40 жас аралығы

Ақыл тоқтатқан әйел, ана. Өз мүсінінің кемшіліктерін жақсы біледі, соған қарай киім таңдай алады. Киімдері түгелдей классикалық үлгіде болады және романтизмнен де біраз белгілер қосылады. Сапаға қатты мән беріп, тек сапалы киім, сапалы аяқ киім, сапалы әшекейді таңдайды.

Киім стилі адам жасына байланысты ма?

40-50 жас аралығы

Бұл жаста әйел уақыттың тез өтіп жатқанын байқып, жас күнін жиі аңсайды. Шашын бұрынғысынша жайып жүрмей, иықтан түсірмей, қысқа етіп кеседі. Биік аяқ киім кигеннен гөрі жайлысын таңдағанды жөн көреді. Әшекейден қымбат көрінетін, үлкен тастармен көмкерілгенін тағады. Боянуы бұрынғыдай көзге ұрып тұратындай емес, білінер-білінбес боп өзгереді. Киімдерінің түсі күңгірт түске ауыса бастайды. Өз жасының киімі қалай болу керек екенін, үлгі көрсету керек екенін анық біледі.

Киім стилі адам жасына байланысты ма?

Өмірге деген сүйіспеншілігіңіз өзгермесін!

 Суреттер: beauty.violet-lady.ru

Беттегі секпіл көбеймес үшін…

Беттегі сепкіл көбеймес үшін...Көктем келіп, күннің жылынғаны көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, кейбір аруларымызға жағымсыз әсер берері анық. Оның бір айғағы – беттегі секпілдің көбейіп кетуі.

Секпілден арылудың бірнеше жолдары бар және оның әркімге әсері әр түрлі. Секпіл бетте тым көбейіп кетпес үшін алдын ала емдік шаралар жасағаныңыз дұрыс.

Ол үшін:

–          Көшеге шығар алдында күн сәулесінен қорғайтын максималды әсері бар кремдер жағып жүріңіз;

–          Бетіңіздің біраз бөлігін жауып тұратын күн көзінен сақтайтын көзілдірік пен қалпақ (шляпа) киіп жүріңіз;

–          Егер күн тым ыстық болса, кеш түскенше ғимарат ішінен мүмкіндігінше шықпауға тырысыңыз;

–          Бетіңізге күн көзінен сақтайтын кремнен бөлек тоналды крем немесе опа жағып жүріңіз;

–          Күнделікті тамақтану рационыңызға С және РР витаминдері мол тағамдар қосыңыз. Әсіресе жеміс, көкөністі көбірек жеуге тырысыңыз.

Бетіңіздегі секпілдер көбейіп, қарайып үлгерсе:

1)      Беттің терісін ағартуға арналған косметикалық құралдар – акрем, гельдерді қолдыныңыз;

2)      С витамині көп жеміс, көкөністермен (лимон, құлпынай, қарақат)  күнде қоректеніңіз;

3)      Теріні ағартатын қоспалары ақжелкек (хрен), ақжелкен (петрушка), қияр, лимон шырыны) бар маскалар жасап, бетіңізге жағып жүріңіз.

Бетіңізге маска жаққаннан кейін күн көзінің теріңізге тікелей түсуінен сақтаныңыз. Теріні ағартатын маскалардың барлығы да 2-3 аптада нәтижесін береді.

 beautydream.ru

Сурет: lady-flower.net

8-НАУРЫЗ. МАКИЯЖ ЖАҒУДАҒЫ БІРНЕШЕ КЕҢЕСТЕР

8-НАУРЫЗ. МАКИЯЖ ЖАҒУДАҒЫ БІРНЕШЕ КЕҢЕСТЕР8-наурыз – барша нәзікжандылардың төл мерекесі ғана емес, көктем мерекесі болып саналады. Мерекеде жадырап, жарқырап жүру үшін бетіңізге бояу жағып, сұлулығыңызға рең бересіз. Макияж жағудағы біз ұсынар бірнеше кеңестерге назар аударыңыз.

Меркелік макияжда көзге ашық түсті бояуларды қолданыңыз. Өйткені, ашық түс жарықпен одан сайын жарқырап, әдемі көрінеді. Қоңыр және сарғыш (бежевый) түстерді пайдаланбағаныңыз дұрыс. Көзіңіздің айналасына опа жаққанда ашық түстісін жағыңыз.

Кешке дейін бетіңізге түрлі маскалардың бірін жағып, әбден дайындап алыңыз. Макияжыңыздың астынан сіңімді крем жағыңыз. Үгілмелі опа қолданыңыз, ол бетте ұзақ сақталады. Қабағыңызға бояу жағардың алдында мақтамане сүртіп алыңыз: құрғақ қабақта бояу ұзақ тұрады. Ерніңізге опа жаққан соң, тек астыңғы ерніңізге ғана жылтыр опа (блеск) жағыңыз, үстіңгі ерніңізге жағу аса қажет емес.

Егер шашыңызды жаятын болсаңыз, бетіңізге еңлікті (румяна) көбірек жағыңыз және қанық түсті далап қолданыңыз.

Ал шашыңызды артқа қарай жинайтын болсаңыз, бетке жаққан опаңыздан қанықтау түсті опамен иегіңізді, шығыңқы жақ сүйектерін, мұрныңыздың қырын айқындап бояңыз.

Бетіңізге не денеңізге жылтыр опа, жылтырақтар жағып жүрмеңіз. Ол біріншіден, тек өте жас қыздарға ғана жарасады,  екіншіден, әжімді айқын көрсетіп, бетіңіздің ой-шұңқыры көзге ұрып тұрады. Макияждың алдында тым майлы крем жақпаңыз, ол опаны өзіне сіңіріп алады және сіз билейтіндей жағдай болып жатса, тез терлеп, беттегі бояудың бүлінуіне алып келеді. Қызғылт сары (оранжевый) түсті еңлік (румяна) түрлі жарықтар түскенде көзге ұнамсыз реңк беретінін ұмытпаңыз. 

Сурет: bestforum.icebb.ru

ӘЙЕЛ КӨЗІ – ЖАН ДҮНИЕСІНІҢ АЙНАСЫ

ӘЙЕЛ КӨЗІ - ЖАН ДҮНИЕСІНІҢ АЙНАСЫ

 Сіздіңше, бұрылып бір қарағаннан ер адамдарды құлату үшін кірпіктерді жоғары қайырып, оны қағып отыру жеткілікті ме?! Қыздың тұңғиыққа толы көзінің тартымдылығына тек бояну емес, қабақ терісін күте білу, сақтау да әсер етеді.  Ол үшін не істеу керек? Күнделікті көзіңізге жаққан бояудан бірде-бір дақ қалдырмай, көздің бояуын сүртуге арналған лосьондармен  өшіріп отыру керек. Одан кейін жылы сумен жуу жеткілікті. Көзді орамалмен сүрткенде, қатты ысқылап сүрту көздің тым нәзік терісіне әжім түсіреді. Жеңіл қимылмен, салмақ түсірмей сүртіп алыңыз. Ұйықтар алдында көп мөлшерде су ішу – көз қабағын ісіріп жіберетінін де ұмытпаған жөн.

Көз сіздің шаршағаныңызды, ұйқысыздық пен мазасыз күйіңізді сөзсіз айтып беретін күшке ие. Қыз жанарынан әркез нұрдың шашылып тұрғаны керемет емес пе?! Ол үшін күн сайын ұйқы алдында зәйтүн майын жеңіл қимылмен қабақтың үстіне жағып отыруды әдетке айналдырыңыз. Кәдімгі азық-түлік дүкенінен алынған зәйтүн майын косметикалық шыныға құйып, жастығыңыздың астына салып қойыңыз. Бұл ұмытып кетпеу үшін маңызды.

Көздің әдемілігінде ұзын кірпіктердің маңызы басым. Кірпіктерім ұзын болсын десеңіз, оны да тамшы зәйтүн майымен сүртіп қойыңыз. Қасыңыздың артық қылшықтарын теріп отыруды ұмытпаңыз.

Міне, осы қағиданы берік ұстансаңыз, бояусыз-ақ көздеріңіз әдемі болады.

Сурет: klassledy.ru

Ақылмен жуынамыз

Бетті макияждан тазарту түк те емес сияқты. Бірақ көбіміз мұны неге дұрыс істемейміз?

1. Екі рет жуыныңыз.

Макияжды кетіру үшін макияж кетіргіш затты аямаңыз. Процедураны 2 рет жасаған абзал. Косметиканы ізін қалдырмай тазалау қажет. Әйтпеген жағдайда безеу мен тері асты қабынуларының пайда болуына үлес қосуы мүмкін.

2. Жылы су.

Макияж кетіргіш затты саусақтарыңыздың ұшымен жағыңыз. Ең бастысы – барынша кірді кетіру. Судың температурасына көңіл аударыңыз, бастапқыда суық сумен жуынбағаныңыз абзал. Суық су – сергектік бергенімен, алдын-ала тері клеткаларын тарылтады, бұл қара дақтардың пайда болуына әсер етеді. Судың жылулығын бөлмелік температураға сәйкестендіріңіз, макияж кетіргішті жағып, жуыныңыз. Содан кейін тері клеткаларын жабу үшін суық сумен жуынсаңыз болады.

3. Көзіңізді уқаламаңыз.

Мақтаны макияж кетіргішке батырып, көзіңізде 2 секундтай ұстаңыз. Кетіргіш зат теріге сіңе бастайды да бұл макияжды кетіру процессін жеңілдете түседі. Косметиканы соңына дейін кетіруге тырысыңыз. Түнге қалған кірпік бояғыш – кірпіктерді әлсіретіп, кейін оның түсуіне себепкер болады.

Назар аударыңыз!

Терінің типі. Макияж кетіргіш заттарды таңдағанда міндетті түрде терінің типін ескеру қажет. Майлы беттерге жазда гель пайдаланған жақсы, ал қыста терінің қай типі болмасын үлкен күтімділікті қажет етеді. Сондықтан тазартқыш сүт (молочко) – ең тиімдісі.

Майлық (салфетка). Қазіргі уақытта көп таралған тазартқыш майлықтар сапарға шыққанда пайдалануға жақсы. Алайда макияжды толық кетіруіне үлес қоса алмайды.

Тазартқыш сүт (молочко). Құрғақ терілер үшін ең ұтымды тәсіл. Жағып біраз массаж жасау керек. Содан кейін жылы сумен немесе тоникпен жуып тастау қажет.

Гель. Макияжды кетіретін бұл зат майлы терілер үшін өте пайдалы. Теріге абсолют тазалық сезімін береді. Гельдердің нәзік және жақсы көпіршіктенетін түрлерін іздеңіз.

Май (масла). Тазартқыш майларға су қоссаңыз тазартқыш сүтке айналады. Егер майды жаққаннан кейін өзіңізді жайсыз сезінсеңіз бетіңізді тоникке батырылған майлықпен немесе мақтамен сүртіңіз.