Ақын мен жұлдыз

Ақын мен жұлдыз

Жаным саған сыңар дер ем бір бөлмей,

Тағдыр бізді сырлас қылған білгендей:

Мені ешкімнің түсінгісі келмейді,

Сені де ешкім түсіне алмай жүргендей…

 

Неге ғана осы күйді көп кешем?

Жерде мұңға мен шомылдым , көкте сен…

Көз алдымда ақын болып барасың,

Жарар еді мен жұлдыз боп кетпесем…

 

Солғын кейіп санамдағы сөзді ұрлап,

Боз кештерде мұңайтса да бозғыл бақ,

Жасқа айналмай кеудемдегі жан сырым,

Өлең болып жатқаннан соң көз құрғақ…

 

Қою түннің бұрымына өрілген,

Күміс нұрың көрінеді көгімнен.

Сенің отың күннен де ыстық сияқты,

Жұлдызым-ай, таң алдында көрінген!

 

Жылдар қанша ауысса да жылдарға,

Түнек әлем орнай қоймас бұл маңға.

…Ғажабынан айрылмайды дүние-

СЕН НҰР ТӨГІП, МЕН ЖЫР ТӨГІП ТҰРҒАНДА!!!

Өлеңді жазған: Рахат Әбдірахманов

Сурет: chitalnya.ru

Түнгі өлең

Түнгі өлең Қараңғы түн.
Ай жарық.
Шолпан жарық.
Шегінбессің, қойған соң жол таңдалып.
Көз алдымда бір тамшы дірілдейді,
Көктен түскен әр нұрдан қолтаңба алып.

Әдемі аспан…
Әлди жел..
Ән құмар шақ…
Әлем ғажап…Сүйген сәт-мәңгі бал сәт!
Жан еркем-ау, өзіңді жаныма ертпей,
Жалғыз өзім келемін жаңбыр аңсап…

Кеше шер мен шемен күй берірек –тін,
Елес боп кеп, кешімді керім еттің!
Қара аспанның түнегін қақ жарады-
Қарақаттай көздегі меруерт мұң…

Кімге айналып барамын, кімге айналып,
Қайда апарып соғады мұндай бағыт?
Парағымда жатысың күнде өлең боп,
Қаламыма бір ғажап гүл байланып…

Бір жанады жүрегім… Бір жаралы,
Қашан енді біздің бақ бүр жарады?
Өлең оқып беремін Көктен сұрап,
Ойыңды оқи алмаймын бір жаманы…

Қалау барда бөгеуден тағдыр алшақ,
Жалғыз жүре берем бе жаңбыр аңсап?
…Мұңның бәрі мың жұлдыз асар еді,
Түннің бәрін екеуміз ән қыла алсақ..

Өлеңді жазған: Рахат Әбдірахманов

Сурет: webcommunity.ru

Түн…Қала…

Түн...Қала...

Түн…
Тыныш көрінгенмен,
тыным қашқан…
Кешегі әуен бөлек…
Бүгін басқа ән.
Жұлдызға ұмтылады жұмыр басым,
Түбіме жетер менің түбінде аспан…

Үйлермен тіресіп ап биік-биік,
Сұр бұлт тұр кеудеме күйік құйып!
Санамда сонау күнгі қиял-арман,
Заманға тұрса дағы иық тиіп…

Таста мұң…
Тақтада мұң…
Таспада мұң…
Көшесін мұң тербеп тұр астананың.
Ешкімге керек емес ет-жүрегің,
Ешкімге қызықты емес қас-қабағың…

Шамам бар…
Шаттанып ақ көсілер ем,
Мұндайда қоса мұңды досым өлең!
Әлі де бар еді ғой әңгімеміз,
Бәрі де шешілді ме осыменен?

Жүзінен жасырылмас сыры ұшқындай,
Күлімдей қарағанмен күміс нұрлы Ай,
Мұңымды біліп алып ол да менің,
Жырымды қоса оқиды тыныш тұрмай…

Түн…
Тыныш көрінгенмен,
тыным қашқан…
Кешегі әуен бөлек…
Бүгін басқа ән.
Жұлдызға ұмтылады жұмыр басым,
Түбіме жетер менің түбінде аспан…

Өлеңді жазған: Рахат Әбдірахманов

Сурет: gallery.dviger.com

Ақылдым


Ақылдым

 

Сен де жылап отырсың-ау,
Ақылдым!?
Мен де өзімді терең ойға батырдым…
Жалғыз үміт қонып жүрген бөлмеде-
Жалғыздықты құшақтап ап жатырмын…

Жатқа күлкі қылмайын деп басымды,
Жан сырымды жалған күлкім жасырды.
Ешкім жоқта егілсем де мұң тербеп-
Елесің кеп сүртіп кетед жасымды…

Бағым басым болмаған соң сорымнан,
Көңілімді тербемейді көгімде ән…
Алақаныма үміт іздеп қараймын-
Саусағыңның табы кетпей қолымнан…

Дүбірі көп дүрбелеңнен шошымай,
Көңілімнің көркейіп ед көші қай?
Сен әдемі ән сыйлаған әлемім,
Астаң-кестең болып кетті осылай…

Айтар сөзде азайғандай сірә мән,
Ақиқатты іздейікші мынадан:
Сені мендей сүйген жоқ қой әлі ешкім,
Мені сендей сүйе алмайды бір адам…

Көкіректен көшірейік құсаны-
Құлазыған баққа оралсын құс әні..
Жарығым-ай жаныма кеп жантайшы,
Жалғыздықтың қандай суық құшағы…

Ұғар дейсің жүректің бұл сәтін кім?
Жанарымнан жыр саулатып жатыр мұң…
…Жалғыз өзің жан адамға сездірмей,
Сен де жылап отырсың-ау,
Ақылдым…

 Өлеңді жазған: Рахат Әбдірахманов

 

КӨКТЕМ.КЕЗДЕСУ

 

КӨКТЕМ.КЕЗДЕСУ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Үйренгем…Мендік өмір үнемі сын…
Сенің де айтарыңды біледі ішім…
Сөзсіз-ақ шертейікші сырдың бәрін,
Үнсіз-ақ шешейікші жүрек ісін..

Арман ба? Кейде алдамшы секілді ол да…
Сыйлайды өшпес сезім отын жанға.
…Өртейсің лебіңменен шарпып өтіп,
Өзім де әрең шыдап отырғанда…

Жанымның жазылмас деп күйік-шері,
Жұлдызды аңсамап ем биіктегі…
Өксігім өше берді өзің келіп
Өмірге ғашық болдым сүйіп сені…

Сезімнен селт еткізген секемденбей,
Серпілші…Өзектегің өтелгендей.
Кімге мен еркелеймін сенен басқа,
Сені кім түсінеді екен мендей…?!

Өмір ғой…
Өкпелеттім.Өкіндірдім.
Өртену-туар сәті нөпір жырдың…
Өлеңнің ең ғажабын жалғанда бұл,
Мен сенің жанарыңнан оқып жүрмін!

Үйренгем…Мендік өмір үнемі сын…
Сенің де айтарыңды біледі ішім…
Сөзсіз-ақ шертейікші сырдың бәрін,
Үнсіз-ақ шешейікші жүрек ісін…

Өлеңді жазған: Рахат Aбдрахманов

Өксітіп… Өкіндіріп… Өкпелетіп…

Өзектен өрлігімді өктем етіп,

Көргенім осы еді ғой көкке бекіп.

Ең асыл адамымды Сүйемін мен
Өксітіп. Өкіндіріп. Өкпелетіп.

Хат беріп жібермедің неге түннен,
Кешірсең,
Кешіксем де, келетін бе ем?!
Сендік мұң- менің күнәм. Түн куәсі…
Жыр оқып берем енді не бетіммен?!

Қысты қойш…
Келеді ғой, күліп көктем,
Әр күні шуағымен үміт төккен.
Жүремін өзімді өзім іздеп күнде,
Күйбеңнің көшесіне сіңіп кеткен.

Таңыма тәубе етпесем, бағыма сын,
Өмірдің өлең дедім мағынасын.
Шөлдеген кездеріңді,
Тұңғиыққа
тұншығып бара жатып сағынасың.

Бүгінгі сезім жалын, кешегі де от,
Кей кезде кезбе алаудың кеселі көп.
Тиер ме ед таңдайыңа тылсымға еру,
Жазылсам маңдайыңа бес елі боп…..

Өзектен өрлігімді өктем етіп,
Көргенім осы еді ғой көкке бекіп.
Ең асыл адамымды Сүйемін мен,
Өксітіп.
Өкіндіріп.
Өкпелетіп…

  Өлеңді жазған: РАХАТ ӘБДІРАХМАНОВ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗЫ

 
 
 
Ғажаптың бәрі өзінде,
Көзінде сұлу әлемі.
Әдебі әрбір сөзінде,
Жан емі- оның сәлемі.
 
Келбеті күнге келіскен,
Нәзіктен нәзік сыр ұққын.
…Бесіктегі әппақ періштең – 
Бастауы әдеміліктің!
 
Пәк болып туған о бастан,
Мүсіні мыңды арбаған.
Көңілі оның – Көк аспан,
Көркінің құны – бар ғалам!
 
Қыздары олар даламның,
Таусылмас жылы бір лебі.
…Мәншүк пен Әлиялардың
Сүйкімді сіңілілері.
 
Даладай дархан пейілін
Ұлдары РУХ санаған,
Болмысы тұнған мейірім,
Ол – менің әппақ жан анам.
 
Ғасырдан жеткен ғасырға
Ұлтымның ұлы дастаны.
Ол – сенің қарындасың да,
Ол – менің қарындастарым.
 
Жоғалтып бастың салмағын,
Сандалған талай ғашық ұл.
Біреудің болса арманы,
Бір үйдің қазынасы – бұл.
 
Шынайылыққа заты мол,
Пәктіктің өзі турасы.
…Жүрегі жалын ақын – ол,
Немесе ақын музасы.
 
Кессе де ептеп бұрымды,
Бәрібір сұлу, жаны – нұр.
Жүрегі оның бұрынғы,
Қазақтың қызы ол бәрібір!
 
Өзінде бәрі ғажаптың,
Көзінде көркем әлемі.
Ақиқат жалғыз:
Қазақтың
қызының бәрі әдемі!

Өлеңді жазған: РАХАТ ӘБДІРАХМАНОВ