«Қалжаның» сыры неде?

Қазақтың өте бір қасиетті ырымы – келінге қалжа жегізу. Бұрынырақта кедейдің кедейі әйеліне қалжа жегізген. Тіпті бұған өзінің шамасы келмеген күнде ауқатты адамдар қалжасын әкеліп берген. Өйткені қалжа әкеп беру де сауабы үлкен іс болып саналған. Қалжаның күнделікті желінетін еттен айырмашылығы – ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы. Әрі құрметті ас саналады. Қалжа, біріншіден, дүниеге келген нәрестенің құрметіне арналса, екіншіден, жас анаға дүниеге перзент әкелгені үшін арнайы сойылатын болған. Күнде келінге сорпасын ішкізіп, етін жегізіп отырғандықтан, жас босанған ана өзінің жоғалтқан күш-қуатын осы қалжа арқылы қалпына келтіреді. Босанғаннан кейінгі күтімге қалжаның тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Қалжа жеп, жас сорпа ішкен келіншектің сүті де маңызды, құнарлы болады. Баланың тез ет алып өсуіне әсер етеді. Қазіргі жігіттерді қайдам, бұрындары жігіттердің бірі ауырлау затты көтеруге әлі келмесе немесе абайламай жығылып қалса, құрдастары келеке қылып: «Әй, немене, сенің шешең қалжа жемеген бе?» – деп қағытқан. Кей жағдайда «құдайға шүкір, біздің де шешеміз қалжа жеген» деп өзін-өзі көтермелеп, шамасы келмей жатқанын білдірмеуге тырысып баққан. Тілімізде жиі қолданылатын осы сөздің өзінде мән-мағына жатыр. Қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеп жатады, бірақ қалжа, негізінен, келіншектің күйеуінің мойнындағы міндет-парызы болып есептеледі…

ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ОЯТПАЙ, ҚҰР МАҚТАНУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ…

Осы күні баспасөз беттерінде әйелдердің түрлі аурулары жайлы аз жазылып жүрген жоқ. Әйелдерде кездесетін қатерлі ісіктің көбейіп әрі «жасарып» кеткені жайлы да жиі айтылып келеді. Дерттің асқынып, белең алғаны сонша, мұның соңы қайғылы оқиғаға ұласып жатыр. Бұл жағдай бүгінде әйелдер дәрігерлерін де қатты алаңдатып отыр. Сондықтан кез келген әйелдер консультациясында дәрігерлік кеңестер беріліп, қатерлі ісіктің алдын алу шаралары жайлы жазылған кішкентай кітапшалар таратылады. Ал ешқандай медицинасы дамымаған қазақ даласында өмір сүрген қазақ келіндері әйелдерде кездесетін түрлі аурулардан қалай сақтанды? Қазақ жас босанған ананың күтіміне не себепті соншалықты мән берген?

                                                                                                Зейнеп АХМЕТОВА

 

«Итжейде» қандай болуы керек?

«Итжейде» қандай болуы керек?

Баланың ең алғашқы киімі – «итжейдені» кіндік шеше тіккен. Жұмсақ матадан, кейде тіпті жаңа матаның өзін жуып, жұмсартып барып кең, мол әрі ұзын ғып тіккен екен. «Итжейденің» мол етіп тігілуінің өзіндік мәні бар. Тіршілік дегенің зырылдап өте шығатын тақтайдай жол емес. Бірде – өрге өрлейсің, бірде – төмен сырғисың дегендей, ойы-қыры көп. Өмірде барлығы қос-қостан жаралған. Күн мен түн секілді жақсылық пен жамандық та, байлық пен жоқшылық та бірге жүреді. «Мынау қамшының сабындай қысқа өмірде таршылық көрмесін, басына тартса, аяғына жетпейтін жоқшылық көрмесін» деген ниетпен, «итжейдені» кең, мол әрі ұзын етіп тіккен. Бұл, бір жағынан, баланың емін-еркін жатуына ыңғайлы. Баланың терісі өте нәзік болғандықтан, денесіне батпасын деп «итжейденің» тігісі сыртына қаратылып тігілген. Қазіргі кіндік шешелер дүкеннен дайын киімді апарып жүр. Тіпті кіндігіне де жетпейді… Ата-бабаларымыздың айтқаны, ырымдағаны негізсіз емес деп ойлаймын. Осынау ұлан-ғайыр кең-байтақ жерімізге иелік еткен ата-бабаларымыз сол кездің өзінде қазақ деген халықтың кемеңгерлігі мен даналығын өзгеге мойындата білген. Бүгінде… Қарап тұрсақ, өз жерінде жүріп, базарда ала қап арқалап, үйсіз-күйсіз күн кешіп жүрген де, тұрмыстың тауқыметін өзгелерден көп тартып жүрген де – өз ұлтымыз, қазақтың азаматтары, қазақтың әйелдері… Кім біледі…

«Итжейдені» бала қырқынан шыққанша кигізген. Кейін қырқынан шығарғанда «итжейдеге» тәтті-мәттіні түйіп, иттің мойнына байлап жібереді. Балалар итті қуып жүріп, ондағы тәттіні шешіп алып, таласып жеген. Бір жағынан, содан да «итжейде» аталуы мүмкін. Қазақ итті «жеті қазынаның бірі» деп есептеген. Өйткені ит – иесінің тілекшісі әрі ырыс пен берекенің күзетшісі саналған. Ит иесіне адал әрі ит көптеп күшіктейді. «Баланың артынан көп бала ерсін, осы шаңырақта бала улап-шулап жатсын» деген тілек жатыр мұның астарында. Содан кейін тілімізде «итжанды» деген сөз де жиі кездеседі. Иттің төзімділігіне, қайсарлығына, адалдығына байланысты айтылғандықтан да, баланың бойында адалдық пен қайсарлық қатар өрілсін, өмірдің қиындығына төзе білсін деген ырыммен «итжейде» итке байланған. Балалар тәттілерін таласып-тармасып, өзара бөлісіп алған соң, «итжейдені» бала көтермей жүрген әйелдер не жаңа түскен келіндердің бірі «тілеуімізге жетейік» деп ырымдап қалап алған екен. Мұны әркім әрқалай түсіндіріп жүр, бірақ менің ұғымымша, «итжейденің» сыры осында болса керек…

Зейнеп АХМЕТОВА

сурет: mamanyam.ru

Ақжауын қыздың аңызы

Ақжауын қыздың аңызы

 

Бақыттың, бәлкім, кезегі кеш пе?
Мұңлыға ем боп қоншы, үміт.
Көшені жалғыз кезгенде кешке
Жауынға ғашық сол жігіт.

Көктемнен керім керіліп шыққан,
Сезімің емі жарамның.
Тылсымға ғашық жаныңды ұқсам,
Жұлдыз боп көктен ағармын!

Жанардан жыр боп үзілсе тамшы,
Тағдыр боп маған жаздың ба?
Селдетсем егер, бір өзің қалшы
Ақ, ерке жауын астында…

Күнің боп келер алдыңнан дәйім,
Жұбатам жыр боп , түнерсең.
Қорқыныш билеп , қаптаған уайым
Жаныңды жалғыз жүдетсе.

Ақ қанат бұлтқа құмартып әр күн,
Санаңды жаулап есер мұң,
Сағынышымды ұғарсың, бәлкім,
Екпінін сезіп нөсердің.

Нұр сеуіп жатсам жалынға кешкі,
Мазаңды алар шақтардың,
Терезе қаққан жаңбырды есті ,
Сырымды солай ақтардым…

Оралхан жазған керемет еді,
Жалғызын күткен Қар Қызы!
Тәңірдің жазар кезегі енді –  
Ақжауын қыздың аңызы…

Өлеңді жазған: Ақерке АСАН

Гормоналды дәрілерді пайдаланудың 13 қағидасы

Гормоналды дәрілерді пайдаланудың 13 қағидасыӘлемде миллиондаған әйел гормоналды дәрілерді қолданады. Алайда, оның зиянын бойжеткендер біле бермейді. Сол себептен бұның пайдасы мен зияны туралы ақпарат берейік.
1.Гормоналды дәрілер ең бастысы денсаулыққа зиян. 
Алайда, оның әсерін дұрыс немесе бұрыс деп кесіп айту қиын. Әйелдерге ақ халатты абзал жандар тарапынан гормоналды препараттарды жүктіліктен сақтанудың бір әдісі ретінде кеңес беріледі. Кей жағдайда тіпті, гормоны жетіспеген әйелдерге жанама ем ретінде пайдалануға рұқсат етіледі.
Сол себептен ол әркімге әрқалай әсер етеді. Бірінің денсаулығы нашарлап кетсе, пайдаланған екінші адамның кесірінше дені сауығып кететін жағдайлар жетеді. Дегенмен, бұл өз функциясын 100 пайызға орындап, жүктіліктен сақтайды. 
2.Егер дәрі менің құрбыма сәйкес келсе, ол маған да жаға ма? 
Гормоналды препарат арнайы рецеппен ғана пайдаланатын нәрсе екенін ескеріңіз. Өйткені, оның түрі көп. Дәл сізге оның қандай түрі жағатынын медицалық тексерілімнен кейін ғана анық болады. Яғни, дәрігерлер тарапынан әрбір әйелдің денсаулығына байланысты оның қандай түрін қолдану керектігі туралы жеке шипалық кеңес беріледі.
Дәрі қабылдаған уақытта қант, қан құрамын жіті тексертіп, гинекологтың бақылауында болыңыз. Демек, құрбыңыз тап болмаған мәселеге, сіздің де тап болмауыңызға кім ешкім кепіл бере алады. Сол себептен құрбыңыздан көріп оны өз бетіңізше пайдаланбаңыз.
3. Гормонолды дәрілерді 20 жасқа толмағандарға пайдалануға болмайды деген пікір бар. 
Алайда, бұл негізсіз. Гормоналды дәрілерді бойжеткен жастар да қолдана алады-дейді дәгігерлер. 
4. Гормонды препараттарды пайдаланғаннан кейін ұзақ уақыт құрсақ көтере алмауым мүмкін бе?
Бұнда көбіне керісінше жағдай орын алады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, дәріні пайдалануды тоқтатқан алғашқы айларда әйелдердің құрсақ көтеру белсенділігі 1,5-2 есеге жоғарылап, егіз немесе үшен дүниеге әкеліп жатады.
Егер дәрігерлерден гормоналды дәрілерді 3-4 ай қолдан деген кеңес алып, сол уақытқа дейін емді үзіп жіберсеңіз бедеулікке ұрынуыңыз ықтимал.
Осы уақытқа дейін ішкен дәрілер аяғыңның ауыр болған уақытқа дейін ешқандай кері әсер бермейді.
5. 1 немесе 2 жылда үздіксіз ішкен дәріні 1 айға тоқтатып, одан демалу қажет пе? 
Бұл жансақ айтылған пікір. Дене ағзасын демалдыру үшін оны тоқтату немесе дәріні одан әрі жалғастыра беруден еш қандай өзгеріс болмайды.
Дәрігер кеңес берген дәрі ағзаға жағып жатса, климакс келген жасқа дейін қолдану беру керек.
6. Гормоналды дәрілерді бала емізіп жүрген аналар пайдаланбау керек пе? 
Негізінде гормоналды дәрілер бала емізіп жүргендерге зиян. Әлбетте олар үшін оларға арналған гормон мөлшерлері аз (мини-пили) деген дәрілер бар. Тек, оны емізер алдында ғана ішу керек. 
Дәрі пайдаланудың ерекше қағидасы да бар. Әр қабылдаудың арасы тура 24 сағаттан болуы тиіс. Қабылдау тізімі сәл ғана ауысып кетсе ол өз қызметін жояды.
7.Гормоналды дәріден салмақ қосыла ма? 
Ол адам ағазасына тікелей байланысты. Кейбірінің тамаққа тәбеті күшейсе, кейбірінікі керісінше әлсірейді. 
Ем қабылдамай тұрған адамға нақты жауап беру мүмкін емес нәрсе. 
Дененің толысуы препарат құрамындағы заттарға байланысты.
Тек бұдан шығар бір ғана амал бар. Нақтырақ айтсақ, салмақ қосқаныңызды байқасаңыз дәрігерге қаралып, гормон мөлшері аз дәрі пайдаланған абзал.
Арнайы зерттеу нәтижесіне қарасақ, дәрі қабылдаған әйелдердің 5-7 пайызы алғашқы жылы ғана 2 кг-нан салмақ қосқан. Ары қарай, сол қалыпта сақталған екен. 
8.Ағзаны улағанша «Постинор» сынды жедел контрацептив ішкен дұрыс болар? 
Бұл жыныстық қатынас туралы тәжірибесі аз бойжеткендер арасында орын алатын қателік. «Постинор» сынды дәрілердің құрамында 1 айда 30 күн қатарынан ішіп жүрген гормондар бар. Демек, 30 күн ішетін дәріні 1 күнде ішіп алып, денсаулығыңызды құртып аласыз.
Оның зардаптары мынадай: етеккір цикліне бұзылады, жыныстық қатынасқа деген белсенділік төмендейді, бауыр-бүйректің ісінуіне әкеп соқтырады, бала көтере алмайтын жағдайға жеткізеді.
9. Жүктілікті алдын-алатын дәрілерден бетті безеу басып кетпей ме?
Көп жағдайда керісінше, безеуден көз аша алмайтын адамдар үшін безеуден құтылатын емдік жол ретінде пайдасы мол.
10.Гормональды дәрілерден денеге жүн қатпат кетеді мыс.
Бұндай олқылыққа бұрын біздің аналарымыз тап болып, күрескен. Қазіргі заманғы медициналық гормоналды препараттар бұндай кемшіліктерді жойған.
11. Гормоналды дәрілерді ішкен сайын, етеккір циклі өзгеріп, кей кездері тіпті келмей қалады.
Бұл олай емес. Дәрігерлер соның көмегімен цикл бір арнаға тұрақталып, мазалап жүрген сырқаттарды бәсеңдетеді дейді.
Екінші жақтан, бұл сұрақтың мәні зор. Дәріні қабылдап жүргендердің 2 пайызында етеккір мүлдем кешігіп келу жағдайлары кезігеді. Бұл-оның ағзанына сәйкес келмеді деген сөз.
12.Гормоналды дәрілерді көп қабылдау сүт бездері мен жыныстық жолдардағы ісік індеті қауіпін күшейтеді.
Канадалық ғалымдар жүргізген зерттеу қорытындысына құлақ ассақ, аталмыш дәріні үнемі пайдалану ісік індетінің қоздырғыштарын 45-60 пайызға төмендетеді екен. 
13. Гормоналды дәрілер жыныстық жолдар арқылы жұғатын аурулардан сақтай ма?
Ол жұқпалы індеттен қорғайды дегенді алға тартатын ешқандай дәлел жоқ. Ол тек жатырдың асқынған суық тию індетінен ғана сақтап қалуға қауқарлы. Ал, жыныстық жолмен жұғатын кеселдермен күресе алмайды. 

kerekinfo.kz

Сурет: mk.ru

ОМЫРАУҒА АРНАЙЫ КҮТІМ КЕРЕК

ОМЫРАУҒА АРНАЙЫ КҮТІМ КЕРЕК

Ақындар мен суретшілер «омырау- аналық пен нәзіктіктің қаруы» деген анықтама берген. Сұлу болып көріну үшін қыз-келіншектер не істемейді дейсіз?! Омырауларының пішіні әдемі болып көрінуі үшін түрлі дәрілер ішеді, сұлулық салондарына барып, ұзақ уақыт массаж жасатады, тіпті төстеріне жасанды операция жасап, оның формасын өзгертіп те жатады. Алайда, біз көп жағдайда нәзік органның ерекше күтімді талап ететінін ескере бермейміз.
Төс- дене бітіміндегі ерекше қамқорлық жасайтын ең жанды мүше. Арнайы жүргізілген зерттеулердің қорытындысы күнделікті қоректенетін түрлі азық-түліктер сау омыраудың кепілі болатынын дәлелдеп берді. Гарвард институты 350000 әйелге зерттеу жүргізген. Олар: «көкөніс пен жемістерді үздіксіз жейтін әйелдер қатерлі ісік індетіне шалдықпайды» дейді. 
Дұрыс тамақтану-ағзадағы тепе-теңдікті сақтайды. Ағза әрдайым ақуыз, дәруіштер мен түрлі микроэлементтерді, май сығындысы мен көмірқышқылдармен қоректеніп тұруы керек.
Шамадан тыс майлы тағамдар тек онкологиялық аурулардың өршуіне ғана себепші болмайды, ол сонымен қатар гинекологиялық індеттерді қоздырып, асқазан, ішектің т.б. қызметін бұзады. 
Алайда, мүлдем майлы тағамдардан бас тартудың қажеті жоқ. Кез-келген тағамның құрамында ақуыз, көмірқышқылы, май сығындылары болады. Әсіре бұндай элементтер жаңғақ құрамында көп. Қоспа микроэлементтерді ішетін кезде оларды арнайы қолданатын мөлшері бар екенін ескерерсіз. 
«Дәл сіздің ағзаңызға қандай элеметтің жетіспейтінін дәрігерлер анықтайды, өз бетіңмен беталы іше беру де зиян»,-дейді маммолог мамандар.

Күн сайын құрамында А, Е, және С витаминдері бар сәбіз, шабдалы, цитрусты жемістер сүт бездеріне таптырмайтын ем болып табылады. Бұлар онкологиялық кеселдің алдын алады. Ал, капустаны төстің сыртынан орау керек. 
Сондай-ақ банан мен кептірілген өріктің де пайдасы мол. Ерекше айта кетерлік жайт, нанды да тартынып жеу керек. Нан, майлы және тұзды азықтар сүт безі талшықтарына кері әсер етеді. Ал, жас қыздар күніне 1 тал жұмыртқа мен жемістермен қоректенуі керек. 
Бостон университетінің мамандары көк шәйдің де емдік қасетін ерекше атап өтеді. Күніне 3-5 кесе көк шәй ішкен науқастардың ісіктері біраз басылыпты. Алайда, ғылыми түрде аталмыш шәйдің пайдасы ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Бұрындары сүт безі қатерлі ісігімен ауыратындарға қызыл шарап ішу туралы кеңес берілген. Мұның да берері көр.
Ерекше айта кетерлік жайт, ішімдікке бой алдыруға болмайды. Темекі шегуді қою керек. Өйткені, ол сүт бездері тамырын кеңейтіп, теріні бүлдіреді. Омырау неге ісініп, сыздайды? Ол ерекше күтімнің жоқтығанан, винамин мен гормондардың жетіспеуінен. Сондықтан ұйықтар алдында міндетті түрде тән рахатын сезініз. 
Нәзік жандар сәл толып кетсе бірден диетаға отырады. Күн азақ ауыз толтырып тамақтанбаған әйелдің денесімен қоса омырауы да кішірейеді. Омыраудың кілт солып кетуіне жол бермеу үшін бір уақытта бір қалыпта тамақтанған жөн. Бұл ағза тепе-теңдігін сақтайды. 
Омырау пішінін бір қалыпта сақтап, тартымды көріну үшін спортпен айналыспасаң да, күнде таңертең қолыңды басыңнан асырып, төмен түсіріп шағын жаттығу жаса. Оны он рет қайталап тұр. 

kerekinfo.kz

ІШ КИІМІҢІЗДІ АЖЫРАТА БІЛЕСІЗ БЕ?

Киіп жүрген іш киіміңізді түріне қарай ажырата білесіз бе?

ІШ КИІМІҢІЗДІ АЖЫРАТА БІЛЕСІЗ БЕ?

  1. Слип –  екі жаны қалың емес, арт жағы жабық лыпа. Ұстап тұратын резеңкесі мықында тұрады. Лыпаның бұл түрі күнделікті киіп жүргенге өте ыңғайлы.
  2. Кюлот – екі жаны қалың, алдыңғы жағы да, артқы жағы да жабық лыпа. «Слипқа» қарағанда кең таралған. Бір қарағанда бөксені үлкен етіп көрсетеді.
  3. Бикини – мықыннан төмен тұратын лыпа.
  4. Танга – алдыңғы жағы мен арты жабық тұратын, қалған жақтары жіп тәріздес өте жіңішке матамен не резеңкемен жалғанатын «мини» лыпа.
  5. Стринг –  бұл модельдегі лыпа құйрығыңызды ашық қалдырады:

V-string – артқы жағы үшбұрышты, алдыңғы жағы жиектемемен (тесьма) жалғанып тігілген;

 T- string – тек алдыңғы жағы ғана матамен тігілген, артқы бөлігі жиектемемен (тесьма) тігілген;

G- string– мықыннан төмен тұратын, өте жіңішке етіп тігілетін лыпа.

  1. Тонг – жамбаста тұратын лыпа.
  2. Дамбал – балағы ұзын болады, әрі өте жылы.
  3. Деван-дерьер – алды да, арты да бірдей, жіңішке формада тігіледі.
  4. Боксер/boxer – қысқа шалбарға (шорты) ұқсайды, құйрық толықтай жабылып, алдыңғы жағы да толықтай көлегейленеді. Бұл моделдегі лыпаның артық жері – мүсінді әдемі етіп көрсетеді.

Сурет: wowfacts.net

8-НАУРЫЗ. МАКИЯЖ ЖАҒУДАҒЫ БІРНЕШЕ КЕҢЕСТЕР

8-НАУРЫЗ. МАКИЯЖ ЖАҒУДАҒЫ БІРНЕШЕ КЕҢЕСТЕР8-наурыз – барша нәзікжандылардың төл мерекесі ғана емес, көктем мерекесі болып саналады. Мерекеде жадырап, жарқырап жүру үшін бетіңізге бояу жағып, сұлулығыңызға рең бересіз. Макияж жағудағы біз ұсынар бірнеше кеңестерге назар аударыңыз.

Меркелік макияжда көзге ашық түсті бояуларды қолданыңыз. Өйткені, ашық түс жарықпен одан сайын жарқырап, әдемі көрінеді. Қоңыр және сарғыш (бежевый) түстерді пайдаланбағаныңыз дұрыс. Көзіңіздің айналасына опа жаққанда ашық түстісін жағыңыз.

Кешке дейін бетіңізге түрлі маскалардың бірін жағып, әбден дайындап алыңыз. Макияжыңыздың астынан сіңімді крем жағыңыз. Үгілмелі опа қолданыңыз, ол бетте ұзақ сақталады. Қабағыңызға бояу жағардың алдында мақтамане сүртіп алыңыз: құрғақ қабақта бояу ұзақ тұрады. Ерніңізге опа жаққан соң, тек астыңғы ерніңізге ғана жылтыр опа (блеск) жағыңыз, үстіңгі ерніңізге жағу аса қажет емес.

Егер шашыңызды жаятын болсаңыз, бетіңізге еңлікті (румяна) көбірек жағыңыз және қанық түсті далап қолданыңыз.

Ал шашыңызды артқа қарай жинайтын болсаңыз, бетке жаққан опаңыздан қанықтау түсті опамен иегіңізді, шығыңқы жақ сүйектерін, мұрныңыздың қырын айқындап бояңыз.

Бетіңізге не денеңізге жылтыр опа, жылтырақтар жағып жүрмеңіз. Ол біріншіден, тек өте жас қыздарға ғана жарасады,  екіншіден, әжімді айқын көрсетіп, бетіңіздің ой-шұңқыры көзге ұрып тұрады. Макияждың алдында тым майлы крем жақпаңыз, ол опаны өзіне сіңіріп алады және сіз билейтіндей жағдай болып жатса, тез терлеп, беттегі бояудың бүлінуіне алып келеді. Қызғылт сары (оранжевый) түсті еңлік (румяна) түрлі жарықтар түскенде көзге ұнамсыз реңк беретінін ұмытпаңыз. 

Сурет: bestforum.icebb.ru

МЕРЕКЕГЕ НЕ КИЕСІЗ?

Көктем… Мереке… Жігіттер тарапынан болатын мерекелік ілтипат… Құттықтаулар… Көтеріңкі көңіл-күй… Дос-жарандармен бас қосу… Айналаны гүлдендіретін көктеммен бірге әйелдер де құлпыра түседі. Әрбір шаңырақта қуаныш қонақтап, анасын, асыл жарын, аяулы қызын, сүйкімді қарындасын құттықтап жатқан ерлердің езуінде күлкі болады. Сол мейрамда ерекеше жарқырап жүргенге не жетсін?! Міне-міне келіп қалған біздің мейрамға не киесіз?

Қаталдық. Кеңсе стилін ұнатушыларға сүйікті киімдерін басқа стилдегі көйлекпен ауыстырмауға да болады. Жіңішке белдемшеңіз бен костюміңіздің ішінен кез келген түстегі жейде киіңіз. Ол тым көзге ұрып тұрады деген болсаңыз, ақ түсті жейдені ғана киіп, костюміңіздің сыртқы сәніне назар аударуыңызға да болады. Арнайы өрнектер салынған не фонарь-иық сияқты элементтермен тігілген костюміңіз сізді өте сәндіетіп көрсетпек. Тіптен сүйікті жейдеңіз бен сүйікті костюміңізді ауыстырғыңыз келмесе, жіңішке белдемшеңіздің орнына кең етекті, тізеге дейінгі ұзындықтағы белдемшені кисеңіз де болады. Арнайы аксессуарлар тағуды ұмытпаңыз. Үлкен сырға, таспен көмкерілген белдік, сәнді клатч әрбір сұлудың ажарына көрік қосары сөзсіз.

Батылдық. Бұл мерекеде аруларымыздың арасында кеңсе стиліндегі киімді шешіп, жарқырап киінгісі келетіні де бар. Жарқырау сөзі ауыспалы мағынасында да, тура мағынасынан да қолданылып тұр. Кешке достарыңызбен дастархан басында жиналатын жоспарыңыз болса, батылдықпен алтын түстес не күміс түстес көйлек киюді ұсынамыз. бір айта кететіні, жарқыраған, көз тартатын аксессуар тақпағаныңыз жөн, көйлегіңіздің жарқылымен қосылып, тым артық болып кетеді. Аяғыңызға теріңізбен түстес шұлық және қарапайым ғана туфли киіңіз.

Талғам. Мерекелік әрі танымал түс – ақ. Бұл түс сізді көптің ортасында ерекшелеп қана қоймай, ажарыңызды аша түседі. Кең балақты шалбар, әдемі бешпент (жакет), жібек нымша, кең белдемше, талғамыңыз бен таңдауыңызға қарай ақ түсті киіміңізбен көптің назарын өзіңізге аударарыңыз сөзсіз.

Романтика. Көктем – махаббаттың, құлпырудың, нәзіктіктің мезгілі. Сондықтан бұл мерекеде романтикалық стилде киінгеніңіз да керемет болады. Ол үшін үлбіреген тор көйлектер киюдің де қажеті жоқ, тек ашық түсті, өзіңізге жарасымды түсті көйлек, белдемше, жейде кисеңіз, жетіп жатыр. Мүсініңізді сұлу етіп көрсететін әдемі көйлек киіп, биік өкшелі аяқ киіміңіз бен қолсөмкеңізді ұстап, шашыңызды қарапайым ғана үлгіде түйіп алсаңыз не буып алсаңыз, кештің сұлуы сіз болмақ. Аксессуарды қолданбағаныңыз жақсырақ болады.

МЕРЕКЕГЕ НЕ КИЕСІЗ?

Сурет: video-art-studio.ru

Міне, бүгін сен үй болдың…

Міне, бүгін сен үй болдың...Адамның мінезі деген белгілі бір қалыпқа құйып шығара салатын бұйым емес. Ол әркімнің өзінің алған тәлім-тәрбиесіне, көрген-білгеніне, ақыл-ойына, әр нәрсені салғастырып, өзін тежеп ұстай білуіне байланысты.

Өмірлік серігім деп бас қосқан жарыңды сыйлап, күте білу, оның артық-кемді мінездеріне түсініп, кешірімді болу – кішірейгендік емес, әдептілікке, білімділікке жатады. Ондай әйелдің семьяда, жолдас-жораларының арасында беделі жоғары, басы сыйлы болады. Әйел адам еркекті ашумен, бейпіл сөйлеп, беттен алумен жеңе алмайды. Ондай мінез жақсы жардың жанын жаралап, көңілін қалдырады. Халқымыздың «жақсы әйел жаман еркекті адам етеді, жақсы еркек жаман әйелді адам ете алмайды» дейтін мақалы осындай өмір шындығынан алынған болса керек.

Үлкен кісілер жас келінге риза болған жағдайда: «қосағыңмен қоса ағар, шырағым» деп батасын береді. Бұл сөзде де үлкен мағына жатыр. Бұл – тату-тәтті семья болып, сүйген жарыңмен жарасымды өмір сүру деген сөз. Мен де қыздарыма сол сүйген жарыңмен жарасымды өмір сүре біл дер едім.

Міне, бүгін сен сүйген жарыңа қосылып, өз алдыңа шаңырақ көтеріп, отау үй болдың. Отау иесі болу да оңай мәселе емес. Отау үйдің де, үлкен үйдің де өзіне лайықты әрқилы тірлігі, келетін қонағы, ағайынмен қарым-қатынасы болады. Солардың бәрінің де жөнін біліп, жолынан жығылмай отыру халқының салт, дәстүрін білуді талап етеді. Әрине, ондай салт, дәстүр дегенді адам іштен біліп тумайды, «көре-көре көсем боларсың…» дегендей, күнделікті өмірден, өзінің өсіп-өнген ортасынан, өзі қызмет істеген жердегі коллектив мүшелерімен, құрбы-замандастарымен араласу, бір-бірімен сырласып, ақыл-кеңес алу арқылы үйренеді. «Біз өз алдымызға үй болдық, енді ешкімге бағынышты емеспіз» деп, ұшқан ұяңды, аялап өсірген ата-анаңды ұмытып кетпей, демалыс күндерінде болсын, жұмыстан қалт етіп қолың босай қалған кезде болсын, оларға барып сәлем беріп тұрсаң үлкен кісілер соған да мәз болып, бір жасап қалады. Істелмей жатқан қатты-қайырым жұмыстары болса, істеп беріп кетсеңдер, анда-санда үйлеріңе шақырып, ақ дастарқандарыңды жайып, адал ниетпен дәс татырып тұрсаңдар, ауырып-сырқап қалған жағдайда барып көңілін сұрап, немесе дәрігерге апарып көрсетіп тұрсаңдар ананың ақ сүті мен әкенің адал еңбегін ақтағандарың сол болады.

Отау үйге жастар, яғни өз замандастарың көбірек үйір болады. Ол заңды да. Күйеуің даладан жолдастарын ертіп келгенде, оларды жылы жүзбен қарсы алып, сыйлап жөнелтсең, жігіттің жаны жадырап, көңілі көтеріліп қалады. Ал егер сен олар келгенде қабағыңды шытып, ас үйде аяқ-табағыңды салдырлатып жүрсең, келген қонағың еңсесі түсіп, үйіңнен шығып кетудің амалын қарастырады. Мұндай жағдайда қонақ кеткенннен кейін араларыңа кикілжің туып, жарыңның көңілі суыйды. «Үйге келген қонаққа тамағыңды берме, қабағыңды бер» деген нақыл бекерге айтылмаған. Үйге келген кісіні, мейлі ол туысқаның болсын, мейлі замандасың болсын, жарқын жүзбен қарсы алып, құрметтей білген жөн.

Кейде тіпті үй ішіндегі ұсақ-түйектер – киім-кешек, төсек-орынды таза ұстау, ыдыс-аяқ жуу, ас пісіру сияқты шаруалардың өзі де жас семьяның шырқын бұзуы мүмкін. Ұсақ-түйек дегенмен осылардың өзі де күнделікті тұрмыста қажетті шаруа болғандықтан отау иесінің бұларды да дұрыс игере білгені жөн. Қысқасы, әйел адамға сын да көп, мін де көп. Өйткені, оның үй шаруасында атқаруға тиісті жұмыстарының өзі басындағы шашынан асып жатады.

Қай заманда болса да семья бақыты әйел-анаға байланысты. Сондықтан әрбір әйел өз отының басын қоқытпай, үй ішін сәндеп жинау, ыдыс-аяғын таза ұстау, дәмді тамақ пісіруді өз міндетім деп түсінуі керек.

Жамал Байжанова «Семья бақыты» кітабынан үзінді.

ҚАЗАҚТЫҢ ЫРЫМЫ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КҮШКЕ АЙНАЛЫП КЕТКЕН…

 

ҚАЗАҚТЫҢ ЫРЫМЫ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КҮШКЕ АЙНАЛЫП КЕТКЕН...Бұл күндері, Құдайға шүкір, өз дәстүр-салтымыз бен әдет-ғұрпымызға мойын бұрып, шамамыз келгенше ұлықтап-ақ жүрміз. Әсіресе, жастар жағы. Бүгінгі үйлену тойларының арақ-шарапсыз өткізіліп жатқандығы, әр-әр жерде торттың орнына «келін шайының» беріліп жүргендігі осының айғағы болса керек. Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ырым-тыйымы ұлттық кодқа, энергетикалық күшке айналып кеткендігін іштей мойындасақ та, жеме-жемге келгенде кежегеміз кейін тартып, үркіп тұратын кезіміз көп. Дегенмен бүгінде сәбилерін бесікке бөлейтін, тұсаукесерге мән беретін отбасылар көбейді. Бұл – көңіл қуантарлық жағдай. Өз таным-нанымымыз өзімізге ғана жұғысты болатынын түсіне бастағандаймыз.

 Шілдехана тойының қандай маңызы бар?

Бала алғаш дүниеге келген күні қазақ шілдехана тойын жасайды. Шілдеханада түнімен ән айтылып, күй тартылған, яғни жаңа туған нәрестенің алғаш құлағына естілетіні қазақтың әні мен жыры болған. Осыдан соң қазақ қалай әнші болмайды дейсің?! Бұрындары жас босанған әйелді түн күзететін болған. Сол түні ән мен жыр, күмбірлеген күй түні бойы бір толастамаған екен. Ол, бір жағынан, «жаңа туған баланы жын-шайтан иектемесін» деген ойдан шыққан. Өйткені ән салған адамның жаман ой ойлауға мүмкіндігі болмайды. Ал әнде үлкен құдірет бар. Сол дыбыс, әуен, саз жаңа туған нәрестенің құлағына сіңеді. Тек шілдехана жасалған күні болмаса, баланы қырқынан шығарғанша үйге көп адамды топырлатып шақырмаған екен. Ол екі аралықта балаға «бауы берік болсын» айта келгендердің өзі келін мен баланы көруге талпынбаған. Өйткені «келінге көз тиеді», «балаға сұқ өтеді» деп түсінген. Қазақ жаңадан туған ботаның өзін жетілгенше тасада ұстап, ешкімге көрсетпеген ғой, сол сияқты «біреу қолға алып, жүзіне көз салып қараса, соның өзі жас балаға ауырлық әкеледі» деп қауіптенген. Бір жағынан, бұл да дұрыс. Өйткені біздің өзіміз де бізде қандай энергия, қандай биоөрістер бар екенін біле бермейміз. Ал адамдар әртүрлі. Балаға жамандық ойламаған күннің өзінде бейсаналы түрде зиян тигізуі мүмкін. Сондықтан ересек адамдар мүмкіндігінше жас босанған келіні бар, жаңадан туылған бөпесі бар үйге бара бермеген. Өйткені қырық күн толмаған сәби жердің баласы деп есептелмеген. Бір есептен, «жердің баласы емес» деуге негіз де бар. Мұны қырқынан шықпаған баланы білегін ұстап көріп, еті мен сүйегі бірікпегенінен-ақ байқауға болады…

Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: babyzzz.ru

Немерелерімнің кіндік шешесі жайында…

 

Немерелерімнің кіндік шешесі жайында...Кеңес өкіметі кезінде «кіндік шеше» деген сөздің өзі жоғалып кетті. Бала тәрбиесінде кіндік шешенің рөлін қайтадан қазақи қалпына келтіру үшін дәрігерлер де баланың кіндігін өзінің сайланған кіндік шешесіне кескізуге рұқсат етулері керек деп ойлаймын. Өз басыма келсем, немеремнің дүниге келетін уақыты жақындағанда кіндік шешені өзім апарсам деп дәрігерден рұқсат сұрамақ болып, перзентханаға барғанмын. Бұл 90-жылдардың ортасы болатын. Мұнда келген кезде менің көзіме сол перзентхананың бір дәрігері жарқ етіп көрінді. Олай дейтінім, оны көргенде өзінен керемет бір шуақ тарағандай әсерде болдым. Үнемі аналардың сәби әкелуіне қолғабысы тиіп, ылғи жаңа туған баланы қолына ұстап, таза энергиямен қуаттанғандықтан ба, маңдайы жарқырап, көзі жайнап тұр екен. Содан сол келіншекке: «Айналайын, менде бар-жоғы – бір тал бала, бір келін. Алғашқы немеремнің келуін күтіп жүрмін. Сен бізге кіндік шеше болып, келінімді қамқорлығыңа ал», – деп өтіндім. Сонда ол қатты толқыды. «Апа, мен мұндай шаңырақтың келініне қамқор болып, аман-есен босандырсам, соның өзі мен үшін үлкен мәртебе болар еді…», – деді. «Мен кіндік шешені өзім таңдаймын, соған рұқсат ет» деп айтпақ болып барғаныммен, Ұлтай Дауылбекқызы атты жүзінен мейірім төгілген сол дәрігер келіншек тңғыш немереміздің кіндік шешесі болды. Кейінгі немереміздің де кіндік шешесі – сол Ұлтай. Ол әншейін кіндік шеше ғана болып қойған жоқ, өзі біздің үйдің қызындай болып кетті, бізді «аға-тәтелеп» жаны қалмай сыйлап жүреді. Біз де оны аялаймыз. Бұл бұрынғы қазақи қарым-қатынасқа ұқсас деуге болады. Ол өзінің кіндік балаларын үнемі көріп тұрады. Денсаулықтарын қадағалап, олардың титтей қуаныштарының өзіне ортақтасып, үнемі келіп-кетіп жүреді. Балам мен келінім де «Ұлтай мамамыз» деп құрақ ұшып жатады. Біздің халық үшін сыйластықтан асқан сый да, дәреже де жоқ. Мұндай сый-құрметтің бастауы өзіміздің ұлтымызға тән қазақы болмысымыздан, ықылас пен пейілімізден басталып, осылай нәр алатын болса керек…         

Зейнеп АХМЕТОВА

АЙҚАРАКӨЗ ЖАУАП БЕРЕДІ немесе КЛИМАКС

Сәлем, Айқаракөз!

Менің жасым 39-да. Төсек қатынасында болған жоқпын, әлі қызбын. Соңғы екі айда менің етеккірім келмей жүр. Менде климакс басталғаны ма? Мен енді бала туа алмаймын ба? (Айжан)

 

Жоғары дәрежелі гинеколог-дәрігер Айгүл Мейрамқызы жауап береді.

 

АЙҚАРАКӨЗ ЖАУАП БЕРЕДІ немесе КЛИМАКСКлимакс – ерлерде де, әйелдерде болатын құбылыс. Әйелдерде болатын климакс (менопауза)  – әйел ағзасындағы зат алмасулар мен кейбір мүше қызметтерінің өзгеруіне алып келетін жыныстық гормондар синтезінің тез арада құлдырауы. Әйелдерде қалыпты климакс 50 жастан асқан соң басталады. Бұл кезде етеккір келуін тоқтатады, бала көтеру мүмкіндігі шектеледі. Климакстың негізгі белгілері: тершеңдік, әлсіздік, бас ауруы, дененің лезде ысып, лезде сууы, қалтырау, ашушаңдық, ұйқышылдық, шыдамсыздық, ұмытшақтық, депрессия, қан қысымының артуы (гипертония),жүректің тарсылдауы.

Климакс басталған әйел еш кедергісіз жыныстық қатынасқа түсе береді және бұрынғыдай тояттау (оргазм) сезімін де алады. Тіптен климакс басталғанда әйелдің төсек қатынасындағы белсенділігі артуы мүмкін: «екіқабат болып қаламын» деген қорқыныш миынан біржола жоғалады.

Климакстың ерте келуі әйелдерде 37 жастан басталады. Бұл – бүгінгі таңда жиі кездесіп жүрген жағдай. Климакстың ерте басталуының бірнеше себептері бар :

–         гормонды дәрі-дәрмектерді көп қолдану;

–         ішкі секреция бездерінің бұзылуы;

–         гинекологиялық аурулар;

–         онкологиялық аурулар;

–         иммунитеттің тым төмендеп кетуі.

Айжан, сіздің етеккіріңіздің кешігуіне басқа да себептер әсер етуі мүмкін. Етеккірдің кешігу себептерін «Етеккірім неге кешікті?» атты жазбадан оқи аласыз. Әрине қорқынышыңыз орынды. Сондықтан гинекологқа қаралып, гормоныңызды тексертіңіз. Бәрінің анық қанығына жетіп, көз жеткізбейінше, асығыс шешім қабылдауды әдетке айналдырмаңыз. Жас ұлғайған сайын бала көтеру мүмкіндігі азаятынын ескеріңіз.

Сурет: anionzdorove.ru

Кіндік шешенің бала тәрбиесіндегі орны

«Жарыс қазан» қайдан шыққан?Кіндік шешенің бала тәрбиесіндегі орны
Ертеректе перзентхана болмағандықтан, әйелдердің үйде босанғаны белгілі. Келін толғатқан заматта әйелдер қазанға ас салған. «Қазан қайнағанша бала дүниеге келсін», «толғағы жеңіл болсын» деп қазан менен толғақты жарыстырған. «Қазан қайнағанша аман-есен босанып қалсын» деген тілек жатыр мұның астарында. Бір жағынан, жаңадан босанған ананың сорпа-суы, әрі қуанышқа жиналғандарға дайындалған ас деп қарауға болады. «Жарыс қазан» деген дәстүр осыдан шықса керек…

Тіліміздегі «қол-аяғын аман-есен бауырына алды», «аман-есен жеңілденді» деген сөздер келіннің дүниеге перзент әкелгеніне қатысты айтылған. Қазақ еш уақытта «туды» деп айтпаған. Бұл сөз аңға, малға, жан-жануарға қатысты айтылады. Жақсылық хабарды жеткізушілер «атұстар», «құрықұстар келді» деп – ұл баланың, «шай қайнатарың келді, үкіңді дайында» деп қыз баланың дүниеге келгенін жеткізіп, бір-бірінен сүйінші сұрасқан. Осыдан-ақ әрбір сөздің айтылатын жері болатынын әрі қазақ халқының тектілігін аңғаруға болады.

Кіндік шешенің бала тәрбиесіндегі орны

Қазақ халқында кіндік шеше ерекше орны бар өте қадірлі тұлға деуге болады. Баланың өзінің туған анасынан кейінгі ардақтап құрметпен қарайтұғын анасы – осы кіндік шеше. Келіннің бойына алғаш бала бітіп, «ақ алғысты» болып, жерік болып жүрген кезінен бастап, енелері балаға кіндік шешені іздеп, іштей таңдай бастаған екен. Ол аралықта «мен болайын» деп қолқа салушылар да көбейеді. Солардың арасынан енелер болашақ кіндік шешені өздері таңдаған. «Ой, ана пәленшенің мінезі биязы, өзі үнемі жайдары жүреді», «түгеншенің қолының ісмерлігі бар» деп келіншектердің жақсы қасиеттерін жинақтай келе, кіндік шеше алдын ала белгіленеді.

«Болашақ немереміздің кіндік шешесі өзің бол, ниетіңе жет» деп келіннің енесі қолқасын айтқаннан кейін кіндік шеше келінге қамқор болады. Ол аяғы ауыр болашақ анаға бойын күтуді, жүріп-тұруды, тіпті қалай тамақтану керектігіне дейін – барлығын үйретіп, іште жатқан шарананың өзіне әу бастан-ақ осылай қамқорлығын жасаған. Арасында үйдің тірлігіне де келіп көмектесіп жүрген. Бұрынғы кіндік шешелер келіннің босанатын күнін міндетті түрде білген. Өйткені «ай толғақ», «апта толғақ» деген сияқты босанғанға дейін болатын толғақтардың әр күнін санап, келіннің қай кезде босанатынын алдын ала болжап отырған.

Кеңес өкіметінің кезінде туылған балалардың барлығы деуге болады, өзінің кіндік шешесін білмеген. Өз алдымызға дербес мемлекет болмай тұрған жетпіс жылдың ішінде қазақ баласының кіндігін кім кеспеді дейсің… Қазақ «бала кіндік шешеге тартады» деп бекер айтпайды. Өйткені жаңадан шыр етіп жарық дүниеге келген баланың тірі тәнін қолымен ұстап тұрып, кіндігін кесу арқылы әрбір адамның бойында болатын биоөріс пен адам бойындағы қасиеттер белгілі бір мөлшерде балаға беріледі. Бала да бірден қабылдайды оны. Сондықтан баланың ата-анасына, ата-әжесіне тартпаған кейбір мінездері міндетті түрде кіндік шешесіне тартады. Кіндік шешені ардақтап, қадірлейтіні де, оған үлкен мән беретіні де сондықтан.

«Ой, ол пәленшенің кіндік баласы ғой, әне, мінезі аумай қалған» дегенді естіп жататынымыз сол себепті. Біздің қазақ халқының психологиясының, мінез-құлқының өзгергені, кәдімгідей басқа жаққа қарай ауыңқырап кеткені осы жетпіс жыл бойы кіндігімізді кім көрінгеннің кескендігінде жатыр ма деп те ойлаймын кейде. Бұл негізсіз емес. Өз басым, баламның кіндік шешесінің кім екенін білмеймін. Сонау 1968 жылдары перзентханаларда қазақ дәрігерлері, қазақ медбикелері бірлі-жарым ғана болатын.Әсіресе, Алматыда. Перзентханаларда көбінде кілең басқа ұлттың өкілдері істеді. Қазір бір қуанарлығы, аналар өз баласының кіндігін кім кескенін біліп жатады.

«Баламның кіндігін кескен адам» деп сый-сияпатын да жасап жатқанын көріп жүрміз. Бірақ олар – дәрігерлер, олар жас аналарды өздері босандырып, кіндігін өздері кесіп жатыр. Осы орайда «неге ұлттық перзентхана ашпасқа» деген ой мені жиі мазалайды. Ата-аналар өздері қалаған, өздерінің көңілдерінен шыққан, алдын ала сайлап қойған адамын перзентханаға апарып, арнайы медициналық бетперде мен халат кигізіп, неге кіндік кескізбеске, дәрігермен бірге жас босанған ананың жанында болмасқа?!

Дәрігер өзінің міндетін атқарса, ал кіндік шеше баланың кіндігін кессе… Кейбір дәрігерлер «олай етуге рұқсат жоқ, бала босанатын жерге бөтен адамды кіргізуге болмайды» деп жатады. Ал енді кейінгі кезде әйелі босанып жатқан жерге күйеулері камерамен кіретұғын бір «мода» шықты. Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің, «былай тұрыңызшы, түсіріп алайын» деп гинеколог дәрігер мен акушерлерді былай ысырып жүретін сорақы жағдайлар кездеседі. Сонда олар қалай кіріп жүр? Қалай кіргізеді оларды? «Бір аяғы – көрде, бір аяғы – жерде», адамнан адам шығып жатқан қауіпті сәтте күйеулері сол жерде жүреді. Жасыратын ештеңе жоқ, бұл – талай перзентханаларда болып жатқан нәрсе. Олай болса, неге кіндік шешені де кіргізбеске?

Дәрігерлерге мың да бір рақмет, ана мен баланың өміріне жауап беріп, олардың денсаулықтарының қауіпсіздігін мойнына алып жүр. Олар өз міндеттерін атқарып жатыр, ал кіндік шешелік парыз мүлде басқа ғой. Бүгінде өзін босандырып алған дәрігерді «кіндік шеше» деп қабылдап жүр, ол да – дұрыс. Бастысы, баласының кіндік шешесін біліп жатыр. Көп жағдайда баланың кіндігін кескен адам басқа болғанымен, мына жақтан ата-ене сайлаған кіндік шешесі гүлін көтеріп, перзентханадан кіндік баласын шығарып алып та жатады. Шындап келгенде, бұл көзбояушылық емес пе… Ырым етіп, ниет қылғаны жақсы шығар, бірақ шынайы болғанға не жетсін?! Кіндігін кеспей, сырттай сайланған кіндік шешелер баланың тәрбиесіне қандай қолғабыс беріп жатыр? Ешқандай.

Ары кетсе, жылына бір рет баланың туған күнінде сыйлықтарын әкеледі. Ара-арасында ойыншығын көтеріп келетіні болмаса, бәлендей жауапкершілікті сезінбейді. Ал бұрынғы кіндік шешелер баланың тәрбиесіне көп күш салған. Жас ана қол-аяғын бауырына алғанша, әбден үйренгенше баланы суға шомылдыру, керіп-созу, күту – соның барлығын енесінен бұрын кіндік шеше мойнына алып, өзі үйреткен.

Балаға қатысты өткізілетін қырқынан шығарудан үйлену тойына дейінгі барлық игі шаралардың басы-қасында кіндік шеше ең бір қадірлі тұлға болған. Баланың ата-анасымен қатар, кіндік шешеге көрсетілер құрметтің орны бөлек. Қыз алысып, құдандалы болып жатқанда да, ата-анасымен аты бірге аталып, кіндік шешеге төрден орын берілген. Кейін бала да ержеткенде «кіндік ананың парызы» деп өз парызын өтеп жүретін болған. Қазақ кіндік шешені осылай қастерлеген, дәріптеген…