Ұмыт болған махаббат

Ұмыт болған махаббат

 

* * * 
Қыста ол маған тірі гүл әкеп берді. Мейрам болмаса, жай күні тірі гүл сатпайтын ауылдағы мен үшін бұл — сыныптастарымның алдында абырой. Ертесіне тағы да гүл. Бұл жолы бір тал қызыл раушан емес, бір тал ақ раушан. Қатарынан 6 күн «жәй ғана» гүл алу — сегізінші сынып оқушысы үшін бақыт болатын. 
* * * 
Ол маған ұнай бастады. Жүрісі де, киімі де, шашы да өзіне жарасымды. Әсіресе, керемет билейді екен, бұрын байқамаппын. Достарының арасында абыройы мықты, бітіруші сынып жігіттерімен жақсы араласатын сияқты, басқаларын тіпті ұрып жатқанын көргенмін. Тек… Ол маған гүл сыйламай кетті. 

* * * 
Айнұр әкелген хат жүрегімді тарсылдатып қоя берді. Екі күннен соң келісім берген хатымды тағы да Айнұр әкетті. Енді ол — Айгерімнің жігіті емес, менің жігітім. Тоғызыншы сыныбымды есею деп ұғыппын.

* * * 
Айгерім құдашам болса да, менімен араласпай кетті. Оны қатты жақсы көрген екен, хаттарын да оқыдым. «Ол» оқытты. 

* * * 
— Түн болғанда қайда барып келдің? а?
— Мама? І-і-і… Аружаннан кітап сұрауға барып ем, мен іздеген кітап онда жоқ екен. 
— Мынау көршінің үйіне сонша жоқ боп кеттің бе?
— І-і-і… Өзі ғой отыра тұрш деген.
Анама өтірік айтатынды шығардым…

* * * 
Мектепке баруға асығатынмын. Қоңырау соғылған сайын көрем оны. Менен бір сынып жоғары оқитын оның достары, сыныптастары коридорда көре қалса, менімен амандасатынды шығарды.

* * * 
— Қайдан келе жатырсыңи екі кештің ортасында?
— Папа, Дариғадан кітап әкеле жатырмын.
— Түнде жүрмей, күндіз сұрап қойсай кітабыңды.
Әкеме де өтірік айтқан кезім болды…

* * *
Бір күні қаладан ағам келді. Бәрі дастархан басында отырғанда зып беріп далаға шығып кеттім. Ысқырық естіліп тұрғанына біраз болған. Сыртта сіркіреп жаңбыр жауып тұр екен. Кездесіп тұрдық. Біраз уақыт өтсе керек, көшеге менің атымды атап, ағам шықты. Мен не істерімді білмей, үнсіз тұрдық. Ағам қора жаққа бет алғанда, забордан секіріп, залға барып, өтірік ұйықтап қалдым. Біраздан соң ағам келіп, шашымның су екенінін байқай сала, лекция оқи бастады. Іштей сезген болар. Қанша сөз есітсем де, «үйде болдымға» басып, жеңістік бермедім.
Ағамды да алдағам…

* * * 
Маржанның туған күнінде түнгі 11-ге дейін әрең сұрандым. Туған күн иесін құттықтай сала, онымен бірге кетіп қалдым. Ауыл сыртындағы үлкен тастың үстінде отырып, әңгімелестік. Айтылған уақыттан кешіккенім үшін емес, туған күнде болмағаным үшін әкемнен ұрыс естідім. Маржанның үйіне звондайтынын қайдан білейін…

* * *
Арманымыз көп болатын. Оқу бітіріп, үй боламыз деуші ек…

* * * 
Ол 11- сыныпты бітірді де, қалаға кетті. Менің мектепте аяқтау тиіс бір жылым бар еді.

* * *
Мен оны қатты сағынып жүрдім… 

* * * 
Мен де студент болдым. Ортам өзгерді. Өзім өзгердім. 

* * * 
Жұмысқа орналастым. «Мен өмірімді өзгертем деп талпындым, Өмір мені өзгертті» ©

* * * 
Ұмыт қалған кіршіксіз махаббат өзгерді ме, жоқ па, ол өзіме де белгісіз…

Сурет: soneta.ru

Комплекс жойылсын!

Комплекс жойылсын!«Мен әдемі емеспін», сол үшін мені ешкім жақсы көрмейді. «Мен пысықтығымды көрсете алмаймын», сондықтан мені жұмысқа алмайды. «Мен семізбін», сондықтан ешкімге ұнамаймын. «Мен қалқан құлақпын», бәрі сол жеріме үңіліп қарайтын сияқты. Осындай ойдың бәрі қайдан келеді екен? Мүмкін кішкентай кезімізде ата-анамыз, мектептегі достарымыз мазақтаған болып, миымызға сіңдіріп қойған шығар?! Әрине түрлі-түсті жарнама, «жұлдыздардың» керемет суреттерін жариялаған журналдар, неше түрлі кинолар, сериалдар өз ықпалдарын тигізбей қоймады. Біз өзіміздің комплексті екенімізді байқамасақ та, көпшіліктің ортасында өзімізден өзіміз қысылып-қымтырыла бастаймыз.

              Өзіңіздің сыртқы келбетіңізден кемшілік тауып немесе өзіңізді белгілі бір ортада ұстауда сәтсіздіктер шыға берсе, сенімділік болмаса, туылғаннан жолыңыз болмай, қырсықтықтың бәрі сізді қоршап алған деп есептесеңіз, өз комплексіңізбен күресуге бел буыңыз.

            Мұндай жағдайда ең дұрыс таңдау – өз комплексіңді сол қалпында қабылдау. Өмірде сенің мұрныңнан да үлкен мұрынды, аяқтары тым қысқа, семіздікпен ауыратын, ақылы тым таяз адамдар да бар. Сондықтан өз бейнеңді, тұла бойыңды жақсы көру керек.

            Танымал тұлғаларға қарасаңыз, олардың бойында да кемшілік деп санайтын тұстары өте көп кездеседі. Бірақ, оның бәрі жетістікке жету жолында кедергі келтіріп жатқан жоқ. Сондықтан сіз де өзіңіз туралы төмен ойлардан арылыңыз. Адамды жеке тұлға ретінде сыйлап, жақсы көреді. Сондықтан өз бойыңыздағы «жеке тұлғаны» жақсы көріңіз, басқалары да көзқарасын өзгертеді.

            Өз комплексіңізді жеңудің тағы бір жолы – оған қарсы шығыңыз. Белгілі бір себеппен (мүмкін сырт келбетіңізден, мүмкін іштей қысыласыз) адамдармен жаңа таныстық жасауға қорықсаңыз – керісінше, көп адамдармен танысып, кездесу ұйымдастырыңыз. Өз ойыңызды жеткізуге қорықсаңыз – пікір таластырыңыз, ойыңызды ашық айтып тастауға дағдыланыңыз. Әрине тәуекелге бел буу үшін біраз батылдық керек. Бірінші реттен бәрі де реттеліп кетпейді, сондықтан нәтижеге қол жеткізгенше, алған беттен қайтпаңыз. Есіңізде болсын, сіздің айналаңызды қоршаған жандар – өз комплекстерін жасыра білетіндер, кемшіліксіз, адам болмайды. Комплекс дегеніміз – өзіңіздің жорыта ойлаған кемшілігіңіз, өз бойыңыздағы кез келген жағдай сізге кем көрінгенмен, сырт көзге керісінше, өте тамаша көрінуі мүмкін. Сондықтан өзіңіздің кемшілігіңіз өзгеге көрінбейтіндей болуы керек. Бәрі өзіңізге байланысты.

Сурет: dailylady.ru

Түн…Қала…

Түн...Қала...

Түн…
Тыныш көрінгенмен,
тыным қашқан…
Кешегі әуен бөлек…
Бүгін басқа ән.
Жұлдызға ұмтылады жұмыр басым,
Түбіме жетер менің түбінде аспан…

Үйлермен тіресіп ап биік-биік,
Сұр бұлт тұр кеудеме күйік құйып!
Санамда сонау күнгі қиял-арман,
Заманға тұрса дағы иық тиіп…

Таста мұң…
Тақтада мұң…
Таспада мұң…
Көшесін мұң тербеп тұр астананың.
Ешкімге керек емес ет-жүрегің,
Ешкімге қызықты емес қас-қабағың…

Шамам бар…
Шаттанып ақ көсілер ем,
Мұндайда қоса мұңды досым өлең!
Әлі де бар еді ғой әңгімеміз,
Бәрі де шешілді ме осыменен?

Жүзінен жасырылмас сыры ұшқындай,
Күлімдей қарағанмен күміс нұрлы Ай,
Мұңымды біліп алып ол да менің,
Жырымды қоса оқиды тыныш тұрмай…

Түн…
Тыныш көрінгенмен,
тыным қашқан…
Кешегі әуен бөлек…
Бүгін басқа ән.
Жұлдызға ұмтылады жұмыр басым,
Түбіме жетер менің түбінде аспан…

Өлеңді жазған: Рахат Әбдірахманов

Сурет: gallery.dviger.com

Ақылдым


Ақылдым

 

Сен де жылап отырсың-ау,
Ақылдым!?
Мен де өзімді терең ойға батырдым…
Жалғыз үміт қонып жүрген бөлмеде-
Жалғыздықты құшақтап ап жатырмын…

Жатқа күлкі қылмайын деп басымды,
Жан сырымды жалған күлкім жасырды.
Ешкім жоқта егілсем де мұң тербеп-
Елесің кеп сүртіп кетед жасымды…

Бағым басым болмаған соң сорымнан,
Көңілімді тербемейді көгімде ән…
Алақаныма үміт іздеп қараймын-
Саусағыңның табы кетпей қолымнан…

Дүбірі көп дүрбелеңнен шошымай,
Көңілімнің көркейіп ед көші қай?
Сен әдемі ән сыйлаған әлемім,
Астаң-кестең болып кетті осылай…

Айтар сөзде азайғандай сірә мән,
Ақиқатты іздейікші мынадан:
Сені мендей сүйген жоқ қой әлі ешкім,
Мені сендей сүйе алмайды бір адам…

Көкіректен көшірейік құсаны-
Құлазыған баққа оралсын құс әні..
Жарығым-ай жаныма кеп жантайшы,
Жалғыздықтың қандай суық құшағы…

Ұғар дейсің жүректің бұл сәтін кім?
Жанарымнан жыр саулатып жатыр мұң…
…Жалғыз өзің жан адамға сездірмей,
Сен де жылап отырсың-ау,
Ақылдым…

 Өлеңді жазған: Рахат Әбдірахманов

 

КӨКТЕМ.КЕЗДЕСУ

 

КӨКТЕМ.КЕЗДЕСУ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Үйренгем…Мендік өмір үнемі сын…
Сенің де айтарыңды біледі ішім…
Сөзсіз-ақ шертейікші сырдың бәрін,
Үнсіз-ақ шешейікші жүрек ісін..

Арман ба? Кейде алдамшы секілді ол да…
Сыйлайды өшпес сезім отын жанға.
…Өртейсің лебіңменен шарпып өтіп,
Өзім де әрең шыдап отырғанда…

Жанымның жазылмас деп күйік-шері,
Жұлдызды аңсамап ем биіктегі…
Өксігім өше берді өзің келіп
Өмірге ғашық болдым сүйіп сені…

Сезімнен селт еткізген секемденбей,
Серпілші…Өзектегің өтелгендей.
Кімге мен еркелеймін сенен басқа,
Сені кім түсінеді екен мендей…?!

Өмір ғой…
Өкпелеттім.Өкіндірдім.
Өртену-туар сәті нөпір жырдың…
Өлеңнің ең ғажабын жалғанда бұл,
Мен сенің жанарыңнан оқып жүрмін!

Үйренгем…Мендік өмір үнемі сын…
Сенің де айтарыңды біледі ішім…
Сөзсіз-ақ шертейікші сырдың бәрін,
Үнсіз-ақ шешейікші жүрек ісін…

Өлеңді жазған: Рахат Aбдрахманов

Айқаракөз жауап береді немесе төсімнің көлемі әр түрлі

Сәлеметсіз бе? Менің бір жақ омырауым екіншісіне қарағанда үлкен. Күйеуге шыққаныма 4 жыл болды, әлі бала жоқ. Сол үшін көтермей тұрып, емделіп алғым келеді. Емшіге көрсеткен едім: «бала көтергенде, қалпына келеді,» деп айтты. Дәрігерге баруға қорқамын. Емдер болса екен. Асыға жауап күтемін. Бақытгүл

 

Айқаракөз жауап береді немесе төсімнің көлемі  әр түрліБала емізбеген болсаңыз, омырауыңыздың әр түрлі көлемде болу себебіне үңілген дұрыс. Адамның оң жағы мен сол жағын салыстырып қарағанда, айырмашылық білінеді, екі жақ тең болған емес. Мұны аяқ киімнің бір аяқты қысып, бір аяқта бос тұрғанынан, қолымызға таққан сақинаның екі қолдың бір саусағында әр түрлі тұруынан-ақ байқай аламыз. Сондықтан кішкентай омыраудың сүт бездері туылғаннан баяу дамыса, көлемі де кіші болады. Туылғаннан оң және сол омыраудың екі түрлілігі көп әйелде кездеседі. Бұл сүт келмей, кішкентай омырауыңызбен бала емізе алмайсыз деген сөз емес, сүт бөлінеді, қорықпастан емізе аласыз. Аса қорқыныш жоқ.

Егер сіз дене жарақатын алған болсаңыз да, бала кезіңізде төсіңізге соққы тиген болса да (сіздің де, анаңыздың да есінде болмауы мүмкін), омырау тамырлары қысылып, дұрыс дауына кедергі келеді. Төсіңізге суық өткізіп алу да өз зиянын тигізеді. Босанғаннан кейін төсіңізге арнайы күтім жасаңыз, жылы ұстаңыз.

         Төсіңіздің формасы бұрыннан емес, соңғы уақытта ғана өзгерген болса, май қабаттарында өзгерістер болады. Сүт бездерінде ісік болуы да ықтимал. Бұл жағдайда емделудің тиімді жолдарына кеңес беретін, дұрыс диагноз қоятын маммологқа міндетті түрде тексерілгеніңіз дұрыс.

         Төс ассиметриясын пластикалық ота (операция) арқылы емдеу жолы бар. Қазақстанда, Алматы қаласының өзінде осындай ота жасайтын бірнеше хирургиялық орталықтар бар. Болашақта бала сүюді жоспарлап отырсаңыз, оның сізге қажеті жоқ. Өйткені, баланы кішкентай төсіңізбен көбірек емізіп, көп «жұмыс істетсеңіз», айырмашылығы байқалмай кетеді.

         Бір төсіңіздің екіншісінен кішкентайлығы бұрыннан болса, алаңдаудың қажеті жоқ, ағза солай дамыған. Ешқандай емдік шаралар жасамай, сәби емізетін сәтті күтіңіз. Төс айырмашылығы кейіннен пайда болса, жуық арада дәрігерге көрініңіз. Қорқып, жүріп алмаңыз, өйткені, сырқаттың асқыну қаупі де бар.

Сурет: oplastike.ru

Ақжауын қыздың аңызы

Ақжауын қыздың аңызы

 

Бақыттың, бәлкім, кезегі кеш пе?
Мұңлыға ем боп қоншы, үміт.
Көшені жалғыз кезгенде кешке
Жауынға ғашық сол жігіт.

Көктемнен керім керіліп шыққан,
Сезімің емі жарамның.
Тылсымға ғашық жаныңды ұқсам,
Жұлдыз боп көктен ағармын!

Жанардан жыр боп үзілсе тамшы,
Тағдыр боп маған жаздың ба?
Селдетсем егер, бір өзің қалшы
Ақ, ерке жауын астында…

Күнің боп келер алдыңнан дәйім,
Жұбатам жыр боп , түнерсең.
Қорқыныш билеп , қаптаған уайым
Жаныңды жалғыз жүдетсе.

Ақ қанат бұлтқа құмартып әр күн,
Санаңды жаулап есер мұң,
Сағынышымды ұғарсың, бәлкім,
Екпінін сезіп нөсердің.

Нұр сеуіп жатсам жалынға кешкі,
Мазаңды алар шақтардың,
Терезе қаққан жаңбырды есті ,
Сырымды солай ақтардым…

Оралхан жазған керемет еді,
Жалғызын күткен Қар Қызы!
Тәңірдің жазар кезегі енді –  
Ақжауын қыздың аңызы…

Өлеңді жазған: Ақерке АСАН

Гормоналды дәрілерді пайдаланудың 13 қағидасы

Гормоналды дәрілерді пайдаланудың 13 қағидасыӘлемде миллиондаған әйел гормоналды дәрілерді қолданады. Алайда, оның зиянын бойжеткендер біле бермейді. Сол себептен бұның пайдасы мен зияны туралы ақпарат берейік.
1.Гормоналды дәрілер ең бастысы денсаулыққа зиян. 
Алайда, оның әсерін дұрыс немесе бұрыс деп кесіп айту қиын. Әйелдерге ақ халатты абзал жандар тарапынан гормоналды препараттарды жүктіліктен сақтанудың бір әдісі ретінде кеңес беріледі. Кей жағдайда тіпті, гормоны жетіспеген әйелдерге жанама ем ретінде пайдалануға рұқсат етіледі.
Сол себептен ол әркімге әрқалай әсер етеді. Бірінің денсаулығы нашарлап кетсе, пайдаланған екінші адамның кесірінше дені сауығып кететін жағдайлар жетеді. Дегенмен, бұл өз функциясын 100 пайызға орындап, жүктіліктен сақтайды. 
2.Егер дәрі менің құрбыма сәйкес келсе, ол маған да жаға ма? 
Гормоналды препарат арнайы рецеппен ғана пайдаланатын нәрсе екенін ескеріңіз. Өйткені, оның түрі көп. Дәл сізге оның қандай түрі жағатынын медицалық тексерілімнен кейін ғана анық болады. Яғни, дәрігерлер тарапынан әрбір әйелдің денсаулығына байланысты оның қандай түрін қолдану керектігі туралы жеке шипалық кеңес беріледі.
Дәрі қабылдаған уақытта қант, қан құрамын жіті тексертіп, гинекологтың бақылауында болыңыз. Демек, құрбыңыз тап болмаған мәселеге, сіздің де тап болмауыңызға кім ешкім кепіл бере алады. Сол себептен құрбыңыздан көріп оны өз бетіңізше пайдаланбаңыз.
3. Гормонолды дәрілерді 20 жасқа толмағандарға пайдалануға болмайды деген пікір бар. 
Алайда, бұл негізсіз. Гормоналды дәрілерді бойжеткен жастар да қолдана алады-дейді дәгігерлер. 
4. Гормонды препараттарды пайдаланғаннан кейін ұзақ уақыт құрсақ көтере алмауым мүмкін бе?
Бұнда көбіне керісінше жағдай орын алады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, дәріні пайдалануды тоқтатқан алғашқы айларда әйелдердің құрсақ көтеру белсенділігі 1,5-2 есеге жоғарылап, егіз немесе үшен дүниеге әкеліп жатады.
Егер дәрігерлерден гормоналды дәрілерді 3-4 ай қолдан деген кеңес алып, сол уақытқа дейін емді үзіп жіберсеңіз бедеулікке ұрынуыңыз ықтимал.
Осы уақытқа дейін ішкен дәрілер аяғыңның ауыр болған уақытқа дейін ешқандай кері әсер бермейді.
5. 1 немесе 2 жылда үздіксіз ішкен дәріні 1 айға тоқтатып, одан демалу қажет пе? 
Бұл жансақ айтылған пікір. Дене ағзасын демалдыру үшін оны тоқтату немесе дәріні одан әрі жалғастыра беруден еш қандай өзгеріс болмайды.
Дәрігер кеңес берген дәрі ағзаға жағып жатса, климакс келген жасқа дейін қолдану беру керек.
6. Гормоналды дәрілерді бала емізіп жүрген аналар пайдаланбау керек пе? 
Негізінде гормоналды дәрілер бала емізіп жүргендерге зиян. Әлбетте олар үшін оларға арналған гормон мөлшерлері аз (мини-пили) деген дәрілер бар. Тек, оны емізер алдында ғана ішу керек. 
Дәрі пайдаланудың ерекше қағидасы да бар. Әр қабылдаудың арасы тура 24 сағаттан болуы тиіс. Қабылдау тізімі сәл ғана ауысып кетсе ол өз қызметін жояды.
7.Гормоналды дәріден салмақ қосыла ма? 
Ол адам ағазасына тікелей байланысты. Кейбірінің тамаққа тәбеті күшейсе, кейбірінікі керісінше әлсірейді. 
Ем қабылдамай тұрған адамға нақты жауап беру мүмкін емес нәрсе. 
Дененің толысуы препарат құрамындағы заттарға байланысты.
Тек бұдан шығар бір ғана амал бар. Нақтырақ айтсақ, салмақ қосқаныңызды байқасаңыз дәрігерге қаралып, гормон мөлшері аз дәрі пайдаланған абзал.
Арнайы зерттеу нәтижесіне қарасақ, дәрі қабылдаған әйелдердің 5-7 пайызы алғашқы жылы ғана 2 кг-нан салмақ қосқан. Ары қарай, сол қалыпта сақталған екен. 
8.Ағзаны улағанша «Постинор» сынды жедел контрацептив ішкен дұрыс болар? 
Бұл жыныстық қатынас туралы тәжірибесі аз бойжеткендер арасында орын алатын қателік. «Постинор» сынды дәрілердің құрамында 1 айда 30 күн қатарынан ішіп жүрген гормондар бар. Демек, 30 күн ішетін дәріні 1 күнде ішіп алып, денсаулығыңызды құртып аласыз.
Оның зардаптары мынадай: етеккір цикліне бұзылады, жыныстық қатынасқа деген белсенділік төмендейді, бауыр-бүйректің ісінуіне әкеп соқтырады, бала көтере алмайтын жағдайға жеткізеді.
9. Жүктілікті алдын-алатын дәрілерден бетті безеу басып кетпей ме?
Көп жағдайда керісінше, безеуден көз аша алмайтын адамдар үшін безеуден құтылатын емдік жол ретінде пайдасы мол.
10.Гормональды дәрілерден денеге жүн қатпат кетеді мыс.
Бұндай олқылыққа бұрын біздің аналарымыз тап болып, күрескен. Қазіргі заманғы медициналық гормоналды препараттар бұндай кемшіліктерді жойған.
11. Гормоналды дәрілерді ішкен сайын, етеккір циклі өзгеріп, кей кездері тіпті келмей қалады.
Бұл олай емес. Дәрігерлер соның көмегімен цикл бір арнаға тұрақталып, мазалап жүрген сырқаттарды бәсеңдетеді дейді.
Екінші жақтан, бұл сұрақтың мәні зор. Дәріні қабылдап жүргендердің 2 пайызында етеккір мүлдем кешігіп келу жағдайлары кезігеді. Бұл-оның ағзанына сәйкес келмеді деген сөз.
12.Гормоналды дәрілерді көп қабылдау сүт бездері мен жыныстық жолдардағы ісік індеті қауіпін күшейтеді.
Канадалық ғалымдар жүргізген зерттеу қорытындысына құлақ ассақ, аталмыш дәріні үнемі пайдалану ісік індетінің қоздырғыштарын 45-60 пайызға төмендетеді екен. 
13. Гормоналды дәрілер жыныстық жолдар арқылы жұғатын аурулардан сақтай ма?
Ол жұқпалы індеттен қорғайды дегенді алға тартатын ешқандай дәлел жоқ. Ол тек жатырдың асқынған суық тию індетінен ғана сақтап қалуға қауқарлы. Ал, жыныстық жолмен жұғатын кеселдермен күресе алмайды. 

kerekinfo.kz

Сурет: mk.ru

АЙҚАРАКӨЗ ЖАУАП БЕРЕДІ немесе КЛИМАКС

Сәлем, Айқаракөз!

Менің жасым 39-да. Төсек қатынасында болған жоқпын, әлі қызбын. Соңғы екі айда менің етеккірім келмей жүр. Менде климакс басталғаны ма? Мен енді бала туа алмаймын ба? (Айжан)

 

Жоғары дәрежелі гинеколог-дәрігер Айгүл Мейрамқызы жауап береді.

 

АЙҚАРАКӨЗ ЖАУАП БЕРЕДІ немесе КЛИМАКСКлимакс – ерлерде де, әйелдерде болатын құбылыс. Әйелдерде болатын климакс (менопауза)  – әйел ағзасындағы зат алмасулар мен кейбір мүше қызметтерінің өзгеруіне алып келетін жыныстық гормондар синтезінің тез арада құлдырауы. Әйелдерде қалыпты климакс 50 жастан асқан соң басталады. Бұл кезде етеккір келуін тоқтатады, бала көтеру мүмкіндігі шектеледі. Климакстың негізгі белгілері: тершеңдік, әлсіздік, бас ауруы, дененің лезде ысып, лезде сууы, қалтырау, ашушаңдық, ұйқышылдық, шыдамсыздық, ұмытшақтық, депрессия, қан қысымының артуы (гипертония),жүректің тарсылдауы.

Климакс басталған әйел еш кедергісіз жыныстық қатынасқа түсе береді және бұрынғыдай тояттау (оргазм) сезімін де алады. Тіптен климакс басталғанда әйелдің төсек қатынасындағы белсенділігі артуы мүмкін: «екіқабат болып қаламын» деген қорқыныш миынан біржола жоғалады.

Климакстың ерте келуі әйелдерде 37 жастан басталады. Бұл – бүгінгі таңда жиі кездесіп жүрген жағдай. Климакстың ерте басталуының бірнеше себептері бар :

–         гормонды дәрі-дәрмектерді көп қолдану;

–         ішкі секреция бездерінің бұзылуы;

–         гинекологиялық аурулар;

–         онкологиялық аурулар;

–         иммунитеттің тым төмендеп кетуі.

Айжан, сіздің етеккіріңіздің кешігуіне басқа да себептер әсер етуі мүмкін. Етеккірдің кешігу себептерін «Етеккірім неге кешікті?» атты жазбадан оқи аласыз. Әрине қорқынышыңыз орынды. Сондықтан гинекологқа қаралып, гормоныңызды тексертіңіз. Бәрінің анық қанығына жетіп, көз жеткізбейінше, асығыс шешім қабылдауды әдетке айналдырмаңыз. Жас ұлғайған сайын бала көтеру мүмкіндігі азаятынын ескеріңіз.

Сурет: anionzdorove.ru

МІНСІЗ ӘЙЕЛ МІНДЕТТІ…

 

МІНСІЗ ӘЙЕЛ МІНДЕТТІ...

Мінсіз әйел деген кім? Ол қандай болуы қажет? Өзін қалай ұстауы қажет? Осы сұрақ төңірегінде әлемдік деңгейдегі ерлер жорналында біраз талқыланған екен. Сондағы ерлердің басым көпшілігі қалайтын қасиеттерді ұсынамыз.

Ерінің сырт келбетін назарда ұстау.

Қазіргі заманда ер адамның сыртқы келбеті тап-тұйнақтай, киімі тап-таза болуы қажет. Сонда ол өз ортасында, әріптестерінің арасында жүзі жарқын болып жүре алады. Киімі кірден көз ашпай, үтіктелмеген жейдемен жүрген еркектің өзіне келіп айтпаса да, сыртынан соның бәрін түзеп бермеген әйеліне наразылық туындайды. Сондықтан әр әйел еріне киім таңдауда бар күшін салып, оның таза киімде ғана жүруін, сырт келбетінің салиқалы көрінуін қамтамасыз етуге тырысуы қажет. Ерлер қауымы мұндай әйелді жоғары бағалайды.

Жеке өмірі болсын.

Әйел адамы отбасына барын салып, баласының, ерінің қамымен жүріп, өзіне қарауды мүлде ұмыта бастайды. Бүгінгі күні тура кешегідей, кешегі күні өткен айдағыдай, бір-бірінен айнымайтын күндер. Мұндай жағдайда күйеуін жалықтырып алу қаупі туындайды да, «көзіне шөп салып», отбасында ұрыстар көбеюі ықтимал. Сондықтан әйелер үнемі өзін де назарда ұстап отыруы қажет. Өзінің жеке өмірі, яғни өз ортасы болу қажет. Құрбыларымен кездесіп, туыстарына қонақ болып, тіпті, өзі қалаған хоббиімен айналысып, жаңа эмоцияға бой алдырғаны пайдалы.

Сексуалды киіну.

Ерлердің көзімен әйелдер тым ашық-шашық та, тым жабық та киінбеуі қажет. Әйелдің киген киімі өзіне қонымды, жарасымды, ажарын аша түсуі тиіс. Ерлерше тартымды, сексуалды киіну – қарнын ашып, ышқырын түсіріп, етегін қысқартып, жабық тұру керек жерлерді ашып киіну емес. Әйелдің киімі денеге тым жабысып тұрғаннан гөрі бостау тұрса, әдемі, тартымды көрінеді. Көйлектің қысқа болуы да еркектің басына бірден бөтен ой салады.

Еркектің «берекесін алмау».

Әйелінің ұнамсыз қасиеттері жайлы тақырыпта жауап берген еркектердің 90 пайызы  «берекесін алатынын» айтқан. «Берекесін алу» сөзінің астарында не істеу керек екенін қайта-қайта айта беру, сенімсіздік таныту, қайда жүргенін, не істеп жатқанын аңдып, қоңырау шалу, тіпті «Қалайсың? Қайдасың?» деген мәтінді СМС-хабарламалар жатыр. Еркек жұмыста жүріп, үйдегі жағдайды әйеліне сенгендіктен аз есіне алуы мүмкін. Еркектер әйелдерге қарағанда басқаша ойлайды, әлденені ұмытқандықтан емес, қажет емес деп санағандықтан орындамай жатады.

Әрине бала табу – барлық әйелдің қолынан келетін іс. Ерінің жағдайын жасап, «мінсіз әйел» атануға талпынбайтын әйелдер де біршама. Жоғарыда келтірілген кеңестер сізді бірден идеал қылып жібермесе де, ой салары анық. Еріңізден жылы сөз, жағымды іс, еркелетуді күтпес бұрын өзіңізді әбден «тәрбиелеп» алғаныңыз дұрыс.

Сурет: nestandard.ru 

 

ОҚЫРМАН ҚЫЗ

ОҚЫРМАН ҚЫЗ

Оқырман қыз,
Өмірде алыс, 
Өлеңде жақын жанбыз.
Түнге сіңіп, тағы да
Ай жүзінен
Мұң көшіріп ақының отыр жалғыз.

Сен ше, қарғам?
Мұңаймашы, 
Түспесін еңселі арман.
Ықыласын бір саған аударар ем,
Ыңғайыма осы бір көнсе жалған.

Амал нешік?..
Сансыз арман сарылып, санамда өшіп
Дәруіштей дәрменсіз күй кешемін,
Көңілімнің көгінде ғалам көшіп.

Аңғалым-ай!
Жағымды бір болар ма ең жанға бұлай.
Қалам ұстап қолыма сәл мұңайсам,
Саған ұқсап кетеді жап-жарық Ай!

Мөп-мөлдір шық,
Жанарыңнан жас болып кеткенде ыршып,
Жұбанышың болар жыр жазсам, шіркін,
Жүрегіңнен жарғандай КӨКТЕМ бүршік.

Оқырман қыз…
Өмірде алыс, 
Өлеңде жақын жанбыз.
Түнге сіңіп тағы да
Ай жүзінен,
Мұң көшіріп ақының отыр жалғыз…

Оқырман қыз…

Өлеңді жазған: Қалқаман Сарин

«ЕТЕККІРІМ НЕГЕ КЕШІКТІ?»

"ЕТЕККІРІМ НЕГЕ КЕШІКТІ?" Етеккірдің кідіруі – барлық әйел атаулыға таныс құбылыс. Бұл жағдай қыздарға түсініксіз болып көрінсе, әйелдер бірден «аяғым ауырлап қалды ма екен» деген сұрақты ойына алады. Дегенмен, етеккірдің кідіруіне бірнеше себептер ықпал етеді.

Орта есеппен алсақ, қыздар он екі жасқа келгенде, етеккірдің белгілері басталады. Алғашқы кезеңде етеккірдің келу уақыты бір қалыпқа түспегендіктен кем дегенде жарты жыл бойы ауытқушылықтар болады. Ал кей қыздарда бірден жүйелі түрде келе бастайды. Қыздың жыныстық организмі бір жүйемен қалыптасқанша болатын ауытқушылықтар қорқыныш тудырмайды, оған еш алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл құбылыстан бөлек, етеккір кідіруінің бірнеше себептері бар.

Барлық әйелдің ойына бірінші келетін себеп – екіқабат болу. Бұл – төсек қатынасына түсетін әрбір әйел үшін өзекті жағдай. Тіпті төсекті анда-санда «көретін» әйелдердің өзінде екіқабат болып қалу ықтималдығы бар. Аяғыңыз ауырлап қалды  деген ойда болсаңыз, арнайы тесттің не дәрігердің көмегіне жүгініңіз.

Стресс.  Ия, ол шынымен де әйел организіміне әсер етеді. Ми қабаттары арқылы әйел органдарында ауытқулар болады. Тіпті өтпелі ашу-ыза, жабырқаудың өзі етеккірдің кешігуіне әсерін тигізіп жатады.

Денеге күш түсіру. Мысалы, сіз бірінші рет не ұзақ үзілістен соң спорт залға барсаңыз, етеккіріңіз кешігеді деп күте бергеніңіз дұрыс. Біраз уақыт денеңіз, бұлшықеттеріңіз «үйреніп» алғанша, солай болуы – қалыпты жайдай. Өйткені, сіздің бүкіл денеңіз, ағзаларыңыз «қимылдайды».

Тағы бір себеп – климаттық жағдай. Ұзақ сапар, қаладан қалаға көшу бәрі де әйел организімінің өзгеруіне әкеледі. Қоршаған ауа райы, оның ылғалдылығы мен құрғақтығы  – тікелей әсер ететін сыртқы факторлар.

Тым ұзаққа созылған диета. Егер сіз ұзақ уақыт ашығып не бірден өзіңізді барлық тағамнан шектесеңіз, ішкі ағзаларыңызға қажетті коректер мен дәрумендер дұрыс жетпей, зат алмасу мен ағза қызметінде кедіргілер туындайды. Сондықтан «бірден тереңге сүңгімей, таяздан бастаңыз».

Созылмалы және инфекциялық аурулар сөзсіз әсерін береді. Гинкологиялық аурулар, зоб аурулары да етеккірдің кешігуіне себеп болады. Тіпті, жасанды түсіктен соң да етеккірдің бір қалыпқа келуі біраз уақытты қажет етеді. Бұлардың бәрі әйел гормондарының өзгеріске ұшырауынан. Дұрыс күтініп, дұрыс емделген жөн.

Контрацепциялық дәрі-дәрмектер. Әйелді екіқабат болудан сақтайтын гормондық әсері бар дәрілерді ұзақ қабылдау барысында да етеккір кешігеді. Тіпті біраз айлар бойы жоғалып кететін жағдай да кездеседі. Дәрі қабылдауды тоқтату арқылы циклді қайта қалпына келтіре аласыз.

Қандай жағдай әсер етсе де, етеккіріңіздің кешіккеніне мазаңыз қашса, өзіңіздің сенімді дәрігеріңізге қаралғаныңыз – өте дұрыс шешім.

Дереккөз: Emde.kz – Етеккір не үшін кешігеді?

ЕКЕУДІҢ МҰҢЫ

Арамызда жылдар бар…

Шақырымдар…

Сосын.. «Өзге жан» деген жат ұғым бар.

… Мен Сізге бәрін айтып хат жазар ем,

Дәл соған жетпей отыр батылым да…

(Армандар, ах ұрыңдар!)

 

Арамызда Сезім бар…

Ұяң, нәзік..

(Кетсем бе екен алысқаа.. Қиянға азып?!)

… Өзіме естелік деп Жүрегіме,

Атыңызды мәңгілік қоям жазып.

 

Шаршап жүріп, күлемін. Жылап алам.

(Не қалды сонша мені сынамаған?)

… Арадағы қашықтық….

Түк емес-ау,

Үнсіздікке көнбейді…

Бұған адам.
Көктем келе жатқандай гүлсіз тіпті,

Түсіне алмай дал болдым Жыр, Сіз… Түкті!

Үндемей-ақ қойыңыз…

Үндемеңіз!

Үркітесіз мендегі Үнсіздікті…

Өлеңді жазған: Индира Кереева

ЕКЕУДІҢ МҰҢЫ

ХАТ

Қал қалай, Өмірдегі сағынышым?

Хат жазбауға жетпеді тағы күшім.

Сені Өзім іздеймін, сол себепті,

Хабарласып тұрсайшы Жаным үшін….

 

Жақсы ма тірлік күнің, қалай бәрі?

Ақыныңның жанбай жүр оңай бағы…

Өзіңе хат жазбаймын деп ант беріп,

Ұмытам деп жасап ем бар айланы…


Бәрібір…

Сағынышым жоғалмады.

Сосын ба… Дегбірімнің тоналғаны?

Қасымда қаптап жүрген көп қазақтың,

Бірі де дәл өзіңдей бола алмады…

 

Қатені тізіп қойып ісімдегі,

Жек көрші…

Менмендігім үшін мені.

Жанымда жырлап жүрген көп ақынның,

Бірі де дәл өзіңдей түсінбеді…

 

Жә, қойшы…

Өзіңді айтшы, аманбысың?

Өзіңсіз тереңдеттім жарамды шын…Өзімді ұмытып ем, бірақ сені,Ойламауға жетпей жүр шамам, күшім…

 

… Дедім де хатты салып конвертке,

Көңілімді лақтырдым Лағынетке.

Содан бері жыл өтті….

Жауабың жоқ,

Жүрек өлді.

Селқоспын.

Жаным өртте… 

ХАТ

 Өлеңді жазған: ИНДИРА КЕРЕЕВА

СҮЙЕМІН

СҮЙЕМІН

Сарғайып сағыныштан, ғұмырымның
Батады талмаусырап күзгі кеші…
Мен мұңға сіңіп барып, ұмытылдым,
Өтінемін, іздемеші!

Айнам деп, еркелеткен сезіміңнің ,
Жүрекке қадап кеттің сынықтарын…
Ең соңы өзің болып төзімімнің,
Өтінемін, ұмыт бәрін!

Ызғардан тағдырымның түні тайып,
Ертегі сыйлар, бәлкім, көктем кеші…
Тозаққа күйсемдағы ұмытайын,
Өтінемін, тек келмеші!

Шын сүйу – айып екен қыз балаға,
Жоқ шығар үкім, сірә, бұдан ащы…
Жалғыз тастап кетіп ең мұз далаға,
Кешірім сұрамашы!

Дуалап махаббатты өз басыма,
Сорым бұл жалғаннан озбағаным…
Тұңшығып кетсең егер көз жасыма,
Қолыңды созба, жаным!

Өзіңе емес, құбылама қолды жайып,
Тәңірден табармын бір емін…
Алдау үшін оралмашы, мендік айып-
Әлі де сүйемін…

Өлеңді жазған: Ақерке АСАН

КЕШІРІМ СҰРАЙ БІЛЕСІЗ БЕ?

КЕШІРІМ СҰРАЙ БІЛЕСІЗ БЕ?

Өмірде кешірім сұрау керек болатын жағдайлар аз болмайды. Тіпті қателік жасағаныңды біліп тұрып, ашудың буымен де жақыныңның жанын ауыртып алуыңмүмкін. Не керісінше, ойда жоқта төтеннен ағаттық орын алып жатады. Адамдар кешірімді басқа амалы қалмағаннан сұрамайды. Кешірім сұрамаса, жан-дүниесі дамыл таппайтын жандар қаншама…

Әсершіл адамдарды салқынқанды жандардан эмоциясына қарап, бірден танитынымыз белгілі. Эмоцияға ерілетін адамдар кез келген дүниеге жараланғыш келеді. Тәні емес, жаны жараланғыш. Сондықтан, досыңыздың, туысыңыздың, жақыныңыздың жан-дүниесін жаралап алмас үшін кешірімді дұрыстап сұрағаныңыз жөн болады.

  1. Күлдіріңіз. Жоқ жерден дау туындап, әдемі көңіл-күйдің талқаны шықса, бұл ситуациядан құтылу үшін өзіңіз ренжіткен адамды күлдіруге тырысыңыз. Әңгіменің аяғын әзілге ұластырыңыз. Ол үшін жақсы анекдоттар мен қызықты оқиғаардың көмегіне сүйеніңіз.
  2.  Сый жасаңыз. Кешірім сұрап тұрып, сыйлығыңызды құрбыңызға, әпкеңізге, жалпы қыз баласына ұсына аласыз. Жігітке де сый жасауға болады. Романтикалық кешкі асқа шақырыңыз немесе үй ішіндегі міндеттерінің бірін орындап қойыңыз, тіпті болмай жатса, «оның керекмет жан» екенін айтып, жылы сөзіңізді арнаңыз.
  3.  «Кешірші мені». «Кешірші» деген сөзді айту оп-оңай болғанымен, жүректен шықпаса, әсері де аз болып, құны жойылады. Сондықтан ренжіткен адамыңыздың көзіне тіке қарап, СМС арқылы не радио арқылы жеткізсеңіз, нәтижелі болады.
    Теледидардағы жүгіртпе жолдың да көмегі тиеді.
  4. Үнсіз кешірім сұраңыз. Ішіндегі шынайы өкінішін сыртқа дауыстап жеткізе алмайын жандар аз емес. Егер жасаған ағаттығына шынымен де өкініп, өз кінәсін мойындаса, үнсіз де кешірім сұрауға болады. Ол үшін мұңды жанар, терең күрсініс, жасқа мөлтілдеген көз де жетіп жатыр.
  5.  Бастықтар сияқты дауыс көтере, кешірім сұрау. Арақатынастың үзілмеуін тілесеңіз, сіздің кінәңіз болсын, болмасын кешірім сұрайсыз. Ол үшін кішкене дауыс көтеріп, сөздеріңізді нақты айтасыз. Түюлі қабақ, сыпайы, бірақ көтеріңкі дауыс.
  6. Өзіңізді құрбан етіңіз. Жалпақ тілмен айтқанда, бәрін керісінше жасайсыз. Бар кінәні өзіңіз ренжіткен адамға аударып, әр сөзінен астар іздеп, жазаланған жандай күйге түссеңіз, соңында ол адам сізден кешірім сұрайды. Әрине бұл көп жандарға ұнай бермейді. Кей жағдайда оң әсерін беруі мүмкін.

Кешірім сұрағаннан кешіре білген ауыр. Бір-бірімізді ренжітпейік.

 

БЕЙТАНЫС ЖАН

 

БЕЙТАНЫС ЖАНБейтаныс жан…
Бейкүнә сезімдерім…
Мендегі арман мұңдылау, сезінбедің.
Жаныма шипа сыйлар жабыққанда,
Бейдауа қоңыр салқын күзім ба едің?!

Жаңбыр жауса…жалғыздық…санамда мұң,
Шын бақытты сезінген ғаламда кім?!
Ақ бұлттардан ақ қанат байлап алып,
Қолшатырмен келер деп алаңдадым.

Ойға батсам, көңілдің үлесі мұң,
Сезімге тұмар болып жүр есімің.
Тәңірдің тылсымында қалып қойған
Құранның жазылмаған сүресімін.

Тағдырдың сыйға тартқан жауын жыры,
Тамшы боп таң алдында тамылжыды.
Көңілсіз көшке ерген көлеңкедей
Жылжытып келем алға талай жылды…

Бейтаныс жан…
Жоқ шығар сөзімде мін.
Көңілде алаң болмасын, сезімде мұң.
Таң намазы оқылса алақан жай,
Мен де соны тілеумен көз ілмедім…

Өлеңді жазған: Ақерке АСАН

ӘЙЕЛ БАҚЫТЫНЫҢ 10 СЕБЕБІ

ӘЙЕЛ БАҚЫТЫНЫҢ 10 СЕБЕБІ

«Әйел бақыты» деген ұғымға әлемнің бар сұлу құбылысын сыйғыза аламыз. Әйел – ана. Әйел – жар. Әйел – құрбы. Әйел – әріптес. Тұрмысқа шыққан құрбыңыздың отбасылық керемет суреттеріне қарап, сіз де балдай бақытты отбасыңыздың болғанына асығасыз. Құрбыңыз бойдақ күнін сағынуы әбден мүмкін. Тұрмыстағы өмір мен тұрмыс құрғанға дейінгі әйел өмірінің артықшылықтарын қарастырайықшы.

Сонымен, сіз әлі екінші жартыңызды таппаған болсаңыз:

  1. Екінші жартыңыздың қайда жүргенін, неге телефоны сөндірулі екенін, неге кешіккенін, басқа бір жанға ғашық болды ма, жоқ па, бәрін-бәрін ойлап, мұңаймайсыз.
  2. Құрбыңыздың туылған күніне бару үшін ешкімнен сұранудың қажеті жоқ. Тіпті ескертпейсіз де. Қай қалада, қанша уақыт жүрсеңіз де, ерік өзіңізде. Себебі, көрмесеңіз, сағат санап күтетін адамыңызды әлі кездестірмедіңіз.
  3. Жалақыңыздың тең жартысына ойланбастан аяқ киім сатып ала аласыз және ешкімнің алдында оны өз бағасынан бес есе арзандатып айтудың да қажеті жоқ.
  4. Пультқа таласпастан, кез келген уақытта қалаған сериалыңызды көре аласыз.
  5. Жұмыстан әбден шаршап келгенде тамақ пісіріп, ыдыс жуып, киім үтіктеп жатпастан, бірден төсекке құлай аласыз.
  6. Бірнеше сағаттар бойы анаңызбен, құрбыңызбен телефон арқылы тоқтамай әңгіме айта аласыз және ешкім де сізге «Не айта бересіңдер осы?» деген сұрақты қоймайды.
  7. Ойланбастан, карерьаңызға бар күшіңіз бен уақытыңызды жұмсай аласыз.
  8. Қатты ұйқыңыз кеп тұрғанда «басым ауырып тұр» деген сылтауды айтпайсыз.
  9. «Қайын жұртым, енем» келе жатыр деп, қалбалақтап жүгірмейсіз.
  10.  Ұнатқан адамыңызбен жақын араласып, ғашық бола беруге рұхсат.

Егер тұрмысқа шыққан болсаңыз:

  1. Машинаңыз не компьютеріңіз сынып қалса, күйеуіңізге бір назданып, жаңасын алып беруін өтіне аласыз.
  2. Шашыңызды, тырнағыңызды, бетіңізді «жөндеуге» салондарға жүгірмейсіз. Тіпті косметиканы аз қолдана бастайсыз. Өйткені, күйеуіңіз сіздің табиғи сұлулығыңызды сүйіп үйленді.
  3. Саусағыңыздағы неке жүзігін мақтанышпен тағып жүресіз және «біреу алып қашып кетпей ме» деген үрей болмайды.
  4. Сырласатын, өкпелейтін, тіпті кейде ренжісіп алатын жақыныңыз жаныңызда.
  5. Жаныңызға да, тәніңізге де қалаған уақытыңызда ләззат ала аласыз. Қалап тұрғаныңызды еш қысылмастан айта аласыз.
  6. Құрбыларыңызға күйеуіңіз алып берген де, «алып бермеген де» сыйлықтарын айтып, мақтанасыз.
  7. Сегізінші наурызда сыйлық алатыныңызға өте сенімді жүресіз.
  8. Есіктердің тұтқасы түсіп, пышақ өтпей қалса, «Осы үйдің еркегі қайда?» деп емін-еркін айта аласыз.
  9. Жасыңыздың өтіп бара жатқанын, бойдық құрбыларыңыздың қалмағанын айтып, күйеуге шығу керек екенін үнемі ескертіп жүретін анаңызға енді ашуланбайсыз.
  10. Құрбыңыздың, досыңыздың тойына жалғыз бармайсыз және  қасыңызда үнемі ақылдасатын адамыңыз бар.

 ladydiary.ru

ҚЫЗЫМ МЕНІҢ

 

 

Қызым менің,

Сәуле шашып ойнасын жүзіңде күн.

Өз қолыммен өсірген қызғалдағым,

Қаламаймын гүлімнің үзілгенін.

 

Қызым менің,

Қылығыңды тәп-тәтті жүзім дедім.

Бұл өмірдің бақ тұнған бақшасынан,

Жемісіңді қалаған үзіп жегін.

 

Қызым менің,

Болашағыңды ойлаумен бұзылды өңім.

Қысқа-қысқа тағдырлар құрайды екен,

Тарам-тарам тірліктің ұзын жолын.

 

Қызым менің,

Бой жетерсің, боялып қызылға ерін.

Бұл әкеңнің тілегі: анаңдай бол,

Анаң сенің атанған түзу келін.

Өлеңді жазған: ҚАЛҚАМАН САРИН

Өксітіп… Өкіндіріп… Өкпелетіп…

Өзектен өрлігімді өктем етіп,

Көргенім осы еді ғой көкке бекіп.

Ең асыл адамымды Сүйемін мен
Өксітіп. Өкіндіріп. Өкпелетіп.

Хат беріп жібермедің неге түннен,
Кешірсең,
Кешіксем де, келетін бе ем?!
Сендік мұң- менің күнәм. Түн куәсі…
Жыр оқып берем енді не бетіммен?!

Қысты қойш…
Келеді ғой, күліп көктем,
Әр күні шуағымен үміт төккен.
Жүремін өзімді өзім іздеп күнде,
Күйбеңнің көшесіне сіңіп кеткен.

Таңыма тәубе етпесем, бағыма сын,
Өмірдің өлең дедім мағынасын.
Шөлдеген кездеріңді,
Тұңғиыққа
тұншығып бара жатып сағынасың.

Бүгінгі сезім жалын, кешегі де от,
Кей кезде кезбе алаудың кеселі көп.
Тиер ме ед таңдайыңа тылсымға еру,
Жазылсам маңдайыңа бес елі боп…..

Өзектен өрлігімді өктем етіп,
Көргенім осы еді ғой көкке бекіп.
Ең асыл адамымды Сүйемін мен,
Өксітіп.
Өкіндіріп.
Өкпелетіп…

  Өлеңді жазған: РАХАТ ӘБДІРАХМАНОВ