Қанат Үмбетов: Жергілікті телеарна бейнебаянды көрсетпеді…

Қанат Үмбетов: Жергілікті телеарна бейнебаянды көрсетпеді...  

     – Тоқтар Серіковтың шәкірті болмай тұрып, сіз Астанада ән айтып жүрдіңіз. Бір топтың құрамында болдыңыз. Өзіңіз Оңтүстіктің тумасысыз. Алматыға қалай келдіңіз?

    – Туылған жерім – шырайлы Шымкент. 1996 жылы отбасымызбен Астанаға көштік. Мектепті де, жоғары оқу орнын да сол жақта бітірдім. Өнерге бала кезімнен ғашық болдым. Ұмытпасам, 3-сыныптан бастап ән айта бастадым. «Әнші балапан» сияқты байқауларға қатысып, солай-солай өнерге қадам басып, қанатымды қатайттым. Сахнаға мені үйреткен қазіргі «Казахи» көңілді тапқырлар клубының мүшесі – Нұржан Бейсенов. Осы ұстазым КВН-да ойнауға үйретті. 3-4 жылдай КВН-да жүріп, одан кейін тек ән айтуға көштім. Өйткені менің орыным КВН емес екенін сездім. Үлкен сахналарға шыға бастадым. Алматыдан әншілер келсе, солармен бірге ән айтып жүрдім. Солай ән әлеміне, сахнаға келдім.

      – Әзілдеу, әзіл түсіну дегеннен қаражаяу емес екенсіз. Қай жоғары оқу орнында білім алғаныңызды, мамандығыңызды айтып өтсеңіз…

       – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін сырттай оқыдым. Мамандығым – экономист. Студент болып жүріп, Әділ Орынбасарұлы деген жолдас жігітім екеуміз бірігіп ән айтамыз деп шештік. Студияда ән жаздырып, сапалы дүниелер туғызғанды жөн деп таптық. Ең бірінші жаздырған әніміз – Шәмші Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең» әні. Осы әнге бейнебаян да түсірілді. Ол Астананың айналасына ғана таралатын телеарналарда көрсетілді де, республикаға тарамады. Біраз уақыт өткен соң «Алтын самұрық» өнер орталығына келдік. 2009 жылы орталықтағы әншілер бірігіп, «Алтын самұрық» квинтеті құрылды, мен сондағы бесеудің бірі болып ән салдым. Осы өнер орталығында жүріп, Тоқтар ағамен таныстым. Арамызда ағалы-інілі қатынас орнап, ол кісінің Астанаға келуін асыға күтетін болдым. Өзім Тоқтар, Мейрамбек сияқты ағаларға еліктеп өскендіктен, оларды жақын тұтпау мүмкін емес қой. «Алтын самұрық» квинтеті тарап кетті де, мен сахнаға жалғыз шығып жүрдім. Сонда мені байқап қалған Тоқтар аға: «Қанат, жүр, сен менің шәкіртім боласың», – деп  Алматыға алып кетті. Міне, екі жыл болды Алматыда жүргеніме.

        – Алматыда кіммен тұрасыз?

        – Алматыда Тоқтар ағаның үйінде тұрамын. Ата-анам, туыстарым Астанада қалды.

        – Сонда сіз Тоқтар Серіковтің продюсерлік орталығысындасыз ба?

        – Бізде «Тоқтар Серіковтің продюсерлік орталығы» деген ұғым мүлде жоқ. Тоқтар аға менің продюсерім емес. Ортадағы сыйластықтан ол – аға, мен іні болып кеткен жайымыз бар. Арада келісім-шарт не басқа да нәрселер болған емес.

       – Алматыға келгелі екі жылда  екі бейнебаян түсірдіңіз. Әншілер «менің жұлдызымды жаққан ән» деп, бір әнді ерекше атап жатады. Сіздің екі әніңіз де халыққа ұнады, тыңдаушысын тапқан әндер. Сіз қайсысын «жұлдызыңызды жаққан ән» деп атайсыз?

       – Мен үнемі өзімнің жаныма жақын әнді айтуға тырысам. Ұнамаса, айтпаймын. Барлық әнім де жаныма жақын. Халық өзі бағасын бере жатар. Дегенмен, мені халықпен табыстырған – «Шамшырағым» әні. Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық демей ме, «Шамшырағым» жаныма жақын.

         – Сіз өнер әлеміне бірден «Шамшырағым» әніне түсірілген сапалы бейнебаянмен жарқ етіп келдіңіз. Кейбір әншілер бірнеше жыл еңбек етіп жүріп, халыққа өтімді, сөзі де, әні де, көрінісі де үйлескен сапалы бейнебаянды ұсына алмай жатады. «Шамшырағым» әнінің сөзін жазған Тоқтар ағаңыз ғой?

          –  «Шамшырағымның» әні де, сөзі де  – Тоқтар ағанікі. Бейнебаянның режиссері де – Тоқтар аға.

         – Бейнебаяндағы актерлерді қалай таптыңыздар, әлде арнайы кастинг жарияладыңыздар ма?

         – Кастинг те, ештеңе де жүрген жоқ. Бірінші бейнебаянға менің еш қатысым болған жоқ. Бәрін Тоқтар аға өзі ұйымдастырып, актерлерді өзі таңдап, бейнебаянды өзі жасап шықты. Мен тек клипті түсіретін Сардар Расулов деген азаматты тауып бердім.

        – Бейнебаянға түскен кішкентай баланы жылату қиын болмады ма?

        – Бұл бейнебаянның түсірілімін көрген адам күлетін еді. Халыққа сезім сыйлай алғанына қуаныштымын, әрине. Кішкентай баланың рөлін сомдаған бала – Тоқтар ағаның ұлы Беколжас бауырым. Оны басында ойнай алмайды деп ойладық бәріміз. Керісінше, біз ойлағаннан мүлде басқа болды, ол рөлін шебер алып шықты. Клиптің «фишкасы» да сол болды.

Бейнебаянның мағынасы – жігіттердің отбасын, әйелін, анасын қадірлеу. Екі әйел алып кетуіне тосқауыл болса деген ниет.

         – Бейнебаянда ұлы мен әкесі мешітте намаз оқып отыратын көрініс бар. Қазір қоғамда дін жайлы қалыптасып жатқан түрлі пікірлер мен болып жатқан жағдайлардың әсері болады деп қорықпадыңыз ба?

         – Ақтөбе қаласында діннің қатысы бар оқиғалар, жарылыстар болып жатқан кезде жергілікті телеарна эфирінен осы бейнебаян алынып тасталды. Себебін түсіндіріп айтпаса да, мешітті көрсеткеннен деп ойладым. Біздің діни ағымға ешқандай қатысымыз жоқ екенін айтқым келеді.

          – Екінші бейнебаяныңыз дүниеге қалай келді? Авторы кім?

          – Екінші клиптің әнін де, сөзін де жазған –Тоқтар Серіков. Бұл  жолғы идея да – Тоқтар ағанікі.

         – Осы екінші бейнебаяныңызды мұзайдында түсіруді кім ұсынды? Оны ерекшелік деп таңдадыңыздар ма?

         – Иә, мұзайдында қазақ эстрадасынан әлі ешкім клип түсірмепті. Бейнебаян желісі бойынша, тренердің әйеліне жас жігіт ғашық болады, бірақ қолы жетпейтінін біледі. Мәтіні де соған орай. Әннің сөзі мен клиптің мағынасын ұштастырдық. Бұл да бір ерекшелік деп білдік.

        – Бейнебаян қай жерде түсірілді?

        – Екеуін де Алматыда түсірдік. Тек «Шамшырағымдағы» өзімнің  айтатын трэгім ғана Ташкентте түсірілді.

       – Ғаламтор арқылы белгілі бір ортада танымалдыққа ие болып жататындар бар. Сіздің екінші бейнебаяныңыз халыққа алғаш ғаламтор  арқылы жетті. Өзіңіз әлеуметтік желілерде отырасыз ба?

       – Интернетке аса қызығушылық танытпайтын адаммын. Сайттарды білем, кіріп, қажетімді оқып тұрам. Бірақ интернеттің «құлағында ойнаймын» деп айта алмаймын. Әлеуметтік желілерде де көп отыра бермеймін.

        – Қазіргі «жылаңқы ән», үйлесімсіз көрініс, мағынасыз сөз дегеннің бәрінен жалыққаннан болар, сіздің бейнебаяндарыңызды халық өте жылы қабылдады.Әрине, көрерменге  сапалы ән ұнайды. Жастардың ортасында белгілі болып қалдыңыз дегендей… Сол танымалдығыңыз сізге қалай әсер етеді? Танымалдықты сезіндіңіз бе?

        – Әрине, сезіндім. Әнші бір ғана бейнебаянымен  көрерменнің ықыласына бөлене алса, ол – бақ. Алланың маған берген бағы. Танымалдықты, халықтың ыстық ықыласын, ізгі ниеттерін сезіндім. Өміріме пәлендей әсер етті дей алмаймын, бәрі орнында. Адам бата-тілекке одан сайын шабыттанады екен. Халқымның үмітін ақтасам деген арманым бар.

       – Сізді  тек бейнебаяныңыз арқылы ғана көреміз. Концерттерге сізді шақырмай ма, әлде өзіңіз бармайсыз ба?

       – Иә, солай. Шақыртулар алам, бірақ сол уақытта Тоқтар ағаның басқа қалада концерті болып қалады не өзге тірліктер шығып қалады. Тоқтар ағаның шәкірті болғандықтан оның концертіне бар ынты-шынтымызбен кірісеміз де, басқа ісімізді жиып қоямыз. Қазір ақырындап шығып жатырмын. «Сағындырған әндер-айға» шықтым, «Жарайсың» бағдарламасына да сұхбат бердім. Бәрі бірден болып кетпейді ғой, әр нәрсе өз уақытымен…

         – Отбасыңыз бар ма?

         – Жоқ, бойдақпын. Жақын арада отбасы құру жоспарда да жоқ.

Анамның аты – Гүлман, әкемнің аты – Сапаралы. Менің алдымда екі әпкем бар, мен – жалғыз ұлмын.

         – Болашақта орыс тілінде ән айтуыңыз мүмкін бе?

         – Құдай сақтасын, орысша да, өзге тілде де ән айтпаймын. Айтсам, қазағымның әнін ғана айтамын. Ол – мен үшін мақтаныш.

         –  Тойға барып, ән саласыз ба?

         – Тойға шығам, оны жасырмаймын.

         – Әншілікті өнер адамының қалтасын қампайтатын табыс көзі деп түсінесіз бе?

         – Құдайға шүкір,  ән айтып, табыс тауып жүрмін. Бірақ ол қалта қампайтатын табыс көзі емес,байып кетпейсің.

         – Жеке альбомыңызды шығару ойыңызда бар ма?

         – Қыркүйек айында өзімнің жеке альбомымды шығарсам деймін…

         – Сұхбатыңызға рақмет!

Күнсұлу Тұрғынбекқызы: Кейде…

Күнсұлу Тұрғынбекқызы: Кейде...Адам баласы бір нәрсеге қуанады, бір нәрсеге қамығады. Ол өмірдің заңдылығы ғой. Ондайда Райымбек бабамыздың атындағы көшенің бойына шығып, кез келген қоғамдық көлікке отырамын. Ой-орманның құшағындағы жүздері шаршаңқы жандарды көремін. Тіршіліктің қамымен ала сөмкелерін арқалаған аналар, құйқаны шымырлатып Құран сүрелерін оқи сала алақан жаятын тілемсектер, сабағына асыққан студенттер мен оқушылар кездеседі маған. Сол көлікпен, сондағы жандармен менің де мұңым кетіп бара жатады. Жастар қарияға орын берсе, іштей қуанып қаламын. Әйтеуір сапырылысқан көп көлік. Сол көліктердің, анығы автобустардың ішінде кетіп бара жатқан сан мыңдаған тағдыр иелері. 

Содан кейін такси тоқтатып, әл-Фараби бабамыздың атындағы даңғылдың бойына келемін. Мұндағы тіршілік те сол. Айырмашылығы — қаптаған автобустан гөрі құйғытқан шетелдік иномаркалар. Көліктің иелері — жап-жас бозбала мен бойжеткендер, анығы — байшыкештердің ерке-тотай балалары. Көлік қана емес, байлық та жарысып бара жатқан сияқты көрінеді мұнда маған. «Асып-тасып кетпейін, тәуба» деймін бір көшеге қарап, «Құдайдың бергеніне шүкір» деймін екінші көшенің тұсында…

Дайындаған: Айгүл Болатханқызы

Мен сендікпін…

Мен сендікпін...

Аңсарым, аспаннан түс бері,
Мен жүрген шаһарға жақында.
..Қуаты басымдар күштеді,
Тағдырым алып жүр тақымға..

Сенделтіп.. сең соғып жүргенін,
Көкірек көзі бар көрмеді.
Сезімім сүйретіп сүлдерін,
Күндерім өте ме өлмелі?!

Көргеннің болар ма барі ұмыт,
..Мақұлық миықтан қарады..
Тірлікте тынысым тарылып,
Кеудемде күн сөніп барады.

Жалғанды барамын жақтырмай,
Әзірге серік қой жаныма ар.
Қабаған иттерге қаптырмай,
Кешікпей тезірек тауып ал..

Арысым — армансын ұғынғам,
Айналам көк мұздақ аппақ қар..
Мендегі жүрекке тығылған,
Кішкене жылуды сақтап қал.

Әдемі әлемді бар қылып,
Есердің есінде қалып кет.
Жанымды жанына жар қылып,
Ақ көйлек кигізіп алып кет
Мен сендікпін…

Өлеңді жазған: Салтанат Смағұлова

Сурет: www.diary.ru

 

Дос бола алмаспыз…

Дос бола алмаспыз...

Көктемде күлімдеп таң атпай,
Көңілім күпті боп кезді күз.
Ақылым арымды ағартпай,
Жүргенін сездіңіз.

Құшаққа ап, қойнына баспады,
Жанымды жатырқап желді күз.
Махаббат мұңға орап тастады,
Оны да көрдіңіз.

Бәрібір баз кешіп жүргенім,
Қуалай берсінші күзді күз.
Адаспай ақ жүргім келгенін,
Сіз ғана білдіңіз.

Дәт жетпей үмітті үрлеуге,
Екеуміз доспыз ғой дедіңіз.
Қысқа жіп келмеді күрмеуге,
Тірегім едіңіз.

Әуелде қалсам да иланып,
Өмірім.. Өлеңім құнарсыз.
Кеудеме сағым боп жиналып,
Тағылған тұмарсыз.
..Байқаған шығарсыз..

Өлеңді жазған: Салтанат Смағұлова

Сурет: animated-gif.su  

Ұл таппайтын әйел жоқ, тапқыза білу керек!

Ұл таппайтын әйел жоқ, тапқыза білу керек!Әйелдер мен еркектердің табиғатындағы айырмашылықтар туралы айтпаған ауыз, жазбаған қол қалмады. Ал сол айырмашылық дүние есігін ашқаннан да емес, одан ерте, әкенің белінде жатқан шақтан тамыр алады екен. 

Адамзат адамзат болғалы баланың жынысына кім жауапты: әке ме, ана ма деген сұрақ күн тәртібінен кетпеген шығар. Қазіргі медицина дәлелдеді: болашақ баланың жынысына тек ӘКЕ ЖАУАПТЫ!

Мектептегі биология курсынан білетініміздей, әр жасуша екі бөліктен тұрады: цитоплазма және ядро. Ядроның ішінде хромосомалар – гендік ақпаратты тасымалдайтын айрықша «жіпшелер» орналасады.Әрбір дені сау адамда хромосомалар саны тұрақты, өзгермейді: 46 немесе 23 жұп. Әйелдер мен еркектерде 22 жұп хромосома бірдей де, жиырма үшінші жұпта айырмашылық бар. Әйелдердің жиырма үшінші жұп хромосомасы қашанда ХХ, ал еркектерде ХҮ. Ұрықтану кезінде аналық ұрық пен сперматозоид тек бір хромосомадан тұрады: әйелде тек Х, ал еркекте не Х, не Ү. Яғни, еркектің Х хромосомасы әйелдікімен кезіксе, қыз бала болады, ал Ү хромосомасы кезіксе – ұл болады. 

Құрамында Х хромосомалары бар сперматозоидтар баяу қозғалады, бірақ төзімді, қышқылдық ортаның агрессиясына төтеп бере алады. Ал Ү хромосомалары бар сперматозоидтар, яғни, мархаббатты еркектер, шапшаң қозғалады, алайда, тек сілтілік ортада ғана тіршілік ете алады. Ал әйел қынабының қалыпты күйдегі ортасы — қышқылдық, ер балалар ол ортаға түсер-түспестен жантәсілім етіп жатады. Ал баяу қимылдайтын қыздар асықпай, саспай, жігіттердің өлі денелерін аттап-пұттап барып, өздеріне керекті межеге жетіп жатады.

Бірақ, қышқылдық ортаны сілтілік ортаға айналдырыудың жолы бар. Ол — әйелді тояттату, яғни оргазмға бөлеу.  Егер де, еркектің шәукаты бөлінбей тұрып әйел тояттаса, оның ағзасында айрықша сұйықтық бөлініп, ол қынаптың қышқылдық ортасын сілтілік ортаға айналдырады. Бұл ұл балаларға жылдам қозғалып, діттеген жеріне жетіп үлгеруге мүмкіндік береді.

Әрине, болашақ баланың жынысы тәуелді болатын жалғыз фактор бұл емес. Алайда…

Қараева Назгүл

Суреттер: devahi.net

Түнгі өлең

Түнгі өлең Қараңғы түн.
Ай жарық.
Шолпан жарық.
Шегінбессің, қойған соң жол таңдалып.
Көз алдымда бір тамшы дірілдейді,
Көктен түскен әр нұрдан қолтаңба алып.

Әдемі аспан…
Әлди жел..
Ән құмар шақ…
Әлем ғажап…Сүйген сәт-мәңгі бал сәт!
Жан еркем-ау, өзіңді жаныма ертпей,
Жалғыз өзім келемін жаңбыр аңсап…

Кеше шер мен шемен күй берірек –тін,
Елес боп кеп, кешімді керім еттің!
Қара аспанның түнегін қақ жарады-
Қарақаттай көздегі меруерт мұң…

Кімге айналып барамын, кімге айналып,
Қайда апарып соғады мұндай бағыт?
Парағымда жатысың күнде өлең боп,
Қаламыма бір ғажап гүл байланып…

Бір жанады жүрегім… Бір жаралы,
Қашан енді біздің бақ бүр жарады?
Өлең оқып беремін Көктен сұрап,
Ойыңды оқи алмаймын бір жаманы…

Қалау барда бөгеуден тағдыр алшақ,
Жалғыз жүре берем бе жаңбыр аңсап?
…Мұңның бәрі мың жұлдыз асар еді,
Түннің бәрін екеуміз ән қыла алсақ..

Өлеңді жазған: Рахат Әбдірахманов

Сурет: webcommunity.ru

Мастурбация, онанизм – «жасырын әдет»

[vc_row][vc_column][vc_column_text]Мастурбация, онанизм – «жасырын әдет»Мастурбация, онанизм дегеніміз – ұрықты жыныстық қатынас жолынан басқа жолмен шығару. Мұны кейде «жасырын әдет» деп те атайды. Себебі белгілі, көбіне-көп бұл іс сырт көзден таса, жасырын, жалғыз қалғанда, жыныстық мүшені үйкеліске түсіру арқылы жасалады. Исламдағы ғұламалар мұны харамға жатқызған. Алайда, онанизмнің харамдығы зинаның харамдығымен тең келмесі анық. Өйткені, әлдебір кісі осы екеуінің бірін жасамаса болмайтындай жағдайға жетсе, зинадан гөрі күнәсі жеңілдеу болғандықтан осы жолды қолдануына болады. «Бел суытудың» бұл әдісіне бой үйретіп алудан мүлде аулақ болу керек. Негізінен жаман әдетке оп-оңай үйреніп алғандар кейіннен одан құтыла алмай, әлек болатыны – шындық.
Еркектің жыныс мүшесінің басы аса сезімтал болып келеді. Қосылу кезінде ол ұрық безіне белгі беріп, нәтижесінде белгілі мөлшердегі ұрық шығып, еркектің қуық асты безінен (простата) шығатын сұйықтықпен араласады. Ал осы сұйықтықтың шығуымен құмарлық басылып, тынышталады. Егер адам жыныс мүшесімен ойнай берсе, үрпісінің терісі қалыңдап, сезімталдығы бәсеңдейді және қуық асты безінің (простата) сұйығымен араласпаған ұрық пайда болады. Ал бұл – құмарлықты басатын сұйықтық. Егер ұрық бұл сұйықтықпен араласпаса, құмарлықтың басылуы уақытша ғана болады. Сосын ол қатта қозады. Нәтижесінде бұл адам екінші, үшінші, тіпті одан да көп шығаруға мәжбүр болады. Тіпті осының салдарынан мүшесі мен ұрық жолдарына зиян тиіп, қан шығып кетуі мүмкін. Бұл әлі «беті ашылмаған» жастарға өте қауіпті. Өйткені, онанизммен айналысу салдарынан үрпісінің сезімталдығы әлсіреген кісінің кейіннен жыныстық қатынас жасауға үйренуі екіталай. Себебі, онанизм салдарынан әлсіреген жыныс мүшесінің басы қынапқа кіргізгенде, қозбайтын болады. Яғни ұрық қолмен ойнау арқылы ғана шығуға әдеттенеді, өзі әйелімен кәдімгідей жыныстық қатынастан ләззат алмайды. Бұл өзіне де, әйеліне де зиянды. Екіншіден, әйелін қосылу жолымен қанағаттандыру – еркектің міндеті.

М.А.Канъан «Жұбайлар шаттығы» (Араб тілінен аударған: А.Ахмад)

Жүргізілген сараптамалар нәтижесінде жер бетіндегі әйелдер мен ерлердің 95% жуығы мастурбациямен айналысады екен.
Мастурбация кезінде денені зақымдап алу қаупі бар. Тым көп күш түсіру мен басқа заттарды абайсыз қолданғаннан жарақат (ерлерде – жыныс мүшесі «сынады», әйелдерде – жыныс мүше шырышының бүлінуі) болады.

Мастурбацияның зиянды жақтары:
1. Мастурбация кезінде адам ыңғайсыз кейіпте (поза) болады да, алдағы уақытта сол «үйреншікті» кейірте ғана тояттауға (оргазм алу) үйреніп қалады.
2. Жыныс мүшелеріне түсетін күш жыныстық қатынаста түсетін күшке қарағанда әлдеқайда көп болғандықтан, қатынасқа түсетін серігіңізден ләззат алу қиындап, суый түсуіңіз мүмкін.
3. Мастурбация жыныстық қатынаспен салыстырсақ, өте тез болады. Сондықтан жүйке тамырлары мен қан тамырлары дұрыс жұмыс істемейді.

Мастурбацияның пайдасы:
Мастурбацияны жиі жасаушыларда жұбайының (жарының) көзіне шөп салу, простатит ауруымен ауыру тәуекелдігі аз болатынын, сонымен қатар мастурбация – вагинит сияқты аурулармен күресу жолы бола алатынын мамандар растап отыр.

allwomens.ru

Сурет: womancafe.net 

[/vc_column_text][/vc_column][/vc_row]

Ұмыт болған махаббат

Ұмыт болған махаббат

 

* * * 
Қыста ол маған тірі гүл әкеп берді. Мейрам болмаса, жай күні тірі гүл сатпайтын ауылдағы мен үшін бұл — сыныптастарымның алдында абырой. Ертесіне тағы да гүл. Бұл жолы бір тал қызыл раушан емес, бір тал ақ раушан. Қатарынан 6 күн «жәй ғана» гүл алу — сегізінші сынып оқушысы үшін бақыт болатын. 
* * * 
Ол маған ұнай бастады. Жүрісі де, киімі де, шашы да өзіне жарасымды. Әсіресе, керемет билейді екен, бұрын байқамаппын. Достарының арасында абыройы мықты, бітіруші сынып жігіттерімен жақсы араласатын сияқты, басқаларын тіпті ұрып жатқанын көргенмін. Тек… Ол маған гүл сыйламай кетті. 

* * * 
Айнұр әкелген хат жүрегімді тарсылдатып қоя берді. Екі күннен соң келісім берген хатымды тағы да Айнұр әкетті. Енді ол — Айгерімнің жігіті емес, менің жігітім. Тоғызыншы сыныбымды есею деп ұғыппын.

* * * 
Айгерім құдашам болса да, менімен араласпай кетті. Оны қатты жақсы көрген екен, хаттарын да оқыдым. «Ол» оқытты. 

* * * 
— Түн болғанда қайда барып келдің? а?
— Мама? І-і-і… Аружаннан кітап сұрауға барып ем, мен іздеген кітап онда жоқ екен. 
— Мынау көршінің үйіне сонша жоқ боп кеттің бе?
— І-і-і… Өзі ғой отыра тұрш деген.
Анама өтірік айтатынды шығардым…

* * * 
Мектепке баруға асығатынмын. Қоңырау соғылған сайын көрем оны. Менен бір сынып жоғары оқитын оның достары, сыныптастары коридорда көре қалса, менімен амандасатынды шығарды.

* * * 
— Қайдан келе жатырсыңи екі кештің ортасында?
— Папа, Дариғадан кітап әкеле жатырмын.
— Түнде жүрмей, күндіз сұрап қойсай кітабыңды.
Әкеме де өтірік айтқан кезім болды…

* * *
Бір күні қаладан ағам келді. Бәрі дастархан басында отырғанда зып беріп далаға шығып кеттім. Ысқырық естіліп тұрғанына біраз болған. Сыртта сіркіреп жаңбыр жауып тұр екен. Кездесіп тұрдық. Біраз уақыт өтсе керек, көшеге менің атымды атап, ағам шықты. Мен не істерімді білмей, үнсіз тұрдық. Ағам қора жаққа бет алғанда, забордан секіріп, залға барып, өтірік ұйықтап қалдым. Біраздан соң ағам келіп, шашымның су екенінін байқай сала, лекция оқи бастады. Іштей сезген болар. Қанша сөз есітсем де, «үйде болдымға» басып, жеңістік бермедім.
Ағамды да алдағам…

* * * 
Маржанның туған күнінде түнгі 11-ге дейін әрең сұрандым. Туған күн иесін құттықтай сала, онымен бірге кетіп қалдым. Ауыл сыртындағы үлкен тастың үстінде отырып, әңгімелестік. Айтылған уақыттан кешіккенім үшін емес, туған күнде болмағаным үшін әкемнен ұрыс естідім. Маржанның үйіне звондайтынын қайдан білейін…

* * *
Арманымыз көп болатын. Оқу бітіріп, үй боламыз деуші ек…

* * * 
Ол 11- сыныпты бітірді де, қалаға кетті. Менің мектепте аяқтау тиіс бір жылым бар еді.

* * *
Мен оны қатты сағынып жүрдім… 

* * * 
Мен де студент болдым. Ортам өзгерді. Өзім өзгердім. 

* * * 
Жұмысқа орналастым. «Мен өмірімді өзгертем деп талпындым, Өмір мені өзгертті» ©

* * * 
Ұмыт қалған кіршіксіз махаббат өзгерді ме, жоқ па, ол өзіме де белгісіз…

Сурет: soneta.ru

Комплекс жойылсын!

Комплекс жойылсын!«Мен әдемі емеспін», сол үшін мені ешкім жақсы көрмейді. «Мен пысықтығымды көрсете алмаймын», сондықтан мені жұмысқа алмайды. «Мен семізбін», сондықтан ешкімге ұнамаймын. «Мен қалқан құлақпын», бәрі сол жеріме үңіліп қарайтын сияқты. Осындай ойдың бәрі қайдан келеді екен? Мүмкін кішкентай кезімізде ата-анамыз, мектептегі достарымыз мазақтаған болып, миымызға сіңдіріп қойған шығар?! Әрине түрлі-түсті жарнама, «жұлдыздардың» керемет суреттерін жариялаған журналдар, неше түрлі кинолар, сериалдар өз ықпалдарын тигізбей қоймады. Біз өзіміздің комплексті екенімізді байқамасақ та, көпшіліктің ортасында өзімізден өзіміз қысылып-қымтырыла бастаймыз.

              Өзіңіздің сыртқы келбетіңізден кемшілік тауып немесе өзіңізді белгілі бір ортада ұстауда сәтсіздіктер шыға берсе, сенімділік болмаса, туылғаннан жолыңыз болмай, қырсықтықтың бәрі сізді қоршап алған деп есептесеңіз, өз комплексіңізбен күресуге бел буыңыз.

            Мұндай жағдайда ең дұрыс таңдау – өз комплексіңді сол қалпында қабылдау. Өмірде сенің мұрныңнан да үлкен мұрынды, аяқтары тым қысқа, семіздікпен ауыратын, ақылы тым таяз адамдар да бар. Сондықтан өз бейнеңді, тұла бойыңды жақсы көру керек.

            Танымал тұлғаларға қарасаңыз, олардың бойында да кемшілік деп санайтын тұстары өте көп кездеседі. Бірақ, оның бәрі жетістікке жету жолында кедергі келтіріп жатқан жоқ. Сондықтан сіз де өзіңіз туралы төмен ойлардан арылыңыз. Адамды жеке тұлға ретінде сыйлап, жақсы көреді. Сондықтан өз бойыңыздағы «жеке тұлғаны» жақсы көріңіз, басқалары да көзқарасын өзгертеді.

            Өз комплексіңізді жеңудің тағы бір жолы – оған қарсы шығыңыз. Белгілі бір себеппен (мүмкін сырт келбетіңізден, мүмкін іштей қысыласыз) адамдармен жаңа таныстық жасауға қорықсаңыз – керісінше, көп адамдармен танысып, кездесу ұйымдастырыңыз. Өз ойыңызды жеткізуге қорықсаңыз – пікір таластырыңыз, ойыңызды ашық айтып тастауға дағдыланыңыз. Әрине тәуекелге бел буу үшін біраз батылдық керек. Бірінші реттен бәрі де реттеліп кетпейді, сондықтан нәтижеге қол жеткізгенше, алған беттен қайтпаңыз. Есіңізде болсын, сіздің айналаңызды қоршаған жандар – өз комплекстерін жасыра білетіндер, кемшіліксіз, адам болмайды. Комплекс дегеніміз – өзіңіздің жорыта ойлаған кемшілігіңіз, өз бойыңыздағы кез келген жағдай сізге кем көрінгенмен, сырт көзге керісінше, өте тамаша көрінуі мүмкін. Сондықтан өзіңіздің кемшілігіңіз өзгеге көрінбейтіндей болуы керек. Бәрі өзіңізге байланысты.

Сурет: dailylady.ru

Түн…Қала…

Түн...Қала...

Түн…
Тыныш көрінгенмен,
тыным қашқан…
Кешегі әуен бөлек…
Бүгін басқа ән.
Жұлдызға ұмтылады жұмыр басым,
Түбіме жетер менің түбінде аспан…

Үйлермен тіресіп ап биік-биік,
Сұр бұлт тұр кеудеме күйік құйып!
Санамда сонау күнгі қиял-арман,
Заманға тұрса дағы иық тиіп…

Таста мұң…
Тақтада мұң…
Таспада мұң…
Көшесін мұң тербеп тұр астананың.
Ешкімге керек емес ет-жүрегің,
Ешкімге қызықты емес қас-қабағың…

Шамам бар…
Шаттанып ақ көсілер ем,
Мұндайда қоса мұңды досым өлең!
Әлі де бар еді ғой әңгімеміз,
Бәрі де шешілді ме осыменен?

Жүзінен жасырылмас сыры ұшқындай,
Күлімдей қарағанмен күміс нұрлы Ай,
Мұңымды біліп алып ол да менің,
Жырымды қоса оқиды тыныш тұрмай…

Түн…
Тыныш көрінгенмен,
тыным қашқан…
Кешегі әуен бөлек…
Бүгін басқа ән.
Жұлдызға ұмтылады жұмыр басым,
Түбіме жетер менің түбінде аспан…

Өлеңді жазған: Рахат Әбдірахманов

Сурет: gallery.dviger.com

Ақылдым


Ақылдым

 

Сен де жылап отырсың-ау,
Ақылдым!?
Мен де өзімді терең ойға батырдым…
Жалғыз үміт қонып жүрген бөлмеде-
Жалғыздықты құшақтап ап жатырмын…

Жатқа күлкі қылмайын деп басымды,
Жан сырымды жалған күлкім жасырды.
Ешкім жоқта егілсем де мұң тербеп-
Елесің кеп сүртіп кетед жасымды…

Бағым басым болмаған соң сорымнан,
Көңілімді тербемейді көгімде ән…
Алақаныма үміт іздеп қараймын-
Саусағыңның табы кетпей қолымнан…

Дүбірі көп дүрбелеңнен шошымай,
Көңілімнің көркейіп ед көші қай?
Сен әдемі ән сыйлаған әлемім,
Астаң-кестең болып кетті осылай…

Айтар сөзде азайғандай сірә мән,
Ақиқатты іздейікші мынадан:
Сені мендей сүйген жоқ қой әлі ешкім,
Мені сендей сүйе алмайды бір адам…

Көкіректен көшірейік құсаны-
Құлазыған баққа оралсын құс әні..
Жарығым-ай жаныма кеп жантайшы,
Жалғыздықтың қандай суық құшағы…

Ұғар дейсің жүректің бұл сәтін кім?
Жанарымнан жыр саулатып жатыр мұң…
…Жалғыз өзің жан адамға сездірмей,
Сен де жылап отырсың-ау,
Ақылдым…

 Өлеңді жазған: Рахат Әбдірахманов

 

КӨКТЕМ.КЕЗДЕСУ

 

КӨКТЕМ.КЕЗДЕСУ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Үйренгем…Мендік өмір үнемі сын…
Сенің де айтарыңды біледі ішім…
Сөзсіз-ақ шертейікші сырдың бәрін,
Үнсіз-ақ шешейікші жүрек ісін..

Арман ба? Кейде алдамшы секілді ол да…
Сыйлайды өшпес сезім отын жанға.
…Өртейсің лебіңменен шарпып өтіп,
Өзім де әрең шыдап отырғанда…

Жанымның жазылмас деп күйік-шері,
Жұлдызды аңсамап ем биіктегі…
Өксігім өше берді өзің келіп
Өмірге ғашық болдым сүйіп сені…

Сезімнен селт еткізген секемденбей,
Серпілші…Өзектегің өтелгендей.
Кімге мен еркелеймін сенен басқа,
Сені кім түсінеді екен мендей…?!

Өмір ғой…
Өкпелеттім.Өкіндірдім.
Өртену-туар сәті нөпір жырдың…
Өлеңнің ең ғажабын жалғанда бұл,
Мен сенің жанарыңнан оқып жүрмін!

Үйренгем…Мендік өмір үнемі сын…
Сенің де айтарыңды біледі ішім…
Сөзсіз-ақ шертейікші сырдың бәрін,
Үнсіз-ақ шешейікші жүрек ісін…

Өлеңді жазған: Рахат Aбдрахманов

Айқаракөз жауап береді немесе төсімнің көлемі әр түрлі

Сәлеметсіз бе? Менің бір жақ омырауым екіншісіне қарағанда үлкен. Күйеуге шыққаныма 4 жыл болды, әлі бала жоқ. Сол үшін көтермей тұрып, емделіп алғым келеді. Емшіге көрсеткен едім: «бала көтергенде, қалпына келеді,» деп айтты. Дәрігерге баруға қорқамын. Емдер болса екен. Асыға жауап күтемін. Бақытгүл

 

Айқаракөз жауап береді немесе төсімнің көлемі  әр түрліБала емізбеген болсаңыз, омырауыңыздың әр түрлі көлемде болу себебіне үңілген дұрыс. Адамның оң жағы мен сол жағын салыстырып қарағанда, айырмашылық білінеді, екі жақ тең болған емес. Мұны аяқ киімнің бір аяқты қысып, бір аяқта бос тұрғанынан, қолымызға таққан сақинаның екі қолдың бір саусағында әр түрлі тұруынан-ақ байқай аламыз. Сондықтан кішкентай омыраудың сүт бездері туылғаннан баяу дамыса, көлемі де кіші болады. Туылғаннан оң және сол омыраудың екі түрлілігі көп әйелде кездеседі. Бұл сүт келмей, кішкентай омырауыңызбен бала емізе алмайсыз деген сөз емес, сүт бөлінеді, қорықпастан емізе аласыз. Аса қорқыныш жоқ.

Егер сіз дене жарақатын алған болсаңыз да, бала кезіңізде төсіңізге соққы тиген болса да (сіздің де, анаңыздың да есінде болмауы мүмкін), омырау тамырлары қысылып, дұрыс дауына кедергі келеді. Төсіңізге суық өткізіп алу да өз зиянын тигізеді. Босанғаннан кейін төсіңізге арнайы күтім жасаңыз, жылы ұстаңыз.

         Төсіңіздің формасы бұрыннан емес, соңғы уақытта ғана өзгерген болса, май қабаттарында өзгерістер болады. Сүт бездерінде ісік болуы да ықтимал. Бұл жағдайда емделудің тиімді жолдарына кеңес беретін, дұрыс диагноз қоятын маммологқа міндетті түрде тексерілгеніңіз дұрыс.

         Төс ассиметриясын пластикалық ота (операция) арқылы емдеу жолы бар. Қазақстанда, Алматы қаласының өзінде осындай ота жасайтын бірнеше хирургиялық орталықтар бар. Болашақта бала сүюді жоспарлап отырсаңыз, оның сізге қажеті жоқ. Өйткені, баланы кішкентай төсіңізбен көбірек емізіп, көп «жұмыс істетсеңіз», айырмашылығы байқалмай кетеді.

         Бір төсіңіздің екіншісінен кішкентайлығы бұрыннан болса, алаңдаудың қажеті жоқ, ағза солай дамыған. Ешқандай емдік шаралар жасамай, сәби емізетін сәтті күтіңіз. Төс айырмашылығы кейіннен пайда болса, жуық арада дәрігерге көрініңіз. Қорқып, жүріп алмаңыз, өйткені, сырқаттың асқыну қаупі де бар.

Сурет: oplastike.ru

Ақжауын қыздың аңызы

Ақжауын қыздың аңызы

 

Бақыттың, бәлкім, кезегі кеш пе?
Мұңлыға ем боп қоншы, үміт.
Көшені жалғыз кезгенде кешке
Жауынға ғашық сол жігіт.

Көктемнен керім керіліп шыққан,
Сезімің емі жарамның.
Тылсымға ғашық жаныңды ұқсам,
Жұлдыз боп көктен ағармын!

Жанардан жыр боп үзілсе тамшы,
Тағдыр боп маған жаздың ба?
Селдетсем егер, бір өзің қалшы
Ақ, ерке жауын астында…

Күнің боп келер алдыңнан дәйім,
Жұбатам жыр боп , түнерсең.
Қорқыныш билеп , қаптаған уайым
Жаныңды жалғыз жүдетсе.

Ақ қанат бұлтқа құмартып әр күн,
Санаңды жаулап есер мұң,
Сағынышымды ұғарсың, бәлкім,
Екпінін сезіп нөсердің.

Нұр сеуіп жатсам жалынға кешкі,
Мазаңды алар шақтардың,
Терезе қаққан жаңбырды есті ,
Сырымды солай ақтардым…

Оралхан жазған керемет еді,
Жалғызын күткен Қар Қызы!
Тәңірдің жазар кезегі енді —  
Ақжауын қыздың аңызы…

Өлеңді жазған: Ақерке АСАН

Гормоналды дәрілерді пайдаланудың 13 қағидасы

Гормоналды дәрілерді пайдаланудың 13 қағидасыӘлемде миллиондаған әйел гормоналды дәрілерді қолданады. Алайда, оның зиянын бойжеткендер біле бермейді. Сол себептен бұның пайдасы мен зияны туралы ақпарат берейік.
1.Гормоналды дәрілер ең бастысы денсаулыққа зиян. 
Алайда, оның әсерін дұрыс немесе бұрыс деп кесіп айту қиын. Әйелдерге ақ халатты абзал жандар тарапынан гормоналды препараттарды жүктіліктен сақтанудың бір әдісі ретінде кеңес беріледі. Кей жағдайда тіпті, гормоны жетіспеген әйелдерге жанама ем ретінде пайдалануға рұқсат етіледі.
Сол себептен ол әркімге әрқалай әсер етеді. Бірінің денсаулығы нашарлап кетсе, пайдаланған екінші адамның кесірінше дені сауығып кететін жағдайлар жетеді. Дегенмен, бұл өз функциясын 100 пайызға орындап, жүктіліктен сақтайды. 
2.Егер дәрі менің құрбыма сәйкес келсе, ол маған да жаға ма? 
Гормоналды препарат арнайы рецеппен ғана пайдаланатын нәрсе екенін ескеріңіз. Өйткені, оның түрі көп. Дәл сізге оның қандай түрі жағатынын медицалық тексерілімнен кейін ғана анық болады. Яғни, дәрігерлер тарапынан әрбір әйелдің денсаулығына байланысты оның қандай түрін қолдану керектігі туралы жеке шипалық кеңес беріледі.
Дәрі қабылдаған уақытта қант, қан құрамын жіті тексертіп, гинекологтың бақылауында болыңыз. Демек, құрбыңыз тап болмаған мәселеге, сіздің де тап болмауыңызға кім ешкім кепіл бере алады. Сол себептен құрбыңыздан көріп оны өз бетіңізше пайдаланбаңыз.
3. Гормонолды дәрілерді 20 жасқа толмағандарға пайдалануға болмайды деген пікір бар. 
Алайда, бұл негізсіз. Гормоналды дәрілерді бойжеткен жастар да қолдана алады-дейді дәгігерлер. 
4. Гормонды препараттарды пайдаланғаннан кейін ұзақ уақыт құрсақ көтере алмауым мүмкін бе?
Бұнда көбіне керісінше жағдай орын алады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, дәріні пайдалануды тоқтатқан алғашқы айларда әйелдердің құрсақ көтеру белсенділігі 1,5-2 есеге жоғарылап, егіз немесе үшен дүниеге әкеліп жатады.
Егер дәрігерлерден гормоналды дәрілерді 3-4 ай қолдан деген кеңес алып, сол уақытқа дейін емді үзіп жіберсеңіз бедеулікке ұрынуыңыз ықтимал.
Осы уақытқа дейін ішкен дәрілер аяғыңның ауыр болған уақытқа дейін ешқандай кері әсер бермейді.
5. 1 немесе 2 жылда үздіксіз ішкен дәріні 1 айға тоқтатып, одан демалу қажет пе? 
Бұл жансақ айтылған пікір. Дене ағзасын демалдыру үшін оны тоқтату немесе дәріні одан әрі жалғастыра беруден еш қандай өзгеріс болмайды.
Дәрігер кеңес берген дәрі ағзаға жағып жатса, климакс келген жасқа дейін қолдану беру керек.
6. Гормоналды дәрілерді бала емізіп жүрген аналар пайдаланбау керек пе? 
Негізінде гормоналды дәрілер бала емізіп жүргендерге зиян. Әлбетте олар үшін оларға арналған гормон мөлшерлері аз (мини-пили) деген дәрілер бар. Тек, оны емізер алдында ғана ішу керек. 
Дәрі пайдаланудың ерекше қағидасы да бар. Әр қабылдаудың арасы тура 24 сағаттан болуы тиіс. Қабылдау тізімі сәл ғана ауысып кетсе ол өз қызметін жояды.
7.Гормоналды дәріден салмақ қосыла ма? 
Ол адам ағазасына тікелей байланысты. Кейбірінің тамаққа тәбеті күшейсе, кейбірінікі керісінше әлсірейді. 
Ем қабылдамай тұрған адамға нақты жауап беру мүмкін емес нәрсе. 
Дененің толысуы препарат құрамындағы заттарға байланысты.
Тек бұдан шығар бір ғана амал бар. Нақтырақ айтсақ, салмақ қосқаныңызды байқасаңыз дәрігерге қаралып, гормон мөлшері аз дәрі пайдаланған абзал.
Арнайы зерттеу нәтижесіне қарасақ, дәрі қабылдаған әйелдердің 5-7 пайызы алғашқы жылы ғана 2 кг-нан салмақ қосқан. Ары қарай, сол қалыпта сақталған екен. 
8.Ағзаны улағанша «Постинор» сынды жедел контрацептив ішкен дұрыс болар? 
Бұл жыныстық қатынас туралы тәжірибесі аз бойжеткендер арасында орын алатын қателік. «Постинор» сынды дәрілердің құрамында 1 айда 30 күн қатарынан ішіп жүрген гормондар бар. Демек, 30 күн ішетін дәріні 1 күнде ішіп алып, денсаулығыңызды құртып аласыз.
Оның зардаптары мынадай: етеккір цикліне бұзылады, жыныстық қатынасқа деген белсенділік төмендейді, бауыр-бүйректің ісінуіне әкеп соқтырады, бала көтере алмайтын жағдайға жеткізеді.
9. Жүктілікті алдын-алатын дәрілерден бетті безеу басып кетпей ме?
Көп жағдайда керісінше, безеуден көз аша алмайтын адамдар үшін безеуден құтылатын емдік жол ретінде пайдасы мол.
10.Гормональды дәрілерден денеге жүн қатпат кетеді мыс.
Бұндай олқылыққа бұрын біздің аналарымыз тап болып, күрескен. Қазіргі заманғы медициналық гормоналды препараттар бұндай кемшіліктерді жойған.
11. Гормоналды дәрілерді ішкен сайын, етеккір циклі өзгеріп, кей кездері тіпті келмей қалады.
Бұл олай емес. Дәрігерлер соның көмегімен цикл бір арнаға тұрақталып, мазалап жүрген сырқаттарды бәсеңдетеді дейді.
Екінші жақтан, бұл сұрақтың мәні зор. Дәріні қабылдап жүргендердің 2 пайызында етеккір мүлдем кешігіп келу жағдайлары кезігеді. Бұл-оның ағзанына сәйкес келмеді деген сөз.
12.Гормоналды дәрілерді көп қабылдау сүт бездері мен жыныстық жолдардағы ісік індеті қауіпін күшейтеді.
Канадалық ғалымдар жүргізген зерттеу қорытындысына құлақ ассақ, аталмыш дәріні үнемі пайдалану ісік індетінің қоздырғыштарын 45-60 пайызға төмендетеді екен. 
13. Гормоналды дәрілер жыныстық жолдар арқылы жұғатын аурулардан сақтай ма?
Ол жұқпалы індеттен қорғайды дегенді алға тартатын ешқандай дәлел жоқ. Ол тек жатырдың асқынған суық тию індетінен ғана сақтап қалуға қауқарлы. Ал, жыныстық жолмен жұғатын кеселдермен күресе алмайды. 

kerekinfo.kz

Сурет: mk.ru

АЙҚАРАКӨЗ ЖАУАП БЕРЕДІ немесе СҮЙІСУ КЕРЕК!

Сәлем, Айқаракөз!

Менің жасым 20-дан 21-ге өтіп барады. Бірақ, осы күнге дейін жігітпен жақын жүріп, онымен сүйісіп көрмеппін… Қасымдағы құрбыларым маған күледі. Ұяламын кейде. Соңғы кезде осының денсаулыққа кері әсері болмай ма деп уайымдап жүрмін. Түрлі орыс порталдарынан кеңестерді оқып жүрмін… Табиғатым солай ма, кім көрінгенге қолымды ұстата бергім келмейді. Көмектесіңізші!

Амина Айтжан, Алматы қаласынан

 

АЙҚАРАКӨЗ ЖАУАП БЕРЕДІ немесе СҮЙІСУ КЕРЕК! Амина, біз сізге кеңес бергеннен басқа еш көмек көрсете алмаймыз…

Сіздің 20 жасқа дейін жігітіңіздің болмауында екі себеп бар сияқты: сіз не шектен шыққан тәкаппарсыз, не бала махаббатыңызды әлі күнге сарыла күтудесіз. Қызға тән тәкаппарлықтың болғаны жақсы, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпей». Бірақ, «тұмсығыңызды көкке шүйіріп», кей жігіттің ойын ұнатпай, кей жігіттің бойын ұнатпай жүргеніңізде, кәрі қыз атанып қалуыңыз әбден мүмкін. Әрі «ақбоз атты ханзада» тек ертегіде ғана өмір сүреді. Ал екінші жағдайға келсек, сіз күтіп жүрген жанмен түбінде бақытты болуға сеніміңіз болмаса, қателесіп жүрсіз. Ол жан өмірін өз арнасымен сүріп жүрген болар. Тіпті сізді ойлайды ма? Жауапсыз махаббат, көзсіз ғашықтық үшін өміріңізді құрбан етуге болмайды. Сағынып жүріп, күтіп жүріп, тағы да кәрі қыз атанып қалу қаупі бар. Жаныңызда демеу беріп жүретін, сіздің ішкі әлеміңізді сөзсіз ұғатын, сыйлайтын жігіттің кездесетініне сеніміміз мол. Құрбыларыңызбен қыдырыңыз, көңілді кештерге барыңыз, жастар көп шоғырланатын орындарды жиі аралаңыз. Қазір танысуға мүмкіндік өте көп. Сіздің жасыңыз  — нағыз алып-ұшқан көңіл-күйдің жасы. Сондықтан жігітпен қатынас құрудан қорықпаңыз.

Сүйісу қыз бен жігіттің арасында романтиканы толықтыра түсетінін есептемегенде, адам ағзасына тигізетін пайдасы да көп.

Сүйісу – стресске төтеп беруші құрал. Дәрігерлер сүйісу процесі соңы түрлі  ауруларға алып келетін ашу-ыза негізінің асқынып кетуін баяулататынын, миға көп көлемде эндорфиндер бөлетінін дәлелдеп отыр.

Сүйісу кезінде тісіңізді кариестен қорғайтын және эмалін қатайтатын калций мен фосфорға бай сілекей бөлінеді.

Сүйіскенде бөлінетін сілекей құрамында жараның жазылуын жылдамдататын антибиотик бар екені дәлелденді. Аңдар денесіне түскен жараны жалау арқылы емдегені сияқты, сүйіскендегі сілекей құрамындағы зат та тез әсер етеді.

Сүйіскенде беттің 38 бұлшықетіне күш түседі, бет терісінің қан айналымы жақсарып, әжім баяу түседі.

Сүйісу кезінде адам орта есеппен 9 калория тастайды. Бұл орта есеп қана.

Ықылық атып, тоқтамай жатса, сүйісу арқылы тоқтатуға болады.

Сүйісу кезінде қан тамырлары кеңейіп, қысым кішкене көтеріліп, жүрек тез соғады (минутына әйелдерде – 108 соғысқа дейін, ерлерде – 110 соғысқа дейін), адам минуты 60 рет тыныс алады. Бұлардың бәрі организмдегі қан айналымды жақсартып, қосымша оттегі алуға көмектеседі.

Ерін мен ерін түйіскенде жыныстық гормондар іске қосылады.

Амина, көктем келеді, құлпырыңыз, бір сарынды күндеріңізге жаңа леп беріңіз!

 Сурет: cosmo.com.ua

АЙҚАРАКӨЗ ЖАУАП БЕРЕДІ немесе КЛИМАКС

Сәлем, Айқаракөз!

Менің жасым 39-да. Төсек қатынасында болған жоқпын, әлі қызбын. Соңғы екі айда менің етеккірім келмей жүр. Менде климакс басталғаны ма? Мен енді бала туа алмаймын ба? (Айжан)

 

Жоғары дәрежелі гинеколог-дәрігер Айгүл Мейрамқызы жауап береді.

 

АЙҚАРАКӨЗ ЖАУАП БЕРЕДІ немесе КЛИМАКСКлимакс – ерлерде де, әйелдерде болатын құбылыс. Әйелдерде болатын климакс (менопауза)  – әйел ағзасындағы зат алмасулар мен кейбір мүше қызметтерінің өзгеруіне алып келетін жыныстық гормондар синтезінің тез арада құлдырауы. Әйелдерде қалыпты климакс 50 жастан асқан соң басталады. Бұл кезде етеккір келуін тоқтатады, бала көтеру мүмкіндігі шектеледі. Климакстың негізгі белгілері: тершеңдік, әлсіздік, бас ауруы, дененің лезде ысып, лезде сууы, қалтырау, ашушаңдық, ұйқышылдық, шыдамсыздық, ұмытшақтық, депрессия, қан қысымының артуы (гипертония),жүректің тарсылдауы.

Климакс басталған әйел еш кедергісіз жыныстық қатынасқа түсе береді және бұрынғыдай тояттау (оргазм) сезімін де алады. Тіптен климакс басталғанда әйелдің төсек қатынасындағы белсенділігі артуы мүмкін: «екіқабат болып қаламын» деген қорқыныш миынан біржола жоғалады.

Климакстың ерте келуі әйелдерде 37 жастан басталады. Бұл – бүгінгі таңда жиі кездесіп жүрген жағдай. Климакстың ерте басталуының бірнеше себептері бар :

—         гормонды дәрі-дәрмектерді көп қолдану;

—         ішкі секреция бездерінің бұзылуы;

—         гинекологиялық аурулар;

—         онкологиялық аурулар;

—         иммунитеттің тым төмендеп кетуі.

Айжан, сіздің етеккіріңіздің кешігуіне басқа да себептер әсер етуі мүмкін. Етеккірдің кешігу себептерін «Етеккірім неге кешікті?» атты жазбадан оқи аласыз. Әрине қорқынышыңыз орынды. Сондықтан гинекологқа қаралып, гормоныңызды тексертіңіз. Бәрінің анық қанығына жетіп, көз жеткізбейінше, асығыс шешім қабылдауды әдетке айналдырмаңыз. Жас ұлғайған сайын бала көтеру мүмкіндігі азаятынын ескеріңіз.

Сурет: anionzdorove.ru

МІНСІЗ ӘЙЕЛ МІНДЕТТІ…

 

МІНСІЗ ӘЙЕЛ МІНДЕТТІ...

Мінсіз әйел деген кім? Ол қандай болуы қажет? Өзін қалай ұстауы қажет? Осы сұрақ төңірегінде әлемдік деңгейдегі ерлер жорналында біраз талқыланған екен. Сондағы ерлердің басым көпшілігі қалайтын қасиеттерді ұсынамыз.

Ерінің сырт келбетін назарда ұстау.

Қазіргі заманда ер адамның сыртқы келбеті тап-тұйнақтай, киімі тап-таза болуы қажет. Сонда ол өз ортасында, әріптестерінің арасында жүзі жарқын болып жүре алады. Киімі кірден көз ашпай, үтіктелмеген жейдемен жүрген еркектің өзіне келіп айтпаса да, сыртынан соның бәрін түзеп бермеген әйеліне наразылық туындайды. Сондықтан әр әйел еріне киім таңдауда бар күшін салып, оның таза киімде ғана жүруін, сырт келбетінің салиқалы көрінуін қамтамасыз етуге тырысуы қажет. Ерлер қауымы мұндай әйелді жоғары бағалайды.

Жеке өмірі болсын.

Әйел адамы отбасына барын салып, баласының, ерінің қамымен жүріп, өзіне қарауды мүлде ұмыта бастайды. Бүгінгі күні тура кешегідей, кешегі күні өткен айдағыдай, бір-бірінен айнымайтын күндер. Мұндай жағдайда күйеуін жалықтырып алу қаупі туындайды да, «көзіне шөп салып», отбасында ұрыстар көбеюі ықтимал. Сондықтан әйелер үнемі өзін де назарда ұстап отыруы қажет. Өзінің жеке өмірі, яғни өз ортасы болу қажет. Құрбыларымен кездесіп, туыстарына қонақ болып, тіпті, өзі қалаған хоббиімен айналысып, жаңа эмоцияға бой алдырғаны пайдалы.

Сексуалды киіну.

Ерлердің көзімен әйелдер тым ашық-шашық та, тым жабық та киінбеуі қажет. Әйелдің киген киімі өзіне қонымды, жарасымды, ажарын аша түсуі тиіс. Ерлерше тартымды, сексуалды киіну – қарнын ашып, ышқырын түсіріп, етегін қысқартып, жабық тұру керек жерлерді ашып киіну емес. Әйелдің киімі денеге тым жабысып тұрғаннан гөрі бостау тұрса, әдемі, тартымды көрінеді. Көйлектің қысқа болуы да еркектің басына бірден бөтен ой салады.

Еркектің «берекесін алмау».

Әйелінің ұнамсыз қасиеттері жайлы тақырыпта жауап берген еркектердің 90 пайызы  «берекесін алатынын» айтқан. «Берекесін алу» сөзінің астарында не істеу керек екенін қайта-қайта айта беру, сенімсіздік таныту, қайда жүргенін, не істеп жатқанын аңдып, қоңырау шалу, тіпті «Қалайсың? Қайдасың?» деген мәтінді СМС-хабарламалар жатыр. Еркек жұмыста жүріп, үйдегі жағдайды әйеліне сенгендіктен аз есіне алуы мүмкін. Еркектер әйелдерге қарағанда басқаша ойлайды, әлденені ұмытқандықтан емес, қажет емес деп санағандықтан орындамай жатады.

Әрине бала табу – барлық әйелдің қолынан келетін іс. Ерінің жағдайын жасап, «мінсіз әйел» атануға талпынбайтын әйелдер де біршама. Жоғарыда келтірілген кеңестер сізді бірден идеал қылып жібермесе де, ой салары анық. Еріңізден жылы сөз, жағымды іс, еркелетуді күтпес бұрын өзіңізді әбден «тәрбиелеп» алғаныңыз дұрыс.

Сурет: nestandard.ru 

 

ОҚЫРМАН ҚЫЗ

ОҚЫРМАН ҚЫЗ

Оқырман қыз,
Өмірде алыс, 
Өлеңде жақын жанбыз.
Түнге сіңіп, тағы да
Ай жүзінен
Мұң көшіріп ақының отыр жалғыз.

Сен ше, қарғам?
Мұңаймашы, 
Түспесін еңселі арман.
Ықыласын бір саған аударар ем,
Ыңғайыма осы бір көнсе жалған.

Амал нешік?..
Сансыз арман сарылып, санамда өшіп
Дәруіштей дәрменсіз күй кешемін,
Көңілімнің көгінде ғалам көшіп.

Аңғалым-ай!
Жағымды бір болар ма ең жанға бұлай.
Қалам ұстап қолыма сәл мұңайсам,
Саған ұқсап кетеді жап-жарық Ай!

Мөп-мөлдір шық,
Жанарыңнан жас болып кеткенде ыршып,
Жұбанышың болар жыр жазсам, шіркін,
Жүрегіңнен жарғандай КӨКТЕМ бүршік.

Оқырман қыз…
Өмірде алыс, 
Өлеңде жақын жанбыз.
Түнге сіңіп тағы да
Ай жүзінен,
Мұң көшіріп ақының отыр жалғыз…

Оқырман қыз…

Өлеңді жазған: Қалқаман Сарин

«ЕТЕККІРІМ НЕГЕ КЕШІКТІ?»

"ЕТЕККІРІМ НЕГЕ КЕШІКТІ?" Етеккірдің кідіруі – барлық әйел атаулыға таныс құбылыс. Бұл жағдай қыздарға түсініксіз болып көрінсе, әйелдер бірден «аяғым ауырлап қалды ма екен» деген сұрақты ойына алады. Дегенмен, етеккірдің кідіруіне бірнеше себептер ықпал етеді.

Орта есеппен алсақ, қыздар он екі жасқа келгенде, етеккірдің белгілері басталады. Алғашқы кезеңде етеккірдің келу уақыты бір қалыпқа түспегендіктен кем дегенде жарты жыл бойы ауытқушылықтар болады. Ал кей қыздарда бірден жүйелі түрде келе бастайды. Қыздың жыныстық организмі бір жүйемен қалыптасқанша болатын ауытқушылықтар қорқыныш тудырмайды, оған еш алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл құбылыстан бөлек, етеккір кідіруінің бірнеше себептері бар.

Барлық әйелдің ойына бірінші келетін себеп – екіқабат болу. Бұл – төсек қатынасына түсетін әрбір әйел үшін өзекті жағдай. Тіпті төсекті анда-санда «көретін» әйелдердің өзінде екіқабат болып қалу ықтималдығы бар. Аяғыңыз ауырлап қалды  деген ойда болсаңыз, арнайы тесттің не дәрігердің көмегіне жүгініңіз.

Стресс.  Ия, ол шынымен де әйел организіміне әсер етеді. Ми қабаттары арқылы әйел органдарында ауытқулар болады. Тіпті өтпелі ашу-ыза, жабырқаудың өзі етеккірдің кешігуіне әсерін тигізіп жатады.

Денеге күш түсіру. Мысалы, сіз бірінші рет не ұзақ үзілістен соң спорт залға барсаңыз, етеккіріңіз кешігеді деп күте бергеніңіз дұрыс. Біраз уақыт денеңіз, бұлшықеттеріңіз «үйреніп» алғанша, солай болуы – қалыпты жайдай. Өйткені, сіздің бүкіл денеңіз, ағзаларыңыз «қимылдайды».

Тағы бір себеп – климаттық жағдай. Ұзақ сапар, қаладан қалаға көшу бәрі де әйел организімінің өзгеруіне әкеледі. Қоршаған ауа райы, оның ылғалдылығы мен құрғақтығы  — тікелей әсер ететін сыртқы факторлар.

Тым ұзаққа созылған диета. Егер сіз ұзақ уақыт ашығып не бірден өзіңізді барлық тағамнан шектесеңіз, ішкі ағзаларыңызға қажетті коректер мен дәрумендер дұрыс жетпей, зат алмасу мен ағза қызметінде кедіргілер туындайды. Сондықтан «бірден тереңге сүңгімей, таяздан бастаңыз».

Созылмалы және инфекциялық аурулар сөзсіз әсерін береді. Гинкологиялық аурулар, зоб аурулары да етеккірдің кешігуіне себеп болады. Тіпті, жасанды түсіктен соң да етеккірдің бір қалыпқа келуі біраз уақытты қажет етеді. Бұлардың бәрі әйел гормондарының өзгеріске ұшырауынан. Дұрыс күтініп, дұрыс емделген жөн.

Контрацепциялық дәрі-дәрмектер. Әйелді екіқабат болудан сақтайтын гормондық әсері бар дәрілерді ұзақ қабылдау барысында да етеккір кешігеді. Тіпті біраз айлар бойы жоғалып кететін жағдай да кездеседі. Дәрі қабылдауды тоқтату арқылы циклді қайта қалпына келтіре аласыз.

Қандай жағдай әсер етсе де, етеккіріңіздің кешіккеніне мазаңыз қашса, өзіңіздің сенімді дәрігеріңізге қаралғаныңыз – өте дұрыс шешім.

Дереккөз: Emde.kz — Етеккір не үшін кешігеді?