Сүндетке отырғаның – иманды болғаның…

сүндет той

Құрсақтой, шілдехана, бесіктой, қырқынан шығару, тұсаукесер деген сияқты бала өміріне қатысты тойлардың маңызы мен ерекшелігі жайлы сайттың «Дәстүрдің озығы бар…» бөлімінде айтып өттік. «Енді ұл баланың өміріндегі үлкен бір белес – сүндет жайлы, сүндеттой жайлы не білеміз, бүгінде сүндеттой қалай жасалып жүр» – осы жайлы сөз қозғамақпыз. Сонымен…

Сүндеттойдың ерекшелігі

Қазақ – титімдей жақсылығын жария етіп, қуанышын елге жайып жүретін, әрбір қуанышында шашуын шашып, тойлап жүретін халық әрі қашанда бір-біріне көңіл сыйлап, жақсылық тілеп жүреді. Қазақ халқының жан-жаққа ат шаптырып, хабар беріп жасайтын  атаулы тойларының бірі – сүндеттой. Сүндеттойға бүкіл ағайын-туған, нағашы-жиен, жекжат-жұрағат, дос-жаранның барлығы шақырылады. Бұрынырақта нағашы жұртына, құдаларға, ағайындарға, достарға дегендей, әрқайсысына арналып жеке үй тігілетін болған. Қонақтарды күтетін адамдар да белгіленетін. Осы күні ат шаптырылған, бәйге ұйымдастырылған, жамбы атқан, палуан күрестірген, теңге алған. Балаға арналатындықтан тай жарыс, құнан жарыс өткізілген. Баланы сүндетке отырғызып, қуанышын елмен бөлісу ата-ананың парызы болып есептеледі. Ал сүндеттой жасау – көзі тірі ата-әженің парызы, яғни ата-әже «немеремді сүндеттеп жатырмын» деп осы тойды өз аттарынан жасайды.

Ашамайлы атқа міндің,
Мұсылмандық таққа міндің,
Сүндетке отырғаның – иманды болғаның.
Тойын тойлап, думанды болғаның, – деп баланың көңілін өсіріп, дәрежесін көтеріп бағады.

Тілек сайтынан

Баланың өзі де кішкентайынан той-томалақты көріп өскендіктен, өзінің де сондай бір белестен өтетінін білгендіктен бұған психологиялық тұрғыдан дайын болады. Сонда да атасы мен әжесі ұл баланы «сен азамат боласың, жігіт боласың» деп құлағына сіңіріп өсірген. Әр жерде әртүрлі, тіпті өрескелдеу айтып жүргендер бар, бірақ бұрынырақта текті ата-әжелер балаға сүндеттеуді «сен сұлуланасың» деп жеткізген екен.

сүндет той

Кез келген ұл баланың арманы – жігіт болу, азамат болу, сол себепті ол да іштей бұл күнді күтеді, асығады. Осы күні балаға бастан-аяқ жаңа киім кидіреді. Екі иығына үкі қадайтын болған. Содан кейін өзінің ашамайлы бәсірелі тайына мінгізген, ал оның атына қоржын салған. Қасына сәнді киінген 1-2 бозбаланы ілестіріп, ағайын-туғанға тойдың қуанышын жеткізуге жіберетін болған.

Сүндеттойдың басқа тойлардан ерекшелігі

Тойға сүндеттелетін баланың өзі шақыратындығында. Тіпті жолаушы барып та шақырып келген. Себебі біреу арқылы айта салғанға «пәленше келіп айтып кетті», «біреуден айтып жіберіпті» деп шақырылған жақ кәдімгідей ренжіп қалған. Өйткені бұл – баланың есейгендігінің белгісі. Өз тойына шақырып келген балаға барған жерінде шашу шашады. Атының жалына орамал, шүберек байлап, қоржынына тәтті салған. Сыйлығын беріп жіберген. Ол бала ауылына келгенде «бізді де осы күнге жеткізсін» деген ниетпен елдің салған шашуынан барлығы бөлісіп алады екен.

Ал тойға келген туған-туыстар, жекжат-жұрағаттар балаға міндетті түрде сый алып келген. Тіпті кейбір туыстары бала тойға шақырып барған кезде-ақ атаған малын жетектетіп жіберген. Қазақта бала үшін нағашы жұртының орны бөлек. Баланың нағашы жұртынан,  бір жерде – «қырық серкеш», енді бірі – «қырық шұбар тай» дейді, яғни жиеннің нағашысынан алатын үлесі болады. Нағашы жұрты жиенінің сүндетке отыруына орай, ертеңгі күні төлі өсетіндей етіп, осы үлестің бір бөлігін – малын айдап келген. Оны өздеріне міндет әрі үлкен дәреже санаған.

Баланың, анығы ер-азаматтың ауқатты болуы осылай өзіне тиесілі жеке мал басының жиналуынан басталады. Бала ержеткенше осы малының басы көбейіп, өсе береді, оған тиіспеген. Ол кездегі байлар мен кедейлерді салыстыруға болмас, бірақ кедейдің баласына да «көңілі ортайып қалмасын», «еңсесі түспесін, өзгелерден өзін қор санамасын» деп бәсіресін беріп, сыйлықтарын берген.

Шамалары келгенше алдына мал салған. Өйткені қазақтар біріне-бірі қолғабыс жасаған, соны мәртебе санаған. Қалай болғанда да, бала сүндеттойында үлкен сыйға, құрметке ие болған. Кейде баланы сүндеттеп қойып, тойын ыңғайлы кезге қалдырады. Біз кіші немеремізді сүндетке отырғызғанымызбен, бүкіл қазақ халқы атап өткелі отырған атаның мерейтойына байланысты сүндеттойын әлі жасамадық. Атаның тойымен қабаттастырғымыз келмеді, әр тойды жеке өткізгенге не жетсін…

Белсендірілген көмір (активированный уголь) арықтауға көмектеседі

Белсендірілген көмір (активированный уголь) арықтауға көмектеседі

Толық жандар өз мүсінін қалыпқа келтіру үшін белсендірілген көмірді бұрыннан пайдаланған екен. Кейін ұмыт қалған. Енді міне оның тұрмыста да, медицинада да пайдалы екенін сөз қылмақпыз.

Бұл дәрі қазіргі таңда асқазан ауруларына пайдалы әрі арықтауға көмектесетін қасиеті жағынан танымал болып тұр. Онымен токсикоз, гепатит, ұшыну, улану, ішек жолдарының бұзылуын емдейді. Сонымен қатар, басқа химиялық дәрілерге қарағанда оның құрамы  экологиялық жағынан таза болып табылады.

Белсендірілген көмір арқылы арықтаудың сан алуан түрі бар. Біз сіздерге екі түрін ғана айтып өтпекпіз.

Біріншісі: белсендірілген көмірді аздан бастап, уақыт өткен сайын көбейтіп ішіп отыру керек. Ең көп дегенде – салмағыңыздың 10 килосына 1 таблеткадан ішесіз. Дәріні күнінен бір рет қана қабылдау керек, таңғы астың алдында ішсеңіз, тіптен жақсы.

Екінші әдіс: күніне 3 рет 3 дана дәріні тамақ алдында 1 сағат бұрын ішу қажет.

Дәрі қабылдау уақыты 10 күннен кем болмауы керек. Одан кейін үзіліс жасап, бір аптадан соң қайта жалғастыруға болады.

Белсендірілген көмір (активированный уголь) арықтауға көмектеседі

Белсендірілген көмір үгітілгіш келеді. Ол ағзадағы улы, қажетсіз заттарды, дәрі-дәрмек қалдықтарын, денедегі артық суды шығарып, қалыпты жұмыс жасауын реттейді.

Арықтауға тез көмектесетін белсендірілген көмірдің зиянды жақтары бар екенін де ескере кеткен жөн. Оны арықтататын құрал деп емес, ағзаны тазалағыш құрал деп қабылдаған дұрыс. Демек, ол денедегі қажетсіз заттармен қоса, пайдалы дәрумендер мен микроэлементтерді де шығарады деген сөз. Сондықтан ағзаны тазалау барысында қосымша дәрумендерді қоса қабылдаған абзал.

Тағы айта кететін жайт, белсендірілген көмір көп қолданғаннан кейін созылмалы іш қатудың себепкері де болады. Ол денедегі суды шығарса, ішек жолдары нәжісті баяу шығарады да, қиындықтар туады.

Белсендірілген көмірді артық салмақтан арылудың жолы деп түсінгеннен гөрі, арықтаудың басқа амалдарына қосымша ретінде пайдаланыңыз.

Қандай жағдай болмасын, көмір арқылы арықтауға шешім қабылдамай тұрып, дәрігерден кеңес алыңыз.

Суреттер: dieta-vot.ru

Ана парасатты болса, әже данышпан болады

Ана парасатты болса, әже данышпан болады

Бүгінгі қыздарға кесте тіктіріп, шұлық тоқыта алмаймыз. Өздеріне ұнаған матадан «қалаған үлгіде көйлек тігіп ал» деп мәжбүрлеу де мүмкін емес. Барлығы сатылады. Барлығы дайын. Өз басым күні бүгінге дейін шаршаған сәтте бір мезгіл кесте тіккенді жақсы көрем. Кестенің өрнегіне қарағанда адам бөтен ой ойламайды. Ойыңнан өрнек салып отырғанда тек соның әдемі болып шығуына көңіл бөлесің. Есіме түскен мына оқиғаны айта кетейін. 1974 жылы атаның туған күніне арнап әдемі екі жастыққап кестеледім. Әлі күнге дейін сақтаулы. Ата жастыққапты көргенде: «Мені ұзататын қыз құсап… Мынауың не?» – деді ашуланып. «Ата, кешіріңіз, мен мұны өз қолыммен сізге арнап тіктім», – дедім мен. Сонда барып атаның жүзі жылыды, әйтпесе лақтырып жіберер ме еді… «Қарай гөр, тура машинамен тіккендей», – деп еді сонда өз қолыммен тіккен еңбегімді бағалап. Қолдан істелген нәрсе бөлек болады. Бертінде екі немереме арнайы төркөрпе жасадым. Оны ана жер, мына жерден теберікке бергеннен жиналған маталардан құрадым. Ондай теберікке берілген бір жапырақ матаны біреуге бере алмайсың, қалай болса солай тастауға болмайды, мейілінше қажетке жаратқан жақсы. Төркөрпені тігіп жатқанымды көргенде «жұмыс істемегендіктен ерігіп тігесің ғой, әйтпесе бұл күнде не керектің бәрі дүкенде толып тұр» дегендер де болды. Өкініштісі, менің мұны мүлде басқа мақсатпен тіккенімді олар түсінбеді. Біріншіден, бұл – талай үлкен кісілердің теберігі, Құран оқылған жерден келген қыжымдар, пүліштер. Екіншіден, мен соны өз қолыммен тігіп отырмын. Ертеңгі күні мен өмірден өткен кезде Анарым (келіні) әжелерінің немерелеріне өз қолымен тіккенін айтып, мұны келіндеріне табыстайды. Қазақтың кез келген қолөнері атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа осылай жеткен жоқ па?! Өзіміздің қолөнерімізді осылай дамытып, түрлендіріп мұра етіп қалдырмадық па?! Әңгімемізді кішкентай қыздың жетіге толғанда құлағын тесіп, үлкен өмірге бағыттайтынымыздан бастадық. Өз басым, ылғый да жастардан бір нәрсені талап етуден бұрын оларға үлкендердің алдымен өздері үйретуі керек екенін, көрсетуі керек екенін айтып келем… Ал бұдан шығатын қорытынды – қыз тәрбиелі болса, келін өнегелі болады. Келін өнегелі болса, ана парасатты болады. Ана парасатты болса, әже данышпан болады. Өмір осылай жалғасады.

Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: shttuchka.ru

 

Сусабынды қалай таңдайсыз?

Сусабынды қалай таңдайсыз?

Жібектей жұмсақ, толқындай тербетілген, жып-жылтыр, сау шашты қай қыз армандамасын?! Мұндай шашқа ие болу үшін арнайы күтім керек. Шаштың жылтырауы сусабынға да байланысты. Сусабынды қалай таңдау керек?

Дүкенге келіп, сөре толы түрлі-түрлі сусабындардың қайсысын таңдарымызды білмей қалатынымыз анық. Жарнамадан жиі көрсетіп, аты танысын ала саламыз.

Шындығында, шашыңызды қандай сусабынмен жусаңыз да, құрамында қандай дәрумендер бар, шашыңыздың кемшілігін түзейді ма, бәрібір шашқа әсері болмайды. Өйткені, шаш өлі жасушалардан тұрады. Оған қымбат маскалар мен майлар жағып, әуреге түссеңіз де, нәтиже болмауы мүмкін. Нағыз күтімді қажет ететін тірі жасушалар шаштың түбінде және бас терісінде. Сондықтан шаш күтімі – шаштың ұзына бойы мен ұшына назар аудару емес, бас терісін күту және дұрыс таңдалған сусабын екенін біле жүрейік.

Мамандар бас терісін үшке бөледі:

  1. Майлы тері;
  2. Құрғақ не сезімтал бас терісі;
  3. Қайызғақты.

Сусабынды бас терісінің түріне қарай таңдау керек. Ал теріге жүргізілетін емдік істер (шаштың түспеуін, тез өсуін, ұштанып кетпеуін қадағалау) арнайы құралдармен (маска, бальзам, кондиционер) жасалады. Сусабын – шашты тазартуға арналған құрал.

Майлы шаш не майлы бас терісі.

Егер шашыңыз жуғаннан кейін екі күн өтпей кірлеп, аптасына екі реттен көп жууға тура келетін болса, шашыңыз майлы түрге жатады. Бұл түрдегі шаш пен бас терісіне көлем беруге арналған, сезімтал теріге арналған және майлы шаштарға арналған сусабындар қолайлы. Шаштың бояуын сақтайтын, құнар беретін (питательные) сусабындар құрамы майлы болады да, шашыңыз одан сайын тез кірлейтін, жылтырамайтын болып қалады.

Құрғақ не сезімтал бас терісі.

Әрең дегенде таңдап алған сусабыныңыз басыңызды ашытып, қышытып, бөртіп жіберетін болса, бас теріңіз тым сезімтал не құрғақ болғаны. Терінің бұл түрі арнайы жұмсартатын, ақырын жууды, асқынтып жібермейтін құралдарды қажет етеді. Тек сезімтал теріге арналған сусабындармен жуу керек. Неғұрлым сенімді әрі сапалы брендті таңдаңыз.

Қайызғақ.

Бұл – көпті толғандыратын күрделі мәселе. Шашыңыз мейлі майлы болсын, құрғақ болсын, сусабынды дұрыс таңдамасаңыз, қайызғақ қаптап шыға келеді. Мұндағы басты қағида – бас терісінің түрін анықтап, тек соған сай келетін сусабынмен жуу, сонда қайызғақ болмайды. Ал егер басыңыздағы қайызғақ мүлде кетпей, уақыт өткен сайын көбейе берсе, айына бір рет бас терісіне пилинг не флюид жасатып жүріңіз. Әсемдік салондары мамандарының көмегіне жүгінесіз. Қайызғақты шашқа арналған арнайы сусабынды қолданып жүріңіз.

Сусабынның сапасын қалай анықтауға болады?

Сусабынды қалай таңдайсыз?  Сусабынның сапасын анықтау үшін төменде айтылғандарды ерінбей орындап шығыңыз:

  1. Стақанға не кесеге су құйыңыз.
  2. Суға бір қасық мөлшерінде сусабынды қосыңыз.
  3. Сусабын мен су тұнғанша, 10 минут күтіңіз.

10 минут өткен соң сусабын ірімшікке ұқсас тұнбаға айналса, сусабынды лақтырыңыз. Ол – сапасыз сусабын. Мәселе сапасында емес, құрамында натрий және аммоний сульфаты бар сусабынды қолданбаған жөн. 

Суреттер: blogerov.net

Келін өнегелі болса, ана парасатты болады

Келін өнегелі болса, ана парасатты болады

Бұл күндері қарап отырсақ, байлық па, барлық па, мақтаншақтық па, даңғазалық па, есіріктік пе, қалай дерімді білмеймін, титімдей бір-екі жасар қыздардың құлағын тесіп, алтын, тіпті бриллиант тасы бар қымбат сырға салғандарды көріп жүрміз. Осының қажеті қанша? Қазақ қыздың құлағын жеті жасында тескенін айтып өттік. Өйткені жетіге дейін ол қуыршағын ойнап, тұлымшағы желбіреп асыр салып, балалық дәуренді басынан өткеруге тиісті. Өкініштісі, бұл күнде осыған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Сырғаны тек сәндік үшін, әдемілік үшін салады деп түсінеді. Сол себептен тым кішкентай кезінен қыздарының құлағын тестіріп, қымбат тасты сырғаны салып жатады. Қазақ ештеңені жайдан-жай әрі негізсіз істемейтінін мен ылғый да айтып келем. Өз басым, 2-3 жасар титімдей қыздардың құлағының тесілгенін көргенде бір түрлі жаным ашиды. Кейбіреулер бұған аса қатты мән беріп қарамайтын да шығар, бірақ менің жүрегім ауырып қалады. «Әттеген-ай, мына бала балалықтан өтуі керек еді ғой…» деп ойлаймын мұндайды көргенде. Әр нәрсенің өз жолы болады, кез келген нәрсенің өз уақытымен жасалғаны дұрыс. Баланы ашамайға отырғызғанда жария етіп, дабыралатып өткізетінін айттық. Өйткені ұл бала – болашақта елін-жерін қорғайтын азамат. Сол себепті ертеден-ақ жаужүрек әрі намысшыл болып өсуі керектігін санасына сіңіреді, балаға жауапкершілік жүктейді. Ал қыз баланың құлағын тесуді әжелері мойнына алған. Анығы, бұл – отбасындағы әйел адамдардың, апа-жеңгелерінің бітіретін шаруасы. Қыздың құлағын тескен кезде ауылдың әйелдері, апа-жеңгелері жиналып келіп, шашуын шашып, кішігірім той-томалақ жасайды.        

Келін өнегелі болса, ана парасатты болады                                                                                                                           

Құлақты қалай тескен?

Құлақ тесерде алдымен сырғалығының екі жағынан екі тарыны сәйкестендіре қойып, жанын кетіре уқалайды. Содан кейін ғана отқа қыздырылып әбден тазаланған инемен тескен. Бұрынырақта, менің кішкентай кезімде, құлақты тескен соң бірден сырға салмай, иттің жүнінен ширатылып жасалған жіпті өткізіп қоятын болған. Өйткені ата-бабаларымыз, бір жағынан, итті «жеті қазынаның» бірі санаса, екіншіден, ит жүнінің белгілі бір қасиеттерін білген. Құлақты іріңдетпейтінін, ісірмейтінін әрі тез жазылып кетуіне әсер ететінін білгендіктен де, алдымен иттің жүнінен жасалған жіпті пайдаланған. Бұл күнде иттің жүнінің адам денсаулығына пайдалы екенін дәрігерлер де айтып жатыр. Иттің жүнінен жасалған белдемшелердің денсаулыққа пайдасы барын жарнамалап жатқанын теледидардан көріп те жүрміз. Өзгені қайдам, мұны біздің ата-бабаларымыз есте жоқ ескі замандардан-ақ білген. Ал кейбіреулер шайдың самасын өткізетін болған. Шай да – қасиетті шөп, өйткені шайдың                                                                                                                                  

қасиеті болмаса, бүкіл әлем халқы оны ішпес еді. Шайдың да құлақты қызартпайтын, ісірмейтін қасиеті бар. Осыдан кейін өзінің түкірігімен сулап, жаңағы сама немесе иттің жүнінен жасалған жіпті жылжытып, қозғап отырған. Осылай екі-үш күннің айналасында-ақ баланың құлағы жазылып кеткен. Әбден жазылған соң әжелеріміз қыздың құлағына күмістен соғылған сырғаны салғанды жөн көрген. Күміс – өте таза әрі емдік қасиеті мол металл. Күміс сырға таққан баланың құлағы ешқашан асқынып кетпеген, ауырмаған әрі құлақ күміске үйренген соң алтынға да тез бейімделеді. 

         …Қыздардың тәрбиесіне қатысты жайды әр сұхбаттарымда міндетті түрде айтып жүремін. «Үнемі қайталап айта береді» деп кейбіреулердің мені кінәлаулары да мүмкін. Бірақ қыз тәрбиесін назардан шығарып алғанымыз жасырын емес. Тәрбие тізгінін босатып алдық. Бұған қыздарымыздың қалай болса солай ашық-шашық киініп, кіндігін көрсетіп жүргені дәлел. Жас қыздардың көшеде ашықтан ашық темекі шегіп, сыра ішіп жүргендерін көріп жүрсек те, мән бермеуге айналдық. Олардың ертеңгі ана екенін естен шығарып жүрміз. Ал біздің ата-бабамыз балалық дәурені өтісімен қызға дұрыс тәрбие беруді қолға алған. Қыз – аз күнгі қонақ. Сондықтан да күні ертең келін болып түскен жерінде ата-анасына, ауылына сөз келтірмеуін алдын ала ойлаған.

  Зейнеп АХМЕТОВА

Суреттер: byt52.ru

«Пингвин» тіскебасарын қалай дайындауға болады?

"Пингвин" тіскебасарын қалай дайындауға болады?

Қонақтарға жайған дастархан үстінде сүйкімді «пингвиндер» тұрса, бәрінің назарын аударары сөзсіз. Есте қалар тіскебасарды сіз де жасап көріңіз. 

Қажет болар заттар: 

– Зәйтүн; 

– Сәбіз; 

– Сұйық ірімшік (қаймақ та болады); 

– Тіс тазартқыш. 

1. Бізге үлкен және кіші зәйтүндер қажет. Үлкені пингвин кеудесіне, кішісі басын жасауға. Зәйтүндерді дәндерінен тазартып аламыз.

"Пингвин" тіскебасарын қалай дайындауға болады?

2. Тазартылған сәбізді дөңгелектеп кесеміз де (18 дана),  дөңгелектің бір жерін үшбұрыштап тағы кесеміз. Бұлар пингвиннің аяғы болады. Кесіп алынған үшбұрыштарды да тастаманың, олар кішкене тұмсық жасауға керек. 

"Пингвин" тіскебасарын қалай дайындауға болады?

3. Сұйық ірімшіктің кез келген түрін алыңыз. 

"Пингвин" тіскебасарын қалай дайындауға болады?

4. Үлкен зәйтүннің бір жақ бетін ақырындап кесеміз. Зәйтүн қатты ашылыр кетпеуін қадағалау керек, әйтпесе ішіне салынған ірімшік түсіп қалады. 

"Пингвин" тіскебасарын қалай дайындауға болады?

5. Кесілген үлкен зәйтүннің ішіне сұйық ірімшікті саламыз. 

"Пингвин" тіскебасарын қалай дайындауға болады?

6. Ішіне ірімшік салынған үлкен зәйтүнді тіс тазартқыштың көмегімен сәбізге қатырамыз. Бір-бірінен ажырап кетеді деп, абыржымаған дұрыс. Сәбізге нықтап орнатылса болғаны. 

"Пингвин" тіскебасарын қалай дайындауға болады?

7. Одан кейін кішкентай зәйтүнге саңылау қалдырамыз. 

"Пингвин" тіскебасарын қалай дайындауға болады?

8. Сол саңылауларға сәбізден кесіп алған үшбұрыш бөліктерді саламыз. Тұмсық дайын.

"Пингвин" тіскебасарын қалай дайындауға болады?

9. Кішкентай зәйтүнді тіс тазартқышқа орнатамыз. Пингвин алдымызда.

"Пингвин" тіскебасарын қалай дайындауға болады?

10. Осындай пингвиндердің біраз данасын жасап алып, дастархан көркін келтіруге болады. Мысалы, ақ ірімшіктіен айсберг жасап, айналасына пингвиндер қойсақ, өте әдемі  болады. 

"Пингвин" тіскебасарын қалай дайындауға болады?

Астарыңыз дәмді болсын!

Қыз тәрбиелі болса, келін өнегелі болады

 Қыз тәрбиелі болса, келін өнегелі болады

Өзге ұлттың қыз балаларын қайдам, біздің қазақтың қыздарының құлағын тесіп, сырға салу міндетті сияқты көрінеді. Құлағында сыңғырлаған сырғасы бар қазақ қыздары ерекше сұлу, ерекше әдемі. Сырға таққан қыздарға ақындар өлең арнап, сазгерлер сұлу ән шығарған. Сырғалы сұлуларын әнге қосып жүрген әншілер қаншама! Ал біз осы қарапайым өмірде қыздың құлағын не үшін тесетініне үңіліп көрдік пе? Жалпы, қазақ қыздарының құлағын қай жаста тескен? Құлақ тесіп, сырға салып қоюдың не мәні бар?

  Құлақ тесуде де тәрбие жатыр

Қазақта қыз баланың өміріндегі айтулы күн – құлағын тесу. Тоғыз жасты балиғатқа толған кез деп айтады екен, ал жеті – қазақ үшін қасиетті санның бірі. Қыздың құлағын көп жағдайда тек жеті жасынан бастап тескен. Тұлымшағы желбіреген кішкентай қыз жеті жасқа дейін қуыршақ ойнаған болса, құлағы тесілгеннен кейін оның мінез-құлқы бірден өзгереді. Осыдан бастап «сен енді сырғалы қыз болдың», «сырға таққан соң қыз санатына қосылдың, енді саған қуыршақ ойнау жараспайды» деп оның құлағына жайлап сіңіре береді. Бұдан былай ол қуыршақтың орнынан қолына кесте алады. Ою оюды үйренеді. Ол ендігі жерде жеңгелерінің қазан-ошақ жақта істеп жүрген істерін көретін болады. Құрт қайнатып, ірімшік жасап  жатқан апаларына көмектесіп, мән-жайын білмекке ұмтылады. Қыз баланың құлағын тек сәндік үшін, әдемілікке бола теспейді. Бұл да – тәрбиенің бір түрі. Мұны қыз баланың ертеңгі күні келін болуға дайындаудың алғашқы баспалдағы деп айтуға болады. Бұл – қыз баланы ісмерлікке, шеберлікке үйретудің басы. Ол біртіндеп үйдің шаруасына араласа  бастайды. Ұл баланы сүндетке отырғызған сияқты, қыздың құлағын тесу де – бірдей, ата-анаға парыз болып саналады. Жеті жастан бастап құлақ тескеннің белгілі бір заңдылығы бар. Ол осы күнді іштей асыға күтеді. Өйткені құлағын тескен соң қыз баланың мінез-құлқынан бастап, киетін киіміне дейін өзгереді. Қызға камзол мен әдемі етекті көйлекті құлағын тескен соң кигізетін болған. Осыдан соң-ақ ол өзін үлкен сезінеді, өзінің өміріне қажетті тірліктердің барлығын үйренуге тырысады. Саналы түрде соған бейімделеді, білмекке ұмтылады. Болашақ өмірге дайындықты осылай біртіндеп бастайды. Сол себепті де қыздардың құлағын тесерде абай болған жөн. «Салақтан олақ жаман» деген, қыз баланың салақ болуы, олақ болуы өзіне ғана емес, ата-анасы, қала берді ауыл-аймағына сын. Ондайды «өнеге көрмеген» дейді. Мұндайда, ең алдымен, ата-ананы кінәлайды. «Қызға қырық үйден тыйым» қыз баланың құлағын тесіп, сырға салғанынан басталады. Ол – «отырса – опақ, тұрса сопақ» етіп, тірсектен қағу деген емес, қыз – қырық үйден, қала берді қара күңнен де бір өнеге, бір үлгілі нәрсе үйрену деген сөз. Осыған дейін тұлымшағы желбіреп жүргенде оны баласынып ешкім елемеуі мүмкін. Ал құлағын тескен соң, үстіне көйлек-камзол кигізіп, шашын өріп қойғаннан кейін оны қыз болды деп есептеп, үлкендер жағы әрқайсысы өзінің бір өнегесін үйретуге тырысады.

                                                                                    Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: favim.ru 

Еріңізді қалай тамақтандырасыз?

Еріңізді қалай тамақтандырасыз?

Дәмді тамақ жегенді қаншалықты ұнатасыз? Ал еркектердің жүрегіне жол тарту асқазан арқылы да екенін білесіз бе? Саусағыңыздан бал тамған азпаз болмасаңыз да, күйеуіңіздің көңілінен шығып, қарны тоятындай тамақ әзірлей білсеңіз, сіз үнемі жұбайыңызға бағалысыз.

Ет. Жәй ғана сөз емес, ЕТ! Ет – еркектердің ең сүйікті тағамы. Егер сіз бешбармақты, қуырдақты жақсы дайындай алсаңыз,  қуана беріңіз.

Еркектер неге етті жақсы көреді? Ерлердің жыныстық гормондарының синтезіне ет протеиндері өте қажет. Сондықтан ет – нағыз ерлер тағамы. Оларға сүт тағамдары, балық, көкөністер ет секілді энергия, күш бере алмайды.

Калория.  Осы тұсқа келгенде ерлер мен әйелдер бір-біріне мүлде ұқсамайды. Біз, әйелдер аз калориялы, семіздікке алып келмейтін тағамдар жеуге не аз тамақтануға тырыссақ, еркектер – керісінше.

Мөлшер. Ерлер үйде қажетті тағамдардың бәрі толып тұрғанын, күнделікті жасалған тамақтың да тойымды, мол болғанын қалайды. «Менің үйім – тағам толы ыдыс. Ыдысым толы болсын!» Ерлердің осылай ойлайтынын ұмытпағайсыз.

Десерт. Ерлер тәттіге құмар емес деп ойлағанмен, олар балмұздақ пен шоколадтан бас тартпайды.

Бастысы – әртүрлілік. Ерлер төсекте де, дастарханда да әйел ісінің түрлі болғанын қалайды екен.

Күнделікті дайындайтын тамағыңызға өзгеріс енгізу қиын емес:

  1. Күнде 2 тағамды алмастырып жасай бермеңіз. Тамақты бір істегенде өте көп қылып жасамаңыз, оны тауысқанша ашып кетеді де, ысырап болады.
  2. Тіпті күніге салаттың өзін әр түрлі қылып жасауға болады.
  3. Егер жартылай дайын (полуфабрикат) тағамдар алғалы жатсаңыз да, мәзірді түрлендіріңіз: пельменнің орнына фарш салынған бұрыш, сосисканың орнына сардельки, т.с.с алыңыз.
  4. Ең оңайы аптаның әр күніне жасайтын түрлі тамағыңыздың тізімін құрыңыз. Бұл қажетті азық-түлікті анықтағанда да көп көмектеседі.

Егер сіз күйеуіңізді дәмді тағамдармен уақтылы тойдыратын болсаңыз, ол – еріңіздің ғана емес, өзіңіздің де денсаулығыңыздың кепілі. Себебі, дені сау, күшті, ас қорыту жүйесінде ақау жоқ ер – әр әйелдің бақыты. 🙂

Еріңізді қалай тамақтандырасыз?

Суреттер: mastergraf.net, unassvadba.ru

Ашамайға мінгізу – еңбекке баулудың басы

Ашамайға мінгізу - еңбекке баулудың басы

«Балаң ат жалын тартып мінді» деген сөзді жиі естиміз. «Ашамайға мінетін жасқа келіпті» деп жатамыз. Көшпенді халықтың баласы онсыз да ес білгеннен атқа мініп өседі. Бала өміріндегі қуанышты әрі атаулы күндерінің бірі – ашамайлы тайға міну. Әрине, қазақ баласы үшін атқа міну таңсық емес. Қыз болсын, ұл болсын, 2-3 жасынан бастап-ақ атқа мінген әке-шешесінің алдында отыратын болған. Өйткені халықтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты көшіп-қонуы, жолаушы жүруі немесе екінші ауылға қонаққа баруы дегендей, бала үлкендердің алдына отырып атқа мінген. Қазақтың кез келген баласы кішкентайынан атқа үйірсек болып өседі. Жылап жатқан балаға «атқа мінгізем» дегенде жылауын қоятыны да біраз жайды аңғартпай ма?! Баланың өзіне арналған бәсіреге ата-анасы арнайы ашамай жасатады. Ашамай дегеніміз – екі қасы Х әрпі сияқты болып жасалатын балаға арналған айшықты ер. Баланың аяғы қысқа болғандықтан, ашамайға үзеңгі салынбайды. Жабағы жүннен жасалатын терлікті де, оның үстінен салынатын тоқымды да баланікі болғандықтан көз тартатындай әдемілеп, жиектерін шашақтап, кестелеп, сәнді етіп жасайтын болған. Ашамайдың үстіндегі аткөрпе де балаға лайықталып тігілген. Осының үстінен тепкішек салынады. Тепкішек («аяққап» деп те атайды) киізден жасалады. Сыртынан қатипа, шұға сияқты маталармен қаптап, ою-өрнек салады әрі балаға арналғандықтан айналасын шашақтап қоятын болған. Тепкішек қоржынға ұқсайды, бала атқа мінген кезде екі аяғын тепкішекке салады. Ашамайлы тайға мінетін күні баланы әдемілеп киіндіреді.

Шашу шашылып, тілек айтылады.
Бәсіре тайың пыраққа айналсын!
Мінген ашамайың таққа айналсын!
Айналаң толы қауым болсын!
Лайым жолың болсын!
Тілейік біз ақ тілек,
Атқа жақсы шаба біл!
Жасыңнан малды баға біл!
Оқу-өнер таба біл!
Ел-жұртыңа жаға біл!

Тілек сайтынан

Аумин, жолың ақ болсын! – деп бата беріледі (бұл бір ғана нұсқасы). Тілек пен батаның адамға рухани күш беретінін мен үнемі айтып келем. Жақсы тілек естіп, бата алып өскен бала жақсылыққа құмар болады, естігенін ұмытпайды. «Пәлен атамның берген батасы», «түген әжем маған осындай тілек айтқан» деп үнемі айтып жүретін болған.

Бауырына салу қазаққа ғана тән

 Бауырына салу қазаққа ғана тән Әдетте үйдің тұңғышы үйленіп, дүниеге сәби келгенде атасы мен әжесі немерені бауырына салып жатады. Тіпті өздерінің баласы қылып «меншіктеп» алатын ата-әжелер жетерлік. Баланың туған ата-анасы да «атасының баласы», «әжесінің баласы» деп ата мен әжеге қарай икемдейді.  Қандай халықтың болсын өзіне тән өзгеден ерекшелендіріп тұратын салт-дәстүрлері, дағдылары бар. Бауырына салу деген бізбен қатар өмір сүріп жатқан халықтардың ішінде тек қазаққа ғана тән. Әрине, өзге ұлттар да немерелеріне қамқорлық көрсетеді, бағады, қарайды. Ал қазақтың ерекшелігі сол, тұңғыш немерені міндетті түрде атасы мен әжесі бауырына салған. Ол сол үйдің кенжесі болып өседі. Бұл, бір жағынан, «он үште отау иесі» болған жас отбасына деген қамқорлық болса керек. Екіншіден, баланы тәрбиелеуде өздері әлі жас ұл мен келіннің тәжірибесінің аздығын білгендіктен де, немерені бауырына салған, яғни бауырына салу – немерені уызына жаритындай етіп тәрбиелеуге атсалысу.

  Бала – балым, баламның баласы – жаным                                                                                                                                                                  

Өйткені ата мен әже – көпті көрген, өмірдің талай белестерінен өткен, жақсылы-жаманды өмір кешкен тәжірибесі мол адамдар. Ата-әже тәрбиелеген баланың, біріншіден, тілі ерте шығады. Себебі үлкен кісілер әрбір сөзді анық айтады, баламен үлкен адамша сөйлеседі. Бала жүре бастағаннан-ақ өздерімен үнемі ертіп жүретін болған. Бала кішкентайынан үлкендердің әңгімесін тыңдап өседі. Үнемі үлкендердің қасында жүретіндіктен бала атасы мен әжесінің тең тұстарын «пәленше атам», «түгенше әжем» деп солардың барлығын өңдеп-түстеп, кімнің кім екенін біліп, туысқанын танып өседі. Бала әке-шешесін біліп тұрса да «атамның баласымын», «әжемнің баласымын» деп жөн сұрағандарға ата-әжесінің аттарын айтып жатады.  Қонаққа барған балаға әдетте құлақ беріп жатамыз. Бұл да негізсіз емес. «Жақсы сөзге құлағы түрік болсын», «жақсы сөзді көп естісін», «ұғымтал әрі зерек болсын» деген ниет жатыр мұның астарында. Содан да болар, атасына еріп қонаққа барған бала да міндетті түрде құлақ күтіп отыратын болған. Қалай десек те, үлкен кісілердің сөздері орнықты, олар күнделікті күйбең тірліктің айналасындағы әңгімені айтпайды. Өздері бас қосқан кезде өткен-кеткен шежіреден, тарихтан әңгіме қозғайды. Ел ішіндегі әртүрлі түйткілді мәселелер, сол қоғамдағы болып жатқан жағдайлар үлкен кісілер арқылы баланың құлағына сіңеді.

       Зейнеп АХМЕТОВА

Қайшымен тұсау кеспеген

Қайшымен тұсау кеспеген  Бала өміріндегі тағы бір ерекше аталып, үлкен той қылып өткізетін салттардың бірі – тұсаукесер. Тұсаукесер – бала өміріндегі үлкен белестің бірі. Өйткені баланың бауырын жазып, қаз-қаз тұрып, бір аттап, екі аттаған кезде тұсауын кеседі. Өзге ұлттың баласының тұсауын кеспесе де жүгіріп кетеді, ал біздің қазақтың баласы тұсауы кесілмесе сүріншек болады екен…

   Ала жіптің сыры

Тұсаукесердің әр жерлерге байланысты кішігірім өзгешелігі болмаса, негізгі мән-мағынасы бір, яғни баланың алғашқы қадамына мән беру, тілек тілеу. Баланың тұсауын ала жіппен кеседі. Ақ жіп пен қара жіптің екеуін айқастыра отырып есіп, ала жіп дайындалған. Бұл – өмір-тіршіліктің нышаны. Өмірде барлығы қос-қостан жаратылған әрі ылғи қатар келіп отырады. Айталық, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық, қараңғы мен жарық, ыстық пен суық, ең бастысы, ер мен әйел… Бұлар қатар жүреді, бірінсіз бірі болмайды.Тек бір Алла ғана жалғыз. Ала жіптің негізгі мәні осында. «Кісінің ала жібін аттамасын, ұрлық қылмасын, қиянат жасамасын, жаман жолға түспесін» деген себеппен ала жіп дайындайды» деген түсінік бар. Өкініштісі, мағынасы тереңде жатқан дүниені осылай біржақты түсініп, «біреудің затын ұрламасын» деп қана «тұсау кесіп» жүрміз. Бұл – жаңсақ пікір. «Жақсылықта асып-тасымасын, жамандық көрсе, жабырқап-жасымасын, қуанышты күндерінде асылық жасамасын, қиыншылық басына түскенде еңсесі түсіп басылмасын, екеуінен тең өтсін» деген тілекпен қос-қостан келетін Жаратылыс заңының белгісі ретінде ала жіп таңдалып, баланың тұсауын кескен. Қазір тұсауды қайшымен кесіп жүр. Бұл дұрыс емес, өйткені баланың өмірі қайшыланып қалады, ал баланың алғашқы қадамын қайшылаудан бастасақ, ары қарайғы өмірі де күрделеніп, кедергілері көп болуы мүмкін. Сол себепті қайшымен кескенді қазақ қош көрмеген, тек өткір пышақпен шорт кесетін болған. Бұған да мән беріп қарайтын кез келді.

  Әжелер тұсау кеспеген…

Қай кезден бастап жаппай үрдіс алғанын білмеймін, бұл күндері қарап отырсаңыздар, тұсауды көбінде жасы үлкен әжелерге, кейуаналарға кескізіп жүрміз. Осыған жете мән беріп көрдік пе? Жүрісі ауырлаған қарт әжеге немесе ілби басатын кейуанаға тұсау кескізгенде, бала қалай жүріп кетеді деп ойлайсыз?! Осындай келеңсіздікті әсіресе телеарналарда көп көрсетеді. Сөз жоқ, ала жіпті көпті көрген, талай немере-шөбере сүйген әжелер әдемілеп ақ батасын беріп, баланың аяғына байлап береді. Ал тұсау кесетін адамды ата-ана алдын ала сайлайтын болған. Қыз бала болса, қимылы ширақ әрі пысық, ақжарқын мінезді, көпке қадірлі, ісін тиянақты әрі тындырымды атқаратын елге сүйкімді келіншектерге, ұл баланың тұсауын «пәленше ағасындай сері болсын, үлкен азамат болсын», «анау ағасындай саятшы, аңшы болсын» дегендей ел аузында, елдің алдында жүрген ер-азаматтарға кескізген. Бір жағынан, халқымыздың ырымшылдығы шығар, бірақ қалай дегенмен өзіміздің ата-бабамыз істеп келе жатқан салттың астарында үлкен мән, әдемі тілек, жақсы ниет жатыр. Ала жіп байланып, баланың тұсауын кесер алдында бір топ баланы жүгіртіп жібереді екен. Сол балалардың алдында озып келе жатқан екі бала таяған сәтте-ақ тұсауын кесіп жіберетін болған. Содан кейін ентігіп жүгіріп келген екі бала екі жағынан баланың алақанын алақандарына түйістіріп, уыстарына толтыра ұстап, дедектетіп ала жөнелген. Өйткені жүгіріп келген балалардың қаны қызып, күш-қуаты тасып, екпіні артып келді. Алақан арқылы осының барлығы тұсауы кесілген балаға, айталық, екпіні, күші, яғни энергиясы өтеді екен.

                                                                          Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: kazakh-tili.ru

Бүгінде көңіл де сатулы…

Бүгінде көңіл де сатулы...Баланың ана құрсағына біткені,  жарық дүниеге шыр етіп келгені, өсетіні – осының барлығы жаратылыстың өз ретімен келетін кезеңі.Балаға қатысты ендігі кезекте сөз еткелі отырған ырымдар жайлы не білеміз? «Бауырынан табақ алу» ырымы неге еңбектеп жүрген балаға жасалады? «Көгентүпте» не мән бар? «Танабау» жайлы білеміз бе?

Көп еңбектегеннің де пайдасы бар

Әсілі, қазақ халқы табиғаттың құпия сырларын жақсы білген. Жаратылыстың заңдылықтарымен үндесе отырып, соған орай өзінің тұрмыс-тіршілігін сәйкестендіріп, бағыттап өмір сүрген. Қазақтың толып жатқан ырымдары мен салттары жаратылыстың сондай заңдылықтарымен астасып, сәйкес келіп жатады. Әр нәрсе орнымен ғой, мысалы, ағарып таң атады, таңның шапағы көрінеді, күннің нұры түседі, содан кейін күн шығады, сөйтіп, рет-ретімен көктем келеді, жаз шығады, күз түседі, қыс болады дегендей, табиғаттың әрбір сәті, кезеңі өз уақытында, өз орнымен жүреді. Қазақ халқы осы заңдылықтарды терең түсінген, өйткені табиғаттан ажырамаған. Қазір «техника заманы» деп жүріп жаратылыспен байланысымызды үзіп алдық. Адам өміріндегі неше түрлі сәйкессіздіктердің, келеңсіздіктердің, ауру-сырқаулардың көбейгенінің бір ұшы осында жатыр деуге болады.

Бала дүниеге келді, қырқына шықты, езу тартты, талпынды, отырады, еңбектей бастады… Бала еңбектеуден де толық өтуі керек. Өйткені ол да –Алла тағаланың өзі жаратқан пендесінің басынан өткеруі тиіс өсу кезеңі. Қазіргі балалар көп еңбектемейді, өйткені жүруге бейімдейтін арбалар (ходунок) бар. Баланы бірден жүргізуге ұмтылған дұрыс емес. Оның зияны кейін шығады. Сүйектері әлі жетілмеген, буындары дұрыс бекімеген бұл кезеңде бала еңбектеуі керек. Сонда бұлшық еттері де толық жетіледі. Ол біраз уақыт алақандарымен жер тіреп, тізесімен еңбектейді. Еңбектеуге әбден үйренген балалардың  «ерініп» кеудесін көтергісі келмей қоятыны бар. Дегенмен ендігі жерде бала аяғын басып, қаз тұруы керек. Сондықтан «көбірек еңбектеуге үйреніп алып, кеудесін көтермей қоймасын» деп уақыты келгенде  «бауырынан табақ алу» деген әдемі бір дәстүрді ырымдап істейді. Баланың алақаны мен тізесін жерге тіретіп, бауырын көтертеді. Сол кезде оңнан солға қарай қант-кәмпит, құрт-ірімшік толтырылған табақты «бауыры тез жазылып кетсін», «еңсесі тез көтерілсін» деген жақсы тілектерді айтып, жеті рет бауырынан өткізеді. Сосын барып баланы ақырын қаз тұруға, жағалап жүруге үйретеді. Артынан «бала бауырын жазды» деп ауылдың әйелдері табаққа салынған түрлі дәмнен ауыз тиіп, «бауырынан табақ алу» шайын ішеді. Әңгіме шай ішуде емес, тілекте жатыр. Біздің халқымыз – өте тілеуқор әрі батагөй халық. Қиын-қыстау заманды, жаугершілікті, аштықты, зобалаңды, қанқұйлы шапқыншылықты бастан өткерген қазақты  аман сақтап келе жатқан осы тілеуқорлығы мен ниетінің кеңдігі дер едім.

                                                                                              Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: infomed.by

Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің…

Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің...Қазіргі келіндерге ұлттық өнегені көрсетіп, тәрбие беретін енелер азайды. Өйткені бүгінгі енелер мен әжелер – кешегі Кеңес өкіметінің келіндері. Олар көпбалалы болудан гөрі қызмет қуғанды қалады, ерлермен теңқұқықты болуға ұмтылды, осылай ерікті және еріксіз түрде ұлттық құндылықтан, тәрбиеден ажырады. Қазіргі жас келіндерді сол үшін де аяймын кейде. Өз басым, ұлттық тәрбиені алдымен өз келініме үйретіп, өз немерелерімнің бойына сіңіруге тырысамын. Өзіміз үйретпей тұрып, жастарды кінәлаудан аулақ болғанымыз жөн. Мақтанғаным емес, екі немереме де бесік жырын айттым. Үлкен немерем Нұрсұлтанның мінезі ауыр, салмақты. Ал Мадиярым төрттен асқанша жастықты тіземе салып, жата қалып, «әлди айт» дейтін. Бүгінге дейін: «Әже, маған әлди айтшы, ұйқым келді», – дейді. Оған өзімнің білетін бесік жырының барлығын, тіпті жанымнан шығарып айтып жүрдім. Ұғынықты әрі жаттап алуға ыңғайлы етіп:

                     Бөпем менің қайда екен?

                     Қыздарменен тауда екен,

                     Тауда неғып жүр екен?

                     Алма теріп жүр екен,

                     Қызыл алма қолында

                     Қыздар оның соңында,

                    Жүгіріп-жүгіріп жүр екен, – деген сияқты есте сақталатындай халық әніне салып айтамын. Ол бесік жырын тыңдап жатып маужырап ұйықтағанды жақсы көреді. Әуен, саз деген – құдірет. Алла тағала жеті дыбысты жаратқан, ал қазақ халқының тумысынан әнші халық екені әмбеге аян. Олай дейтініміз, қазақ баласының тілінің ерте шығып, өнерге үйір болуының бір ұшы осы бесік жырында жатыр.

 

Бесік жырының маңызы

Бесік жыры арқылы баланың тілі ерте шығатынына бүгінде мән бермейміз. Бесік жырын тыңдап өскен баланың есте сақтау қабілеті жақсы жетілетініне көңіл аудармаймыз. Бүгінгі ұрпақ шешендігінен, әншілігінен, ақындығынан, сабырлылығынан, парасаттылығынан ажырап барады. Бұл да – алаңдатарлық жай. Біздің елде ауыздан қалмай келе жатқан аңызға бергісіз әрі біздің әулетке қатысты бір әңгіме бар. Ертеректе бір келіншек бесігінен ажырамай жүрген баласын бесікке бөлеп, әлдебір жұмыстарымен шығып кетсе керек. Отағасы да сырттағы тіршілігімен кеткен. Жолай демалмақ болып тоқтаған бір жолаушы киіз үйдің тұсына келіп: «Кім бар-ау!» – деп дыбыс берген екен. «Кіре бер» деген дауысты естіп, ішке кірген жолаушы аңтарылып тұрып қалады. Үйде бесікте ұйқысынан оянған баладан басқа жан жоқ. «Өреде ашыма бар, өзің де іш, маған да бер» деген екен бала жолаушыға. Қазақтың баласының тілі жатықтығын, ерте шыққанын байқаймыз бұдан.                                                                                                                                  Қазақта «түйе мінген қазақ төрт ауыз өлең біледі» деген сөз бар, сөйте тұра бүгінде өзге мамандық иелері ән айтса, біртүрлі тосырқап қабылдаймыз. Ән айту қазақтың қанында бар екенін айтып өттік. Ендеше, әншілік өнер қазаққа неге жат болуы керек?! Керісінше, кешегі от ауызды, орақ тілді, сөзге жүйрік бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы тілден айырылған. Мақалдатып сөйлеген былай тұрсын, көрген оқиғасын, оқыған әңгімесін баяндап айта білмейді, әсерлеп жеткізе алмайды. Ойын толық әрі түсінікті қылып, еркін сөйлей алатын, әңгіме айта білетін балалар жоқ. Ендеше, қазақы мінезіміз бен болмысымызға қайта оралу үшін әр ана бесік жырын айтып, сәбиінің бойына сіңіріп өсіруі керек. Бесікке асыла отырып мейірлене бала емізген анадан, бесік жырын айтып отырған келіннен сұлу әйел жоқ шығар, сірә! Осыны естен шығармағанымыз жөн.

Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: moyapsihologiya.blogspot.com

БЕСІКТІҢ МАҢЫЗЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

БЕСІКТІҢ МАҢЫЗЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?Бесікте бала жылы әрі таза жатады. Жаңа туған және кіндігі енді ғана түскен сәбиді барынша жылы ұстау керек. Өйткені ол суықты тез қабылдайтын әлсіз әрі нәзік. Ал бесіктегі баланы қайта-қайта ашып киімін ауыстыру қажет емес. Бесіктегі баланың таза жататыны өз алдына. Тіпті сәбидің өз дәреті өзіне шашырап былғанбауы  үшін түбегіне күл салынады. Бесік баланы кездейсоқ қауіп-қатерден, құлап қалып бір жерін майып қылудан да сақтайды. Аттың жалы, түйенің қомында жүріп өмір сүрген көшпенді халық үшін бесік көшуге де өте ыңғайлы болған. Тағы бір мән беретін нәрсе бесікке бөленген баланың мінезіне байланысты, бесікте өскен баланың мінезі жайдары болады. Айталық, сөзге тоқтау, бірін-бірі тыңдау, салмақты болу, сабыр сақтау – барлығы біздің халыққа тән қасиеттер және адамның осылай болып қалыптасуына бесіктің пайдасы ұшан-теңіз. Ал қол-аяғы бос жатқан бала жеңілтек, ұшқалақ, сабырсыз болып өседі. Байқасаңыздар, қазір қазақ халқының мінезінде үлкен өзгеріс бар. Шыдамсыз, бірінің сөзін бірі тыңдағысы келмейтін сабырсыз, кез келген нәрсеге еліктегіш, қызыққыш деген сияқты… Бұл бесікке бөленбей өскен ұрпаққа тән.

Немересіне ертегі айтпайтын әжелер азайып бара жатыр, сәбиін бесікке бөлемейтін келіндер азайды. Мен осыдан қорқамын… (Б.Момышұлы).                     

Бұл – атаның 70 жылдары айтқан сөзі. Өз қолымен жазып қалдырған. Осы бір ауыз сөздің өзінде қаншама ой жатыр. Дәстүрден ажырасақ, ұлттық құндылықты, ұлттық болмысымызды жоғалтатынымызды меңзейді. Нақтылап түсіндірер болсақ, бесікке бөленіп өскен біздің ата-бабаларымыздың мінезі, болмысы қазіргідей болмаған. Мысалы, бесікте жатқан баланы босатқан кезде емін-еркін рақаттанып керілетінін байқаймыз. Ұйқысы тыныш, асты құрғақ әрі таза бала солай өзі керіліп-созылу арқылы өзінің денсаулығын жақсартып тұр. Бүгінде жас келіндердің саналарына толып жатқан әлдебір шетелдік методтар «бала бос жатуы керек» деген түсінік қалыптастырды. Бос жатқан сәби өз қолының қимылынан өз жиі оянатынын, ұйқысының жиі бұзылатынын аңғарамыз, бірақ мән бермейміз. Ал мұның өзі жаңадан қалыптасып өсіп келе жатқан бала мінезінің ұшқалақ болуына кесірін тигізбейтініне кім кепіл?! Мұның өзі біз қазақы болмысымыздан, салмақтылығымыздан, ұлттық  мінезімізден ажырап бара жатқанымыздың бір көрінісі емес пе?! Сайып келгенде, салт-дәстүр, әдет ғұрып жайлы өзіміздің ұлтымызға ғана мәселені сөз етіп келе жатқаннан байқағанымыз – еш нәрсенің негізсіз емес екендігінде, бірімен-бірі астасып жатқандығында, тұтас бір ұлттың ұлттық құндылығы саналатындығында. Бесікті де соның бір айқын бір дәлелі деуге болады.

ЕЛ БОЛАМ ДЕСЕҢ…

 Бұл күндері мерекелік іс-шараларда, әсіресе Наурыз мейрамында міндетті түрде салт-дәстүр үлгілері көрсетіледі. Оның жасандылығы бірден байқалады. Мұндай шараларда кәдімгі бала бөлейтін бесікке қуыршақ салып тербетіліп, ананың әлдиі, бесік жыры айтылады. Осындай көріністерді сахналардан жиі көріп жүрміз. Біздің қазақ халқы бесікті қасиеттейді, ешқашан бос бесікті тербетпейді. Ол – жаман ырым. «Бос бесік тербетіп қалды» деп перзенті шетінеп кеткен ананы айтады. Бәрінен сорақысы – он екіде бір гүлі ашылмаған қыз баланың бос бесікті тербетіп, бесік жырын айтатыны. «Ойын көрсеткенде тұрған не бар» десе де, бұл қазақ ұғымына қайшы келеді, халық педагогикасына жатпайды. Салт-дәстүрді насихаттау деген желеумен бұрмаланып жатқан істеріміз, өкінішке қарай, баршылық. Көзге де, көңілге де томпақ көрінетін көріністерді байқағанда «әттеген-ай» деп қоя салуға да болады. Бірақ біліп тұрып айтпаса, ол да күнә дейді. Ал біз үшін біреулер сырттан келіп балаларымызды ұлтттық өнегемен өсіріп бермейді. Өйткені жас ұрпақ – өзіміздікі, егемен еліміздің иесі – солар! «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген Мұқаңнан (М.Әуезов) артық не айтуға болады?! Өйткені ұлттық мінез бесіктен қалыптаспақ…

                                                                                                Зейнеп АХМЕТОВА

 

Үй жинағалы жатырсыз ба?

Үй жинағалы жатырсыз ба? Үйіңіздің жинақы әрі таза болғанын қалайсыз ба? Онда біз ұсынар 5 кеңеске назар аударыңыз. 

1. Шаршап тұрғанда үй жинауға кіріспеңіз.

Демалып, көңіл-күйіңіз жақсы кезде үй жинасаңыз, әрі тез бітесіз, әрі шыдамсыздық танытып, жарты жолдан тастап кетпейсіз. Ең бастысы, едендегі шаңдарға, төгілмеген қоқысқа қайта-қайта ашу шақырып, жүйкеңізді жұқартпайсыз.

2. Тәртіп орнатыңыз.

Егер үйіңізде әр заттың өз орны болса, бөлме тап-тұйнақтай көрінеді және іздегенде оңай табасыз. Ол үшін майда заттарды сөрелерге тізіп қоймай, қорапқа салып қойыңыз, артық заттарды адам көзінен таса жерлерге жинаңыз. Көзге ұрып тұратын майда-шүйде дүниелер аз болған сайын үйіңіз де жинақы көрінеді.

3. Артыңызды жинап жүріңіз.

Бұл ережені үйдегі барлық адамдарға ескертіп қойыңыз. Егер үйде біреу қандай да бір затты қолданды ма, қайтадан орнына қоюы керек. 2-пунктті сақтауға көмектеседі және үй жинағанда да септігін тигізеді.

4. Көп шашылатын аймақтар

Үй жинап бола салысымен бірінші шашылып, заттар қайта ретсіз болатын орындар – едендер мен кілемшелер (әсіресе дәлізде, кіре берісте), жуынатын бөлмедегі айна мен раковина алды, теледидар экраны мен соның айналасы. Үнемі осы жерлерді сүртіп, тазартып, реттеп жүруге тырысыңыз.

5. Ұмытпаңыз.

Шаң сүртуге арналған шүберек таңдарда құрамында микрофибра барын алыңыз. Ол баттасқан кірлерді езгенде де, шаңдарды сүрткенде де, жақсы көмектеседі.

Сурет: leow.ru

БОС БЕСІКТІ ТЕРБЕТПЕЙДІ…

БОС БЕСІКТІ ТЕРБЕТПЕЙДІ...Ата-бабаларымыз ешқандай ғылыми атақ алмай-ақ ата дәстүрімен ұрпақ өсіріп, бала тәрбиелеп сіз бен бізге мол рухани қазына қалдырыпты. Қазақ халқы – өте балажан халық. «Артымда қарайып ұрпақ қалсын, шаңырағымда шырақ жансын» деп ұрпақ жалғастығына зор мән беріп, баланың ат жалын тартып мінер азамат болуы жолында күш қайратын аямаған. Қазақта бала шыр етіп жарық дүниеге келген күннен бастап бірінен кейін бірі ретімен келіп жататын үлкенді-кішілі той-томалақтарының бірі – бесікке салу. Келіннің төркіні ерекше сән-салтанатымен әкелген бесік әкелудің жалғасы нәрестені бесікке бөлеуге, яғни бесіктойға ұласады. Кейбіреулер «баланы қырқынан шығарған соң бесікке бөлейді» деп жүр. Бұл дұрыс емес. Олай дейтінім, қырқынан шыққан бала бос жатып үйреніп қалады, көп жағдайда бесікке жатпай қояды. Ал баланы кіндігі түсе салысымен бесікке бөлеген.

Бесіктой – бала өміріндегі атқарылатын тойлардың маңыздысы. Алдымен бесікті баланың жатқанына ыңғайлы етіп бүкіл жасау-жабдығын салып дайындайды. Содан соң міндетті түрде аршамен, адыраспанмен аластайтын болған. Мұның өзі де тазалыққа жатады әрі жын-шайтан үйір болмасын деген ырым. Жын-шайтан деп отырғанымыз – бір жерге жиналып қалған ауыр энергия. Нәресте тіл-көзді көтере алмайтын нәзік болғандықтан, бесікке періштедей пәк сәби жататындықтан да бесікті аластайтын болған. Сосын бесіктің түбек орнатылатын жерінен (арнайы ойылған ойық тесік) орамалға түйілген қант-кәмпит, құрт-ірімшікті «тышты ма» деп сұрай отырып ары-бері өткізеді екен. Жан-жақтан әйелдер шуылдасып «тышты-тышты» дегеннен кейін  орамалдағы түйілген дәмді ырымдап таласып алған. Бұл – бесікте жатқан баланы дәреті қинамасын деген ырым. Баланы бесікке үбірлі-шүбірлі, немере-шөберелері көп, өсіп-өнген әрі елдің анасы атанған әжелер салған. Бұл әжелер үшін мәртебе саналған әрі олар құрмет пен сый-сияпатқа ие болады.

Бесікті кез келген ағаштан жасамайды. Бұл мүлікті қасиеттеп аршадан, иіуге икемді болғандықтан көп жағдайда талдан жасаған. Талбесік аталуының негізі де осында жатыр. Бұл екі ағаштың әрі әдемі иістері бар, әрі мықты, құрт түспейді, шірімейді. Баланың иіс сезу, көру, есту қабілеттерінің дамуына, яғни баланың денсаулығына да бесіктің әсері мол болған. Қазіргі базарларда сатылып жүрген бесіктер қандай ағаштан жасалғаны белгісіз және түрлі-түсті бояулармен боялған. Бесік қынамен бояса бояған шығар… бірақ әлеміштеп сырламаған. Көрер көзге әдемі болғанымен мұндай құрамында химиялық қоспасы бар әрі кез келген ағаштан жасалған бесіктердің бала денсаулығына пайдасынан гөрі зияны мол екені айтпаса да түсінікті…

                                                                                               Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: akbosaga.citylife.kz 

БЕСІКТІ КІМ ӘКЕЛГЕН?

БЕСІКТІ КІМ ӘКЕЛГЕН?

      Біздің қазақта бесік әкелу деген бар. Бұл салт, әсіресе, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жақсы сақталған. Тіпті бұл – Кеңес өкіметі кезінде де осы аталған өңірлерде маңызын жоймай сақталған салт. Бесікті баланың нағашы әжесі әкеледі. Келін босанғаннан кейін өзін-өзі сыйлайтын кез келген ана міндетті түрде құдаларына құтты болсын айтып, қызының қал-жағдайын білуге келеді. Бұл – ана үшін парыз. Өйткені жатжұрттық болған перзентің «ана» атанып жатыр. Ана болудың қандай екенін жүрегінен жұлып қызын ұзатқан әр ана жақсы біледі. Демек, қызының жағдайын білуге, құда-құдағиына құтты болсын айтып баруға әрбір қазақ әйелі міндетті.

Қазақтың жаңа түскен келіні басына ақ орамал салмаған. Олар әдетте көйлегінің түсіне орайластырып түрлі-түсті орамал таққан. Алғашқы перзенті туып, тұңғышын өмірге келтіріп, «ана» деген атқа ие болған кезде қыздың анасы ақ орамалын әдейі арнап алып келген. Тіліміздегі «ақ жаулықты ана» деген тіркес осыдан пайда болған. Жатжұрттық қыз өмірге сәби әкеліп, өзі ана атанғандықтан да басына салынған ақ орамалды «ананың ақ жаулығы, ақ орамалы» деп қасиеттейді.

БАЛА ӘСЕМДІККЕ БЕСІКТЕН ҮЙРЕНУІ КЕРЕК
Бесік әкелудің өзі керемет бір сән-салтанат десек те болады. Келіннің төркіні «іздеушісі, сұраушысы бар екен» дегізіп, бір топ болып келетін болған және де жай келмей, баланың бесік жабдығын түгелімен, түбек-шүмегіне дейін жасап әкелген. Бесіктің жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған. Түбегі мен шүмегінен басқа, қолтық жастық, тізе жастық дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген. Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті маталардан тігіледі. Бесіктің басына үкі тағады. Өйткені бала әсемдікке, әдемілікке бесікте жатқан кезден бастап үйренуі керек. Бала бесікте көп жатады. Бесік – баланың жылы ұясы. Баланың нағашы жұрты бесікпен бірге, немерелі болып жатқан құда-құдағиға да сый-сияпатын ала келеді. Қызы мен күйеу баласын да құр қалдырмайды. Әрине, мұның бәрі әркімнің қал-қадерінше жасалады, шелектік айраны бар қоңырқай тұрмыстылар өз шама-шарқынша дегендей… яғни белгілі бір тәртібі, қатып қалған қағидасы жоқ, әркім өз шамасына қарай атқаратын болған. Тұрмысы барлар баланың киім-кешегін, жөргегін салатын арнайы кішкентай сандыққа дейін жасап әкелген екен. Сәбилі болып жатқан қызының нәрестесіне бесік әкелу – қыз төркінінің, әсіресе, анасының парызы. Қазірдің өзінде бесік әкеліп жатқан, тіпті болмағанда баланың арнайы төсегі (манеж), арбасы, үстелі дегендей, балаға қажет жабдықты әкеліп жатқан аналар баршылық. Бұл – бір жағынан, құда-жекжат арасындағы үлкен сыйластық. «Бие құлындамаса, ат болады, ағайын-туыс алысып-беріспесе, жат болады» дегендей, бұл – екі жаққа дәнекер ғана. Әйтпесе ешкім алғаннан – бай, бергеннен кедей болмайды. Бесік әкелу құда-құдағи арасындағы көңіл сыйлау болса, екіншіден, жас босанған келіннің көңілі көтеріліп, сағынышы басылады әрі енесіне айта алмағанын анасымен бөліседі, көңілі өседі. Өйткені әр адамға өз анасынан жақын адам жоқ. Ал келіннің жүзі жарқын, көңілі тоқ болса, баланың да денсаулығы мықты болатыны белгілі емес пе…

Зейнеп АХМЕТОВА

 

БЕСІК ПЕН ШАҢЫРАҚ – КИЕЛІ ҰҒЫМ

БЕСІК ПЕН ШАҢЫРАҚ – КИЕЛІ ҰҒЫМ        Халқымыздың дарқан көңілі мен көл көсір пейіліне қарай біздің жеріміз де ұлан-байтақ кең далаға, өзен-көлге, орман-тоғайға бай. Халқымызбен бірге жасап келе жатқан небір әдемі де айшықты салттарымыз жетерлік Соның бәрінің көзін тауып, ретін келтіріп кешегі құндылықтарымызды бүгінгі жақсымен ұштастырып, тұрмысымызға енгізгеніміз дұрыс. Біздің салтта бәрі бар әрі текті, барлығының ізгі ниеті мен астары бар. Өзімізге мүлде жат әрі болмаған өзгенің салтын тықпалағанша, өзіміздің таным-нанымдарымызды насихаттасақ, ұрпақ алдындағы борышымызды өтеген болар едік.

        Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бірімен-бірі байланысып, ұштасып жатады. Осынау қасиетті үш затты қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған әрі күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған. Неге? Өйткені кез келген үй табалдырықтан басталады, отыңның басы сол табалдырықтан бастау алады. Ал бесікпен сенің ұрпағың, әулетің өседі. Бесік – киелі мүлік. Біз өмірге жаңа келген баланы періштеге балаймыз. Дүниеге жаңа келген бала періштедей пәк, таза. Сәби мен періштенің аты қатар аталады, сондықтан да бесікті қазақ таза ұстаған. Бесіктің бірде-бір затын кірлетпейді. Шаңырақпен еңсең биіктейді, түтінің шығады. Кей өңірде тым ескірген шаңырақтан ләйлекке (айст) арнап ұя жасайды. Бабаларымыз, осылайша, бір кездері түтіні шыққан шаңырақты да ендігі жерде балапанын өрбітетін құстың мекеніне, ұясына айналдыра білген. Шаңырақты қиратып кететіндер де болған, «шаңырағын ортасына түсірді, бесігін бұзды» деп жатады. Бұл – дұшпанның ісі.

       Бұрындары адамдар сырттан келгенге «ауылда осынша шаңырақ, осынша түтін бар» деп таныстырып жатушы еді. Түтіні шықпаған, ешкімі қалмаған үйді «оты өшті» деп жатады. Немесе қайсыбір асып-тасып тұрғандарға «әй, шаңыраққа қара» деп жатамыз. «Түтінің түзу ұшсын», «шаңырағың биік болсын» деп бір-біріне жүрекжарды тілегін айтатын да – біздің дана халық. Бүгінде осындай әдемі де астарлы сөздерді «жанұя» деген мағынасыз сөздің басып жатқаны өкінішті-ақ.

   Зейнеп АХМЕТОВА

 

Жігіттер не себепті отбасын құрады?

Жігіттер не себепті отбасын құрады?  Кейбір бойдақ жігіттерге  «Неге үйленбей жүрсің» деген сауал жолдасаң, үйленетін қыздың жоқтығын айтады. Ал қыздардан сұрасаң, не күледі, не ашуланған кейіппен жауап береді. «Қыз таппай жүрген» жігіттер бәрібір үйленеді. Өйткені, отбасын құру керек. «Үйлену керек» деген мақсатты көздеген жігіттер асығыс шешім қабылдағанына өкінгенін білдірмесе де, «жаман қатынның қайдан шыққанын» білмей дал болады.

Ал енді еркектер қауымы не себептен үйленетіндігін сұрау арқылы жүргізілген сауалнаманың  қорытындысына сүйеніп, жігіттің әйел алуына түрткі болар себептерді топтастырайық.

Қанша жерден жасыруға тырысса да, еркектер тән қажеттілігін алға тартып  үйленеді екен, яғни жұбайлық өмірдегі жыныстық қатынасты қажет етеді. «Тегін төсек болғаны үшін» деген әзіл ауыздарына бірінші түсіп, артынан қалжың екенін айтып, келесі себептерін сөз қылып жатады. Күнделікті төсек қатынасын керек ету ықпалымен үйленетін жігіттердің жасы 25-ке дейін ғана. Махаббат, сезімдердің соңы да гормондардың іске қосылып, жыныстық қатынасқа ұласуына әкеледі.

Артынан ұрпақ қалдыру мақсатымен үйлену екінші кезекте тұр. Олардың қатарын сүр бойдақтар толықтыратын көрінеді. Бірақ, бала сүюге асығу – әйелдердің бойында жиі болатын қасиет. Ол әйелдер үшін – күйеуін жанында ұстап қалу үшін немесе өзін толыққанды бақытты сезіну үшін мақсат болса, еркектер үшін – ізін жалғау, ұрпақ сабақтастығы. Былайша айтқанда, бүгінгі күннің емес, болашақтың қажеттілігі.

Тұрмыстық жағдайының жинақы әрі дайын болғанын қалағандықтан үйленуге асығатын  жігіттер бар. Олар анасындай, пысық, үй қызметтеріне жатық қыздарды іздеп табуға тырысады. Алайда, бұл үйленуге ықпал болатын себептердің соңғы жағынан орын алуда. Қаражатты көп табатын еркектер үй қызметкерлерін ұстау арқылы да жайлылыққа жете алады. Негізінде, жігіттерге қарағанда, қыздардар тұрмыстық мәселелер жайлы көп ойлайды. Болашағында өзін, бала-шағасын асырай алатын, тамағын таба алатын, үйінің, мүлкінің бар болғанын қалайды.

«Қаласаң да, қаламасаң да, үйленесің» қағидасымен отау құратын жігіттердің отбасы керемет жарасым тауып кетуі мен екіге айрылу қаупі елу де елу. Үйленуден басқа жол болмай, шаңырақ көтеруге себептер арасында кең етек жайғаны – қыздың екіқабат болып қалуы.

Өз борышын өтеу үшін шаңырақ көтеру жігіттерді үйленуге алып келетін соңғы себептердің қатарын толықтырады. Олар әрине «анам шаршамасын, ата-анам немере сүйсін, әжем шөбересін көріп кетсін» деген сияқты адал ниетті іске асырумен жалғасып кете барады.

Ал жанына серік іздеп, жалғыз қалмаудың жолы – неке, үйлену деген себеппен отбасын құратындар асарын асап, жасарын жасап болған, қырықтың қырқасынан біраз асқан еркектерде болатын себеп. Сондықтан жас жігіттер арасында бұл ықпал соңғы орында.

Сауалнама барысында алынған жауаптардан мысалдар келтіре кетсек:

ЖІГІТТЕР НЕ СЕБЕПТІ ОТБАСЫН ҚҰРАДЫ?

Абай Асанкелді : Ең бірінші – адам жалғыз жүре алмақ емес. Мен үшін болашақ жарым менің досым, әрі сырласым болғанын қалаймын. Сондықтан мен үшін ең бірінші себеп жаныма жақын адам табу. Екінші – ол әрине жыныстық қажеттілік. Үшінші – ата-анамның үмітін ақтап, бір келін апарып берсем деймін.

Абзал Сариев: Не үшін???? Амалсыз ұрпақты жалғастыру не байлығым жатқа қалмасын деген ойда емес, Жалпы өзімнің саналы ғұмырым басталғалы – өз балама (қызыма) мен үшін ең бастысы дұрыс адами ТӘРБИЕ беріп, оны АДАМ етіп шығару деген ниетте үйленермін!

Садық Шерімбек: Күніммен түнімді, қуанышым мен мұңымды бірге бөлісетін бір жанның болғанын, балаларымның болғанын қалаймын. Әрине, әзірге өз қажеттілігім үшін үйленем дегені емес, тамақты мен де жасай аламын. Табиғи қажеттілікті есепке алмағанда, жұптасып ғұмыр кешу, тіршілікті жалғастыру – өмір заңдылығы, Алланың бұйрығы. Болашақ әйелім махаббатым емес, бұрыннан жақсы түсінісетін, жанашыр дос қызым болса, керемет болатын еді.

Алдан Жылгелдi: Өмірде қандай да болса тұрақтылыққа талпынудан туындаған үрдіс болса керек…

Жалгас Ертай: Табиғи қажеттіліктерінің тікелей қатысты себебін айтпай, кейбір еркектер репродуктивтілік және басқа да қажетсіз нәрселер туралы ой тарқата бастауы мүмкін, оны ешкім теріске шығармайды. бірақ, факт одан өзгермейді 🙂

Абай Омаров: Тамақ пісірмеу үшін, үй жинамау үшін, киімдерімді үтіктемеу үшін, жұмыстан немесе басқа жерден ашуланып келгенде, жыныңды әйеліңнен алу үшін.

Жанасыл Болатбек: «Табиғи қажеттілігін қанағаттандыру үшін» десем, бола ма?

Сурет: ameno.ru

Кез келген жөн-жоралғы рухани күшке ие


Кез келген жөн-жоралғы рухани күшке иеРасында, бүгінде көп балаларды «уызға жарымағандар», «емшектің сүтін тауысып ішпегендер» деп айтуға дәлел жетіп жатыр. Шыны керек, әсіресе, Кеңес Одағының кезінде перзентханаларда баланы анасына үш-төрт күннен кейін бір-ақ көрсеткен. Ол екі аралықта ананың уызы кетіп қалады. Арнайы шыны құтыға сауып берген сүтті балаға берген-бермегенін кім білсін… Бүгінде бала туыла салысымен анасының жанында болады, яғни баланы уыз сүтімен тойдыруға толық мүмкіндік бар.

Ертеректе қазақтың келіндері баланы міндетті түрде 1,5-2 жасқа дейін емізген. Неғұрлым сүтті қалдырмай қақтап емсе, ана да сау болады әрі бала да жақсы жетіледі. Бүгінгі келіндеріміз, керісінше, бір-екі айдан соң-ақ баласын емшектен шығаруға асығады. Дәрігерлердің дабыл қағып айтып жүрген төс ауруларының көбейіп кеткені жайлы естіп те, оқып та жүрміз. Түптеп келгенде, бұл – баланы емшектен ерте шығарғаннан пайда болатын кесел. Қазір балаларға арналған жасанды тамақтың түрінің көптігінен де келіндеріміз соған сүйеніп алған, емізгілері келмейді. Соның салдарынан қазір әлжуаз, аурушаң бала көп. Өз басым, ел аузындағы аңыз-әңгімелерде суреттелетін алып батырларымыздың тұлғасын кітаптан ғана оқып қаламыз ба деп қорқам. Өйткені ұрпағымыздың ұсақталып, майдаланып бара жатқаны – уыз сүтке тоймағанның, емшек сүтін ұзақ ембегеннің салдары. Бүгінгі әскер қатарына шақырылғандардың көбінің әскерге жарамсыз болып жатқанының бір ұшы осында жатыр. Қанша жерден өркениетті елміз, білімді ұрпақ өсіп жатыр дегенмен «әжелер университетінің» ұлағаты мол тәлім-тәрбиенің қайнар көзі екенін ұмытып жатамыз.

 

 ЖАСАНДЫЛЫҚҚА БОЙ ҰРҒАННАН ҰТАРЫМЫЗ НЕ?

Он-он бес құрсаққа дейін көтеріп, он шақты баланы дүниеге әкеліп, салт-дәстүрден ажыратпай, ұрпағына тектік қасиетті сіңіріп өсірген әжелеріміздің бүгінгі келіндері жайлы ауыз толтырып айта аламыз ба? Қазақ әйелдерінің өмірге бір-екі бала ғана әкелуінің себебі неде? «Балалы үй – базар» дейтін ата-бабамыздың бүгінгі ұрпағы көпбалалы болудан неге қашады? Құдайға шүкір, бүгінде 4-5 баланы дүниеге әкеп жатқан келіндер баршылық. Бір кездері қазақ отбасыларының, әсіресе қалалық қазақтардың «бір бала – аз, үш бала көптік етеді, екі бала жетеді» деген кертартпа ұғымына қарсы келіп, бала санын шектемейтіндердің қатары, құдайға тәубе, көбейіп келеді. Айналып келгенде, «байлықтың еріп кетер мұз екенін» қазақы болмысымызбен мойындап, соңында қалар ізі – ұрпағының көп болуына саналы түрде мән беретін отбасылар санының көбейгені көңіл қуантады. Бірақ кейінгі кездері белең алып бара жатқан бір жай мені аз ойландырмайды. Ол – бүгінгі келіндеріміздің көпшілігінің «кесер тілігі» арқылы босанатындығы. Мені алаңдататыны – табиғи толғақтың орнын дәрі егу арқылы жүзеге асыратын жасанды толғақтың басып жатқандығы, яғни келіндеріміздің көп жағдайда баланы жарып алуға келісетіндігі. Неге екені, бүгінгі келіндеріміздің көбі «кесер тілігі» арқылы босануға келіседі әрі көп жағдайда дәрігер де соған үгіттеуге «әуес». Бала бойына біткен жас ананың санасына арнайы тіркеуге алынған күннен бастап, солай сіңіріп, баланы жарып алуға бейімдейтіні өкінішті. Ал біздің қазақта жаныңды азапқа салатын толғақ босана сала ұмытылатын «ұмытшақ» ауру болып саналған. Сүйегің сынып кетердей сырқырап, жаныңды көзіңе көрсетіп ауыртатын бұл «ауру» өмірге перзентіңді әкелген минутта-ақ ұмытылады. Бебеулеткен азапты аурудың соңы тілмен айтып жеткізе алмайтын құдіретті сезімге ұласатынын сәбиін тоғыз ай көтеріп дүниеге өзі әкелген кез келген ана біледі. Кез келген ана перзентін дүниеге әкелген сәтте-ақ біраз уақыт бұрынғы бастан өткерген толғақ ауруын ұмытып үлгереді. Өйткені жаңағы адам айтқысыз «ауруды» одан да құдіретті, одан да ғажап ана деген ат, аналық ұлы сезім басып кетеді. Құрсағын жарып шыққан сәбиінің аман-есен өмірге келгенінің өзі-ақ ащы толғақтың азабын ұмыттырып жібереді. Бұрынырақта тұңғышына аяғы ауыр келіндерден әжелеріміз ақыл-кеңесін аямаған. Басынан өтер ащы толғақтың уақытша екенін түсіндіре білген. «Итке кет деме», «түйенің етін жеуге болмайды» деп сақтандырып, ырым қылса, бір жағынан, ақ алғысты атанған келіндерге кемеңгер әжелеріміз «жаратқан оң толғағын берсін» деп батасын беріп, қол-аяғын аман-есен бауырына алуын тілеген екен.

Бір өкініштісі, бүгінде көп келіндеріміз толғақты ауырсынып, табиғаттың құдіретті сыйынан саналы түрде бас тартып жатыр. Мені таңдандыратыны  – бар болғаны 21-22 жастағы тұңғыш баласын дүниеге әкелетін жас аналардың осыған келісетіні. Барлығы емес, бірақ көптеген келіндеріміз табиғи түрде өмірге бала әкелуден бас тартады. Олардың дүниеге перзент әкелу сәтінде бастан өткеретін жаратылыстың құпияға толы сырын білуге ұмтылмайтындығы, «кесер тілігіне» оп-оңай келісе салатындығы ойландырады.

 Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: vse-pro-detey.ru