Пенелопа екеуміз

Арманы өлмес, аз ғананың біріміз,

Айдың жарық,

Күннің ыстық түріміз.

Біреулерге өліден де өліміз,

Біреулерге тіріден де тіріміз –

Пенелопа екеуміз.

 

Батыр біткен қан майданда қырқысып,

Жан берісер тау жастанып, бұлт ішіп.

Біз күтеміз –

Жел аямай жұлқыған

Күзгі, соңғы жапырақтай тыртысып –

Пенелопа екеуміз.

 

Жүрек қана мекен етер сараймыз,

Һәм бақытты болуға да жараймыз.

Өкінбейміз өрмек тоқып отырып,

Өзгеге емес, терезеге қараймыз –

Пенелопа екеуміз.

 

Гүлнәр Салықбай

Наз

Наз

Хабарсыз кеттіңіз көп уақыт…

Ұқпадым

Жоғалттық нені біз?!

Ұялшақ жүректі тулатып,

Сіз мені «сүйем» деп едіңіз….

 

Ойымнан шықпайсыз күні-түн…

Сіз жоқсыз….(Өмірім мұздады-ай)

Біз шерткен сырларды ұмытып,

Алаңсыз жүресіз Сіз қалай?!

 

Үміті жылатпай жетелер

Көңілді…

Біз жүрген іздермен.

Мен Сізді жек көріп кетер ем,

Жүр мені Серт қинап Сіз берген…

 

Уәдеміз бір еді.

Білемін…

Мен берген Сертімді бұзбадым!

Селт етпей мен суйген жүрегің,

Қай жерде отырсыз Сіз…

Жаным…

Наз

Өлеңді жазған: Индира Кереева

Сурет: favim.ru

Қарындасым жылап тұрған сияқты…

Қарындасым жылап тұрған сияқты...

***

Мен ауылдан кеткен кезде көктем-тін,

Көңіл сонда шыққан және шектен тым.

Қарындас-бұлт мұңын шағып Алтайға,

Суық жасын тас төбемнен төккен түн.

 

Еншісіне бір жылулық тимеген

қоштасуды

О бастан-ақ сүймеп ем.

Лайсаң жолда жылай алмай тұрдым мен,

Жел ғана үнсіз бөрте сайда билеген.

 

Қарындас-бұлт, сені мұңлы демес ем,

Сол түні ауыр күрсініп ең неге сен?!.

…Біздің жақтың қалжыңы ащы, айтпақшы,

«Тақпағыңды қойсаш!..», – деді жеңешем.

 

Көктем еді…

Көктем деген шақ қана,

Үнсіз кеткем, кеткенім жоқ мақтана.

Өмір солай алғашқы рет бір шоғын,

Тастай салды жүрек дейтін мақтама.

 

Ауыл айын еске алам деп қияқты,

Жанарымнан жаһұт күндер жиі ақты.

Кәрі Алтайға мұңын шағып,

Мені ойлап,

Қарындасым жылап тұрған сияқты.

Қарындасым жылап тұрған сияқты...

Өлеңді жазған: Азамат Тасқараұлы

Бетперде

Бетперде

Кешір мені…
Жайлар тағы қынжылтты есімдегі.
Есімдегі елестен аласұрған,
Айрылғандай күй кештім жанашырдан.
Жанашыр жан..
Сен бе едің сүйген мені?
Сезіміңе сыңар боп күй мендегі…
Күймең мені ап кетті арманға аппақ,
Кете бардым кіршіксіз Ардан да аттап.
Ардан да аттап,
…періште ем бейкүнә мен…
Билеп алды еркімді сиқыр әлем…
Сиқыр әлем көзбояу екендігін,
Бетперденді шешкенде бекер білдім..
Бекер күлдім…
Жаным қан жылап іштен,
Жауымды да таңданттым бұл әдіспен.
Тұрады үстем шаттықтан неге мұңым?
Сетінеген сезімнің себебі кім?
Сенерім кім?
Жаным-сыз, тұманды-іргем,
Көзім ағып түскенше жылармын мен…
Жылармын Мен, күрсінтіп Ар батпаны,
Ажал келіп қапқанша Жан қақпаны…
Ойыныңа кіргізіп сен біреуді,
Қойынына енерсің алдап тағы….

Бетперде

Өлеңді жазған: Жұлдыз Қазихан

Суреттер: mynov.ru

Ақын мен жұлдыз

Ақын мен жұлдыз

Жаным саған сыңар дер ем бір бөлмей,

Тағдыр бізді сырлас қылған білгендей:

Мені ешкімнің түсінгісі келмейді,

Сені де ешкім түсіне алмай жүргендей…

 

Неге ғана осы күйді көп кешем?

Жерде мұңға мен шомылдым , көкте сен…

Көз алдымда ақын болып барасың,

Жарар еді мен жұлдыз боп кетпесем…

 

Солғын кейіп санамдағы сөзді ұрлап,

Боз кештерде мұңайтса да бозғыл бақ,

Жасқа айналмай кеудемдегі жан сырым,

Өлең болып жатқаннан соң көз құрғақ…

 

Қою түннің бұрымына өрілген,

Күміс нұрың көрінеді көгімнен.

Сенің отың күннен де ыстық сияқты,

Жұлдызым-ай, таң алдында көрінген!

 

Жылдар қанша ауысса да жылдарға,

Түнек әлем орнай қоймас бұл маңға.

…Ғажабынан айрылмайды дүние-

СЕН НҰР ТӨГІП, МЕН ЖЫР ТӨГІП ТҰРҒАНДА!!!

Өлеңді жазған: Рахат Әбдірахманов

Сурет: chitalnya.ru

Мен сендікпін…

Мен сендікпін...

Аңсарым, аспаннан түс бері,
Мен жүрген шаһарға жақында.
..Қуаты басымдар күштеді,
Тағдырым алып жүр тақымға..

Сенделтіп.. сең соғып жүргенін,
Көкірек көзі бар көрмеді.
Сезімім сүйретіп сүлдерін,
Күндерім өте ме өлмелі?!

Көргеннің болар ма барі ұмыт,
..Мақұлық миықтан қарады..
Тірлікте тынысым тарылып,
Кеудемде күн сөніп барады.

Жалғанды барамын жақтырмай,
Әзірге серік қой жаныма ар.
Қабаған иттерге қаптырмай,
Кешікпей тезірек тауып ал..

Арысым – армансын ұғынғам,
Айналам көк мұздақ аппақ қар..
Мендегі жүрекке тығылған,
Кішкене жылуды сақтап қал.

Әдемі әлемді бар қылып,
Есердің есінде қалып кет.
Жанымды жанына жар қылып,
Ақ көйлек кигізіп алып кет
Мен сендікпін…

Өлеңді жазған: Салтанат Смағұлова

Сурет: www.diary.ru

 

Дос бола алмаспыз…

Дос бола алмаспыз...

Көктемде күлімдеп таң атпай,
Көңілім күпті боп кезді күз.
Ақылым арымды ағартпай,
Жүргенін сездіңіз.

Құшаққа ап, қойнына баспады,
Жанымды жатырқап желді күз.
Махаббат мұңға орап тастады,
Оны да көрдіңіз.

Бәрібір баз кешіп жүргенім,
Қуалай берсінші күзді күз.
Адаспай ақ жүргім келгенін,
Сіз ғана білдіңіз.

Дәт жетпей үмітті үрлеуге,
Екеуміз доспыз ғой дедіңіз.
Қысқа жіп келмеді күрмеуге,
Тірегім едіңіз.

Әуелде қалсам да иланып,
Өмірім.. Өлеңім құнарсыз.
Кеудеме сағым боп жиналып,
Тағылған тұмарсыз.
..Байқаған шығарсыз..

Өлеңді жазған: Салтанат Смағұлова

Сурет: animated-gif.su  

Түнгі өлең

Түнгі өлең Қараңғы түн.
Ай жарық.
Шолпан жарық.
Шегінбессің, қойған соң жол таңдалып.
Көз алдымда бір тамшы дірілдейді,
Көктен түскен әр нұрдан қолтаңба алып.

Әдемі аспан…
Әлди жел..
Ән құмар шақ…
Әлем ғажап…Сүйген сәт-мәңгі бал сәт!
Жан еркем-ау, өзіңді жаныма ертпей,
Жалғыз өзім келемін жаңбыр аңсап…

Кеше шер мен шемен күй берірек –тін,
Елес боп кеп, кешімді керім еттің!
Қара аспанның түнегін қақ жарады-
Қарақаттай көздегі меруерт мұң…

Кімге айналып барамын, кімге айналып,
Қайда апарып соғады мұндай бағыт?
Парағымда жатысың күнде өлең боп,
Қаламыма бір ғажап гүл байланып…

Бір жанады жүрегім… Бір жаралы,
Қашан енді біздің бақ бүр жарады?
Өлең оқып беремін Көктен сұрап,
Ойыңды оқи алмаймын бір жаманы…

Қалау барда бөгеуден тағдыр алшақ,
Жалғыз жүре берем бе жаңбыр аңсап?
…Мұңның бәрі мың жұлдыз асар еді,
Түннің бәрін екеуміз ән қыла алсақ..

Өлеңді жазған: Рахат Әбдірахманов

Сурет: webcommunity.ru

Түн…Қала…

Түн...Қала...

Түн…
Тыныш көрінгенмен,
тыным қашқан…
Кешегі әуен бөлек…
Бүгін басқа ән.
Жұлдызға ұмтылады жұмыр басым,
Түбіме жетер менің түбінде аспан…

Үйлермен тіресіп ап биік-биік,
Сұр бұлт тұр кеудеме күйік құйып!
Санамда сонау күнгі қиял-арман,
Заманға тұрса дағы иық тиіп…

Таста мұң…
Тақтада мұң…
Таспада мұң…
Көшесін мұң тербеп тұр астананың.
Ешкімге керек емес ет-жүрегің,
Ешкімге қызықты емес қас-қабағың…

Шамам бар…
Шаттанып ақ көсілер ем,
Мұндайда қоса мұңды досым өлең!
Әлі де бар еді ғой әңгімеміз,
Бәрі де шешілді ме осыменен?

Жүзінен жасырылмас сыры ұшқындай,
Күлімдей қарағанмен күміс нұрлы Ай,
Мұңымды біліп алып ол да менің,
Жырымды қоса оқиды тыныш тұрмай…

Түн…
Тыныш көрінгенмен,
тыным қашқан…
Кешегі әуен бөлек…
Бүгін басқа ән.
Жұлдызға ұмтылады жұмыр басым,
Түбіме жетер менің түбінде аспан…

Өлеңді жазған: Рахат Әбдірахманов

Сурет: gallery.dviger.com

Ақылдым


Ақылдым

 

Сен де жылап отырсың-ау,
Ақылдым!?
Мен де өзімді терең ойға батырдым…
Жалғыз үміт қонып жүрген бөлмеде-
Жалғыздықты құшақтап ап жатырмын…

Жатқа күлкі қылмайын деп басымды,
Жан сырымды жалған күлкім жасырды.
Ешкім жоқта егілсем де мұң тербеп-
Елесің кеп сүртіп кетед жасымды…

Бағым басым болмаған соң сорымнан,
Көңілімді тербемейді көгімде ән…
Алақаныма үміт іздеп қараймын-
Саусағыңның табы кетпей қолымнан…

Дүбірі көп дүрбелеңнен шошымай,
Көңілімнің көркейіп ед көші қай?
Сен әдемі ән сыйлаған әлемім,
Астаң-кестең болып кетті осылай…

Айтар сөзде азайғандай сірә мән,
Ақиқатты іздейікші мынадан:
Сені мендей сүйген жоқ қой әлі ешкім,
Мені сендей сүйе алмайды бір адам…

Көкіректен көшірейік құсаны-
Құлазыған баққа оралсын құс әні..
Жарығым-ай жаныма кеп жантайшы,
Жалғыздықтың қандай суық құшағы…

Ұғар дейсің жүректің бұл сәтін кім?
Жанарымнан жыр саулатып жатыр мұң…
…Жалғыз өзің жан адамға сездірмей,
Сен де жылап отырсың-ау,
Ақылдым…

 Өлеңді жазған: Рахат Әбдірахманов

 

БОС БЕСІКТІ ТЕРБЕТПЕЙДІ…

БОС БЕСІКТІ ТЕРБЕТПЕЙДІ...Ата-бабаларымыз ешқандай ғылыми атақ алмай-ақ ата дәстүрімен ұрпақ өсіріп, бала тәрбиелеп сіз бен бізге мол рухани қазына қалдырыпты. Қазақ халқы – өте балажан халық. «Артымда қарайып ұрпақ қалсын, шаңырағымда шырақ жансын» деп ұрпақ жалғастығына зор мән беріп, баланың ат жалын тартып мінер азамат болуы жолында күш қайратын аямаған. Қазақта бала шыр етіп жарық дүниеге келген күннен бастап бірінен кейін бірі ретімен келіп жататын үлкенді-кішілі той-томалақтарының бірі – бесікке салу. Келіннің төркіні ерекше сән-салтанатымен әкелген бесік әкелудің жалғасы нәрестені бесікке бөлеуге, яғни бесіктойға ұласады. Кейбіреулер «баланы қырқынан шығарған соң бесікке бөлейді» деп жүр. Бұл дұрыс емес. Олай дейтінім, қырқынан шыққан бала бос жатып үйреніп қалады, көп жағдайда бесікке жатпай қояды. Ал баланы кіндігі түсе салысымен бесікке бөлеген.

Бесіктой – бала өміріндегі атқарылатын тойлардың маңыздысы. Алдымен бесікті баланың жатқанына ыңғайлы етіп бүкіл жасау-жабдығын салып дайындайды. Содан соң міндетті түрде аршамен, адыраспанмен аластайтын болған. Мұның өзі де тазалыққа жатады әрі жын-шайтан үйір болмасын деген ырым. Жын-шайтан деп отырғанымыз – бір жерге жиналып қалған ауыр энергия. Нәресте тіл-көзді көтере алмайтын нәзік болғандықтан, бесікке періштедей пәк сәби жататындықтан да бесікті аластайтын болған. Сосын бесіктің түбек орнатылатын жерінен (арнайы ойылған ойық тесік) орамалға түйілген қант-кәмпит, құрт-ірімшікті «тышты ма» деп сұрай отырып ары-бері өткізеді екен. Жан-жақтан әйелдер шуылдасып «тышты-тышты» дегеннен кейін  орамалдағы түйілген дәмді ырымдап таласып алған. Бұл – бесікте жатқан баланы дәреті қинамасын деген ырым. Баланы бесікке үбірлі-шүбірлі, немере-шөберелері көп, өсіп-өнген әрі елдің анасы атанған әжелер салған. Бұл әжелер үшін мәртебе саналған әрі олар құрмет пен сый-сияпатқа ие болады.

Бесікті кез келген ағаштан жасамайды. Бұл мүлікті қасиеттеп аршадан, иіуге икемді болғандықтан көп жағдайда талдан жасаған. Талбесік аталуының негізі де осында жатыр. Бұл екі ағаштың әрі әдемі иістері бар, әрі мықты, құрт түспейді, шірімейді. Баланың иіс сезу, көру, есту қабілеттерінің дамуына, яғни баланың денсаулығына да бесіктің әсері мол болған. Қазіргі базарларда сатылып жүрген бесіктер қандай ағаштан жасалғаны белгісіз және түрлі-түсті бояулармен боялған. Бесік қынамен бояса бояған шығар… бірақ әлеміштеп сырламаған. Көрер көзге әдемі болғанымен мұндай құрамында химиялық қоспасы бар әрі кез келген ағаштан жасалған бесіктердің бала денсаулығына пайдасынан гөрі зияны мол екені айтпаса да түсінікті…

                                                                                               Зейнеп АХМЕТОВА

Сурет: akbosaga.citylife.kz 

КӨКТЕМ.КЕЗДЕСУ

 

КӨКТЕМ.КЕЗДЕСУ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Үйренгем…Мендік өмір үнемі сын…
Сенің де айтарыңды біледі ішім…
Сөзсіз-ақ шертейікші сырдың бәрін,
Үнсіз-ақ шешейікші жүрек ісін..

Арман ба? Кейде алдамшы секілді ол да…
Сыйлайды өшпес сезім отын жанға.
…Өртейсің лебіңменен шарпып өтіп,
Өзім де әрең шыдап отырғанда…

Жанымның жазылмас деп күйік-шері,
Жұлдызды аңсамап ем биіктегі…
Өксігім өше берді өзің келіп
Өмірге ғашық болдым сүйіп сені…

Сезімнен селт еткізген секемденбей,
Серпілші…Өзектегің өтелгендей.
Кімге мен еркелеймін сенен басқа,
Сені кім түсінеді екен мендей…?!

Өмір ғой…
Өкпелеттім.Өкіндірдім.
Өртену-туар сәті нөпір жырдың…
Өлеңнің ең ғажабын жалғанда бұл,
Мен сенің жанарыңнан оқып жүрмін!

Үйренгем…Мендік өмір үнемі сын…
Сенің де айтарыңды біледі ішім…
Сөзсіз-ақ шертейікші сырдың бәрін,
Үнсіз-ақ шешейікші жүрек ісін…

Өлеңді жазған: Рахат Aбдрахманов

Ақжауын қыздың аңызы

Ақжауын қыздың аңызы

 

Бақыттың, бәлкім, кезегі кеш пе?
Мұңлыға ем боп қоншы, үміт.
Көшені жалғыз кезгенде кешке
Жауынға ғашық сол жігіт.

Көктемнен керім керіліп шыққан,
Сезімің емі жарамның.
Тылсымға ғашық жаныңды ұқсам,
Жұлдыз боп көктен ағармын!

Жанардан жыр боп үзілсе тамшы,
Тағдыр боп маған жаздың ба?
Селдетсем егер, бір өзің қалшы
Ақ, ерке жауын астында…

Күнің боп келер алдыңнан дәйім,
Жұбатам жыр боп , түнерсең.
Қорқыныш билеп , қаптаған уайым
Жаныңды жалғыз жүдетсе.

Ақ қанат бұлтқа құмартып әр күн,
Санаңды жаулап есер мұң,
Сағынышымды ұғарсың, бәлкім,
Екпінін сезіп нөсердің.

Нұр сеуіп жатсам жалынға кешкі,
Мазаңды алар шақтардың,
Терезе қаққан жаңбырды есті ,
Сырымды солай ақтардым…

Оралхан жазған керемет еді,
Жалғызын күткен Қар Қызы!
Тәңірдің жазар кезегі енді –  
Ақжауын қыздың аңызы…

Өлеңді жазған: Ақерке АСАН

ОҚЫРМАН ҚЫЗ

ОҚЫРМАН ҚЫЗ

Оқырман қыз,
Өмірде алыс, 
Өлеңде жақын жанбыз.
Түнге сіңіп, тағы да
Ай жүзінен
Мұң көшіріп ақының отыр жалғыз.

Сен ше, қарғам?
Мұңаймашы, 
Түспесін еңселі арман.
Ықыласын бір саған аударар ем,
Ыңғайыма осы бір көнсе жалған.

Амал нешік?..
Сансыз арман сарылып, санамда өшіп
Дәруіштей дәрменсіз күй кешемін,
Көңілімнің көгінде ғалам көшіп.

Аңғалым-ай!
Жағымды бір болар ма ең жанға бұлай.
Қалам ұстап қолыма сәл мұңайсам,
Саған ұқсап кетеді жап-жарық Ай!

Мөп-мөлдір шық,
Жанарыңнан жас болып кеткенде ыршып,
Жұбанышың болар жыр жазсам, шіркін,
Жүрегіңнен жарғандай КӨКТЕМ бүршік.

Оқырман қыз…
Өмірде алыс, 
Өлеңде жақын жанбыз.
Түнге сіңіп тағы да
Ай жүзінен,
Мұң көшіріп ақының отыр жалғыз…

Оқырман қыз…

Өлеңді жазған: Қалқаман Сарин

ЕКЕУДІҢ МҰҢЫ

Арамызда жылдар бар…

Шақырымдар…

Сосын.. «Өзге жан» деген жат ұғым бар.

… Мен Сізге бәрін айтып хат жазар ем,

Дәл соған жетпей отыр батылым да…

(Армандар, ах ұрыңдар!)

 

Арамызда Сезім бар…

Ұяң, нәзік..

(Кетсем бе екен алысқаа.. Қиянға азып?!)

… Өзіме естелік деп Жүрегіме,

Атыңызды мәңгілік қоям жазып.

 

Шаршап жүріп, күлемін. Жылап алам.

(Не қалды сонша мені сынамаған?)

… Арадағы қашықтық….

Түк емес-ау,

Үнсіздікке көнбейді…

Бұған адам.
Көктем келе жатқандай гүлсіз тіпті,

Түсіне алмай дал болдым Жыр, Сіз… Түкті!

Үндемей-ақ қойыңыз…

Үндемеңіз!

Үркітесіз мендегі Үнсіздікті…

Өлеңді жазған: Индира Кереева

ЕКЕУДІҢ МҰҢЫ

ХАТ

Қал қалай, Өмірдегі сағынышым?

Хат жазбауға жетпеді тағы күшім.

Сені Өзім іздеймін, сол себепті,

Хабарласып тұрсайшы Жаным үшін….

 

Жақсы ма тірлік күнің, қалай бәрі?

Ақыныңның жанбай жүр оңай бағы…

Өзіңе хат жазбаймын деп ант беріп,

Ұмытам деп жасап ем бар айланы…


Бәрібір…

Сағынышым жоғалмады.

Сосын ба… Дегбірімнің тоналғаны?

Қасымда қаптап жүрген көп қазақтың,

Бірі де дәл өзіңдей бола алмады…

 

Қатені тізіп қойып ісімдегі,

Жек көрші…

Менмендігім үшін мені.

Жанымда жырлап жүрген көп ақынның,

Бірі де дәл өзіңдей түсінбеді…

 

Жә, қойшы…

Өзіңді айтшы, аманбысың?

Өзіңсіз тереңдеттім жарамды шын…Өзімді ұмытып ем, бірақ сені,Ойламауға жетпей жүр шамам, күшім…

 

… Дедім де хатты салып конвертке,

Көңілімді лақтырдым Лағынетке.

Содан бері жыл өтті….

Жауабың жоқ,

Жүрек өлді.

Селқоспын.

Жаным өртте… 

ХАТ

 Өлеңді жазған: ИНДИРА КЕРЕЕВА

СҮЙЕМІН

СҮЙЕМІН

Сарғайып сағыныштан, ғұмырымның
Батады талмаусырап күзгі кеші…
Мен мұңға сіңіп барып, ұмытылдым,
Өтінемін, іздемеші!

Айнам деп, еркелеткен сезіміңнің ,
Жүрекке қадап кеттің сынықтарын…
Ең соңы өзің болып төзімімнің,
Өтінемін, ұмыт бәрін!

Ызғардан тағдырымның түні тайып,
Ертегі сыйлар, бәлкім, көктем кеші…
Тозаққа күйсемдағы ұмытайын,
Өтінемін, тек келмеші!

Шын сүйу – айып екен қыз балаға,
Жоқ шығар үкім, сірә, бұдан ащы…
Жалғыз тастап кетіп ең мұз далаға,
Кешірім сұрамашы!

Дуалап махаббатты өз басыма,
Сорым бұл жалғаннан озбағаным…
Тұңшығып кетсең егер көз жасыма,
Қолыңды созба, жаным!

Өзіңе емес, құбылама қолды жайып,
Тәңірден табармын бір емін…
Алдау үшін оралмашы, мендік айып-
Әлі де сүйемін…

Өлеңді жазған: Ақерке АСАН

БЕЙТАНЫС ЖАН

 

БЕЙТАНЫС ЖАНБейтаныс жан…
Бейкүнә сезімдерім…
Мендегі арман мұңдылау, сезінбедің.
Жаныма шипа сыйлар жабыққанда,
Бейдауа қоңыр салқын күзім ба едің?!

Жаңбыр жауса…жалғыздық…санамда мұң,
Шын бақытты сезінген ғаламда кім?!
Ақ бұлттардан ақ қанат байлап алып,
Қолшатырмен келер деп алаңдадым.

Ойға батсам, көңілдің үлесі мұң,
Сезімге тұмар болып жүр есімің.
Тәңірдің тылсымында қалып қойған
Құранның жазылмаған сүресімін.

Тағдырдың сыйға тартқан жауын жыры,
Тамшы боп таң алдында тамылжыды.
Көңілсіз көшке ерген көлеңкедей
Жылжытып келем алға талай жылды…

Бейтаныс жан…
Жоқ шығар сөзімде мін.
Көңілде алаң болмасын, сезімде мұң.
Таң намазы оқылса алақан жай,
Мен де соны тілеумен көз ілмедім…

Өлеңді жазған: Ақерке АСАН

ҚЫЗЫМ МЕНІҢ

 

 

Қызым менің,

Сәуле шашып ойнасын жүзіңде күн.

Өз қолыммен өсірген қызғалдағым,

Қаламаймын гүлімнің үзілгенін.

 

Қызым менің,

Қылығыңды тәп-тәтті жүзім дедім.

Бұл өмірдің бақ тұнған бақшасынан,

Жемісіңді қалаған үзіп жегін.

 

Қызым менің,

Болашағыңды ойлаумен бұзылды өңім.

Қысқа-қысқа тағдырлар құрайды екен,

Тарам-тарам тірліктің ұзын жолын.

 

Қызым менің,

Бой жетерсің, боялып қызылға ерін.

Бұл әкеңнің тілегі: анаңдай бол,

Анаң сенің атанған түзу келін.

Өлеңді жазған: ҚАЛҚАМАН САРИН

Өксітіп… Өкіндіріп… Өкпелетіп…

Өзектен өрлігімді өктем етіп,

Көргенім осы еді ғой көкке бекіп.

Ең асыл адамымды Сүйемін мен
Өксітіп. Өкіндіріп. Өкпелетіп.

Хат беріп жібермедің неге түннен,
Кешірсең,
Кешіксем де, келетін бе ем?!
Сендік мұң- менің күнәм. Түн куәсі…
Жыр оқып берем енді не бетіммен?!

Қысты қойш…
Келеді ғой, күліп көктем,
Әр күні шуағымен үміт төккен.
Жүремін өзімді өзім іздеп күнде,
Күйбеңнің көшесіне сіңіп кеткен.

Таңыма тәубе етпесем, бағыма сын,
Өмірдің өлең дедім мағынасын.
Шөлдеген кездеріңді,
Тұңғиыққа
тұншығып бара жатып сағынасың.

Бүгінгі сезім жалын, кешегі де от,
Кей кезде кезбе алаудың кеселі көп.
Тиер ме ед таңдайыңа тылсымға еру,
Жазылсам маңдайыңа бес елі боп…..

Өзектен өрлігімді өктем етіп,
Көргенім осы еді ғой көкке бекіп.
Ең асыл адамымды Сүйемін мен,
Өксітіп.
Өкіндіріп.
Өкпелетіп…

  Өлеңді жазған: РАХАТ ӘБДІРАХМАНОВ